Жаңалықтар

Мешімбаеваны бұрынғы әріптесі ақтап алды

ашық дереккөзі

Мешімбаеваны бұрынғы әріптесі ақтап алды

Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаеваға қатысты сот процесінде әлі талай куәгерлердің сөз алуы тиіс. Мешімбаевамен бірге Президент әкімшілігінде жұмыс істеген Владислав Ежов оның кінәлі екеніне сенбейді. «Бес жыл бұрын халық санағына бөлінген 800 миллионға жуық теңгені қалтаға басып, қашып кетуі мүмкін емес», – деді ол. Куәгер ретінде сот процесіне арнайы келген ол Мешімбаеваға қайырымды, әдепті, жауапкершілігі мол адам деп баға берді. Сондай-ақ, оның кезінде Статистика агенттігіне білікті кадрларды жинай алғанын айтты.

Бүгінде «Назарбаев университеті» Ұлттық сараптамалық орталық» АҚ басқарма төрағасы болып қызмет атқаратын Владислав Ежов: «Президент әкімшілігінде жұмыс істеген кезде мен Анар Ертілеуқызының орынбасары болдым. Статистика агенттігінде жұмыс істемесем де, оның жеке басына жоғары баға бере аламын. Сот әділ шешім шығарады деп үміттенемін. Кінәлі екеніне еш сенбеймін», – деді.

Айтпақшы, Анар Мешімбаеваның журналис­терден жәрдем сұрағаны тағы бар. Ол  мемлекет қаржысына қол тигізбегенін айтып, ақталуда. Тіпті бұл жолы тілшілерден тәуелсіз зерттеу жүргізіп, істің ақ-қарасын анықтауды сұрады. Алайда, желтоқсан айында басталған сот процесі біраз уақытқа жалғасатын түрі бар. Әлі талай куәгер мен осы іске қатысы бар шенеуніктердің түсініктемесі тыңдалады.

Динара Дүрмән