ДАҢҒОЙЛАРҒА КҮНДЕ ДУМАН

ДАҢҒОЙЛАРҒА КҮНДЕ ДУМАН

ДАҢҒОЙЛАРҒА  КҮНДЕ ДУМАН
ашық дереккөзі

Кеңес кезінде «дәстүрдің озығы бар, тозығы
бар» дейтін еді ғой. Сол айтқандай мейрамның да түзігі мен бұзығы,
дұрысы мен бұрысы бар. Атам қазақта «Арсызға күнде мейрам» деген қанатты
сөз де бар. Ол аз болса, ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері «Пенденің бәрі
арманда, Ақымақтың ғана мұңы жоқ» деп ащы мысқыл тастайды. Бірақ солай
дей отырып, бізге мына жалған дүнияның бүкіл қызығы мен думан-тойынан,
салтанатты мейрам, мерекесінен мүлде баз кешіп, ылғи бір қайғы-қасіретке
толы ой үстінде күн өткізіңдер деген жоқ. Бірақ қай той-думанның да,
сауық-сайранның да өз реті, өз орны, өлшеулі өрісі бар.

Міне,
біз соңғы 20 жылдан астам аралықта осындай мерекелерімізді өткізу
барысында осы бір шет-шек, өлшем, ынсап дегеннен рабайсыз аттап, барып
тұрған даңғой дарақылықтың, көрер көзге ерсі, үлкендер түгіл жастарға да
жарас­пайтын жәркелештіктің, қисапсыз қаржы шашып, ұрпақтың
ризық-несібесін ысырап қып, рәсуалаудың, сол арқылы діні бір, ділі мен
тілі бір, салт-дәстүрі өзімізбен сабақтас көршілердің мазағына айналдық
па деп те қауіптенеміз. Күні кеше қарсы алған Жаңа жыл мейрамындағы
істеген істеріміз, сөйленген сөздеріміз, қаржы-қаражатты судай шашқан
жүріс-тұрысымыз барлық шектен шығып кетті. Бір ғана мысал: Биылғы Жаңа
жылдың бір шыршасына жұмсалған қаржының ең азы 7 миллион теңге екен!
Тіпті, Керекуде бірер күннен кейін күресінге тасталатын әлгіндей шыршаға
32 млн. теңге жұмсалыпты дейді. Сұмдық қой! Ол ол ма, бейресми дерек
көздерінің мәлімдеуінше, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры биыл жаңа жылды
тойлауға 1 млн. доллар жұмсапты деседі. Нет­кен ерсілік, неткен
желбуаздық, желөкпелік, неткен даңғазашылық, дарақылық, неткен
әуейілік?! Есі бар адам бетін басып күлерлік бұл ерсілік, бұл
даңғазашылық Қазақстанға христианның осы жаңа жылы келместен тұп-тура
бір жарым ай бұрын басталды. Сол күннен бас­тап ауыл, аудан, қала, облыс
әкімдері өз дәргейіндегі мекемелерге, сауда, оқу орындарына,
мектептерге Жаңа жылды қарсылау даярлығын бастауға әмір берді. Әмірмен
бірге бұл безендіру, қарсылау жұмыстарында «жоғары жетістіктерге
жеткендерге» сыйлық, бәйге тағайындалады. Міне, қазынаның қаражатын
орынсыз ысырап ету, рәсуа қылудың басы да осы әмір мен осы сыйлық, бәйге
жария­лаудан басталатынын жыл сайын көріп отырмыз. Бұл Жаңа жыл қазір
арзан ойын-сауықты, мән-мағынасыз әзіл-қалжың мен сайқымазақтарды, ауру
адамның сандырағы сияқты сөздерге жазылған әнсымақтарды нәпақа қылып
алғандарға, әнші атанса да әншілігі күмәнділермен, сазгер атанған сазгер
еместерге, қазақ тілін орысшаның тікелей аудармасына айналдырған кейбір
қазақ телеарналары үшін бүгінде нағыз майлы қоғаға айналды.
Мемлекетімізде жаңа жылды ең ұзақ, ең көп, ең уылдатып-шуылдатып
тойлайтын да осы телеарналар. Екі ай бойғы сол ырду-дырдудың ішінде бір
дұрыс қойылым табылса арман жоқ қой!.. Әнші еместердің, сазгер
еместердің сұхбаты, солардың қанша клип түсіргені, қандай клип түсіргелі
жатқаны туралы езбе сөздер. Ал біздің ел басшылығында отырғандар бұ
заманда теледидардың адам, қоғам санасына өте күшті әсер ететін қуатты
құрал екенін білмеуі мүмкін емес. Олар сондықтан да мына алағай-бұлағай
заманда телеарна басшылығына ең әуелі қазақ ұлтына жаны ашитын, қазақы
тілді, қазақы ділді, ата-бабаның салт-дәстүрін бірінші орынға қоятын
ұлтшыл адамдарды тағайындаса ғой, шіркін. Өкінішке қарай өйтудің орнына
қазақты бастан-аяқ әжуалайтын, кеудесінде намысы бар қазақ шыдауы мүмкін
емес сайқымазақтардың күніге алуан түрін көрсетіп, біресе 7-ші каналда,
біресе КТК-да қылжақ салып «Ауылбай ТV» деген көрсетілімді жүргізетін
Нұртас Адамбаев пен соның қасындағы бір-екеуге «тәйт» деуге жарамай
отыр.

Ал осы 31 қаңтардың сақылдаған сары аязды түнінің қақ
ортасында бала-шағаңның алдында берсе ит ішпейтін ащы суды аспанға
көтеріп, қақшиып тұрып қарсы алатын бұл жаңа жылмен бірге қаншама
қасіреттер болып жатыр десеңші?! Алайда, тапқан-таянғанына, таба алмаса
пәленбай пайыз өсімімен несие алып той жасап, туған күн өткізуді
бәсекеге айналдырып, бүкіл ақыл-есі дырдуқұмарлыққа ауып кеткендер оған
көңіл аударып, бұл жаңа жылдың осындай кесір-кесапаты мол екен-ау деп
ойланудан да қалған. Өйткені 22 жылдан бері кейбіреулер осындай
даңғазашыл, сауық-сайраншыл, ұлттық мүдде деңгейінде ешнәрсе ойлай
алмайтын санасыз ұрпақ жасау саясатын шетелдік «советниктердің»
ақылымен, білдірмей жүргізуде. Бұл залымдық сая­сат ертеде рим-грек
мемлекеттерінде «халыққа – нан және сауық-сайран» («народу хлеб да
зрелище») деген жасырын ұранмен жүргізілген. Атам қазақ «Арсызға күнде
мейрам» дегенде осыны айтқан. Әйтпесе…

Әйтпесе, осы Жаңа
жыл мейрамы кезінде қанша адам арақ-шарапқа уланып, қанша адам мас
күйінде көлік апатынан, бірін-бірі өлтіру, ұйықтап жатып өртеніп кету,
шыршадан от шығу сияқты толып жатқан себептерден ажал құшып, мертігіп
жатқанын жұрттың көзі көріп-ақ отыр. Аязда үйден шығып кетіп, көшеде
құлап қалып, екі ауылдың ортасында үйіне жете алмай, бала-шағасымен
адасып өліп, иіс тиіп өліп жатқандар қаншама? Иә, Жаңа жыл кезінде
арақ-шарап, сыра, судай сапырылады. Қазақта және исі мұсылманда от шашып
ойнау өте жаман ырымды аңғартатын еді. Бүгінде өз дінінен безінген
аңқау қазақ та, мәдениетті болу дегенді еуропалану деп білетін күнелткіш
қазақ та Жаңа жыл күні-түні, аспанға от шашып ойнайтын болды. Жыл сайын
түн ортасында бала-шағасымен от шашып ойнап жатқан қазақтарға қарап
тұрып М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Нысан абыз өз халқына ренжіп
айтқан: «…Аспанда ақ бұлт пен қара бұлт шарпысып, телегей-теңіз
дауылдатып ол келеді. Соны білмей бұл бала тас ошақтың басында от шашып
ойнайды, от шашып ойнайды», – деп күңіренетін тұсын еріксіз есіме
аламын. Сол от шашып ойнау кезінде қаншама жас сәбилердің қолы, бет-аузы
күйіп, тіпті, саусақтары жұлынып кетіп, жарақаттануы көбеюде, ең ақыры
ажалға душар болып жатыр. Жыл сайын осы Жаңа жыл мейрамының екі ай
даңғазасы біткеннен кейін сол аралықта болған толып жатқан
қайғы-қасіретті уақиғалар туралы мәліметтерді оқып отырып сонда бұндай
мейрам неге керек, мейрам дегеннің өзі бір жақсылықтың бас­тауы емес пе
еді деп өз-өзіңмен ой шарпысасың. Және қайғы-қасіреті, өлім-жітімі,
апат, жарақаты, мертігуі мол бұл ессіздік мерекені жабыла тойлауға
қазақтар неге сонша құмар болды екен деп тағы күйінесің. Бұл өзі біздің
дінімізге де, салт-дәстүрімізге де, тіршілік туралы ұғым-түсінігімізге
де жат іс-шара ғой. Әлде қазақ азаматтары оны атап өтпесек әлде Америка,
әлде Ресей, тіпті, Израиль сендер исламист, террорист, экстремист,
өзін-өзі өлтіретін жанкештісіңдер деп бәле салады деп қорқа ма екен? Иә,
бірнеше отбасы, бірнеше мекеме бірігіп өткізетін бұл отырыс жасанды,
жаттанды, бірінен-бірі айнымайтын ұқсас сөздермен, тілек-құттықтаумен
басталып, «сол үшін алып қояйық» пен ілгері қарай «дами» береді. Сол
әрбір «алып қоялықтан» кейін адамдардың дауысы өзгеріп, бірте-бірте
бей-берекет дарылдаған әнге ұласады. Міне, алда болатын бүкіл «қызық»
осы ән салудан басталады. Сәлден соң еркегі дарылдап, әйелдері шарылдап
айтатын бұл әндердің соңы айқай-шуға, бірін-бірі тыңдамай айтысатын
дауға айналады. Мас адамдардың оңды-солды ерсі сөздері, былапыт,
балағаттары да естіле бастайды. Қарны салбыраған еркектер мен тоқ бөксе
қатын-қалаштардың жүрісі бұзылып, теңселіп, тәлтіректей бастайды. Осы
және басқа да айтып түгесілгісіз сөкет, өрескел қылуалардың бәрі көбіне
жас сәбилердің, есін біліп қалған ұл-қыздың көзінше өтіп жатады.

Ендеше,
біз осы Жаңа жыл, «Валентин күні», «Татьяна күні», «Хэллоуин» сияқты
бүкіл жандүниемізге жат дырдуларды өткізу арқылы ұрпағымызға қандай
тәрбие берудеміз? Бұл ел болашағына, ұрпақ болашағына, қысқасы қазаққа
қарсы жасалып жатқан қылмыс емес пе? және оны біреулер біле тұра жасап
отырған жоқ па деп күдіктенсек несі айып? Өйткені қолында билігі барлар
әр той-думан, әр мейрам-мереке арқылы елдің санасын қалай қарай бұрып
бара жатқанын, елге қандай бағыт, ұрпаққа қандай тәрбие беріп, ұрпақ
санасына кімді, қай елді, қай дінді сіңіруге тырысатынын көрсетеді. Ал
біз ұрпаққа тәуелсіздік сана сіңірудің орнына азды-көпті бар санасынан
айыратын әлгіндей мейрамсымақтармен салыстырғанда Ұлт ұлылығының, Ұлт
Заңғарлығының, ұлт дегдарлығының шырқау шыңындай, әрі ғаламзерттеу
(астрономия) ғылымының шамшырағындай ұлы Наурыз мейрамын «досқа – күлкі,
дұшпанға – таба» қып өткізетініміз қалай? Әлде бұл да АҚШ пен Батысқа,
үй іргесіндегі Ресейге қарап әлі де алақ-жұлақ етіп, көзіміз ойнақтап
тұратынының кесірі ме? Ендеше өйтетін не ретіміз бар? Наурыз мейрамын
тек қазақ емес әзірбайжан, өзбек, ұйғыр, түрік, чешен, қырғыз, қарашай,
балқар және басқалары түп-түгел қасиетті, киелі мейрам деп біледі ғой.
Ендеше…

Наурыз мейрамының әсіресе Алматы, Астана сияқты
қос шаһар мен облыс орталықтарында қалай сүреңсіз өтіп жатқанын, оған 31
желтоқсандағы Жаңа жылдағыдай ай жарым, екі ай бұрын даярлық
жасалмайтынын, оның сонау бір жылдардағы сән-салтанатынан жұрдай
болғанын еліміздегі қазақ, өзбек, ұйғыр, татар түгел көріп отыр. Олар
үндемейді. Өйткені оларға не көрсе де «толерантты болу» тапсырылған.

Егер
Қазақстанда 31 желтоқсан күнгі (түнгі!) христиандық Жаңа жылға
даярлықтың басаталу уақытымен салыстырсақ алдымызда киелі Наурыз
мейрамына қалалардағы, әсіресе Алматы мен Астанадағы даярлық бір жарым
ай бұрын, яғни әнеугүні қаңтардың 15-терінен-ақ басталып кетуі керек еді
ғой.

Енді Қазақстандағы бүкіл түркі жұртын күліп тұрып
жылататын мына бір жағдайға қараңыз. Қазақстандағы орыстың жәй мұжығынан
бастап «Славян орталығы», «Лад» деп аталатындарға шейін «Рождество
Хрис­тово», яғни бұл біздің діни мейрамымыз деп тойлайды. Оларға
қазақтың бала-шағасы мен кемпір-шалы қосылып мәз-мейрам болып жатады. Ал
Наурыз келмей жатып Қазақстанның қазақ атқамінерлері әлдекімдерден
қорқып, әлденеден өз-өзінен үрейленіп: «Бұл – діни мейрам емес!»,
«Наурыз – діни мейрам емес», «Біз бұрын мұсылман емес едік», «Ислам діні
бізге кейін келді!» деп ақтала бастайды. Христиан діні орыстарға 10-шы
ғасырдың аяғына таман ғана келді. Қазақтар ислам дінін олардан 200 жыл
бұрын, яғни, 8-ші ғасырда қабылдаған. Орыс­тар 18-ші ғасырға шейін Жаңа
жыл деген мейрамды да білген емес. Бұл Жаңа жылды оларға 1700 жылдан
кейін ғана І Петр Еуропадан әкеп енгізді. Ендеше, біздің шонжарлардың
ұсақ шенеуніктердің ешкім сұрамай-ақ «Наурыз – діни мейрам емес» деп
өз-өздерінен шошынып, шыр-пыр болатыны несі? Әрі күлкің келетін, әрі
әлгілерді аяйтын-ақ жағдай.

Ең бастысы, қандай мейрамды,
қандай той-думанды тойлауды дұрыс таңдап ала білуі керек. Ол үшін сол
мейрам, мереке, той-думан ұлтыңның жандүниесіне, дүниетаным,
ғұмыртанымына, табиғи болмысына, дініне, діліне, тіліне, ұлттық
салт-дәстүріне, ұлттық мінез-құлқы мен ұлттық тәрбиесіне сәйкес келе ме?
Соның бәрін ескеріп, екшеп, әртүрлі електен өткізіп барып өткерілуі
керек. Ал Наурыз ше? Наурыз мейрамы бүкіл жер-дүние жаңарып, жасарып,
ұйқыдағылар оянып, тіпті кейбір өлген жан-жануарлар тіріліп, қызу
тіршілік қайнайтын, тіршілік иелері, бір-бірінің бойына қан мен жылу
құятын, ыстық махаббат басталатын өте киелі де, қасиетті күн ғой! Бұл
күні күн мен түннің ұзақтығы сағаты мен сағаты, минуты мен минуты,
секунды мен секундына шейін теңеседі. Алланың құдіреті емес пе! Ендеше,
бүкіл алты әлем Жаңа жылды осы Наурыз мейрамынан бастаса да өте дұрыс
болар еді ғой! Той-томалақтан бастап, ұлы думан, мерекелерге шейін
саясаттың, тәрбиенің күшті құралы деп манадан бері осыны айтып отырмыз. 

 Қысқасы, Мейрамдардың Дұрысы мен Бұрысын, Естісі мен
Есерін, Бұзығы мен Түзігін таңдап, тойлай білу де маңызды мемлекеттік іс
екені рас.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, 

ақын