АБЫЛАЙ: АҢЫЗ – АУЫЗДА, АЛ АҚИҚАТ ҚАЙДА?

АБЫЛАЙ: АҢЫЗ – АУЫЗДА, АЛ АҚИҚАТ ҚАЙДА?

АБЫЛАЙ: АҢЫЗ – АУЫЗДА,  АЛ АҚИҚАТ ҚАЙДА?
ашық дереккөзі

Еліміздің, халқымыздың
ежелгі, көне тарихына қайтадан көз жіберіп, бұрынғы артық-кемді
таразылап, ендігі жерде барынша әділетті жазу жөнінде сөз қозғалып,
тарихшыларымыз іске кіріскелі біраз уақыт болды. Иә, бұрынғы еңбектерде
алай-бұлай айту орын алды. Кейбір «ғалымдар» тарихи тұлғаларымызды
«саудаға салуға» тырмысып, қазақтың үш жүзін «түгендеп», басқа жүздегі
әйгілі бір батырдың немесе жыраудың аруағын өз жүзінің ауласына қарай
сүйреледі. Ал қайсыбірі енді: «Совет өкіметі бізге тарихымызды
жаздырмады», – деген әләуләй бастады. Меніңше, тарихымызды жазудағы
ала-құлалық үшін өзімізден өзгені жаппай жазғырудың жөні жоқ. Арғыны
айтпай-ақ, бергіні еске алсақ, мәселен: Е.Бекмахановтай ғалымымызды кім
соттатты? Қ.Сәтбаев пен М.Әуезовті кім қудалады? 

Жә,
кәсіби тарихшы болмаған соң, «бас жаққа бармай», көңілімдегі мына бірер
түйткілді айтайын. Бұған жақында ғана Кереку (Павлодар) қаласында,
А.Потанин атындағы өлкетану мұражайында кездескен жәйт себепші болды.
Мұражайды аралап, өлке тарихына қатысты небір көне заттарды көріп,
құжаттарын оқып жүріп, Абылай хан дәуірі бөліміне аялдадық. Көзім тақта
отырған Абылай ханның, оның сол жағындағы Бұқар жыраудың мүсініне түсіп,
әрине, шат-шадыман болдым. Бірақ Абылайдың оң жағында ту ұстап тұрған
жігіт мүсіні кімдікі екенін бажайлай алмадым. «Бұл – Абылай ханның ақ
туын ұстаған Олжабай батыр» деді түсінік беруші. «Солай ма?.. Мен ондай
деректі естімеп едім», – деп жан-жағыма қарадым. Хан батырларының майлы
бояумен салынған портреттері әсемдеп іліп қойылыпты. Көріп, аты-жөндерін
оқыдым. Бәрі де бар, тек Қаракерей Қабанбайдың суреті көрінбеді.


Абылай ханның бас батыры, дарабозы болған, халық Хан батыр деп атаған
Қабанбай туралы дерек бар ма? Суреті неге жоқ? – дедім. Жауап болмады.
Көз алдындағы заттардың мән-жайын жақсылап айтып беру міндетін адал
атқарушы түсінікшіге басқа ештеңе демедім де, ренішімді мұражайдың
«Пікір дәптеріне» жазып қалдырдым. 

Сөйтіп, мұражайда
Қабанбай бабамыз хақында бір ауыз сөз естілмеді, жалпы ешқандай дерек
жоқ. Оның есесіне Олжабай батыр көтермеленген. Абылай туралы дастан,
роман, шежіре, аңыз әңгіме, жыр атаулының біразын оқығанымда Олжабай
батырға қатысты бір ғана дерек кездесті. Оның өзі де нанымсыз, қисынсыз.
«Абылай хан» деген кітаптың («Жазушы» баспасы. 1993 ж. Құрастырған –
Сәрсенбі Дәуіт. Редакторлары: Шаймерген Әлдибекұлы, Тортай Сәдуақастегі)
«Аңыз әңгімелер» бөліміндегі «Олжабай батырда» мынадай бір мағлұмат
бар: «…Он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай батыр отыра алмай, ұшып
түрегеліпті де, мына қалмақтың дал-дал болуы, мына қақпаның бұзылуы
менің қолымнан болмақ екен-ау деп орнынан тұра киініп аттанып, «Олжабай,
Олжабай» деп шауып, жолында тұрған Абылайдың ала туын қолынан жұлып ала
жөнеліп, қорғанға қорғаламастан қасқайып жетіп барғанда, бір қалмақ
туды көздеп атқан. Қалмақтың оғы ту ұстаған қолының қос басына тиіп, оны
бір тікенек қадалған құрлы көрмей, ала туды Абылайдың өзіне бере салып,
аттан түсе қалып, дарбазаны шапқылағанда…» деп кете барған әңгімеден
бірдеңе ұғу қиын. Басталуы бәтуәсіз «әңгімедегі»: «Он сан Орта жүзге
ұран болған Олжабай» дегендік – қате. Ал Олжабай батыр туралы сөздің
бәтуәсіздігі, міне, мынадан байқалады: 

«Олжабайдың есепке
кіріп, қатарға қосылмаған күні болса керек. әйтеуір, сол жорықта бар,
бірақ салықшылардың ішінде екен. Олжабай ат жайған көп қазақтың бірі.
Атын жайып, көйлек-дамбалын шешіп, қаннен-қаперсіз битін қарап
отырса…». Бұл не сөз? Масқаралау ғой?!.

Тарихта
«Абылайдың ақ туы» деу бар, оны «ала туы» деп өзгерту де «ауыз
өзімдікілік». Содан кейін: әлбетте, хан туын ханның өзі ұстап жүрмеген
және оны белгілі бір кісі де үнемі алып жүрмеген. Жорық жоспарына қарай
хан шатыры орын өзгерткен сайын туды жаңа орынға батырлардың бірі алып
баратын болған. Жөбішөңкі кісі көтере алмайтын салмақты да салтанатты ту
хан шатырының оң босағасы тұсына шаншып қойылатын болған. Ал мынау
«әңгімеде» туды Абылайдың өзі ұстап тұрғаны, Олжабайдың туды хан
«қолынан жұлып ала жөнеліп», одан соң… «Абылайдың өзіне бере салуы» –
шындыққа жараспайтын ерсі әрекет. 

Егер Олжабай батыр «он
сан Орта жүзге ұран болса», Абылай хан хақындағы қиссалардан бұрын Бұқар
жырларында айтылса керек еді. Жоқ, жыраудың Абылайға арнаған сыни
төрелік сөздерінде: 

«…Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Қаздауысты Қазыбек,

Шақшақұлы Жәнібек –

Ормандай көп Орта жүз,

Содан шыққан төрт тірек…» –  деген ғана дерек бар. 

Олжабай
Толыбайұлының айтпаған сөзін айтты етіп, істемеген ісін істеді етіп,
мәселен, «Абылайдың Ресей патшайымына жазған хаттарын алып, Петерборға
бірнеше рет барған, өзі де хат жазған» деп, әлдекімдердің ешбір
дерексіз, ойша асыра сілтеп насихаттауы – ақиқатқа қиянат. Оның өз
өңірін басқыншы жоңғарлардан азат етіскен ерліктерін, басқа қызметтерін
нақтылап айтып, тек шындыққа жүгіну қажет. 

Шындықты
шырғалаңдаудың басқа тұлғалар туралы жырларға, зерттеу еңбектерге де
қатысы бар. Мысалы, «Бұқар жырау Қалқаманұлы. Шығармалары» атты жинақта
(1992-жылы «Мұраттас» ғылыми-зерттеу және баспа орталығы шығарған.
Жинақты әзірлеп, алғысөзі мен түсініктерін жазған филология ғылымдарының
кандидаты Мұхамедрахым Жармұхамедұлы) жыраудың айтқандары:

«Ей, Абылай, Абылай!

Сені мен көргенде 

Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің.

Әбілмәмбет патшаға 

Қызметші болып тұр едің.

Сен қай жерде жүріп жетіктің?

Үйсін Төле билердің

Түйесін баққан құл едің…» 

(20-бет);

«Әй, Абылай, сен он бір жасыңда

Әншейін-ақ ұл едің.

Он бес жасқа келгенде

Арқада Әбілмәмбет төренің

Түйесін баққан құл едің.

Абылай атың жоқ еді,

Сабалақ атпен жүр едің…» (35-бет);

«Ай, Абылай, Абылай,

Он бір ғана жасыңда

Әншейін-ақ ұл едің.

Он бес жасқа келгенде

Әбілмәмбет төренің,

Арқада жүріп қаңғырып,

Түйесін баққан құл едің.

Абылай атың жоқ еді-ау,

«Сабалақ» атпен жүр едің…» 

(44-бет);

«Ай, Абылай, Абылай,

Сені мен алғаш көргенде

Тұрымтайдай ұл едің.

Түркістанда жүр едің.

Әбілмәмбет төренің

Қызметінде тұр едің.

Қалтылдап жүріп күнелткен,

Үйсіндегі Төле бидің

Түйесін баққан құл едің…» (52-бет).

Бұқар
жырау бір айтқанды ұға қоймайтын далдың-дұлдың шәкіртке мұғалім болған
жоқ, ол бұл ескертпе сөзін Абылайға бір-ақ рет айтты деп білем.
Сондай-ақ, ол ханды сыйламайтын бейпілауыз, табалап сөйлей беретін
сойқан да болмаған шығар, яғни «Сен қай жерде жүріп жетіктің?», «Арқада
жүріп қаңғырып», «Қалтылдап жүріп күнелткен» деп тілін сұға беруі
иланымсыз. «Әбілмәмбет патшаға» дегені ше? Қазақ жерінде «патша»
болмағанын Бұқар жырау білсе де, олай айтпаса да, кітапты баспаға
дайындағандардың бірі «түзетіп» жіберген болды. 

Міржақып
Дулатов «Хан Абылай» мақаласында: «…Бұл күнге шейін қазақ жұртында
Абылайдың ата жөнін білушілер кем. Себебі һәр заманның уақиғасы өз
тұсында жазыла келіп, жиналған тарихымыз жоқтықтан, тілден тілге
сөйленіп келуінше, қариялар Абылайдың ата тегі турасында былайша дейді:
Бір заманда Ақмаңғыт, Тоқмаңғыт деген ел келіп, қырық жылдай Бұхараны
билеп тұрған Әбуәлпейіс ханды өлтіріп, Бұхараны шауып алған соң, Сүйеніш
хан деген Әбуәлпейістің бір баласы басшы болып, туысқандары мен
балаларын ертіп, Қарсы, Ғұзарға қашып барып, көп сарттың бірі болып,
затын жасырып жүріпті. Сол Сүйеніш ханның бір баласы он екі жасар Абылай
екен, шын аты – Әбуәлмансұр. Жас та болса саналы Абылай: «Өз қорлықтан
сарт қорлық, сарт қорлықтан жат қорлық» деп, Қарсы, Ғұзардан жаяу қашып
шығып, Түркістандағы тұқымдасы Әбумәмбет деген кісіге қызметкер болып
тұрыпты. Одан қорланып, үйсін Төле бидің түйесін бағады. Мұнда да бой
тоқтатып тұра алмай, Сарыарқаға келіп, атығай Дәулеткелді байдың
жылқысын бағыпты. Төре баласымын деуге арланып, затым «сарт», атым
«Сабалақ» дейді екен…» деп жазған.

Кереғарлық Абылайдың
хан сайлануы жөніндегі баянда да жоқ емес. Сүйінбай Аронұлының («Абылай
ханда») «Үш жүзге би Төле еді» деп аталған қысқа толғауында:

«Үш жүзге би Төле еді,

Заманында сол Төле

Тәшкенге бір күн келеді.

Сенің атаң Абылайды,

Әбілмәнсұр атанып,

От жағып жүрген жерінде

Шайханадан көреді.

Сол құлдықтан құтқарып,

«Сабалақ» деген ат қойып,

Төле би алып кеп еді.

Ел түйесін бақтырып,

Қызметін көпке жақтырып,

Кірме екенін айтқызбай,

Хан қойған бабам сол еді» десе, Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» дастанында («Абылай ханда»):

«…Жиылды өңшең ноян 

ығай-сығай,

Байжігіт, Тасболат пен 

би Толыбай.

Ту баста Абылайды хан көтерген 

Қамқоры
Қарауылдың шешен Қанай», – дейді. Ал Шәді төре Жәңгірұлы «Тарихатында»
(ол да «Абылай ханда») Жәнібек ханның Абылайды хан етіп сайлауды
ұйғарып, үш жүзге хабар беріп, билерді шақыртқанын жырлай келе:

«…Бас қосып бірнеше күн 

бірге тұрды,

Сөйлесіп жұрткершілік 

кеңес құрды.

Ақыры Абылайдың хан болуын

Бәрі де бірауыздан қабыл қылды.

Әкеліп ақ киізді жайып салып,

Үстіне отырғызды 

ханды апарып.

Қолдасып әр рудың қариясы,

Киізді ұстадылар бәрі барып.

Ұлы жүз Төле биге жолын берді,

Қазыбек Орта жүзден 

шыға келді.

Әйтеке Кіші жүзден 

киізді ұстап,

Біреуі Жәнібектің өзі де еді.

Төртеуі төрт бұрыштан 

ұстап тұрды…» деген.

Сонымен,
Сүйінбай Абы­лай­ды Төле биге Тәшкенттің шай­ха­насында от жағып
жүргенінде көр­сетеді, ал Төлені Үш жүзге би еді дейді де, Абылайды хан
қою мәселесін Төле би шешкен дегендей тұжырым аңғартады. Мағжан шешен
Қанайды алға ұстаса, Шәді төре еңбек Жәнібек хандікі екенін айтады. Жә,
делік. Мұндағы Сүйінбай атамыздың сөзіндегі ағаттықтың біріншісі – Төле
Үш жүзге би болды деуі. Екіншісі – Абылайды хан көтеруде Төле би болды
дегені. Төле Үш жүздің биі болған жоқ, Ұлы жүздің биі болды. Одан соң:
Төле бабамыз фәниге 1663 жылы келіп, бақиға 1756 жылы аттанды ғой, ал
Абылайдың хан сайлануы – 1771 жылы. Соңғы көпе-көрінеу сәйкессіздікті
Шәді төре де қайталапты.

Хандарымыз бен батыр­ла­ры­мыздың
өмірін зерттеушілер естіген кісіні де, оқыған кісіні де еріксіз
таңдандыратын осындай бұрыс деректерді бір ізге салып, ақиқатты айтуға
тиіс. Ауыз әдебиетімізде, жоғарыда келтірілгендей, кейбір қиссаның,
толғаудың екі-үш нұсқасы кездеседі, алайда оларға желі болған
оқиға-дерек беталды бұрмалана бермесін. Бұрмалаудың ең сорақыларының
тағы бірі – «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген қанатты сөздің қашан
шыққаны, кім айтқаны белгісіз болса да, ұлы жүздің «тарихшылары» оны
Төле биге телісе, орта жүздің «тарихшылары» Қазыбек биге, ал кіші жүздің
«тарихшылары» Әйтеке биге теліп жүр. 

Тарихты тәлкек ету жалғаса берсін бе?! 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ