Жаңалықтар

ТАЛАЙ СЫРДЫ ЖАСЫРҒАН АППАҚ ЖҮЗІ...

ашық дереккөзі

ТАЛАЙ СЫРДЫ ЖАСЫРҒАН АППАҚ ЖҮЗІ...

Аппақ жүзі бал-бұл жанып, үнемі жүгіріп жүргені. Жеп-жеңіл. Үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін осынау келіншекті білгеніме талай жылдардың жүзі болды. Неге екенін қайдам, қазақтың қасиетті қара шалдарының бірі де бірегейі Қалағаң (Қалтай Мұхамеджанов) жайлы ойласам, үнемі осы Айнаш көз алдыма келетін. 

Сыршыл, томаға тұйық. Енді бірде ақжарылқап күйге еніп, ақтарыла әңгіме айтатыны бар. Орта мектепті орысша оқыған деп айтпайсың, арагідік арасына әзіл араластырып қойып, әңгімені қыздыра түседі. Қалжыңдары көңілге қонымды. Әдемі. Осындай сәттердің бірінде:

– Қалағаңның командасына қалай қосылдың? – деп сұрағанымыз бар-ды.

– Шамалған стансасындағы Ленин комсомолының 30 жылдығы атындағы орта мектепті бітіріп, арман қуып Алматыдағы Шет тілдер институтының педагогикалық факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Бірақ соңғы емтиханнан өте алмай қалдым да, республикалық медицина училищесінің акушер-гинекология бөліміне бір балл жетпей тағы да өте алмай қалдым. Егер медбике бөліміне тапсырған болсам өтіп кетеді екенмін. Сонымен, еліміздің түкпір-түкпірінен оқуға түсуге келіп, түсе алмай қалатындар сияқты мен де ауылға қайтқым келмеді. Енді не істеу керек? Айы­на 30 сом төлеп, секретарь-машинистканың үш айлық курсын оқып алдым. Қолыма сертификатымды алған күні жолдамамен Сейфуллин көшесінің бо­йында халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін министрлікке жұмысқа келдім. 

Жаспыз, алғырмыз. Оның үстіне, орысша оқығаным бар. Ол замандарда орыс тілінің дәуірі жүріп тұрған тұс қой. Өзімізше сауаттылар қатарынанбыз. Сөйтіп жүріп, министрліктің жанындағы «Киімдерді өңдеу мен тазалау» техникумына оқуға түсіп алдым. Бәрі де реттеліп келе жатқан, сылаң қағып жүргенімде қазақтың Болатхан дейтін қараторы бозбаласына жолықтым да, махаббат «құрбанына» айналып шыға келдім. 

– Содан, ары қарай не болды? – деп біз де қамшылай түстік. «Түркістанның» жігіт жасы жиырмаға толу қарсаңындағы сыр-әңгіме Қалағаңа қашан жетеді екен деген қызығушылық тағы бар. 

– Асықпасаңшы, – деп күлді ол да біздің тоқетеріне қашан жетеміз деген ойымызды оқып қойып. – Асықпаңдар, Қалағаңа дейін менің алғашқы редакторым Ғаббас аға Қабышев. 1987 жылы сауатты, орысша-қазақша секретарь қажет деген соң, бірге қызмет істейтін апайдың айтуы бойынша «Ара-Шмель» журналына ауысып келдім. Екі тілде қатар шығатын республикалық журналда алғашында, әрине, көп қиындықтар болды. Өмірбақи орысша оқыған менің қазақ журналшыларымен қызметтес болуым, өзімнің ана тіліме деген махаббатымды оятты десем болғандай. Өте бай қазақтың әдеби тілі қандай шұрайлы, әуезді десеңші?! Құлаққа сондай жағымды. Қызметтестерім қазақшаға тілімді сындырды. Кейбір сөйлемдерімді қалжыңға айналдырып, күлкіге батып жүретінбіз. Қазақтың сатирик жазушыларымен тіл табысып, олардың шығармаларын машинкаға басып отырып, өзім де түсінгендеріме мәз болып рахаттана күлуші едім. Оспанхан Әубәкіров, Мыңбай Ілес, Садықбек Адамбеков, Сайымжан Еркебаев, Үмбетбай Уайдин. Бүгінде атасақалды Көпен, Толымбектер ол кезде жап-жас. Авторлар жиі келеді. Хаттар бөліміндегі Шолпан апай Мусинадан көп үйрендім. 

Одан кейін журналға Қалдарбек аға, марқұм Найманбаев 1987 жылдары басшылық жасады. Ал, 1989 жылы «Жаңа фильм» атты журнал жабылды да, Қалағаң редактор болып «Ара-Шмельге» келді. Орынбасары Көпен Әмірбеков, Тоқтархан Шәріпжанов, Қажытай Ілиясов, Толымбек Әлімбеков тұрақты қызмет атқара бастады. Кейін орынбасар болып марқұм Сайлаубек аға Жұмабеков келген. Азулы сатириктермен бірге қазақы қалжың, ылғи әзілкештер кіріп кеткендей қызықты болатын. Жас­пын, оның үстіне көп қалжыңдарын түсінбей де қаламын. Дегенмен, бұл азаматтармен қызметтес болу өмірімдегі бақытты сәттерім екенін уақыт өткен сайын түсініп келемін. Сай-сүйегімді сағыныш атты алапат сезім билеп, жанарыма жас келеді. Әсіресе, Қалағаңды жиі есіме аламын, қиналған, ауырған сәттерімде үнемі түсіме кіреді…

(Айнаш біраз үнсіз отырып қалды. «Он сегіз– гүлдәурен» деп ақындар жырлайтын бозбала-бойжеткен жылдар, алғаш келін болып аттаған босаға, алғаш сәби сүйіп, ана атанған бақытты сәттерінің бәрі-бәрі көз алдынан өтіп жатқанын жанымызбен түсіндік. Түсіндік те әңгімеге асықтырмадық). 

– Содан, 1992 жылы «Заман-Қазақстан» газеті түріктермен бірігіп шыға бастады да, Бас редактор –Қалтай аға бастап газетке келдік. Ол кезде мен редактордың жеке хатшысы, яғни қабылдау бөлмесіне ауыс­тым. Міне, содан бастап қазақтың маңдайына біткен сатирик жазушысы Қалағаңмен бірге қызметтес болуға жазыпты. Басында журналдан кеткім келмей, бәрібір бір жұмыс қой деп ойлағанмын. Барғым келмеген-ді. Сондағы сылтауым, үлкен айна жоқ болса керек. Балалық қой, әйтпесе, айна да сылтау болып па?! Бірер күннен кейін Қалағаң: «Айнаш, мұнда да айна бар, мен тауып қойдым» дегені. Марқұм Сәкең де, Сайлаубек ағаны айтамын, керемет мейірімді кісі еді. «Газетке барғаның дұрыс болар, жаңадан ашылып жатыр, бәлкім пәтер де алып қаларсың, Қалағаңнан қалма» деп барғым келмей, бір ай отырып алған мені көндірді-ау. Келгеніме өкінбеймін. 

Одан жаман болғаным жоқ, Мұхамеджановтай асыл азаматтың, болмысы бөлек, кісілігі мол азаматтың оң қолы болу дегеннің қандай бақыт екенін сезіне бастадым. Өте талғампаз, сезімтал кісі еді. Алғыр, қалжыңы керемет. Содан қабылдау бөлмесіне айна ілдіріп жатып: «Мына айна менің көзім, қайда жүрсең де өзіңмен алып жүр», – деді әзіл-шыны аралас. 

(Айнаш қазіргі бөлмесінің кіре берісінде тұратын жиегі алтын түстес айнасына қарап тағы да үнсіз отырып қалды). 

– Екі жылдай екі тілде, қазақ-түрік тілінде шыққан «Заман-Қазақстаннан» бүгінгі «Түркістан» енші алып бөлініп кеттік. Бұл – 1994 жылдың қаңтар айы болатын. Жаңа ұжым қалыптаса бас­тады. Редактордың бірінші орынбасары болып Дидахмет аға Әшімхан, орынбасар Бейбіт Сапарәлі, ал жауап­ты хатшы болып Абзал Бөкен, техредактор болып Көлбай Адырбеков тағайындалды. 

Қалағаң – менің рухани әкем болды. Қамқорлығын көп көрдім. Қаланың ортасынан ойып тұрып үш бөлмелі пәтер де алып берді. Үй болған соң несиеге дүние-мүлік те алынып жатты. Бірде төлесем, бірде ақшам жетпей қалған сәттерімде талай қаржылай да көмегін аямайтын. Қолы ашық. Мейірімді. Өтімді, сонымен қатар бірбеткей. Өзін де, өзгені де сыйлай білетін. Ешбір тарағанға бағынбайтын бұйра-бұйра шаштары үнемі қобырап отыратын-ды. Газеттің шаруаларымен жүгірістері көбейіп кеткен бір күндері кабинетінде ашуланыңқырап-әбіржіңкіреп отырды. Жәйлап басып бір кесе көк шәйін алып кірдім. Кезекті қаржы іздеуі сәтсіздеу әңгімемен аяқталса керек. Өңі де түтігіп кеткен сияқты. Әдеттегідей шашы да ұйпа-тұйпа екен. Осы жүгіріске өзімізді кінәлағандай кейіп танытып:

– Аға, келіңізші, шашыңызды тарап берейін, – дедім қасына жа­қындауға бата алмай. Жаздың ыстығынан болар, жағасы да жайлауға кетіп қалған екен.

Әдемілеп тұрып шашын тарадым. Көңілдене бастады да: 

– Бұл шаш та, бас та не көрмеді,– деді жымиып. Шынында да, егемендігіміздің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келген заман ғой, газет шығару оңайға соқпады. Қыруар қаржы қажет, ұжымды ұстап тұру да жеңіл емес. Тек біздің ұжым ғана емес, елімізде дағдарыстың күшейіп тұрған тұсы. Бәріміз басшымыздың аузына қарап отырмыз дегендей, Қалағаңның абыржитынындай-ақ бар. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне еңбегі сіңген, абыройы асқақтап тұрған азамат редакцияға қалталы азаматтар келе қалса, сәлем-сауқатын қылдай ғып ұжым мүшелеріне бөліп беретін қасиетін айтсаңшы?! Қабылдау бөлмесінде отыратындықтан, түрлі мінезді, қилы тағдырлы азаматтар келіп жатады. Бірде Қызылорда жақтан басында сәлдесі бар, имани ақсақал келіп кірді. Шәй қамына кірісе бергенімде ішкі қоңырау шырылдады да, редактордың кабинетіне кірдім. Мені басымнан аяғыма дейін көзімен шолып өткен әлгі кісі Қалағаңа қарап:

– Ой-бүй, мына қызыңның дәреті бар ма, қолы-басы таза ма, дәреті бар ма? – дегені. Басында түсінбей қалған мен де сипалақтап, ыңғайсызданып қалдым. Сонда: 

– Әй, бұл қыз сенің ана кітабыңнан да таза, – деп мені жақтай сөйледі. 

– А, қайдам, қазіргі жастар…– деп күмілжіген ана кісі қолындағы кітабын маған ұстата берді. 

Өмірінде адалдық пен тазалықты ту етіп өткен аңғал да адал кісі еді. Қаншама жыл қол астында қызметтес болып жүріп, аузынан бір артық-ауыс сөз естімедім. Жіберген кемшілігіңнің өзін астарлап, жаныңды ауыртпай тігісін жатқызып жеткізетін-ді. Кейде әлдебіреулерден көңіл шіркін қалғанда, көз алдыма Қалағаңның бейнесі келеді. Пендешіліктен ада адам болатын.

 Өзінен бұрын есіктен қалжыңы кіруші еді. Келімді-кетімді кісілердің үнемі қабағы жарқылдап, көңілді шығатын. Бөлмесінен әдемі әзілдің самалы есіп тұратын. Жаңағы айтқан оқиғадан кейін: «Әй, Айнаш, тарағың қайда?» деп қалжыңдайтын болды. Апталар мен күндер түгілі, айлар мен жылдардың жылжып кеткенін байқамай қалыппыз. Жұмыстың нәтижелі, сапалы болуы ең бірінші басқарып отырған бірінші басшыға да байланысты екенін сол кісімен ұзақ жылдардағы қызметтес болған кезден ұғындық. Газеттің басы-қасында жүрген азаматтарды жұмысқа ұйымдастыра білуі, шығармашылық тапсырыстар, материалдардың газет бетінде берілуі, авторлармен байланыс дегендеріңіз өз ретімен, өз жөнімен жүріп жататын-ды. Оның үстіне мықты қаламгерлер қызметке шақырыла бастады. Дидағаң мен Көлбайдан кейін, ол кезде жас жазушы, осы күні газет басшысының бірі Жаңабек Шағатай, журналистер Ермек Сахариев, Әнуарбек Әуелбеков, Ермек Зәңгіров, Қайнар Олжай, Зейнел Үйсінбаев, ақсақалдарымыз Тынышбек Дайрабай, Сейфолла Оспанов, Нұрқасым Қазбек, ал облыс орталықтарында меншікті тілшілер Арғынбаев, Төрехан Рәмберді сынды қаламы жүйрік журналистер жұмысқа тартылды. Одан кейін Рымтай Сағымбекова, Бота Әбдірейқызы, одан сендер келдіңдер. Бүгінгі көзі қарақты оқырман Қалтай Мұхамеджановтың басшылық еткен жылдардағы газет абыройы одан сайын көтерілмесе, төмендемегенін іштері сезеді. 

– Айнаш, Қалағаңның сен туралы: «Айнаш Сатаева – нағыз «партизан», бақылаушы, атсаң да аузынан артық сөз шығара алмайсың», – деп мінездеме бергенін құлағыммен естідім… 

– Иә, ол енді басшының оң қолы болғандықтан, артық ауыз сөйлеуге, тіпті көп сөйлеуге болмайды ғой. Тәртіп солай, талап солай. Қызметтестер түгілі, сырттан келетіндер, телефон шалатындар көп-ақ. Ондайда Қалағаңның қабағынан түсініп, кімді көргісі келеді, кіммен әңгімелескісі келеді дегендей, бәрін өзім-ақ реттеп отыратынмын. Жазушы-драматургтің шығармашылығына нұсқан келетіндей тілек-өтініш айтып келушілер де баршылық. Ондайда «жоқ, әлі келмей жатыр немесе жолсапарда» жүргізіп қоясың ғой. Сосын ретін тауып өзіне хабарлаймын, «осы кісіге былай, ана кісіге былай жа­уап бердім, қоспадым» деймін. Риясыз күліп алады да, «молодец, как партизан работаешь» деп мені келеке етіп әзілдейді. 

Бүкіл ақпарат құралдарында, газет-журналдарда редактордың қабылдау бөлмесінде ең көп отырған хатшы мен шығармын деп ойлаймын. Он екі жылдан астам уақыт жеке секретары болдым. Былай қарағанда аса көп те уақыт емес шығар, дегенмен өз басым үшін Қалағаңның қас-қабағына, жұмыс істеу стиліне қалыптасқаным сонша, телефондағы даусынан көңіл-күйін сезіп қоятынмын. Алғашқы жылдары, еліміздегі дағдарыс күш алып тұрған кезеңде үлкен ұжымды ұстап тұру, газет деңгейін көтеру, тиражын өсіру, шығармашылықпен айналысу дегеніңіз, әрине, күш-қайратты, жігерлілікті керек ететін тірлік. Сондай сәттерде Қалағаңның үйіндегі жеңгеміз Фарида Бекжанқызы да ұжыммен бірге қиналып, ұжыммен бірге қуанып жүрді. Газет шыққан күндері астау-астау ет, қымыз-шұбатын көтеріп кеңсеге әкелетін-ді. Бәріміз бір үйдің баласындай улап-шулап отырып тамақтанатынбыз. Соның бәрі, әрине, Қалтай Мұхамеджановтай азаматтың арқасы еді. Ол жылдар қалай ғана естен шықсын?! Қалай ғана сағындырмасын?! 

Жігіт жасы – жиырмаға толып жатқан газетіміздің мыңыншы нөмірі жарыққа шығып, толайым табыстармен мерейтойын атап өткелі жатқанда мұндай бақытты сәттерді, қимас жылдарды еске алмай кету дегеніңіз қиянат болар еді. Өйткені осы ұжымда жүріп басыма бас қосылды, ұл сүйдім, қыз сүйдім. Немерелер өмірге келіп жатыр. Қуаныштарымда бірге болған, жақындарымды жоғалтқан қайғымды бірге көтерген осындай қызметтестеріме ризамын. Енді бірер жылдан кейін, амандық болса, менің тұстастарым да зейнеткерлікке шығамыз. Ал уақыт дегеннің зымырандығына ренжіп көр?! Жап-жас болып келіп, ана-әже болып зейнетке шығу дегеніңіз де біреулерге бұйырмаған бақыт екенін ескерсек, өзімді керемет бақытты анамын, қазақ әйелімін деп есептеймін. Ол да болса, осынау ұжымымның, Қалағаң салып берген сара жолмен шығып келе жатқан газеттің арқасы шығар. Газеттің ғұмыры ұзақ болсын, ұжымымыз ауызбірлікте болса деген тілегім бар.

Сырласқан 

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ