Өтембаев 13 жылға сотталды
Өтембаев 13 жылға сотталды
Былтырғы жылдың 20 желтоқсан күні Қазақстанның бас прокуратурасы “Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген” деп мәлімдеген болатын. Бас прокуратураның хабарлауынша, Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсеткен. Бұдан соң Бас прокуратура 2013 жылы 11 желтоқсан күні Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректерге сүйеніп, жоғарғы соттан Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сот үкімін қайта қарауды сұрады. Жоғарғы сот 19 желтоқсан күні Өтембаевқа қатысты үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген.
Бұл іске қатысты сот процесі 22 қаңтардан бері Алматы облысы, Қаскелең қаласында өткен болатын. Бүгін оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты сот үкімін Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотының судьясы Асқарбек Бейімбетов шығарды. Сонымен, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты айыпталған Сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев 13 жылға сотталды. Ол жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтейді және дүние-мүлкі тәркіленеді. Судья «Ержан Өтембаевтың Ибрагимовке Алтынбек Сәрсенбайұлын ұрып-соғу туралы тапсырмасынан айнығанын ескерткенін, бірақ қылмысты болдырмау үшін ары қарай шара қолданбағанын» мәлімдеген. Алайда, жарыссөз кезінде айыптаушы прокурор Өтембаевты “қылмысқа айдап салушы” ретінде айыптап, 15 жылға соттап, қатаң режимдегі колонияға жіберуді сұраған еді.
Айтпақшы, жәбірленуші тарап алдыңғы сот отырыстарында Сәрсенбайұлы қазасы кезінде бас прокурор болған Рашид Түсіпбековті, ішкі істер вице-министрі болған Қалмұханбет Қасымовты, ішкі істер министрі болған Бауыржан Мұхамеджановты сотқа шақырту туралы сөз болғанмен, бірақ судья ол үш адамның істі қайта тексеруден кейін жазбаша түсініктеме бергенін мәлімдеген. Саясаткер Төлеген Жүкеев бұл үш адамның сотқа шақырылмауы сенімсіздік туғызатынын айтып: «Өтембаевты 15 жылға бас бостандығынан айыру билікке керек болып отыр» деп оны ақтап шығаруды сұрады. Алайда, бұл жайттар сот процесінде елеусіз қалды.
Динара Дүрмән