ЖЕЛДЕН ЖҮЙРІК КЕРҚҰЛАН ЕДІ...
ЖЕЛДЕН ЖҮЙРІК КЕРҚҰЛАН ЕДІ...
Жабайы жылқының денесінің ұзындығы 230 см, шоқтығына дейін биіктігі 130 см, салмағы 300 келідей. Биелері айғырларынан кіші болады. Денесін бозғылт қызыл сары түк басқан, жон арқасында ұзына бойы созылған жіңішке түкті белдік тәрізді қарақошқыл жолағы болады. Керқұланды 1878 жылы Орталық Азияға саяхат жасаған орыс саяхатшысы Н.М. Пржевальский Қытайдағы Жоңғарияның шөлді аймағынан кездестіріп, терісі мен бас сүйегін Ресейге алып кеткен. Оны зерттеген орыс ғалымы И.С. Поляков (1845 – 1887) мұның жабайы жылқының жеке түрі екенін анықтап, орыс саяхатшысының құрметіне “Пржевальский жылқысы” деп атаған.
Құлан тектес болғандықтан, Пржевальский жылқысын соңғы жабайы жылқы деп атауға да болады. Табиғатта Пржевальский жылқысы шағын гаремдік үйірде (10-15 бас) топтасып өмір сүреді екен. Бұл жылқылардың бір ерекшелігі, аязға шыдамды, қар астынан қорегін қазып жей береді. Мұндай жылқылардың еліміздің аймағында аса мол болғанын тарихи құжаттардың бәрі қапысыз дәлелдейді.
Пржевальский жылқысы шөбі мол және суаттары жеткілікті ашық ландшафты қажет ететін дала жануары болып саналады.
Елімізде осыдан екі жыл бұрынғы есеп бойынша, 12 Пржевальский жылқысы болған екен. Оның бесеуі Алматы зоопаркінде, қалған жетеуі «Алтын Емел» ұлттық табиғи паркінде. Жылқылар сегіз жыл бұрын «Алтын Емелге» Мюнхен зоопаркінен әкелініпті. Алдымен олар арнайы қашада орналасып, кейін босатылып, ашық далаға жіберілген. Кей жылқылар түрлі себептермен өлді, жаңадан туылғандар да болды. Демек, бұлар нағыз жабайы жылқылар болып саналады.
Одан бері де бір ғасырдай уақыт өтті. Пржевальский жылқысы әлі күнге Пржевальский атанып келеді. Егер Пржевальский жылқысы керқұлан немесе тарпаңның тұқымы болса, онда неге оның атауы әлі күнге ресейлік саяхатшы, генерал-майорға тиесілі? Әлде, жабайы жылқының Орталық Азияны мекендегенін орыс саяхатшысынан өзге зерттеушілер, саяхатшылар білмеген бе? Жергілікті халық ше? Жергілікті тұрғындар керқұланның қандай жылқы екенін білмеді деу бекершілік болар.
1879 жылы оған Пржевальский аты берілгенімен, керқұлан немесе тарпаңның оған дейін де өмір сүргені белгілі емес пе? Қазақ жылқысының тарихы тереңде жатыр. Жабайы тарпаңның да тарихы әріде. Демек, Пржевальский жылқысы он тоғызыншы ғасырға ғана тән дүние емес. Генерал-майорға Орталық Азияға саяхат жасап, бас сүйегі мен терісін апарғаны үшін бір жылқының атын бере салдық делік, бірақ оның тарихи атауын қайтару қажет деп ойламайтынымыз өкінішті. Бір айта кетерлігі, Пржевальский де, Семенов Тянь-Шанский сынды орыс саяхатшылары да Орталық Азияны жәй ғана зерттеген жоқ, олар патшалық Ресейдің барлаушылары, дәлірек айтсақ, тыңшылары болатын. Олар өздері барған жерлерді отарлаудың жөн-жобасын жасады, сол үшін тынбай әрекет етті. Сонда елімізге қарсы тыңшылық әрекет жасаған осындай тыңшыларға тарпаңды теліп қоямыз ба?
Еліміздегі тарихшы-ғалымдарымыз Пржевальский атауын ауыстыру туралы әлі күнге мәселе көтермегені бізді таң қалдырады. Пржевальский жылқысының әуелгі тарихи аты қалай? Керқұлан ба, әлде тарпаң ба?
Тәуелсіздікпен бірге талай атаулар қайта өзгертіліп жатыр. Қала, жер-су аттары да байырғы атауын қайтаруда. Ендеше, Пржевальский жылқысына да керқұлан атын беру кезек күттірмейтін мәселе екені сөзсіз. Осыны ғалымдарымыз ойланса екен дейміз.
Гүлзина БЕКТАС