Жаңалықтар

АТАҚТЫ ЖАТТЫҚТЫРУШЫ ДА «АСАП» ҚОЙЫПТЫ

ашық дереккөзі

АТАҚТЫ ЖАТТЫҚТЫРУШЫ ДА «АСАП» ҚОЙЫПТЫ

Елімізде спортқа көңіл бөлініп, оған қомақты қаражат та көзделуде. Кейде сала басшылары мемлекеттің ақшасын өз қаржысындай бей-берекет жұмсай беретіні бар. Сыбайлас жемқорлық қай салада да дендеп бара ма дерсіз осындайда. 

Осы аптадағы даулы мәселе спорт саласынан шықты. Алматының басты баскетбол командасы, «Алматы» клубының бұрынғы бас жаттықтырушысы ойыншылардың іссапарына бөлінген қаржыны мақсатсыз жұмсаған деп айыпталуда. Тергеу орындары былтырғы жылдың 20 желтоқсанынан бастап Игорь Тихоненкоға халықаралық іздеу жариялаған болатын. 

Ол бір ай өткенде қаладағы жалдамалы пәтердің бірінде тығылып жатқан жерінен ұсталды. Енді оған тағылған айып та ауырлауы мүмкін. Өйткені Тихоненко мен бұрынғы директордың командаға келтірген зардабы 16 миллион теңгеден асып жығылады екен. Құқық қорғау орындарына қажетті құжаттарды дайындап жатқан баскетбол клубының жаңа басшылығы істің ақ-қарасын зерттеуді ұсынып отыр. Олар қолда бар дәлелдер арқылы сотқа шағым түсіруге кірісіп кетті. Айыпты деп танылған «Алматы» баскетбол клубының бұрынғы жаттықтырушысы Игорь Тихоненконың былтыр «Sports.kz» интернет-порталына берген сұхбатына көз жүгіртсек, ол қазіргі кезде қаржылық жағдайдың мәз емес екенін тілге тиек етіпті. «Алматының спорт саласына жауапты мамандары өздеріне тәуелді етіп қойды. Бүгінде демеушілеріміз де бізбен жұмыс істеуден бас тартты. Команда демеушінің қаржысынан қағылды. Дәл осы жағдай Қазақстанның басқа қалаларында да бар. Тек Астанада ғана баскетболға дұрыс көңіл бөлінген. Меніңше, спорттың бұл саласын дамытамыз десек, меценаттық қолдау қажет. Әлбетте, мемлекет ақша бөліп жатыр, бірақ бұл жеткіліксіз» депті. Сөйте тұра, мемлекеттің «мардымсыз» ақшасын құмға сіңгізіп жібергені несі? 

Бұл бір емес. Былтыр Атырау­да спорт саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс қозғалып, «Атырау» баскетбол командасында ұрлау фактісі тіркелген-ді. Қаржы полициясы хабарлағандай, «Облыстық «Атырау» баскетбол командасы» КМҚК директорына және басқа тұлғаларға қатысты ҚР ҚК 176-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. «Бұл адамдар алдын ала келісу бойынша мемлекеттік қызметтерді атқаратын тұрғаларға теңестіріліп, жалған құжаттарды құрастыру жолымен 2008 жылға арналған іс-сапар шығындарын шартты түрде иеленіп, бөтен адамның сеніп тапсырылған мүлкін ұрлаған. Мемлекетке келтірілген залал сомасы 18,5 млн. теңгені құрады», – делінген Қаржы полициясының хабарламасында. 

Бұған қарағанда спорт саласының басы-қасындағы мамандар жемқорлық фактісінен сабақ алмайтын сияқты. Бәрі асап қалуға құмар. Сөйтеді де, «бізде спорт саласы кенжелеп қалды, шетелге жиі шыға алмаймыз» деген сансыз кінәлауды төпелетеді. Бұған кім кінәлі? Егер мемлекеттен бөлінген қаржы мақсатты жұмсалса, елімізде спорт саласы әлдеқашан ұшар биігіне шығар ма еді, кім білсін? 

Динара Дүрмән