Сыбайлас жемқорлықпен күрес: ҚАЗАҚҚА ЖАТ ҚҰБЫЛЫС

Сыбайлас жемқорлықпен күрес: ҚАЗАҚҚА ЖАТ ҚҰБЫЛЫС

Сыбайлас жемқорлықпен күрес: ҚАЗАҚҚА ЖАТ ҚҰБЫЛЫС
ашық дереккөзі

Сыбайлас жемқорлықпен күресЕліміздегі
халық жағдайын жақсарту үшін экономиканы көтеру керек. Ал экономика
мемлекет қоржынындағы қаржыға тікелей байланысты екені бесенеден белгілі
жай. Алайда құлқынының қамын ойлап, мемлекет қаржысына қол сұғатын
сұғанақтар әуелі дәнігіп, соңынан құнығып, опырып жеуді мақсат тұтуда.
Оларға қарсы заң күшейтілсе де саны кемір емес. Қайта жалдан-жылға
көбейіп бара жатқандай. Халық сенім артқан «Нұр Отан» партиясының кейбір
мүшелері де жемқорлық аурудан сау болмай шықты. Бір өкініштісі,
жемқорлықпен айналысатындар ішінде құқық қорғау қызметкерлері мен
қолында билігі бар жандардың да болғаны көңілге қаяу салады. Иә, жалаң
патриотизммен көз бояп, билікке қолдары жеткен соң, жеке басының
мүддесін ойлап, халық қаржысын тонаумен айналысқандардың есімдері де
аталуда. Олардың алды қап-қап ақшамен шетелдерде бой тасалап жүр.
Бірқатары ұсталып, заң алдында жауап беруде. 

Сыбайлас
жемқорлық жеті басты айдаһардан да бетер екен. Олай дейтініміз, Үкімет
тарапынан қаншама заң жолымен қарсы шаралар қолданылып жатса да, саны
кемитін емес. Қайта жыл өткен сайын үстемелеп артып барады. Өткен жылдың
тоғыз айында осы қылмыс түрінің саны 8,7 пайызға өсіп, қоғамға
келтірілген зиян көлемі 7,4 млрд. теңгені құраған. Жең ұшынан жалғасып,
құлқындарын ғана ойлаған сыбайластар салық органдары қызметкерлерінің
арасынан да табылып жатса не шара. Жалған кәсіпкерлік субьектілеріне
қамқорлық жасап, өз қалталарын көк қағазбен толтырғандардың 11 дерегі
анықталған. Оған қоса, кеден органдары мен шекара қызметкерлерінің
көмектесуімен жасалынған 4 эконо­ми­калық контрабанданың ісі әшкереленіп
отыр. 

Экономикалық қылмысқа және сы­байлас
жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбеков өткен
желтоқсан айында Елбасының қабылдауында болып, бір жылдық жұмыстарына
есеп берген. Ол өз сөзінде: «Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, біз көлеңкелі
экономикамен күресті күшейтіп, атап айтқанда, заңсыз алкоголь мен мұнай
тасымалы және жалған кәсіпкерлікті жоюға ерекше ден қойдық», – дей
отырып, өткен жылы сыбайлас жемқорлық және мемлекеттік қызметтегі
өкілеттікті асыра пайдалану жөнінен 900 тұлғаға 1333 қылмыстық іс
қозғалғанынан хабардар еткен. Сондай-ақ республикалық және облыстық
деңгейдегі 120-дан астам лауазымды тұлға тергеуге тартылып, үстерінен
қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бұл жебірлер санының аз емес екенін
көрсетеді. Елбасы бұл келеңсіздік істе осы бағыттағы жұмыс қарқынының
төмендегенін немесе агенттік қызметінде тиісті есеп жүргізілмейтінін
білдіретінін айта келіп: «…Жергілікті жерлерде жемқорлықтың жағдайын
ел жақсы біледі. Солармен тығыз-қарым қатынаста болу керек. «Нұр Отан»
партиясының жасап жатқан жұмысы бар. Жергілікті халық біледі, айтады.
Соны тексеріп, жерде қалдырмай аяғына дейін жеткізсеңдер, сонда нағыз
күрес болады. Жалғыз агенттіктің немесе құқық қорғау органдарының
күшімен жеңу мүмкін емес. Жылдан-жылға барлық жағдайды жасап келе
жатырмыз. Солай ғой. Шенеунік пен адамдардың ара қатынасын жақсартып,
жалақыны көтеріп жатырмыз. Соның бәрі жемқорлықтың алдын алу үшін
жасалып жатқан шаралар. Көрсеткіштерді жасанды түрде көтерудің қажеті
жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты сезінетін, нағыз күрес жүргізілуі
тиіс», – деді. 

Иә, жергілікті жерлердегі тұрғындар
қолында билігі бар кейбір шенеуніктердің немен айналысып отырғандарын
жақсы біледі. Өткен жыл бойына Жамбыл облысының 170-тен астам тұрғыны
қаржы полициясына сыбайлас жемқорлық фактісін хабарлаған. Бұл сыбайлас
жемқорлыққа қарсы күрестің бұқаралық сипат ала бастағанын аңғартады.
Түсіпбеков өткен жылы жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарға
жалпы көлемі 13 миллион теңге сыйақы берілгенін айтып, осы тәсілді
алдағы уақытта да жалғастыра беретіндерін жеткізген. Жемқорлармен
күресте осы тәсілдің кейбір облыстарда әлі де болса толық пайдаланылмай
келе жатқаны кәміл. 

Кейінгі кезде
суық қолды алаяқтармен күрестің тағы бір тәсілі қолға алынғанынан жұрт
хабардар. Егер мекеменің бір қызметкері жемқорлықпен жауапқа тартылып,
қылмыстық ісі мойындалатын болса, басшысы қызметтен өз еркімен кетуі
керек. Р.Түсіпбеков: «Өткен жылдың 17 ақпанында Алматы қаласы бойынша
Экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің
бастығын орнынан алу туралы шешім қабылдадым. Оның қол астындағы жұмыс
істейтін аса айрықша істер жөніндегі аға инспектор Хасановты агенттіктің
ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері кәсіпкерден 30 мың доллар
алып жатқан жерінен ұстады», – дейді. Соған байланысты қаланың
Экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің
бастығы Мақсат Дүйсенов қызметтен кетуге мәжбүр болған. 

Ал
осы департаменттің қазіргі бастығы Әмірхан Аманбаев 2009 жылғы 22
сәуірдегі №793 «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас
жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі
жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлықты басшылыққа ала
отырып, күресті барынша күшейте түсуде. Департамент қызметкерлері жыл
басынан бері қаржы полициясының қызметкері деген жалған куәлікпен
алаяқтық істерге барған 5 адамды тұтқындады. Олардың бірі кәсіпкерден,
қалғандары 12 бизнес субьектісі мен 6 мемлекеттік мекеме басшысынан
қомақты ақша бопсалап келген. Сондай-ақ екі жас жігіт өздерін қаржы
полициясынанбыз деп, қаладағы кішігірім бір дүкенді тексеріп тұрған
жерінен ұсталып, жауапқа тартылды. «Өткен жылдың тамызында біздің
департамент қызметкерлері Алматы қаласы бойынша Салық департаменті
басшысының орынбасары Б.Әжінұровты 26 млн. теңгені жалған кәсіпорынға
қамқорлық көрсеткені үшін пара алу үстінде ұстады. Ол жалған
кәсіпорындарға тексеру жүргізбеуге ықпал жасағаны үшін белгілі бір пайыз
көлемінде ақша алып отырған. Оған ҚК-тің 307-бабы бойынша қылмыстық іс
қозғалып, сот үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айрылып, жалпы
тәртіптегі түзеу колониясына жіберілді. Ол тіптен қаржылық құжаттарды
сатқан жоғары шенді салықшы бизнесменнің салықтан жалтарып кетуіне де
көмектеспек болған. Полиция қызметкерлері сол салықшының жеке
кабинетінен 30 мың доллар тапқан. Осы оқиғадан бір ай өткен кезде Алматы
облысы, Іле аудандық салық басқармасының бөлім бастығы Еркебаев дәл
сондай дәйек бойынша 50 миллион теңгеден астам ақша алу үстінде ұсталып,
үстінен қылмыстық іс қозғалды», – дей келіп, Аманбаев жыл басынан бері
қаладағы сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлаған 15 тұрғынға Үкімет
қаулысы бойынша ақшалай сыйақы берілгенін тілге тиек етті. 

Сыбайлас
жемқорлықты хабарлаған жанға сыйақы айтқан бойда беріле салмайды. Ол
үшін факті тергеуде анықталуы керек. Сыйақы көлемі сыбайлас жемқорлық
құқықбұзушылық немесе қылмыстың ауыртпалығына сай белгіленген. Біржолғы
ақшалай сыйлықтың ең аз мөлшері 30 айлық есептік көрсеткіштен басталып,
аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық іс бойынша оның көлемі 100 айлық
есептік көрсеткішке дейін көтеріледі. 

Жуырда ғана
агенттіктің Астана қаласында өткен алқа отырысында Р.Түсіпбеков былтырғы
жылы кадрлық әлеуеттің сапа жағынын жақсарып, біраз құрылымдық
өзгерістер мен оңтайландыру жүргізілгенін, соның арқасында елдегі
қылмыстар туралы нақты мәліметтер жинауға, сонымен бірге қылмыстарды
жасыру фактілерін жоюға мүмкіндік беретін есептік- тіркеу тәртібі бір
жүйеге келтіруде оң іс болды. Нақты мысалдар келтіретін болсақ, Қаржы
полициясы анықтаған 10 мың қылмыстың төрттен бір бөлігі ауыр және аса
ауыр түрлеріне жатады. 2012 жылмен салыстырғанда сыбайлас жемқорлық
қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар саны 30 пайызға өскен. Ең
сорақысы сол, олардың 200-ге жуығы әрқалай деңгейдегі биліктегі
құзырлылар. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру саласында былтырғыдан
үш есе көп қылмыс әшкереленді. Ал мемлекеттік сатып алу саласындағы
қылмыстарды анықтау үш есеге кө­терілген. Осылай агенттік
қыз­мет­кер­лері сыбайлас жемқорлықтың 108 фак­тісін анықтап отыр. 

Рашид
Түсіпбековтің айтуына қарағанда, көлеңкелі экономика саласында 6 мыңға
жуық қылмыс тіркелген. Әсіресе мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз
айналымы саласында анықталған қылмыстардың саны 5 есеге артқан.
Сондай-ақ әрқалай қитұрқы жолдармен бюджетке салық төлемей келе жатқан
шағын және орта бизнес субьектілерінен де қомақты қаржы түсірудің сәті
келді. Қаржы полициясы бұрынғыдай шағын бизнес өкілдерін бейберекет
тексере беруді соңғы екі жылда 5 есеге дейін қысқартып, тек қылмыстық
істерге жол бергендерін ғана бақылауға алған. Сыбайлас жемқорлықтың
алдын алу шараларын жүргізудің нәтжесінде мемлекеттік органдар мен
тәртіптік кеңестерге 470 ұсыныс жіберілді. Сол ұсыныстарды қарау кезінде
сыбайлас жемқорлық әрекеттер жасаған 349 лауазымды тұлға тәртіптік
жауапкершілікке тартылып, оның 147-сі қызметінен босатылды. Түсіпбеков
кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау жөнінде: «…Жыл бойына біз шағын
және орта бизнес жұмыстарына араласпау ұранымен жұмыс істедік. Осыған
орай көптеген жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, домалақ арыздар бойынша
тексеру фактілері жойылды. Қаржы полициясы қызметкерлеріне
азаматтық-құқықтық қатынастарға араласуды болдырмауға және қылмыстық
жауапкершілікке тартылу үшін келтірілген залалы төменгі көрсеткішке
жетпейтін жалпы қылмыстар бойынша тексерулер өткізбеу тапсырылды», –
дейді. 

Еліміздің бас қаласы Астанадағы эко­­номикалық
қылмысқа және сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жалған
кәсіпкерлікті анықтау мен салықтарды төлеуден жалтарып жүрген әккі
кәсіпкерлерді жөнге салуда елеулі істер атқарды. Сот органдары олардың
алдын бірнеше жылға бас бостандықтарынан айырса да, көктемгі жауыннан
соң шыққан саңырауқұлақтай қаптап, оңай олжадан пайда табуды көксегендер
саны азаяр емес. Баса айтатын бір жәйт, соңғы жылдары Астанада жалған
кәсіпкерлік фактілерін құру тым көбейіп кеткен. Солардан тоғыз айда
келген шығын 21 миллиард теңгені құрап отыр. Астана қалалық қаржы
полиция департаменті 31 қылмыстық іс қозғады. «А-СТЕН» ЖШС кәсіпкерлігін
құрған жемқордың төленбеген салық көлемі 74,3 миллион теңгеге жеткен. 

Сыбайлас жемқорлық Алматы облысында да өріс алған. Қаржы
полициясы былтырғы жылы 100-ден астам қылмыс дерегін анықтаған. Солардың
бірі Талғар ауданы Талғар қаласының әкімі міндетін атқарушы Ж.Қасымбаев
қала аумағында сауда павильонын орнатуға жер телімін бөлу үшін 1 млн.
теңге пара алған. Осы жөнсіздігі үшін ҚР ҚК 24 бабы, 3 бөлімі және 311
бабы 4 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жалпы облыста сыбайлас
жемқорлық қылмыстарды жасағаны үшін жауапкершілікке тартылғандар
былтырғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға өскен. Олардың 200-ге жуығы әр
түрлі деңгейдегі билік иелері. 

Батыс Қазақстан облысы
ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, өткен
жылдың қараша айында пара алған деген күдікпен екі полиция қызметкері
ұсталған. Экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
департаменті мен жеке қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп жедел іздестіру
шаралары жүргізілген.

Оқиға қараша айының 30-күні Орал
қаласында болған. Облыстық Ішкі істер департаменті табиғат қорғау
полициясының бастығы Ғабиден Қағазғалиев қаланың алтыншы шағын ауданында
9 мыңнан астам тірі шаянды тасымалдап жатқан азаматты ұстап, қылмысын
жасыру үшін одан 150 мың теңге көлемінде пара алған. Аталмыш факті
бойынша ҚР ҚК 287 бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қалалық сот екі ай
мерзімге қамауға санкция берген. Кейіндеу бұл іске департаменттің тергеу
басқарма бастығының орынбасары Заят Мұхтаровтың қатысы бары да
анықталды. 

Былтырғы жылы Қарағанды облысында да сыбайлас
жемқорлық көрсеткіші жоғары болған. Соған байланысты «Нұр Отан»
партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі
республикалық қоғамдық кеңесінің мәжілісі өткен болатын. Бұл жиында
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық
кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов жем­қорлыққа қарсы күрес
бағдарла­ма­сының орындалуын талқыға салды. Сондай-ақ кеңеске қалалық
және ау­дандық партия ұйымдарының өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға
сал­ды. Жиын барысында «Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы күрес
бағдарламасын және «Өзіңнен баста!» акциясына бір кісідей қатысып, іске
асыру тиімділігі ба­рынша қамтамасыз етілмегені мәлім болды. Бұл
жемқорлыққа қарсы ұйымдастырушылық және әкімшілік жұмыстардың талап
деңгейінде жүргізілмегенін көрсетеді. Оған Республика Бас прокурорының
мәліметі толық дәлел бола алдады. Қарағанды облысында 2012 жылы
мемлекеттік қызметті атқаруға өкілетті 88 адам, ал 2013 жылдың 8 айы
ішінде 55 адам жемқорлық қылмыстары үшін тіркелген. Солардың ішінен 12
адам жемқорлық қылмыстары үшін сот үкімімен бас бостандықтарынан
айырылды. «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің арасынан да жемқорлық пен
басқа да заң бұзушылық әрекеттері үшін 11 адам мүшеліктен шығарылып,
қатаң жазаланған. Солардың қатарында шамасы келмейтін қарызданушылармен
жұмыс атқару департаментінің бастығы Д.Трегубов, қаладағы №3 ХҚКО
басшысы Е.Байғұзынов, қалалық Қан орталығының директоры В.Локтионов,
«Қарағанды Агроорталығы» ЖШС директоры Б.Шрайманов, Ақтоғай ауданының
мемлекеттік ветеринарлы-санитарлық инспекторы М.Сламбеков секілді
лауазымды тұлғалар бар. 

Мемлекет және қоғам қай­рат­кері
Жабайхан Әбділдин ақпарат құ­рал­дарына берген сұхбатында: «Өкінішке
қарай, сыбайлас жемқорлық деген бізде өршіп тұр. Қазақ халқын сырт көз
сынағанда ежелден елімізді жақсы мінезімен жайлы жұрт ретінде айтушы
еді. «Ұры, жемқор» деген ат бізге жат еді. Әсілі, жемқорлық Кеңес
Одағының тұсында да болған. Кеңес Одағының кеңістігінде кейбір
халықтарды бетіне баспаса да, сыртынан «ұрлыққа жақын» деп айтып
отыратын. Тек қазаққа бұл жат құбылыс еді. Егемендік алып,
етек-жеңімізді түзей жүрген бізге осы бәле жұғысты. Жемқорлықтан
біреулердің абыройы төгіліп, енді біреулер сотталып жатыр. Соған қарап
жатқан жұрт жоқ қазір. Ілгеріде бір адам сотталса, сол ауылдың
төңірегінде трагедия орнайтын. Ал қазір басқаша. Бәрі шама келгенше асап
қалсам дейтін тәрізді. Бұл не сонда? Бұл – өзекке түскен құрт. 

Жемқор
адамда патриоттық сезім тұрмақ, Отан да болмайды. Өйткені ол
Қазақстанда жүріп миллиондап жұтса, кейіннен сол миллиондарымен
Қазақстаннан да тыныш өмір іздеп шетке кете береді. Қолында қаражаты мол
болса, оған Отанның құны көк тиын. «Ер – туған жеріне, ит – тойған
жеріне». Түптеп келгенде, жемқорға Қазақстанда тұрдың не, Швейцарияда
тұрдың не? Бәрібір. Сондықтан да баюды өмірімнің мәні деп ойлайтын
азаматтар үшін егемендік те, қазақ халқы да құн емес. Оның ойлайтыны
қарынның тоқтығы, уайымның жоқтығы. Содан барып сатқындық шығады. Әлем
ғұламаларының бәрі де, Абай да осы мәселені мемлекеттілік үшін ең
бірінші жау санаған.

Екінші мәселе – тарихтан сабақ алу.
Жер жүзіне атағы шығып, күллі Еуропаны жаулаған Римнің құлдырауы мен
құлауын жете зерттеген Монтескье де мемлекетті мығымды ету тұрғысынан
көп жазып кетті. Сол айтпақшы: «Рим азаматтары кезінде қандай еді?».
Темір тәртіп пен патриоттық оларда ең бірінші орында еді. Кейіннен
жемқорлық, ұрлық, өтірік, қара басын ғана ойлау олардың өмір салтына
дендеп ене бастады, ал бұл ел ішін ірітті. Бір кездері атағы дүркіреген
даңқты азаматтардың қасиеттері осылайша жойыла түсті. Ақша мен билікті
ойлайтындар көбейіп, мемлекет үшін жанын беретін адам Римде қалмады.
Сосын Рим құлады. Мінеки, ақша мен билікті ғана ойлайтын адамдар ел үшін
ешуақытта кеудесін оққа төсей алмайтынын осыдан-ақ көруге болады». 

Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік дамуды
тежейтін әлеуметтік кесел. Өзгенің тарих-талайына қарасақ, мемлекетке
қауіпті де екен. Сондықтан жемқорлармен қүллі қоғам болып күресу ләзім.


Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ