Жаңалықтар

КӨНЕНІҢ КӨЗІ ЕМЕС, ЖАҢАНЫҢ ӨЗІ

ашық дереккөзі

КӨНЕНІҢ КӨЗІ ЕМЕС, ЖАҢАНЫҢ ӨЗІ

Жуырда «Абзал-Ай» баспасынан Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ тіл білімінің мәселелері» атты еңбегі жарық көрді. Кітаптың таралымы 4000 мың дана. Бұл Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен «Арыс» қорының бірлескен жаңа жобасы «Қазақ тіл білімінің антологиясы» негізінде жүзеге асырылып отыр. Жобаның авторы және жауапты шығарушысы филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес.«Қазақ тіл білімінің антологиясы» атты жаңа ауқымды ғылыми жобаның беташар тұңғыш кітабының Ахмет Байтұрсынұлына бұйыруы табиғи заңдылық һәм тарихи шындық, – дейді Ғ.Әнес. – Өйткені ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының рухани көсемі, Алаш қозғалысының көшбасшыларының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері А.Байтұрсынұлы ең алдымен ұлтымыздың ұлы Ұстазы, елді ілім-біліммен сусындатқан Ағартушы, ана тілімізді түрлеуші Ғалым, қазақ тіл білімі ғылымының Атасы. Осыдан тоқсан жыл бұрын ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов: «Ахаң соңғы жылдары уақытының бәрін қазақтың мектебіне сарып қылып, істеген ісі де, жазған жазуы да жалғыз соған арналған. Сондықтан бұрынғы уақыттағы жас буынның әлсіз ойын тербеткен, жүрекке жылы, тәтті өлеңдерін соңғы жылдары ести алмай жүрміз. Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылғы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын», – деп заманауи бағасын берген болатын».Қазақ тіл білімінің негізін салған Ахмет Байтұрсыновтың бұл еңбегі күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Араб харпіндегі түпнұсқадан қазіргі жазу үлгімізге салыстырыла аударылған бұл асыл қазына-мұра тілші ғалымдарға және көпшілік тіл жанашырларына арналған.

«Түркістан-ақпарат»