Жаңалықтар

«Елес қуған сайыпқыран»

ашық дереккөзі

«Елес қуған сайыпқыран»

Отандық фильмнің өне бойы америкалық экшн жанрындағы фильмдер сарынына құрылған. Соңғы уақытта қазақ киносының бұл жанрға батыл қадам басып және оны өз дәрежесінде меңгере білуі – отандық киноөндірісінің шығармашылық өсуінің дәлелі дей аламыз. Осы орайда еске түсіре кетсек, экшн-фильм – (ағылшын тілінде action movie) негізінен, төбелес, атыс, қуғын-сүргін т.б. зорлық-зомбылыққа құрылған кинематография жанры. Экшн-фильмдерді түсіруге көбіне орасан зор қаражат жұмсалады, каскадерлік қимылдар мен таңғаларлық әсерге толы болады. Осы жанрға жататын мұндай фильмдер күрделі сюжетке құрылмайды. Басты кейіпкер әділетсіздік, жемқорлық, террор, ұрлық, адам өлтіру, жауыздық сияқты зұлымдықпен бетпе-бет келіп отырады. Басқа жол таппаған басты кейіпкердің амалсыздан зорлық-зомбылыққа баруына тура келеді. Сөйтіп, ақыр соңында ондаған, жүздеген жауыздың көзі жойылады. Бұл фильмнің сюжеті де осы тектес. Фильм қарулы топтың зұлымдықпен ғимаратты басып алуынан басталады. Ғимарат қызметкерлерін тұтқындап, бизнес орталығын тонап, қашуға бекінген сәтте полиция қызметкері Тимур жалғыз өзі олардың іс-әрекетін тоқтатуға себеп болады. Осы жерден фильмнің бас қаһарманының кім екені айқын білінеді. Бұл сюжетте жарқ еткен жаңалық болмаса да, режиссер қарулы топ бастығын сол жерде ұшақта жарып жіберіп, оқиғаның әрі қарайғы өрбуіне ынтықтыра түседі. Фильм желісі бойынша ғылыми-технологиялармен айналысатын „Global Sеcurity„ атты корпорация әлемдегі қылмыспен күресу мақсатында GS-код ойлап табады. Бірақ, бұл ойлап табылған технологияның қоғамға қажетті бір қыры ғана. Оны ойлап табушылардың түпкі мақсаты – «Елес» жүйесін енгізу арқылы адам санасын басқару және осы жолмен түрлі қылмыстық әрекеттерді орындату еді. Ал полицей Мараның командасы бұл жұмбақтың шешімін табуға бас қатырады. Дегенмен оларға бұл әрекет әлгі ғимаратты басып алған топқа қатысты екені белгілі болады. Олардың қылмыстарын Тимур атты қазақ жігіті әшкерелеуге ұмтылады. Ал Зак есімді хакер жігіт шындықтың бетін ашып, корпорацияның жасырын мақсатын білуге көмектеседі. Енді екеуі төніп тұрған жаһандық қауіптен әлемді құтқару үшін бірге әрекет етуге талпынады. Фильм сценарийінің авторы әрі режиссері М.Кунарованың айтуынша, Тимур атты қазақ жігіті арқылы бірінші кезекте бүгінгі замандағы қазақ батырын көрсеткісі келген. Байқап қарасақ, голливудтық фильмдерде америкалық кейіпкер әлемді сұрапыл апаттан құтқарып, ерлігімен көрерменді сүйсіндіріп жатады. Ал мына фильмде басты қаһарман, яғни ержүрек қазақ жігіті әлемді төніп тұрған қауіптен арашалап қалады. Ол ерік-жігері күшті, сенімді дос, уәдеге берік, өз қызметіне адал жан ретінде көрінеді. Яғни, бүгінгі қазақ батырының образы. Картинада экшн сценалар шынайы қойылған. Экшн жанры болғандықтан мұнда ұрдажық көріністер жетерлік. Бірақ, барлық қойылымдар, каскадерлік трюктар кәсіби деңгейде орындалған. Тұтастай алып қарағанда, заманауи кино талаптарына сай, көрермендердiң бүгiнгi таңдағы сұранысын есепке ала отырып, голливудтық форматта түсірілген заманауи фильм деп пайымдауымызға болады. Фильмнің прокат желісі халықаралық деңгейде қамтылуы үшін Голливуд және Ресей жұлдыздары шақырылыпты. Басты рөлдердің бірі – ержүрек полицейді сомдаған Санжар Мәдиев. Хакердің рөлін сомдаған ресейлік әнші Алла Пугачеваның немересі Никита Пресняков. Басты кейіпкерлерге бөгет жасап, олардың жолын кескен Раш есімді арудың рөлін сомдаған голливудтың танымал жұлдызы, «Терминатор-3» фильмі арқылы танылған актриса Кристанна Локен. Сонымен қатар, фильмде Голливудтың тағы да бір жұлдызы Арманд Ассанте («Одиссей», «Гангстер», «Короли мамбо») және отандық актриса Әсел Сағатова («Махаббат тәлкегі») ойнайды. Фантастикалық экшн жанрындағы «Елес қуған сайыпқырандар» фильмінің сюжеті қызықты, түсіру сапасы жоғары деуге болады. Фильмнің басым бөлігі арнайы эффектінің еншісіне тиесілі болса да, фильмге үлкен еңбек пен маңдай тер сіңгені анық көрінеді. Айнұр ИСАЕВА