ЕСІМОВ НАЗАРБАЕВТЫҢ САЯСАТЫНА ҚАРСЫ МА?
ЕСІМОВ НАЗАРБАЕВТЫҢ САЯСАТЫНА ҚАРСЫ МА?
Қазақ қоғамын біртұтастыққа, ұлттық құндылықтарға үндеген Елбасының сарабдал саясатына қарсы келді Есімов. Президенттің «2025 жылға қарай ҚР халқының 95 пайызы қазақша білуі тиіс» деген пәрменін де пысқырмайтын сияқты. «Қазақ сайттарын оқымаймын» деп кергуін басқаша жори алмадық. Ең өкініштісі, Тәуелсіздік алғалы 23 жыл өтсе де әлі күнге Кремльге қарап ұлитындардың алдында жер қылды…
Ауылдағылар жақсы білетін анекдот бар: әскерге кеткен ауылдың жігіті Отан алдындағы борышын өтеп, елге қайтыпты. Әке-шешесі ұлан-асыр той жасап, қуанып жатса керек. Бұрын ауылдан шықпаған жігіттің өзіне деген ықыластан әрі бақыттан басы айналған ба, дастарқандағы бауырсақты көрсетіп: «а что такое сары домалақ?» деп сұраса керек… Алматының әкімі Есімов те сол «сары домалақтың» керін келтіріпті. Анығы, блоггерлермен кездескен түскі аста «қазақ тіліндегі ресурстарды (сайттар, блогтар) оқымаймын» деп Айды аспанға бір-ақ шығарыпты. Кешелі бері әлеуметтік желілерде қазақ ағайынның қытығына тиіп, қызу тақырып тудырған да осы тақырып.
Басынан бастайық. Жуырда Варламов деген бір мәскеулік жүгірмекті Қазақстанда ұйымдастырылған бір шараға келгенде Алматы ұнамай, өз блогында Алматыны жамандапты. Ұйымдастырушылардың пасық пиғылды ресейліктерді неге шақыратыны түсініксіз. Ең «қызығы», шара өткізген Самсон Безмятежный деген біреу әлгі Варламовты жақтай сөйлепті Интернетте. Сірә, шамына тиіп кеткендер арасында Есімов те болса керек, жалма-жан мегаполистегі ең қымбат мейрамханалардың біріне алматылық блоггерлерді жинап алыпты. Келгендердің түгелге жуығы – орысша жазатындар. Сорақысы сол, бір блоггердің: «Бір сөзіңізде www.tengrinews.kz пен www.zakon.kz сайттарын оқитыныңызды айттыңыз. Оқырмандарым қазақша қандай ресурстарды оқитыныңызды сұрап жатыр», – дегенде Есімов мүдірместен: «Қазақ тілінде ме? Егер шынымды айтсам, оқымаймын. Қазір қазақ тілінде қандай ресурстар бар?» деп сұрапты жанындағылардан. Әрдайым Есімовтің жанынан табылуға құмар Сергей Куянов та қамшы салдырмапты: «www.аbai.kz, www.ult.kz, www.el.kz – ең танымал сайттар деген. Бірақ технологиялық тұрғыдан алғанда, www.tengrinews.kz пен www.zakon.kz сияқты аса танымал емес», – деп сәуегейсіген. Сергей Куяновтың Алматы қаласы әкімінің баспасөз-хатшысы қызметін атқарып тұрғанда “Алматы” телеарнасындағы қазақтілді журналистердің шығармашылық еркіндігіне қол сұғып, олардың жұмысына әлсін-әлсін кедергі келтіре бергендіктен, Серік Әбікен бастаған шығармашылық топ, оған қарсылық ретінде жұмыстан кеткен еді. Бүгінде сол Куянов “Алматы” телеарнасын басқарады.
Өз басым білдей бір әкімнің, қазақ азаматының, Қазақстандағы ең ірі мегаполисті басқарып отырған шенеуніктің соншалықты саяздығына таң қалдым! Қазақша оқымаған күннің өзінде Қазақстанның мемлекеттік тіліне шекесінен қарағанына, ата-бабасының, әке-шешесінің Ана тілін өзгелердің алдында сонша қорлағанын қалай түсінуге болады? Әрі кез келген жиындарда орысша және ағылшынша сөйлеуге тырысатын Есімовтің ағылшыншасы тұрмақ, орысшасы түзу емес қой! Тілін бұрап тұрып сөйлейтін акцентінің өзі анау-мынауыңды талдырып түсіреді. Ал мемлекеттік идеология тұрғысынан алсақ, Есімовтің «қазақша оқымаймын» деп кергуі – мәңгілік ел, біртұтас ұлт идеясына ұмтылған Елбасының саясатына қарсы әрекет. ҚР Президенті Н.Назарбаев былтырғы халыққа Жолдауында: «2025 жылға қарай Қазақстан халқының 95 пайызы қазақша үйреніп, қазақша сөйлеуі тиіс» деген пәрменін менсінбеді ме, Есімов? Өзі басшылық ететін Алматыда әлі күнге Қазақстанның мемлекеттік тілін білмейтін, білгісі келмей кергитін кейбіреу бар. Соларға үлгі көрсетудің орнына, Ана тілін елдің бірлігін ойлаған, бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында тер төккен Елбасының сарабдал саясатына қарсы ма сонда Есімов?! Күні кеше ғана «Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел! Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алдым», – ағынан жарылған Елбасы Қазақстандағы бүкіл ұлт пен ұлысты Қазақ елінің ұлттық идеясы төңірегіне топтастырғысы келетінін ашық айтты. Яғни, Қазақ ұлтынсыз Қазақстанның болмайтынын ескерсек, Қазақстандағы барлық отандас мемлекеттік тілді меңгеруге мүдделі болуы тиіс. Бірақ қазақ шенеуінктерінің өзі Есімов сияқты «қазақша оқымаймын» деп кергіп жатса, Тәуелсіздік алғалы 23 жыл өтсе де, әлі күнге Кремльге қарап ұлитын өзгелерге, анығы, Қазақтың күшейгенін қаламайтын мысық пиғылдыларға өкпелеу – қисынсыз.
Мемлекеттік тілге немқұрайды қараған мемлекеттік шенеунікке ҚР Мемлекеттік істері туралы агенттік төрағасы Әлихан Байменов тарапынан да ескерту жасалуы тиіс, меніңше. Өйткені Есімовтің қазақ тіліне қатысты айтқанын мемлекеттік тілдің мәртебесіне күмән келтіруге тыраштанатындар іліп әкетіп, әрі Есімовтің қазақша оқуға тырыспауы және оны көпшіліктің алдында мақтанышпен мәлімдеуі – Елбасының идеясы мен идеологиясын насихаттауға кедергі келтіретін жайт. Ал ұлттық құндылықтар, ұлттық идеология, мемлекеттік тұтастыққа қатысты түйткілдердің көбінесе орыстілді емес, қазақ тіліндегі БАҚ-та жарияланатыны – өз алдына бөлек әңгіме.
Нәзия Жоямергенқызы