АТЫ ЖАМАН АУРУДАН САҚТАНЫҢЫЗ

АТЫ ЖАМАН АУРУДАН САҚТАНЫҢЫЗ

АТЫ ЖАМАН АУРУДАН  САҚТАНЫҢЫЗ
ашық дереккөзі

АТЫ ЖАМАН АУРУДАН  САҚТАНЫҢЫЗ

  4
ақпан – Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні

Денсаулығына немқұрайды қараған 17 мың
отандас жыл сайын қатерлі ісіктен көз жұматын көрінеді. Дұрыс тамақтанбау,
экологиялық проблемалар, жүйкенің тозуы, бітпейтін стресс… Мұның бәрі – ракқа
апаратын төте жолдар. Тек уақытылы емделіп, алдын алғандар ғана атам қазақ «аты
жаман ауру» атап кеткен дерттен аман болмақ. 8 ақпан күні Алматы жұртшылығын
емханалар түгел тегін тексеруден өзкізбек. Қапы қалмаңыздар.

Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні жыл сайын 4
ақпанда аталады. Бұл күнді Қатерлі ісікке қарсы халықаралық одақ (UICC) белгілепті. Мақсаты – Жер
шары тұрғындарына рак туралы мағлұмат беру, оны уақытылы анықтап, емдеу және
алдын алу. Осы мақсатта, 4 ақпан күні онколог-дәрігерлер, Алматы қалалық
онкологиялық орталық пен «Ракқа қарсы бірге» қоғамдық қорының өкілдері арнайы
баспасөз мәслихатын өткізді. Шараның
басты мақсаты – БАҚ өкілдерінің көмегімен, адамдардың назарын қатерлі ісікпен күреске
аудару, оларды алдын ала тексерілуге деген құлшынысын ояту. Яғни, дерттің алғашқы
белгілерін күтіп жүргенше дәрігерге барып, рак қаупінен сақтанудың жолдарын қарастырған
абзал. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда 17 мыңға жуық адам асқындырып
алған аты жаман аурудан қайтыс болуда.

UICC – онкологиялық ауруларға қарсы
күресу мақсатында 1933 жылы құрылған әлемдегі ең ірі үкіметтік емес ұйым. Аталған
қордың Жер шарының 120 мемлекетінде 400-ден астам мекемесі бар. Оның Қазақстандағы
өкілі – Алматы қалалық онкологиялық орталық пен «Қатерлі ісікке қарсы бірге» қоғамдық
қоры. Сондай-ақ, Онкология мен радиология ҚазҒИИ.

Экологияның ластануы, жүйкенің шектен тыс жұқаруы,
бітпейтін проблемалар, ауыр қайғы, темекі тарту мен арақ ішу сияқты жаман әдеттерге
бой алдыру, денсаулықтың сыр беруі, уақтылы емделмеу… Мұның бәрі опық
жегізетін жайтқа, анығы, рак ауруына ұшыратуы мүмкін. Адамзаттың бақытына қарай,
заманауи медицина қатерлі ісікті емдеудің тиімді тәсілдерін ойлап тапты. Бұл Қазақстан
халқына да қатысты. Тек дәрігердің есігін дер кезінде қақсаңыз болды. Адамдардың
өз денсаулығына немқұрайды қарауы, бойдағы үрей мен қорқыныш, «ұзынқұлақтан»
естіген қисынсыз әңгімелер дертті асқындырып алуға әкеп соғады. Ол үшін жыл
сайын ракқа қарсы медициналық тексеруден өту шарт. Медицина өкілдерінің
айтуынша, егер дәрігерлік тексеруден уақытылы өткен жағдайда онкологиялық
аурулардың 100 пайызы дерттен құлан-таза айығып кетуге мүмкіндігі бар. Өкініштісі,
адамдар ауруы асқынып кеткеннен кейін ғана ақ халаттылардан көмек сұрайды.
Негізі қатерлі ісікке шалдыққандардың 30-40 пайызын емдеуге болады екен және
олардың үштен бірі алдын ала тексерудің нәтижесінде, яғни, дерттің ерте кезеңінде
емдеу нәтижелі.

Ресми деректерге сүйенсек, Алматы қаласы қатерлі ісікті
алғашқы кезеңде анықтауда Қазақстан бойынша алдыңғы қатарда тұр. Оның басты
себебі, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы рак туралы барынша кең мағлұмат
беріп, халықтың сауатын ашу оң ықпал еткен көрінеді. Бұл әлбетте, ауру асқынбай
тұрып, уақытылы емдеуге сеп. Алматы қалалық онкологиялық орталықтың директоры
Диляра Қайдарова: «Рактың ерте кезеңінде анықтауда бүкіл Қазақстан бойынша
Алматы алдыңғы орынға шықты. Меніңше, бұл тұрғыда БАҚ-тың ықпалы зор болды.
Баспасөзде жарияланған мақалалар мен ақпараттық жарияланымдардың арқасында
адамдар алдын ала тексерілуде көптеп келе бастады. Біз БАҚ өкілдерінің арқасында
алдағы уақытта тексерілуге келетіндер саны арта түседі деген үміттеміз. Оның үстіне,
биыл Қазақстанда бауыр, асқазан мен өңеш, қуық қатерлі ісігін анықтау үшін қосымша
3 скрининг енгізді», – деді.

Бүгінде бүкіл әлемді алаңдатқан рак дертіне ұшырағандар
Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар мен Қостанай
облыстарында көп екен. Қатерлі ісіктен көз жұмғандар әсіресе, Қарағанды мен
Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жиі
кездеседі. Ммандар қауымы мұның себебін аталған аймақтардағы экологиялық
ахуалдың нашарлығынан көреді. Соған қарамастан, рактан қаза тапқандар саны жыл
сайын төмендеп келе жатқан көрінеді. Егер ауруға шалдыққандар дер кезінде ем қабылдаса,
дертпен күрес және оны жеңу дәрігерлер мен дертті жанға әлдеқайда оңайға түспек.
Өкініштісі сол, рак туралы түрлі алып-қашпа әңгімелердің кесірінен адамдар
ауруын асқындырып алады. Олар дәрігердің көмегіне жүгінуге құлықсыз немесе қолдарын
кеш сермейді. Мұның соңы қайғылы жайтқа әкеп соғатыны анық. Ұйымдастырушылар қауымы
2014 жылдың 8 ақпанында Алматы қаласындағы барлық емханаларда ракқа қарсы күрес
күніне орай, дәрігерлер қауымы арнайы медициналық тексеруден өткізеді. Бұл күні
қала тұрғындары тегін тексерілуге қақылы. 

Сол күні кешкі сағат 6-да
«Есентай Молл» сауда орталығында суретші Серік Бөксековтің галереясында Дүниежүзілік
қатерлі ісікке қарсы күрес күні шеңберінде ақпараттық-танымдық шара ұйымдастырылмақ.
Шара барысында сауда орталығына келушілерге рак туралы мәліметтер ұсынып,
дерттің алдын алу шараларына қатысты ақпараттар беріледі. «Қатерлі ісікке қарсы
бірге» қорының ерікті мүшелерімен қосылып, ракқа қарсы күрес туралы арнайы
буклет-парақшалар таратылады. Серік Бөксековтің суреттері қойылған көрмеден түскен
қаражат Алматыдағы Балалар Хосписіне аударылмақ.  

  Нәзия Жоямергенқызы