Жаңалықтар

Алыпсатарлар аласталды

ашық дереккөзі

Алыпсатарлар аласталды

Коммуналдық қызмет түрлері жыл санап қымбаттайды. Халық айта-айта жауыр болса да арзандайтын түрі жоқ. Электр қуаты, газ, су мен жылуды қамтамасыз ететін мекемелер монополиялы холдингтерге айналғалы қашан. Елімізде нарықты бір өзіне бағындырған алпауыттар көп. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі монополистерді бақылауды күшейтпесе, ойына келген бағаны орнатып, халықтың қалтасын тал түсте қағатынды шығарған.

Таяуда Табиғи монополияларды реттеу агенттігі холдингтерге тұсау салып, бақылауды өздері күшейте алатынын мәлімдеді. Мәселен, өткен жылы тұтынушылар құқының тапталуына жол бермеу мақсатында мыңнан астам нұсқау беріліпті. Десе де, біздің мегаполисте ресми түрде 1 жарым миллион тұрғын бар екенін ескерсек, мың олқылықты оңалту түк емес. Бірақ тұтынушыларға 2,8 миллиард теңге залалдың өтемақысы ретінде төленген. Ал әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 3,3 миллиард теңгеге жетті.90-жылдардан бері комму­нал­дық желілерді жаңғырту бас­талған еді. Әлі жаңарған жоқ. Ескі құбырлар мен шаруашылық заттары сол қалпында. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы жаң­ғырту бағдарламасын дайындаған екен. Егер осы кешенді жос­пар іске асса, 2020 жылға дейін тозған желі 15 пайызға, ал жалпы шығын 4 пайызға азаймақ. Ал энергия көздерін тұтыну 30 пайызға төмендейтін болады. Дегенмен жыл сайын жырланатын бұл мәселеге тұрғындар аса мән бермейтін дәрежеге жеткен. Электр қуатының делдалдың табысына айналып, қарапайым тұрғындарды тұқыртуы қын­жыл­тады, әрине. Былтыр елімізде электр қуатын 51 пайызға қымбаттатып отырған 5 делдал компания анықталған болатын. Өзара келіскен бұл алыпсатарлар бағаны бір деңгейде ұстап тұрған. Мәселен ресейлік “Интер РАО ЕЭС” компания­сы Қазақстанға жеткізілетін электр қуатының 3 пайызын тасымалдайды. Осы электр қуатын алыпсатарлар өз мүддесіне пайдаланған. Таяу­да Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов: «Электр қуаты нарығындағы алыпсатарлар толығымен аластатылды. Оларға электр қуаты жөніндегі заңды бұзғаны үшін 2,2 миллиард теңге айыппұл салынды», – деді. Бүгінде электр нарығындағы делдалдардың жұмысы жойылды деп сендіруде. Кезінде электр қуатын өзі сатуға ниет білдірген ұйымдардың барлығына Энергетика және минералды ресурстар министрлігі лицензия берген. Олардың ұзын саны 600-ден асады. Жаңа өзгертулер мен толықтырулар бұл санды азайтуы мүмкін, бірақ толығымен жоя алмайды. Десе де, соңғы екі жылда дұрыс есептемеудің салдарынан халық қалтасынан қағылған 498 миллион теңге кері қайтарылды. Кімге, қалай қайтарылды, ол жағы белгісіз… Белгілісі, енді тұтынушы калькуляторы төлемнің артық-кемін есептеп бермек. «Агенттік қызметінің басты мақсаты – тұтынушылардың мүддесін қорғау. Сондықтан біз агенттіктің ресми сайтына «тұтынушы калькуляторын» орнаттық. Бұл жерде кез келген жан коммуналдық қызмет үшін төлеген төлемінің дұрыс-бұрыстығын санаулы минутта тексере алады», – деді агенттік төрағасы. КЕГОК компаниясының құрамына барлық аймақтық желілер кіреді. Ал аймақтық және жергілікті электр желілері жекеменшіктің қолында. Бұл шараның екі қыры бар. Бірі – жекеменшіктің өз бағасын орнатуы болса, екіншісі – бәсекелестік қалыптастыру. Алайда бәсекелестер қызмет сапасын жетілдіргеннен, өзара ақылдасқанды жөн көреді. Тарифтің қымбаттауының бір ұшы осында. «Еуропалық стандарттарға жақындап келеміз. Әкімшілік кедергілерді азайту, жұмыс тиімділігін арттыруға байланысты шешілмеген мәселе әлі көп. Десе де прогресс бар. 2008 жылы электр қуатын сатуға 79 арыз түсті, біз оның 20-сына ғана рұқсат қағазын бердік. Осылайша нарықтағы тиімсіз субъектілерді кемітудеміз», – дейді агенттік сарапшылары. 2013 жылдың аяғында 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап Алматы мен Алматы облысында электр энергиясы 6,8 пайызға қымбаттайды деп мәлімдеді «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Шекті тарифтерді бекіту туралы» №392 қаулысына сәйкес қуат өндіруші компаниялар 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр энергиясының босату бағасы орташа 5 пайызға өседі. Сонымен қатар электр энергиясын тарату және бөлу қызметінің құны орташа алғанда 6 пайызға қымбаттады. Олай болса қай арзандауды айтып отырмыз?