БЕЙБІТ ЕЛГЕ СОР БОЛҒАН

БЕЙБІТ ЕЛГЕ СОР БОЛҒАН

БЕЙБІТ ЕЛГЕ СОР БОЛҒАН
ашық дереккөзі

Қазақ даласына сор болған сынақ алаңдары жабылмайынша, жарымжан ұрпақтың саны кемімейді. Төбесінен улы гептил төгіліп, жерінде зымырандар жарылған Қазақ жерінің «қызығын» кезінде КСРО көрсе, бүгінде Ресей жалғастыруда. Киелі далаға сор болған да осы…  

«Шайтаннан» бас  тартпай отыр

Ресей сынақ алаңы ретінде жалға алып отырған жердің аумағын азайтатын болды. Елге сүйінші хабарды жеткізген ҚР Аймақтық даму министрі Болат Жәмішев бұл мәселенің үкіметаралық комиссия өткізген соңғы отырыста талқыға салынғанын айтыпты. Енді ресейліктер жағы құжатқа қол қоюы тиіс. Жәмішевтің орынбасары Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Ресей жалға алып отырған полигондар толығымен пайдаға жаратылып жатқан жоқ көрінеді. «Сондықтан біз Ресей жаққа шықтық та, сынақ алаңдарының көлемін азайтайық деген ұсыныс тастадық. Сіздер (Ресей – Н.Ж.) өздеріңізге керекті жерді қалдырыңыздар, ал қалған бөлігін айналымға қайта енгізіп, ауыл шаруашылығы саласына қолдану үшін жергілікті атқарушы органдардың құзырына берейік». Өскенбаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстан тарапынан айтылған ұсынысты қолдауға ресейліктер қарсы емес көрінеді. Әзірге қай облыс, қай аймақтағы жер туралы нақты ақпарат жоқ, есесіне, жалға алу құны төмендейтіні анық. Тарихқа жүгінсек, 1950 жылдары ҚазКСР-інің аумағына КСРО қарулы күштерінің өте көп көлемдегі әскери нысандары мен сынақ алаңдары орналастырылған болатын. Ол жерлерге ұшырылған зымырандардың әскери бөліктері түсетін, зымырандық кешендер сыналатын, әуе қорғанысы мен басқа да қарулы күштерге қатысты зерттеулер жүргізілетін. КСРО ыдырағаннан кейін полигондардағы сынақ жұмыстары бұрынғыға қарағанда, 5-10 пайызға дейін қысқарыпты. Қазір екіжақты келісімдерге сәйкес, Ресей Қазақстандағы 11 млн. гектар жерді сынақ алаңы ретінде жалға алып отыр. Ресейлік тараптың айтуынша, «Роскосмос» қазір ғарышқа қатысты маңызды жобаларда америкалық ғалымдар «Шайтан» атап кеткен «Протонның» орнына «Союзды» құп көреді екен. Бірақ ауыр жүктерді тозығы жеткен, пайдалану мерзімі аяқталған «Шайтанмен», яғни, «Протонмен» ұшыруды әдетке айналдырған. Қолда бар деректерге сүйенсек, 2013 жылдың 2 шілдесінде болған апат – Қазақстан жеріне «Протонның» 32-ші рет құлауы. Әрі 11 млн. гектарға тең Қазақ жерін сынақ алаңына айналдырғаны үшін ресейліктер елімізге небары 27 млн. доллар төлейді. Табиғатты, қоршаған ортаны, бабадан балаға мирас болған қасиетті топырақты тоздырған полигондардан түскен пайдаға күн көретіндей не басына күн туды Қазақтың?! 11 млн. гектар жерді қалай, қайтіп пайдаланып жатқанын да білмейміз, тек болмашы тиын-тебенге мәзбіз. Өйткені «Байқоңыр» ғарыш айлағынан бір рет ғарышкер ұшырудың құнын Ресей 150 млн. долларға бағалаған, ал 2050 жылға дейін Қазақстанға төлейтін жалға алу ақысы 115 млн. доллар. Оның өзін өтеуде жиі дау туындайды.


Ресей өтемақыны әлі төлемеді 


КСРО кезінде сынақ алаңы ретінде пайдаланылған 11 млн. гектар жердің қазір қандай күйде екені белгісіз. Сондықтан оны ауыл шаруашылығына пайдалануға бола ма, жоқ па деген мәселені зертханалық тексеру жұмыстарының қорытындысына қарай шешу керек. Өкініштісі сол, ұшы-қиырына көз жетпейтін ұлан-ғайыр жердің қадіріне жете алмай отырмыз. Мәселен, жалпы аумағы 82 мың шаршы шақырымға созылатын Сарышағанның жері Бельгия, Голландия, Люксембургті тұтастай алғандағы аумағына тең. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облыстарының бірнеше ауданына қарасты «Капустин Яр» полигонының да жағдайы тым мүшкіл. Атырау облысындағы Сарыөзек, Ембі, Тайсойған, Азғырдағы сынақ алаңдарының ахуалына алаңдаған кім бар? Кеңестік кезеңде ядролық қару Семейде ғана емес, Атыраудың Азғыры мен Тайсойғанында да сыналғанын көпшілік біле ме? Аталған аймақтардағы адамдардың, қоршаған орта мен малдың ауруға ұшырағанын, жарымжан ұрпақтың дүниеге көптеп келіп жатқаны алаңдата ма Қазақ қоғамын? Төбелеріне қайта-қайта «Протон» құлай беретін Қызылорда облысының халқы у жұтып отырғанына қайғырған кім бар? Елдің ертеңі жарқын болсын десек, жан мен тән тазалығын қамтамасыз ету керек емес пе еді? Қазақ билігінің не ойлағаны бар? Әлде сол баяғы «сен тимесең, мен тимен бадырақ көздікке» салынып, үнсіз отыра бере ме?! 
2009 жылы Қазақстан тарапынан үміткер – Мұхтар Аймаханов ғарышқа ұшуға қызу дайындалған болатын. Бірақ сол жылы қазақстандық ғарыштық бағдарламаға арналған жоба тоқтатылды. 2012 жылы Аймаханов РФ азаматтығын алды. Арада біраз уақыт өткенде, анығы, «Протонның» дауы басылмай жатып, РФ вице-премьері Дмитрий Рогозин Мұхтар Аймахановтың ресейлік ғарышкерлер тізіміне енгізілгенін және ғарышқа ұшу мүмкіндігі қарастырылатынын айтқан. Осы мәлімдемеден кейін кейбір БАҚ өкілдері, әлеуметтік желілерді пайдаланушылар «Протон» құлағаны үшін төленетін өтемақының орнына Ресей қазақ ғарышкерін ұшыруды ұйғарды» деп наразы болған еді. Алайда, жуырда ресми мәлімдеме жасаған ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров жақын күндері Ресей өкілдері елімізге келіп, құлаған «Протон» үшін төленетін өтемақы (90 млн. доллар) мәселесі талқыланатынын жеткізді: «Біз әлі күнге Ресей Федерациясының әрекетін күтіп отырмыз. Нақты айтқанда, «Роскосмостың». Олармен байланыс үзілмеген. Олар жақын күндері бізге жауап беретінін айтты». Егер Ресей жағы «Протонға» қатысты өтемақыны төлеуден бас тартса, осы жайтқа орай құрылған «Антигептил» қоғамдық қозғалысының мүшелері Ресейді сотқа беруге бекініп отыр. Былтыр «Протон» құлаған бетте бір топ қоғам белсендісі Алматыдағы РФ консулдығының ғимаратына барып, наразылық хатын тапсырғаны белгілі. Хатта ресейлік сынақ алаңдарының халыққа, өскелең ұрпаққа тигізетін зия­ны айтылып, жарымжан балалардың суреттері қоса тапсырылған. Бірақ Қазақстан азаматтарының бұл наразылығына Ресей дипломаттары ресми түрде жауап берген жоқ. Арада сәл уақыт өткенде бір топ белсенді араша тілеп, Алматыдағы БҰҰ ғимаратына барды. Ол жақтан да жеткен хабар болмады: ләм-мим үнсіздік. Есесіне, сол наразылық шарасына қатысқан азаматтардың бірқатары сотқа тартылып, 15 орташа жалақы көлемінде (83 мың теңге) айыппұл төледі. Наразылық шараларын топпен емес, жеке-дара өткізуге кіріскен «Антигептил» қозғалысының мүшелеріне бүгінде қарапайым азаматтар қосылған. Әзір Астана мен Алматы қалаларында ұйымдастырған мұндай шараға, яғни, жеке тұлғаның наразылығын білдіруіне ҚР Конституциясында тыйым салынбаған. Бір қызығы, Елордада наразы болған азаматтарына тәртіп сақшылары тыйым салуда. Атазаңдағы құқықтан хабары бар ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель жеке-дара наразылық шарасын ұйымдастырғандардың жазаға тартылмайтынын білсе де, гептилге қарсы шыққан азаматтардың не себепті прокуратура тарапынан қуғынға ұшырап жатқанын түсіндіріп бере алмады. Түсініксіз жайт, зымыранның қалдықтары төгілетін, әскери техника сыналатын ресейлік полигондар мен топыраққа сіңген гептил тек сол «Антигептил» қоғамдық қозғалысы мен олардың қолдаған азаматтарға ғана зиян келтіретін сияқты енжарлығымыз. Әйтпесе, сол улы зат төгілген жерде өскен өнімді басқа азаматтар пайдаланбайды ма? Ауаға тараған гептил өзгенің денсаулығына зиян келтірмей ме? Тіпті, шенеуніктер де өз денсаулығына келетін зиянды ойламағаны ма? Балаларының, туған-туыстарының өміріне балта шабылатынын сарапқа салмай ма? Егер қатерлі болмаса, Циалковский атындағы Ресей ғарыш академиясының сарапшысы Юрий Караш: «Протонның» құлауын жалғызауыз сөзбен суреттесек, өте қорқынышты. Жүздеген тонна гептилдің Қазақстан аумағына құлауын осы елге жасалған химиялық шабуыл ретінде қарастыруға болады. Улы бұлтты Байқоңыр шеңберінен шықпайды деп үміттенейік. Бірақ бұлтты шекара сызығымен шектеудің әсте мүмкін еместігі белгілі», – демес еді.


«Полигондар аумағында ауру өршіді»


Өкініштісі сол, соңғы кездері ресейлік сынақ алаңдарынан келетін зиянды теріске шығаруға тырысатындар да пайда болды. Сан ұрпақты жарымжан еткен полигонның зардабы болмаса, бүкіл әлем бас тартпас еді. Әрі осындай қисынсыз пікірлерге қарсы уәж айтқан батысқазақстандық азамат Нұрлан Сәдір арнайы зерттеу жасай келе: «Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2007 жылғы 12 желтоқсандағы № 4-15 шешімімен бекітілген Батыс Қазақстан облысының «Капустин Яр» және «Азғыр» әскери-сынақ полигондары әсерінен зардап шеккен, полигондармен шектесетін аумақтарда тұратын мүгедектерді оңалту және оларға әлеуметтік көмек көрсету туралы 2008-2010 жылдарға арналған» аймақтық бағдарлама бар. Бағдарламаның мәтінінде «Капустин Яр» және «Азғыр» әскери-сынақ полигондары әсерінен зардап шеккен» деген сөздер бар. Жаңақала ауданының орталығындағы ауданаралық үлкен емхана да полигоннан жапа шеккендерге ем-дом көрсету үшін салынды», – деген қорытындыға келіпті. Нұрлан Сәдірдің айтуынша, БҰҰ өкілдерінің 1996-1997 жж. аралығында жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде, сынақ алаңдары орналасқан Батыс Қазақстан облысында ауру түрі көбейіп, сан алуан дертке шалдыққандар саны күрт артқан. Әлбетте, бұл полигондары бар барлық аймаққа тән құбылыс. Яғни, адамдар ауруға ұшыраған. Соңғы кездері қазақтар «аты жаман ауру» атап кеткен қатерлі ісік те күрт өршіпті. Демек, мемлекет Қазақстандағы сынақ алаңдарын түгел жауып, азаматтардың денсаулығына баса назар аударатын бағдарламаларды жүзеге асыру керек.
Бір кездері «Протон» – әрине, өте жақсы зымыран, өзінің сыныбы бо­йынша әлемдегі ең мықты зымыран. Алайда, өте лас, құрамында өте зиянды гептил және амил қоспалары бар», – деп ашығын айтқан Талғат Мұсабаев көп ұзамай пікірін күрт өзгертті. Алдымен «Байқоңыр» ғарыш айлағына «Протонның» құлауы, гептилдің төгілуі Ресейдің ішкі шаруасы екенін айтты. Сосын өзін жекпе-жекке шақырған «Антигептил» қоғамдық қозғалысының мүшелерін сынады. Сынағанымен қоймай, оларды ауру адамға теңгерді. Жұртшылық күні кеше ғана «Байқоңырдан» ресейліктерді түре қууға құлшынған Мұсабаевтың аяқ астынан неге күрт өзгергенін, анығы, Кремльдің сойылын неге соққанын түсіне алмай таң. 
Ресей «Протон» зымыран тасығышынан әсте бас тартпайды. Қазақ қоғамындағы наразылыққа қарамастан, 2014 жылы «Протон» көкке 7 ғарыш кемесін (оның ішінде «ҚазСат-3» те бар), кем дегенде 6 шетелдік телекоммуникациялық нысанды жеткізбек. Зымырандарға келсек, 8 «Союз» бен бірнеше «Зенит» ұшыруды көздеп отыр. Ал былтыр ұшырылмай қалған «Стрела» биыл ақпанға жоспарланған. 2013 жылдың қаңтарында Қазақстан Үкіметі Ресейдің коммерциялық мақсатта ұшырылатын зымырандар санын шектейтінін, осы себепті, 17 зымыранның 12-сіне ғана рұқсат берілгенін мәлімдеген. Бастапқыда қарқыны қатты болған, яғни, Ресейге «Протонды» ұшыруға тыйым салуға құлшынған Қазақстан Үкіметінің қарқыны көп ұзамай басылып қалды. Өйткені «Протонның» 2025 жылға дейін үздіксіз ұшырыла беретінін Ресей үкіметі ашық айтты.