БАРШАНЫ ҚЫЗЫҚТЫРҒАН ҚАЗАҚ ЖЕРІ
БАРШАНЫ ҚЫЗЫҚТЫРҒАН ҚАЗАҚ ЖЕРІ
Түріктерден үлгі алған қазақ мамандар енді отандық демалыс және медициналық туризмді дамытуға ден қоймақ. Бұл мемлекеттік және жергілікті бюджеттің кірісін арттыруға сеп. Жер шарының 70 мемлекетінен жиналған 4,5 мың туристік компания өкілдері Стамбұлда бас қосты. EMITT ISTANBUL-2014 (Eastern Mediterranean International Travel & Tourism Exhibition) халықаралық көрмесінде Қазақстан тарапынан барған делегация құрамындағы Алматы мен Астана, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Атырау, Маңғыстау облыстарының мамандары «Сарыағаш», «Бурабай», «Жетісу», «Алакөл» демалыс орындарының кереметтерін насихаттады. Қазақстан делегациясы Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан салқар даланың көркем келбетін көрмеге келушілерге әдемі суреттермен жеткізе білген.Қазақы киізүй түрінде жасалған көрме тақтасы Қазақ даласына тән сұлулықты көруге асыққандар санын арттыра түскені анық. «Меніңше, бұл көрме екі ел үшін де тиімді. Түркияға Қазақстаннан келетін туристер саны жылдан жылға 25-30 пайызға көбейіп келеді. Енді Түркияның 77 миллион халқын Қазақстанға қалай тартудың жолдарын қарастыру қажет», – деген Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаевтың сөзін Стамбұл мэрі Қадыр Топбаш іліп әкетті: «EMITT-2014» көрмесіне Қазақстанның да қатысып жатқанына қуаныштымын. Сіздермен ынтымақтастық біз үшін өте маңызды. Көрме екі мемлекеттің де туризм саласын дамытуға ықпал ететініне сенімдімін», – деді. Түріктердің сөзіне сенсек, былтыр Түркияға 30 миллион турист келіпті. Маңыздысы, осы көрсеткіш жылдан жылға өсуде. Демек, туризм саласына жауапты мамандар, құзырлы орган өкілдері түріктерден көп нәрсені үйренуіне болады. Аталған шараға қатысушылардың әлемнің түкпір-түкпіріндегі 70 елден келгені тағы бар. Бұл туризм саласын дамыту арқылы, бюджетке мол кіріс кіргізіп отырған елдерден үлгі алуға сеп. Мәселен, Каспий жағалауына салынған инвестицияның бір бөлігі Кендірлідегі демалыс орындарын салуға бөлінген. Қазақстан тарапынан дайындалған қолөнер бұйымдары, «EXPO-2014» халықаралық көрмесі туралы ақпараттар, т.б. көрмеге келушілердің назарынан тыс қалмады. Іскерлік серіктестік тұрғысынан алсақ, Түркия Аспаздар федерациясының президенті Ялчын Манав Қазақстанның аспаздарымен біріге отырып, маман дайындауға көмектесетін болды. Ал медицина саласының қызметкерлері түрік әріптестерімен тәжірибе алмасуды қолға алмақ. Осының арқасында арзан да сапалы медициналық туризмді дамыту қолға алынбақ. Бүгінде түріктер еліндегі төрт теңіздің шипасынан ем іздегендер де көп. Былтыр 600 мың шетелдік азамат медициналық аппараттары қазіргі заманға сай әрі бағасы Еуропа елдеріне қарағанда әлдеқайда арзан Түркияға сыр берген денсаулықтарын жөндеуге келіпті. Дәл осы үлгіні енді Қазақстан дәрігерлері де қолданғалы отыр. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм индустриясы комитетінің бастығы Ренатолла Еділдің айтуынша, осы мәселеге орай да екіжақты жұмыстар жүргізілмек: «Түркияда денсаулық сақтау мен медициналық сақтандыру жүйесі өте жақсы дамыған. Біз бірнеше түркиялық ірі компаниямен келісімшартқа қол қойдық. Болашақта олар біздің министрліктердің кеңейтілген отырыстарына қатысып, медициналық туризмді дамытуға көмектеседі».Сонымен, 150 мың адам келген «EMITT-2014» Халықаралық көрмесінде Қазақстанның жарнамалық үлгісі «Ең бірегей үлгі» деген марапатқа ие болды.