Доллар ұшты, теңге құнсызданды...
Доллар ұшты, теңге құнсызданды...
Теңгенің құнсыздануына орай, фейсбук әлеуметтік желісінде түрлі пікірлер өрбуде. Солардың бірнешеуін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Ербол Азанбек:
Девальвацияға өкінбегендер: Бомждар, мүлдем ақшасы жоқтар, депозитке ақша жинамайтындар, жалақысы аздар, депозитін үш валютада сақтап келгендер. Осында отыратынның көпшілігі соңғысының қатарында шығар. Аз-маз кеңес: Сарапшылар әрқашан депозиттегі қаражатты үш валютада: теңге, доллар, еуромен теңдей бөліп сақтау туралы айтып келеді. Бүгін теңгемен сақтағандар салымының біразын жоғалтты. Үш валютада сақтағандардың кішкене мұңы аздау. Өйткені доллармен сақтаған салымы теңгемен сақтаған салымының орнын жапты. Салымдарыңызды үшке бөліп сақтауды ұмытпаңыздар.
Әрине, салдарына бәріміз өкініп отырмыз.
Байлар байыған үстіне байиды, кедейлер кедейленген үстіне кедейленеді. Доллардың өскенінің бар “пайдасы” – осы… Қиындықты көретін – сол баяғы қараша, миллионмен, миллиардпен санасатын қалталылардың қылшығы да қисаймайды.
Жаркын ТусупбекулыТүркілер заманында дүниеге келіп, біраз жылдар із-түссіз жоғалып кетіп, 1993 жылы өз елін тауып алған ТЕҢГЕ бірнеше ғасырлардан кейін туған жерінде әл үстінде жатыр…
Нұраддин Садықов:
Әрі-бері шапқылап, бүгіндікке интернет қарауға мүмкіндік болмап еді, сөйтсек, бүгінгі күннің тақырыбы – теңгенің девальвациясы болып жатыр екен. 1 АҚШ долларының құны 155,5 теңге болып тұрған жерінен 185 теңгеге (20%) бір-ақ секірді. Мұндай өзгеріс – әрине сырттан тауар импорттап отырған кәсіпорындар үшін қолайсыз. Дегенмен, негізгі өндірісі экспортқа тәуелді кәсіпорындардың екінші тынысын ашатыны сөзсіз. Мұнай, металл, астық экспорттау саласы экономикасының негізгі бөлігін құрайтын біздің ел үшін, доллардың өсуі – қайта тиімді. Себебі, өнімді қымбатқа сату мүмкіндігі артады. Отандық тауар өндірушілер үшін де бұл бәсекелестігін арттырып алатын қолайлы тұс. Себебі, сырттан келетін бәсекелес компаниялардың тауарлары 20 пайызға қымбаттаған тұста, монополист болып алуға мүмкіндігі бар. (Тек, арзан спекуляцияға бой алдырып алмаса болғаны). Тағы бір ескерер мәселе, кейбір трансұлттық компаниялармен негізгі келісім-шарттар жергілікті валютамен, немесе шартты бірлікпен (у.е.) жасалады. Мұндай жағдайда аталған келісім-шарттарға жевальвацияның қатысы болмай қалады. Ел аузында жүрген екінші қауесет – доллардың өсімімен қатар, бензин де 170 теңгеге өседі деген әңгіме. Меніңше, бізде өндірілетін өнім болғандықтан, девальвация салқыны жанар-жағар бай бағасына әсер етпеуі қажет деп ойлаймын. Бұл пікір бізден өндіріліп, бізде шығарылатын тауарлардың барлығына да қатысты. Алда-жалда спекулянттардың белсенділігімен өсе қалған күннің өзінде, құзырлы орындардың көмегімен қайта қалпына келтірілуі қажет. Сондақтан, алдын-ала даурықпай, әліптің артын бағайық. P.S. Тіпті, бәрі мен болжағандай болмаған күннің өзінде, бағаның бәрі шарықтап, күнкөріс қиындап кеткен күннің өзінде, бұдан жақсылықтан күдер үзбейік! Себебі, ондай «қиындықтар» біздің еңбек өнімділігімізді тағы да 20 пайызға арттырып, бұрынғыдан да көбірек еңбек етуімізге ықпал етеді!