Жаңалықтар

Айырқалпақтыларды ағайын десек те...

ашық дереккөзі

Айырқалпақтыларды ағайын десек те...

Өткен тарих дөңгелегiн ешкiм керi қайтара алмайды және оған ешкімнің өктемдiгі жүрмейдi. Уақыт еншiсiнде қалған оқиғалардың шынайы болмысын басқа қалыпқа салып, жасанды пердемен тұмшалаудың қазiр уақыты өткен. Кешегi Кеңес кезiнде халқымыздың барлық тарихы бiржақты идеология бағытында жазылғаны соншалық, бағзы бабаларымыздың ерлiкке толы күрес шежiресi басқаша сипатталып, қазақ тек мал баққан, төңiрегiндегi жұрттардан ылғи жеңiлiс тапқан, өз күшiн сыртқы жауға емес, өзара кектескен қақтығыстарға жұмсаған, кейiн орыстың арқасында ғана көзi ашылып, ел қатарына қосылған деген сарындағы өлшемге сайды. Бiр өкiнiштiсi – өткен ғасырдың ортасында ғұмыр кешкен ұлттық интеллигенция осындай тұжырымды мойындауға мәжбүр болды… Осының кесiрiнен қазақ өз ұлтын жамандауға көштi. Бiрақ ылғи тепкi көрген, жеңiлiс тапқан, үнемi өз ішінен жауласқан «қорқақ қазақ», «іші тар қазақ» қалайша және қандай жолмен осыншама ұланғайыр далаға иелiк етiп қалды деген қисынға ден қоюға, оның себеп-салдарын талдауға кейбір ғалымдар болмаса, ұлы отарлық идеялармен санасы уланған басым көпшiлiк бас ауыртқылары да келмедi. Сол саясат ұлттар достығына зиян келтiредi деген жасанды желеумен ХVIII ғасырдың екінші жартысы мен ХIХ ғасырлардың бірінші жартысы аралығында жаға жыртысқан қазақ-қырғыз, сондай-ақ, оңтүстік қазақтарына басып кіріп, оларды 55 жыл бойы езгілеп билеген қоқан-сарт басқыншылығын айттырмай келген-дi. Дегенмен, бұл бiр себеп қана. Аталмыш жаулықтардың көпшiлiкке мәлiм болмай жүрген екiншi себебi – оңтүстiк қазақтарының өткен тарихының көп зерттелiнбеуi.

Қазақ тарихында «Әу баста қазақ-қырғыз бiр тудың астына бiрiгiп, Алаш ұранын көтерiп, қалмаққа қарсы бiрлесiп күрес жүргiзген. Одан қалса, «ауылы аралас, қойы қоралас» дегендей, төскейде малы, төсекте басы қосылып, жұбы жазылмас ағайынды жұрт қатарлы күн кешкен» деген дерек жиі келтіріледі. Бірақ мұндай тұжырым – ұзақ-сонар тарих көшінде бастары біресе қосылып, біресе қосылмай, кейде ортақ жауға бірге аттанған, ал кейде керісінше, өзара жау болып, үздіксіз шабысқан екі халықтың белгілі бір кезеңдерде мәжбүрлі-мәжбүрсіз түрде жасасқан қарым-қатынасының кейбір көріністерін сипаттау ғана. Десек те, қырғыз қазаққа тілімен де, тіршілік тынысымен де етене жақын болып келетін, ХVIII ғасырдың орта тұсына дейін Алаш баласымен тату-тәтті тұрған, арғы тегі тамырлас халық. Бұл екеуі де бір Түркінің тармағы. Ерте дәуірде екеуі де Алтай бойы мен Енисей (Енесай) төңірегін жайлаған. Замана екпінімен аталған өңірлерден ауған бұрынғы кейбір қазақ тайпалары сияқты қырғыздар да дәуіріміздің Х ғасырында түп мекендерінен көтеріле көшіп, Тәңіртаудың (Тянь-Шань) етегіндегі Ыстықкөл жағасы мен Шу өзенінің басына келіп орныққан. Бұлар Жетісудағы Үйсіндер тәрізді Х-ХІІ ғасырларда Қарахан қағанатына, одан соң Шыңғыс шапқыншылығына дейін Батыс Лиау патшалығына бағынды. Кейін Шағатай ұлысына қарады. 1348 жылы бұл өңірде Шағатай ұлысы ыдыраған кезде қазіргі Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Ферғана, Қашғар өңірлеріндегі ру-тайпалармен қоса, жаңадан пайда болған Моғолстан хандығының қол астына өтті. Алғашқыда ол хандыққа Шағатай ұрпақтары хан болғанымен, іс жүзінде бар билік Жетісу (сол кезде Маңғылай Сүбе аймағы аталған) дулаттарының қолында болады. Ханды өз дегеніне көндіріп, бар билікті қолына алған Камараддин Дулати 1371-72 жылдары Моғолстанға шабуыл жасаған Әмір Темірге қарсы лайықты әскер жасақтап, оған айтарлықтай тойтарыс береді. Тарихта қазақ пен қырғыз руларының бірлесіп жауға шабуы алғаш рет осы соғыста іске асқан. ХІV ғасырдың аяғында Камараддин қайтыс болған соң Моғолстан билігі қайтадан Шағатай әулеттерінің қолына көшеді де, осы аймақтағы барлық қазақ-қырғыз рулары оларға басыбайлы болады. 1508 жылы Жетісудағы қазақ, Тәңіртау етегіндегі қырғыз руларының басшылары бас көтеріп, Моғолстан билеушілерін Қашқария жаққа ысырып тастайды. Бұл – екі халықтың бірлесіп, ұйымдасқан түрде жауға шапқан екінші оқиғасы. Дәл осы жылы оң қанат және сол қанат (оңтүстік, солтүстік) боп бөлінетін барлық қырғыз тайпаларын біріктірген Тағай би (бірқилы тарихи деректерде оны Мұхамед қырғыз деп те атайды) өз елінің солтүстік тарапындағы Ыстықкөл маңын орталық етіп, халқын жеке хандыққа ұйыстырады. Ал Жетісу қазақтары Қасым хан билеген Қазақ Ордасының құрамына енеді. Жетісу мен қырғыз жерінен қуылған Моғолстан билеушілері арасынан Шағатай ұрпағы Сұлтан Саид хан көсем шығып, Тәңіртаудың арғы бетіндегі Қашқария жерінде жаңа Моғолстан мемлекетін құрады. Олар 1517 жылы қырғыз жеріне шабуылдап, зор жеңіске жетеді, Тағай биді тұтқынға алып кетеді. Қашқарияға келген соң жазадан қашып, қалайда еркіндікке шығуды ойлаған Тағай би «барлық қырғыздар бұдан былай Моғолстан хандығына тәуелді болады» деп Сұлтан Саидтың алдында уәде етеді. Оның жалған уәдесіне малданған моғолстандықтар 1518 жылы оған бостандық береді. Өз еліне аман-сау жеткен Тағай би қазақ ханы Қасымға жаушы шаптырып, Моғолстанға бірлесіп шабу туралы ұсыныс айтады. (Тағай тұтқыннан оралғанда оңтүстік қырғыздары, яғни осы күнгі Өзбекстан еліне таяу Нарын бойындағы, Алай тауларының солтүстік бетіндегі қырғыздар оған қосылмай қойған). Бұл кезде Қасым хан Қазақ Ордасының батыс шегін нығайту мақсатымен Жайық бойында жүргендіктен, Тағайдың ұсынысына бірден қолдау көрсете қоймапты. Бәлкім Қазақ Ордасының оңтүстік-шығыс шекарасын біржолата қауіпсіз етіп тастауды үнемі ойлаған, сол үшін де Жетісудың шығысында тұрған қатерлі жау – Моғолстанды бір тұқыртуды есінде ылғи ұстаған Қасым хан дәл сол мезетте Сұлтан Саид секілді күші мол, азулы ханмен болатын шайқасқа үлкен дайындық керектігін жоспарлап, оны кейінге ысырған да болар, кім білсін, әйтеуір бір анығы, Қасым өз ғұмырында Тағаймен қосылып, жорыққа аттанбаған. Есесіне, Қасым қайтыс болған 1520 жылы қазаққа хан атанған Момыш Тағаймен бірлесіп, Сұлтан Саидпен екі мәрте соғысқаны, осы шайқастың соңғысында Момыштың қазаға ұшырағаны хақында тарихи мәліметтер бар.

Момыштың орнын басқан Тайыр хан да Тағайға жәрдемдесіп, 1524-25 жылдары моғолдармен бірнеше рет ұрысқа түседі. Алайда бұл шайқастар итжығыспен өтеді. Өздеріне шын пейілмен көмек көрсеткен Тайырды Ыстықкөл маңындағы солтүстік қырғыздары да өз хандары деп мойындайды. (Осы тұста бір айта кететін жәйт, кейбір тарихшылар қазаққа Тайырдан кейін хан болған Тоғымды (билік құрған уақыты 1533-37 жылдар), Бұйдашты (1537-56), Хақназарды (1560-80), Шығайды (1580-82),Тәуекелді (1583-98), Есімді (1598-1643), Салқам Жәңгірді (1643-52), тіпті әз Тәукені де (1680-1715) қазақпен қатар қырғызға да хан болған деп көрсетеді. Мұндай тұжырым – шегіне жетіп зерттелінбеген шикі еңбектің жемісі сияқты. Өйткені аталған хандар өздерінің хандық дәуірлерінің белгілі бір кезеңдерінде болмаса, биліктерінің барлық уақытында екі халыққа бірдей тұрақты түрде хан болмаған. ХVІ-ХVIII ғасырлар аралығында қырғыздар бастарына күн туғанда немесе түрлі саяси себептерге байланысты үш Арыстың баласының жәрдеміне мұқтаж болғандықтан ғана, әр-әр кезеңдерде айтулы қазақ хандарына уақытша бағыныстығын білдіріп, оларды өз ханымыз деп атаған, таныған. Осындай кіріптарлыққа қырғыздардың солтүстік бөлігінің (Піспек, Ыстықкөл айналасындағы, Шу, Талас, Ақсу басындағы) қауымы ғана түскен. Бұлардың өздері де былайғы уақыттарда қазаққа сырт қараған. Ал Манас ұрпағының оңтүстік тарапы мұндай кіріптарлық пен бағыныстықтан мүлде шет қалған. Осыған ден қойсақ, жоғарыда аталған хандар екі халыққа бірдей хан болды делінетін дерекке тек шартты ұғым ретінде ғана қарауымызға тура келеді.

Тайыр мен Тағай қолдарымен қанша соғысса да жеңіске жете алмаған Моғолстан хандары Жетісуды да, қырғыз жерін де қайта басып алудан күдерлерін үзбейді. Тайырдан кейін қазақ тағына отырған Тоғым хан кезінде Әбдірашид билеген моғолдар Бұқар-өзбек ханы Үбайдолламен келісім жасап, қазақ-қырғызды біржолата тұқырту мақсатымен – бірі 30 мыңдық шерікпен Мәуреннахр жақтан, бірі 33 мыңдық қолмен Шығыс Түркістан тараптан шеру тартып аттанады. Самсаған екі қол Ыстықкөлдің шығыс бетіндегі Сантас деген жерде қосылады. Бұдан дер кезінде құлақтанса да, уақыттың тарлығынан тиісті әскер жинай алмаған Тоғым өзінің тоғыз ұлы бастаған 16 мыңдық жасағымен, қартайса да аттан түспеген Тағай және оның Сақы, Бақы деген екі баласы бастаған қырғыздың 15 мыңдық аламандарына қосылып, күші мен саны өздерінен екі есе көп жаумен Сантаста бетпе-бет келеді. Білгір тарихшы әрі сұңғыла жазушы Мұхтар Мағауиннің жазуы бойынша, төрт халықтың өкілдері қатысқан бұл соғыс 1537 жылдың 27 шілдесіндегі жұма күнінің таң азанында басталған. Күн ұясына қонғанша жалғасқан осы шайқаста қазақ-қырғыз қолы хан-басшыларымен қоса, түгелімен қырылады. Бұл қырғыннан кейін моғол мен өзбек хандары Жетісуды иелене алмағанымен, қырғыз жерін бауырларына қайта басады. 1560 жылдардың аяғында қазақ жұртын кемел күшіне келтірген Хақназар хан қырғыз жерін моғолдардан тазартып, басқыншыларды Тәңіртаудың аржағына ысырып тастайды. Осыдан кейін олар қазақ-қырғызға жау болудан қалады.

Міне, осы Хақназар бастаған ұлы жорық біз тарихын көтеріп отырған екі халықтың қарқынды һәм ұйымдасқан түрде күшті жау­ды бірігіп шапқан ең соңғы үлкен аттанысы болды. Бұдан кейінгі тарихта аталып отырған екі халық дәл мұндай орасан күшпен, жанкешті қарқынмен жауға бірлесіп аттанбаған. Рас, кейінгі замандарда қалмақтар қазақ-қырғыз жеріне лек-лек әскер жіберіп, басып алып зобалаң тудырғанда, соңынан олардың беттерін қайтарғанда қырғыздың кейбір ұсақ жасақтары кей-кейде қазақтармен бірлескен. Сөйтіп, мұндай бірлесулерде қырғыздар жағы біз жоғарыда келтірген жорықтарға қатысқан ата-бабаларындай белсенділік танытпаған және көп қол қоса алмаған. Қазіргі тілмен айтқанда, әр шақтарда тек белгілі бір ынталы топтар ғана қазақ жасақтарына көмек беріп отырған да, қалғандары дұшпандармен көбіне өз беттерінше соғысқан. Біздің белгілі тарихшыларымыз қазақ-қырғыз жоңғарға қарсы бірігіп күрескен деген жалпылама мәліметті бергенімен, қай жылғы, қай жердегі, қай соғыста екі халықтың батыр-бағландары қосылып, дүрбін-ойратты қиратты деген сауалға нақты жауап бере алмайтыны да сондықтан. Тіпті қырғыз тарихшыларының өздері осынау шапқыншылық кезінде қазақ-қырғыз біріккен қолдарының қалмаққа қаншалықты бірлесіп шапқаны жөніндегі деректерге келгенде, нақты мәліметтер таппай, кібіртіктей беретіндері бар.

Әуелде дүрбін-ойраттар (қалмақтар) қазақ-қырғыз даласына қаншама рет шабуыл жасаса да, басып алған жерлерінде тұрақтап отырмайтын. Мың-мыңдаған малдарды олжалап, лек-лек тұтқындарды айдап, кіре-кіре дүние-мүліктерді артып, қайтып кетуші еді. 1681-ші, тауық жылы қазақ пен қалмақ арасындағы екі жүз жылдық соғыстың жаңа кезеңі басталады. Қалмақтар енді қазақ жерін шабуылдап, мал-мүлік олжалап кетуді емес, басып алған жерлерді біржолата иемдену саясатын жүргізеді. 1684 жылғы атақты Сайрам соғысынан кейін олар Жетісу жерімен бірге қырғыздардың солтүстік өлкесін түгелімен иемденіп алады. 1718-23 жылдары қазақ-қалмақ шекарасы Шу өзені-тұғын. Ал “Ақтабан шұбырынды” кезеңіндегі шабуылдан соң жоңғарлар Шудан Ташкентке, арғы жағы Тойтөбе, Піскентке дейінгі жерлерді иеленіп, бұл тарапқа өз атамекендеріндей орныға бастады. Аталмыш өңірлерде олар 1745 жылға дейін үстемдік жүргізіп, орнығып, билеп-төстеді. «Ақтабан шұбырынды» кезінде Шу, Талас, Балқаш бойы мен Қаратау, Түлкібас етегін жайлаған рулардың тоз-тозы шығып, Арқа мен Сырға қарай жосылса, Ыстықкөл маңындағы қырғыздар шығысындағы таулардан асып, шатқал-құздар түбін қоныс етті. Кейбір үлкен топтар оңтүстік тараптағы ағайындарына барып қосылды. Дегенмен аталмыш зобалаң уақытында қазіргі Қазақстан жерінде бірде-бір қазақ, Алатаудың бергі етегінде бірде-бір қырғыз қалмай, бәрі бірдей ауып кетті деуден аулақпыз. Тұтқиылдан жасалған жау шабуылынан дер кезінде қашып үлгере алмаған қаншама қазақ-қырғыз ру-тайпаларының өкілдері ата жұрттарында қалып қойды. Алайда атақоныстан айырылып, жат жерге ауып барған қазақ қарап жатпады. Әр тараптан әскер құрып, жоңғарға дүркiн-дүркiн шабуылға шығып отырды. Осындай тайталасты кезеңде дүрбiн-ойраттар басып алған жерлерiнде мол әскер ұстап тұруға мүмкiншiлiктерi болмады. Олардың әскерiнiң бiр бөлiгi Шығыс-Түркiстан жақта Цин (Қытай) патшалығымен соғысып жатса, екiншi бөлiгi қазақтарға қарсы тұруға мәжбүр болды. Бұл кезде бір кездері Алаш баласымен көрші тұрған, жақсы қарым-қатынаста болған қырғыздардың Алатаудан асып, Ферғана аймағына жеткен үлкен тобы қазақпен қарым-қатынасын мүлде үзген-дi. Тап осы уақытта ілкі заманнан Ферғана мен Ташкент аймағына жақын қоныстанған, қалмақ тепкісін мүлде көрмеген оңтүстік қырғыздарының кейбiр билерi бiрте-бiрте күшейiп келе жатқан Қоқан хандығының бектерiмен, бiр бөлiгi Оңтүстiк Қазақстанды билеп тұрған қалмақ тайшыларымен жақындаса бастаған-ды. 17 жасында Бұқардағы жоғарғы дін медресесін бітірген, өзбек, қазақ, араб, пұштун тілдерін терең меңгерген, әрі Ташкент, Ходженд, Ферғана уәлаяттарындағы халықтардың, әсіресе қазақтардың ХVII ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басына дейінгі тарихын кестелеп жазған, Орта Азия Мемлекеттік университетіне түсуге үш рет талап қылса да, «діншіл» деген айыппен қабылданбай қойған, 1928 жылы 35 жасында Шыршықта әлдекімдер у беріп өлтірген, өз кезінде қызыл өкіметтің оқымыстылары тарапынан тарихшы деп танылмаса да, біз үшін аса құнды мәліметтер қалдырған Асат Сапиевтің «Ходженд уәлаяты: қазақтар һәм тәжіктер» атты кітабындағы «Исақ дамулладан қалған сөз» тарауында Ташкент төңірегіндегі қалмақ пен қырғыздың ара қатынасы туралы бірқатар қызықты уақиғалар баян етіледі. Сонда біздің бүгінгі тақырыбымызға байланысты мынадай бір сөйлемдер бар: «…Осындай жақындастықтың арқасында Ташкент түбіндегі Шатқал тау қыратының Шымған жотасы етегін жайлаған қырғыздардың моңол руынан шыққан Көкiм деген би ойраттың Ташкент аймағындағы билеушiсi Сары Мәнжi деген тайшымен қатты достасты. Екеуінің арасындағы достықтың нығайғаны сондай, Сары Мәнжi Көкiмдi ылғи қазақтар тұратын Пiскент аймағының билеушiсi етiп тағайындайды. Көкім қазақтарға ойраттар тәрізді тым көп залымдық жасады. Тіпті кейінгі заманда қазақ пен қырғыздың ұзақ уақыт жанжалдасып, жүздеген, мыңдаған кісі өліміне ұласқан соғысына тап осы Көкімнің қылығы мен өлімі себеп болды…»

Асат Сапиевтің осы жазбалары ақиқат тарихи фактілерге сай екенін мақаламыздың төменгі жолдарында айтылатын басқа деректер де растайды. Ал қазір Көкімнің неліктен өлгені және қазақ-қырғыз жанжалының басы неден туындағаны хақындағы нақты мәліметтерге оралайық. 1738 жылы Жолбарыс хан басқарған ұлы жүз сарбаздары Ташкенттi қалмақтардан екінші рет тартып алады. Сары Мәнжi қашып барып, Шымқала түбiндегi Қышқана қорғанына тығылады. Ұлы жүздің ханы Жолбарыс қолбасшы Төленi Ташкентке би тағайындайды. Өзі де сонда тұрақтайды. Алайда, артынша Жолбарыс осындағы сарттардың қолынан мерт болады. Арада бір жыл өтпей, Тараз жақтан қосымша күш алдырған Сары Мәнжi 1739 жылдың жазына салым Ташкенттi қайта басып алып (бұл – қалмақтардың Ташкентті үшінші қайтара басуы), қазақтарды шаһардан қуып шығады. Осы соғыста қырғыз Көкiм Сары Мәнжiге жақтасып, Төле би бастаған қосындарды қиратуға көп күш жұмсайды. Көкiмнiң осындай достығын Сары Мәнжi ұмытсын ба?! Осыдан ғой, оны өз орнына шаһар билiгiне уақытша болса да тағайындағаны. Бүкiл Жетiсу мен Оңтүстiк Қазақстанды иеленген жоңғарлар ары қарай Арал, Ырғыз, Ұлытау, Торғай төңiрегiн, тіпті барлық қазақ даласын басып алуды жоспарлағаны анық. Жоңғарды осындай мақсатқа жеткізе алмай, 1727 жылы өмірден өткен Сыбан Раптанның орнын басқан Қалдан Серен бұл жоспарды іске асырмақ ниетпен 1739 жыл аяқталып, қыс бастала берген уақытта Арқаға қарай қайта шабуыл бастайды. 1740 жылдың ақпан айында оған Жетiсу мен Оңтүстiк Қазақстан жерiндегi қалмақтардан 20 мыңдық шерiк құрап алған Лама Доржы көмекке ұмтылады. Ташкент аймағының билеушiсi Сары Мәнжi де өзiне қарасты әскердi алып, Лама Доржыға қосылуға аттанады. Аттанып бара жатып, Пiскенттен шұғыл түрде Көкiмдi шақыртып, оған Ташкент билiгiн тапсырады. Бұл уақиғаны А.Сапиев жоғарыдағы жазбасында былай деп суреттейдi: «Мен Балқаш сыртындағы, Ұлытау маңайындағы тәңiр атқыр қазақтарды қырып салғасын, қайта ораламын. Сен, Көкiм, Ташкендi мықтап күзет. Сенің құзырыңа үш мыңдай қалмақ-қырғыз қолын қалдырамын. Айналадағы малшы, жалшы қазақтар мен сарттар құтырса, аямай бастарын шауып таста. Сен бұдан былай ойрат елiнiң өкiлiсiң. Ойрат қылышынан қорықпайтын адам болмауы тиiс. Қазаққа қылышыңды қанша шапсаң да сауап, – дедi Сары Мәнжi Көкiмге». Бiрақ осылай деп көкiген Сары Мәнжiнi де, билiкке жетiп, кекiрейген Көкiмдi де тәңiрлерi қолдамады. Сары Мәнжi Балқаш бойындағы соғыста өледi де, Көкiм Ташкент ұлысбегi лауазымын жарты жыл да атқара алмай, Бәйтiк бидiң қолынан қаза табады. Сары Мәнжi әскерімен соғысқа аттанып кеткен соң, Көкім қала маңындағы Қыбырайтөбедегі жаныстардың басшысы, өз көңіліне жақын тартып жүрген Бәйтiк бидi шаһарға шақырып, сарай даруғалығына бекiтедi. Ондағы ойы – айналадағы қазақтарды Бәйтiк арқылы тыныштандырып отыру едi. Бiрақ қазақ аламандарына қарсы күресте қалмақтарға болысып, озбыр iстерге көп барған Көкiмге Бәйтiктiң iшiне бүккен кегi қатты-тын. 1740 жылы саратан (мамыр) айында Көкiмнiң тамағына у қосып, оны өлтiредi де «әйтеуiр, бiр кегiм қайтты» деп, қаладан қашып шығады. А.Сапиевтің жоғарыда аталған еңбегінде: «Шунгиоғлы (Шүңгіұлы) Қарабәйтіктің Көкімнің палау салынған табағына у сеуіп жатқанын ауқатханадағы бір күң көріп қойыпты» деп жазылған. Мейлі, кім көрсе де, оған Бәйтіктің у бергені шындық. Ол өлгенде оған жақтас қырғыздар мен қалмақ шерiктерi бүкiл шаһарды аяғынан тiк тұрғызып, Бәйтiктi iздейді және сол алашапқында бiрталай жазықсыз қазақтарды найзаға iлiп, қылышқа салады. “Өршеленген қалмақ-қырғыз шерiктерi үрейлерi ұшып, айқайлап қашқан қазақтардың қатын-еркектерiне қараған жоқ, қолдары жеткендердiң барлығының бастарын шапты» (Аталған еңбек, 51-бет). Ол аз болғандай, Көкiм өлгеннен соң Бүршiмолда, Шатқал, Азық тауларының етегiнде шоғыр-шоғыр айыл болып отырған қырғыздар да атқа қонып, бергi Шыршық жағасы мен Тойтөбе, Піскент төңiрегiнде орналасқан қазақ мекендерiн шауып, ұлардай шулатады. Найза көтеруге жарайтын еркек кiндiктiнiң бәрi батырларға iлесiп, алыста жүргесiн, тапа-тал түсте ауыл үстiне ат ойнақтатқан Көкiмге жақтас жасақтарға кемпiр-шал мен бала-шаға қылар айла таба алмайды. 1740 жылдың аяғында Балқаш пен Сарыарқа жерiнде сегіз ай бойы жүргiзiлген соғыста қазақтармен итжығыс түскен қалмақтардың көп қолы Ташкентке қайта оралған соң Көкімнің жақтастары бұрынғыдан бетер құтырады. Содан 1745 жылға дейiн Ташкент пен оның өңiрi қалмақтардан тазарғанша, оларға арқа сүйеген және Көкiм кегiн бiр күнде естерiнен шығармаған Шатқал мен Өгем тауларының арасындағы қырғыздар етектегi қазақ ауылдарының адамдарын қырып, одан қалса, малдарын барымталап, бес жыл бойы тыныштығын алады. Міне, қазақ пен қырғыз арасындағы алғашқы жаулық осылайша басталған. Ташкент айналасынан қалмақтар кетпей тұрып, осылай басталған қазақ-қырғыз жанжалы келешектегі үлкен қақтығысқа ұласқан майданның тек бастамасы ғана еді. Алда екі елдің ең белсенді де айтулы тұлғалары араласқан, бірінің дегеніне бірі көнбей біраз жыл бойы өзара қырқысқан, ақыры қазақ ханы Абылайдың араласуымен ғана әзер шешілген ауқымды һәм түйінді мәселелер тұрды. ХVII-ХVIII ғасырлардағы Ташкент маңайының тарихын зерттеушi өзбек және тәжiк тарихшыларының еңбектерiнде қазақ тарапынан қырғыздарға алғаш қарсы шығып, күрес бастаған Бердiқожа батыр болғаны көрсетiледi. Мәселен, Сапиев өз шығармасында оны «Чанишкелу Бердыка баһадүр» деп жазады. Ал тәжiк тарихшылары «Чанышқал Бирдикож» деп көрсеткен. Мейлi, кiм қалай жазса да, оның Шанышқылы Бердiқожа екенi даусыз. Оның ата тегi – Қатаған-Шанышқылының Дархан тармағына жатады. Бердiқожа Әнгрен өзенi жағасындағы Қатой деген жерде туған. «…Жастайынан батыр болыпты. Қалмақтар Ташкенге келгенде қазақ қолдарын бастап, қатты соғысады. Кейін қазақ жерінің түкпіріне кетіп қалады. Қалмақтарға болысқан қырғыздар қазақтарға тиіп, тыныштық бермей жүрген уақытта Сырдарияның төменгі жағынан бір топ әскермен үш мәрте келіп, Шыршық басындағы қырғыз айылдарын, ойрат қосындарын шабады. Қырғыздар мен ойраттардың дала қосынындағы аламандары қашып, Ташкент пен Қыбырай қорғанында отырған қалмақ әскеріне паналапты. Ләкін Бердіқожа кеткесін, әлгі қашқандар қорғаннан шығып, қазақтарға тағы тиіпті» ( Сапиев жазбасы, 53-бет.).Өзбектер мен тәжіктер Бердіқожаның қырғыздарға қарсы жорығын осы сипатта баяндайды. Сірә, бұл баяндау ескілікті шежірелік әңгімеден алынған болса керек. Алайда датасы аталмағанымен әлгі әңгіменің түбінде тұнып тұрған шындық бар. Бердiқожаның Ташкент маңының тумасы екенi рас. Жоңғар әскерi бұл жердi жаулап алғанда, қол бастап, батыр атанған. Содан кейiн Арқа, Балқаш, Сарысу өңiрлерiнде басқа батырлармен қосылып, құба қалмаққа қарсы шайқасқан. 1738 жылы Ташкенттi қазақтар екінші рет қайта басып алғанда, осы соғыстың бел ортасында жүрген. Бәйтiк Көкiмдi өлтiрiп, Арқаға қашып барғанда Сарысу бойында мың қолды басқарып жүрген Бердiқожаны тауып алады. Бәйтiк сонда Ташкенттегi қырғыздардың қазаққа жасаған қысастығын айтады. Содан Бердiқожа үш мәрте Сыр бойын жағалап, Ташкенттi айналып келiп, Бегабад жақтан Шатқал, Шымған тауларының етегiндегi қалмақ-қырғыздарды шауып кетеді.Бердіқожаның Ташкент айналасындағы мықты да жақсы қаруланған тұрақты ғаскері бар қалмақ-қырғызға тосыннан үш рет шауып, дереу кейін шегініп кететін жылдам шапқыны 1740 жылдардың басында болса керек. Өйткені атақты батырлар бастаған үлкен топ 1745 жылы Ташкентті ойраттардан біржолата тазартқан. Ал 1746 жылдың басында Әбілмәмбет хан Қаракеңгірдің Сарысуға құяр сағасында хан кеңесін өткізгенде, оған Сырдың орта тұсынан Наурызбай, Ханкелді, Бердіқожа, Тілеуке, Шінет, т.б. батырлар ұлы жүз қолдарын бастап, қауымдасқан күйі барады. Кеңесте Абылай сұлтан бүкіл қазақ қолының бас сардары болып бекітіледі. Абылай үш түмен қолды екі майданға бөліп, әскердің сол қанатын Бердіқожаның басқаруына береді. Осыдан кейін бір жылдай тынымсыз күрес жүргізген Алаш жауынгерлері Іленің оң жақ қапталы мен Алакөл арасын, Жетісу жерінің Нарынқолға дейінгі өңірін жаудан тазартады. Демек, оның жаңағы жазбада айтылатын Ташкент маңындағы қалмақ-қырғызға шабуылы 1741-1742 жылдары іске асқан деуімізге болады.Қазақ-қырғыз шежіре жазбаларында да, мұрағатты құжаттарда да екі бауырлас елдің жағаласуының алғашқы себебі – Бәйтіктің Көкімге у беріп өлтірген шатағынан басталған деп көрсетіледі. Одан кейін Бәйтік есімі түк аталмайды да, қазақ-қырғыз арасындағы ұзақ уақытқа созылған шабыстың басында Бердіқожа батырдың аты тұрады. Ол әу баста Ташкентте қырғыздар қолынан мерт болған қазақтардың құнын даулап, соғыс бастаған. Қырғыздардың ондағы әрекеті белгілі-тін – Көкімнің өлігі үшін кек қайтарған. Ол кездегі ел басқарған билер мен батырлардың ұстанымдары мен көзқарастары бойынша, екі жұрт арасындағы дау құнмен өлшенген. Шаһардағы қалмақ тайшыларының кеңесімен қырғыздар Көкімнің өлімі бірнеше жүздеген қазақтың өлім құнына тең деп, қазақ сөз ұстағандарының уәждеріне де пысқырмай, Ұлы жүз бен Орта жүздің қаншама өкілдерін қырып салған. Сөз бен уәжге дес бермей, қырғынға барған қырғыздармен Бердіқожа батыр мен оның айналасындағылар «қанға –қан» деген қағиданы басшылыққа алып, жауласуға кіріскен. Дегенмен Көкімнің өліміне кек қайтарамыз деген желеумен қазаққа жау болған қырғыздардың әрекеті – ұзақ уақыт қантөгіске барысқан екі елдің жанжалына бір себеп қана. Ол кезде оңтүстік аймақ, солтүстік аймақ деп екі тарапқа бөлінген қырғыздардың барлығы тау арасын жайлайтын. Уақыт өте, олар мал жайылымы мен егіс егуге, сондай-ақ кең тынысты өмір сүру үшін байтақ алапты, кең жазиралы далада қоныстану керектігін ұғынады. Ол үшін қалмақ шапқыншылығынан біржолата азат етілген, сонымен қатар босап қалған қазақ даласының бірқатар өңірлерін иемденіп алуға ниеттенеді. Сөйтіп, атам заманнан қазақ жері боп келе жатқан алапқа ауыз салады. Анықтап айтқанда, Ферғана жазығының солтүстік-шығысы мен Шатқал тауларының шығыс бетінде тұратын Адығын, Тағай, Мұңқыш бірлестіктеріне жататын рулары Ташкент пен Шымкенттің шығыс, оңтүстік аймақтары мен Түлкібас, Қаратау етегіндегі жазық беткейлерді, ал Ыстықкөл жақтағы сары, құсшы сияқты ірі тайпалар бастаған рулары Алматының іргесін, Іленің Балқашқа құятын тұсының сол жағын, осы күнгі Жамбыл облысының Алатау бетке қарайтын аудандары орналасқан өңірлерге еге боп қалуға ұмтылады. Содан сары мен құсшының көсемдері бастаған қырғыздар аталған жерлерді иемденіп қалу үшін «бұл аймақтар бұрынғы біздің жеріміз» деп етекке түсе бастайды. Түскенде жай түспейді, қазаққа найза көтеріп, қылыш сілтеп, ат ойнақтатып түседі. Тау етегін жайлаған Ұлы жүз бен Орта жүздің рулары оларға өз жерін тегіннен тегін бере қойсын ба? Екі ел қалмақ соғысы кезіндегідей 30-40 мың қол шығарып соғысатындай үлкен майданға түспесе де, жер дауы, құн дауы үшін арты бітіспестей ірілі-ұсақты шайқастың алдында тұрады. Осымен қазақ-қырғыз жауласуының екінші тарихи себебі туындайды.Осы жаулықтың болмысына біздің кейбір тарихшыларымызбен қатар, қырғыз шежірешілері мен жазбагерлері де көбірек ден қойып, бірталай хатқа түскен мұралар қалдырған. Мысалы, тау арасы жұртының атақты шежірешісі Алымбет Ақылбекұлының «Қырғыз руларының чығышы», Б.Солтоноевтің «Қызыл қырғыз тарихы», С.Закировтын «Қырғыз санжырасы», Т.Чорокегин, К.Молдоқасымовтың «Қырғыздардың байырғы заманнан тартып, бүгінгі күнге шейінгі тарихы», С.Аттокуровтың «Қырғыздар ХҮІІІ-қылымда» сияқты еңбектері мен өзіміздің Мәшһүр Жүсіп пен М.Тынышпаевтың көне деректерге қатысты шығармаларында, сондай-ақ М.Мағауин, Ү.Бүркітбаева, А.Махаева сынды жазушы, ғалымдарымыздың, сонымен қатар Ф.Киреев, Г.Супруненко, Т.Андреев тәрізді орыс зерттеушілерінің зерттеу мақалаларында аталмыш соғыс жайында көптеген мағлұматтар мен нақты деректер келтіріледі. Бір ескертетін нәрсе, қырғыздың бұрынғы һәм кейінгі жазбагерлері аталмыш қақтығысқа себеп болған – жер таласы мәселесін сөз еткенде қазақтың байырғы аймақтарының көбісін Манас ұрпақтарының көне иелігі еді деп көрсетеді. Және олар көбіне Шу, Талас, Әулиеата, Алматы төңірегінде болған қырқыстарды ғана жазбалайды.Ташкент қаласындағы ӨРҒА Шығыстану институтының қолжазбалар қорында Мұха­мед Салық Ташкандидің қазақ-қырғыз ұрысы жөнінде жазған екі-үш беттік еңбегі сақталған. ХVIII-ХIХ ғасырлардағы Ташкент пен оның айналасындағы тарихи уақиғаларды нақты баяндайтын осы автордың сол еңбегінде «Ойрат Ташканнан китканда шоһорды қазақтың Тула нәмді (есімді) бегі құзұрға олды. Ул, уа Бердикож, уа Шинит (Шінет), уа Кожомжор, уа Қойкәлдә болышып, Шатқал қырғызлорман кәтта соғыш-дүр, Қырғызлор қозоқ иерин алмақ болдулар. Ләкин қозоқлар һәмма қырғызды женди-дүр. Шунда иам қырғызлор соғыша беришкән… Бу соғыш Тула үийлип(өліп), Кожомжор бек уақтисинда иам иалғасти.» …Шудан иктасы (екеуі) Иунскожо дауранында да, Қоқон хони дауранында да соғыша берип-дүр. Қоқон хондори хәр уақта қырғызлорғо иақташқон..» деген жолдар бар. Ғылыми жазбаларға біршама түскен қазақ-қырғыздың Алматы, Жамбыл облыстары жерінде өткен шайқастарын айтудың алдында оның Ташкент пен Шымкент айналасында қалай өріс алғанын баян етейік. Жоғарыда аталған еңбек пен өзбек тарихшылары жазған мәліметтерге сүйенсек, бұл маңда екі халықтың алғашқы үлкен шайқасы 1748 жылы күзде, Шыршықтың жоғарғы басындағы Шымған тауының етегінде болыпты. Жергілікті рулардан жиналған екі мыңдық қазақ қолын Бердіқожа, қырғыздың топ-топ аламандарын барғы руының батыры Шонық басқарыпты. Қазақтардың айбынынан қатты жасқанған Шонық ұрыс алдында Бердіқожаға: «Біздің ерегісіміз жер дауынан ғой. Одан да ұрыспай келісейік те» дейді. «Шартың қандай?» дейді Бердіқожа. «Қазақтарда жер көп қой. Қырғызға Шыршық бастауынан Тәшкенге дейін һәм Піскент пен Әнгіреннің бойындағы, Өгемнің күнбатыс бетіндегі Қазығұрттың, Сайрамсу мен Қасқасудың екі жағындағы, Бадамның Шымкентке құлдилайтын ортасына шейінгі жерлерді берсеңдер болды, біз сендермен талас-тартысымызды тамам тыйамыз», — дейді Шонық. «Ей, қоқи қырғыз, — дейді сонда Бердіқожа. – Ташкеннен қалмақтар қуылғанымен сен айтқан жерлерде олар әлі шоғыр-шоғыр боп отыр ғой. Олармен араласып қазақтар да отыр. (Ескерту: Шымкент, Сайрам, Түлкібас жерлерінен ойраттар 1749 жылы қуылған). Бұл жерлерге қалмақтың артын жалап қоныстанып алған соң, осындағы ағайындарымды қырғаның аздай, ондағы бауырластарымды да жайпап салмақсың ба?!» Сонда Шонық оның сөзін бөліп: «Қалмақтан қазір күш кеткен. Жаңағы жерлерде шоғыр-шоғыр отырған оларды өзім-ақ бір пәсте жайпап саламын. Ал қазақтарға тиіспеймін. Қаласа, Тәшкенге келсін, қаласа, Қаратау асып кетсін. Сен, тек менің айтқаныма уағда беріп, екі ел арасындағы қантөгісті болдырмауға сеп тигізсең жетеді. Әйтпесе ұрыс жалғаса береді. Өйткені қырғыз кең жерге, көсілген жайлауға қол жеткізбейінше, ұрысын тыймайды», – дейді. «Ата-бабамның әлімсақ жерін саған беріп, мені құдай ұрды дейсің бе. Ата қонысыма көлденең көк атыңды тартып келіп, жер сұрап тұрған ұрынды жат неме, бүгін сенің беліңді сындырайын, одан соң Шымкентті басып отырған қалмағыңа кезек келер», – деп ашуланған Бердіқожа қылышын оңтайлап, Шоныққа тұра шабады.Осы шайқаста Шонықпен қатар қырғыздың бірсыпыра батырлары өледі. Сонымен бірге аламандарының жартысына жуығы қаза табады немесе қолға түседі. Қалғандары қашып, тау арасына кіріп кетеді.

МОМБЕК ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушыЖалғасы бар