АСҚАЗАНЫ АУЫРАТЫН ҚАЗАҚ АЗ ЕМЕС
АСҚАЗАНЫ АУЫРАТЫН ҚАЗАҚ АЗ ЕМЕС
«Ауру – астан» деп бекер айтпаса керек аталарымыз. Бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды, әрине. Тек соңғы кездері аурудың соңы асқынып, обырға ұласуы жиілегені жаман. Асқазан мен ас қорыту органдарына қатысты мәселелер туралы сауалдарымызға Алматыдағы онкологиялық-диспансерлік орталықтың маманы, жоғары категориялы дәрігер Есенгелді Жұмашев жауап береді.– Есенгелді Замғалиұлы, қазір асқазан ауруларымен кімдер ауырады? – Асқазан аурулары жасқа қарамайды. Ресми деректерге сүйенсек, асқазан, іш құрылысы, ас қорыту жүйелері ауыратын адамдардың саны тұмаудан кейінгі екінші орында тұр. Уақтылы әрі дұрыс тамақтанбау, жүйкенің жұқаруы, ашулану т.б. асқазан ауруларына әкеп соғады. Ең қиыны, асқазаны ауырған азамат дәрігерге қаралып, ем қабылдауға құлықсыз. Бұрын асқазаны сыр бергенде адамдар ораза ұстау немесе өз бетінше емделу арқылы дертінен құлан-таза айығып кетуге тырысатын. Бірақ соңғы кездері қоршаған ортаның ластануы, экологиялық проблемалар, иммунитеттің төмендеуі асқазан ауруларының қатерлі ісігіне ұласуда. Өкініштісі сол, асқазан мен іш құрылысының рагі енді басталғанда жанға батпайды, ешқандай белгілері жоқ. Кәдімгі гастрит не жөтел сияқты басталады да, соңы ушыға түседі. – Асқазан дертіне хилакобактер де кері әсер ететіні рас па?– Хилакобактер дегеніміз – 2006 жылы белгілі болған нәрсе. Австралияның ғалымдары ашқан жаңалық. Соның арқасында олар Нобель сыйлығын алды. Оған дейін асқазанның қатерлі ісігіне не себеп болатынын ғалымдар таба алмай, бастары қатқан. Адамдардың ішетіні мен жейтіні бірдей, өмір сүруі де ұқсайды бір біріне. Бірақ қатерлі дерт біреуде бар, екіншісінде – жоқ. Зерттей келе, асқазандағы микробты тапты. Асқазан етіне дендей еніп кеткендіктен, әлгі микробты тіпті, асқазандағы қышқыл да өлтіре алмайды. Асқазанның жасушалары белгілі бір уақытпен, механизммен жұмыс істейді. Яғни, жаңалары өскеннен кейін олардың орнын жаңа жасушалар басады. Осы заңдылық бұзылса, жасушалар уақытылы ауыспайды, оның орнына алдымен жара пайда болады. Ол асқынып эрозия, сосын жара, кейін қатерлі ісікке айналады. Адам ағзасының ерекшелігі сол, денедегі барлық жараны жазып, емдейді. Бірақ ағзаның табиғи қалпы бұзылғандықтан, мұндай қасиет біртіндеп әлсірей береді. – Сонда гастрит, асқазан жарасы, оның соңы – қатерлі ісік пе?– Бұрын солай деп тұжырымдалатын. Бірақ қазір кесіп айту қиын. Асқазаннан ағзаға жау саналатын хилакобактер табылды. Сосын кейде жерде жатқан алма не басқа жемісті алып, қолымызбен бір сүйкеп сүрте салып, ауызға тоғытатын едік қой. Асқазандағы қышқыл микробтарды өлтіріп жібереді деп. Алайда, қазір адамдардың көпшілігінде асқазан қышқылы азайған. Сосын тамаққа деген тәбетті өзіміз бұзамыз: ас ішіп отырып кітап оқимыз, теледидар көреміз немесе басқа жұмыспен айналысамыз. Асқазан қышқылы тамаққа деген тәбет ашылғанда көп бөлінеді. Ал алдыңдағы асқа назар аудармай, көңілің басқа жақта болса, онда қышқыл азаяды. Яғни, ауызға кеткен микробты өлтіруге қышқыл әлсіз, асқазанға төнетін қауіп күшейеді. – Асқазанның қатерлі ісігінен сақтанудың басқа қандай жолдары бар?– Біріншіден, салауатты өмір салтын ұстану. Темекі тарту, ішкілік ішу – ағзаны әлсіретеді. Сосын мүмкіндігінше уақытымен тамақтану қажет. Күйкі тірліктің күйбеңі бітпейді, уайым-қайғысы да. Бірақ өзін өзі күту, сабыр сақтау, жүйкеге, жалпы денсаулыққа жауапкершілікпен қарау қажет. Жағдайы келетіндер экологиялық тұрғыда таза тамақтар тұтынғаны абзал. Қазір ақшаға құныққандар денсаулыққа зиян неше түрлі азық-түлікті үйіп-төгуде. Бұл да ойланатын жайт.– Қазір кез келгеннің жүйкесі жұқарған. Адамдар ашуланшақ. Уақытымен тамақ ішу де қиындау. Өйткені күнкөріс қамы алды-артыңа қаратпайды. Табиғи тұрғыда таза тамақты табу да қиын. Не істемек керек?– Иә, бірақ қолдан келгенше сақтану керек. Мәселен, азық-түліктің сақталу мерзімі біткенге дейін ғана пайдалану керек. Біз көпшілігіміз тауардың сыртына қарауға аса құлшынбаймыз ғой. Сосын адам болғаннан кейін бас ауырмай, балтыр сыздамай тұрмайды. Бастысы, кез келген ауруды ерте анықтап, ерте емделген жөн. Кеңестер Одағы кезінде асқазанында ақауы бар ауруларды күз бен көктемде екі рет дәрігер қабылдауына шақырып, жүйелі түрде тексеріп отыратынбыз. Қазір ол әдіс қалды. Адамдар диета сақтамайды. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамау – қатерлі ісіктің ушығуына себеп. Құдды денсаулығымыз бізге емес, басқаға керек сияқты. Батыста керісінше, егер ауруын дер кезінде емдемесе, кейін асқынып, денсаулығына қиындық келтіретінін, қалтасына салмақ салатынын біледі. Қазақстан бойынша скрининг жасап, ауруды ерте анықтау қолға алынды. Енді тек азаматтар дәрігердің қаралуына жүйелі түрде келіп тұруды әдетке айналдырса жақсы. Әйтпесе, қазір дәрігерлер көмегіне жүгінетіндердің көпшілігі – ауруын асқындырып алғандар. Оларды емдеу өте қиын әрі қымбатқа түседі. Ең өкініштісі, кейде ажалға араша түсе алмай қалатын жайттар бар. – Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы