Киіз үйдің тігілуі – салтанат

Өткен жылдың 10-25 желтоқсаны аралығында Жамбыл облысының экскурсия жетекшілері (экскурсовод) ақысыз оқыту курстарынан өтті. Оған туристік агенттіктер, облыстық мұражай, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-мұражайының экскурсия жетекшілері және кей қонақ үйлердің әкімшілері, бас-аяғы 20 маман қатысты. Сонымен бірге, таяуда ғана туристік агенттіктер үшін облысымыздың бірқатар шалғай аудандарына ақпараттық турлар ұйымдастырылғаны белгілі. Ол да тегін. Бұл жұмыстарға мұрындық болған – облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы. Ескерте кететіні, мемлекет тарапынан қаржыландырылған мұндай сая­хаттар мен семинар еліміздің ешбір аумағында өткізілмеген.
– Біз туристік агенттіктермен бірлесе жұмыс істеуге енді ғана үйреніп келеміз. Басында олар біз ұйымдастырған жиындарға келмейтін де. Облысымыздың туристік әлеуетін танытып, келген қонақтарға қызмет көрсететін негізінен – солар. Әулиеата жеріне деген туристер қызығушылығын туғызып, оларды осында тартуда, ішкі және халықаралық туристік нарықта өңірдегі туристік өнімді тиімді ұсына білуде, жарнамалау­да біз тізе қосып жұмыс істеуге тиіспіз. Сондықтан да, оларға қажетті жағдайларды жасауға қолдан келгенше тырысудамыз. Олар мәселен, аудандарға саяхат ұйымдастыруға ден қоймайтын. Ал, біз тегін ақпараттық тур ұйымдастырып, аудандарда қаншама көруге тұрарлық, жерлердің бар екенін көрсеттік. Шамамен, жүзден астам нысанды араладық. Бәлкім, осыдан кейін туристік агенттіктердің бірі болмаса екіншісі аудандарға арнайы серуендер ұйымдастыратын шығар. Біздің мақсат та осы. Осы уақытқа дейін тек Айша бибі, Тектұрмас, Қарахан баба кесенесін аралауға бағытталған тұрақты саяхат турлары болды. Енді туристік агенттіктер өздерін қызықтырған, көңілдеріне қозғау салған ерекше нысандарды қамтып, соған байланысты идеяларын алдағы бір айда бізге өткізетін болады, – дейді басқарма басшысы Б. Жолболдиев.
Биыл облысымызда туристік ақпарат орталығы ашылады деп жоспарланып отыр. Ол бүкіл аудандарға, тарихи және табиғи нысандарға апаратын саяхат жолдары, облыстың туристік әлеуеті, өңірдің мақтанышына айналған орындар туралы мәлімет беріп, аймаққа туристерді тартумен айналыспақ. Ол үшін алдымен өзімізде барды бағалауды үйренгеніміз абзал. Шын мәнінде бірегей, өзіне ерекше назар аудартатын қызықты жерлер бізде баршылық. Мәселен, Жуалыда Қазақстандағы Шарын шатқалынан кейінгі екінші шатқал саналатын атақты Көксай бар. Көксайдан басталған саяхатты сол аудандағы қолөнершілердің кілем тоқу барысын тамашалау, Б.Момышұлы музейімен таныстыру, басқа да орындарды аралатып шығуға болады. Соңғы кезде Меркіде аңға құс салу, киіз үйдің тігілу барысын көрсету, тауға жорыққа шығу секілді әдемі дүниелерді келген қонақтарымызға көрсетіп жүрміз. Бұл әсіресе шетелдіктердің өзгеше қызығушылығын туғызуда. Сондай құндылығы жоғалмаған, елді елең еткізетін жоралғыларды барлық ауданда ұйымдастыруға болады. Тек идея болса жеткілікті. Жамбыл ауданындағы Әулиебұлақ, Т.Рысқұлов ауданындағы Топағаш, Сарысу ауданындағы Ақтоғайдағы тылсым үңгір, Мойынқұмның ортасынан табылған оазис – бұлардың қай-қайсысы болмасын адамды эстетикалық ләззатқа бөлеп, баурап алары анық.
Экскурсияда жол көрсетушілердің біліктілігін көтеруге арналған семинар туралы әңгіме бір бөлек. «Біздегі экскурсия жетекшілерінің бірқатары арнайы оқымаған, біліктілігі кем. Біле білсеңіздер, туризм саласында гидтер мен экскурсия жүргізушілерге көп нәрсе байланыс­ты. Алдағы уақытта «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өткелі жатыр. Көрме қонақтарының бір бөлігі міндетті түрде Таразға да атбасын бұрады. Демек, оларға қызмет көрсететін тәжірибелі мамандарды қазірден даярлай берудің артықтығы жоқ. Соны ескере отырып, туристік индустрия қауымдастығынан білікті маманды шақырып, олардың шеберлігін шыңдадық. Бұлар – ойға алған істердің бастамасы ғана. Аймақтың танылмай жатқан жауһарларын республикаға ұтымды әдіс-тәсілдермен көрсете, насихаттай білсек, бұл жұмыстарымыз нәтижесін берері анық. Ал ондай жерлер, табиғи және тарихи құнды орындар бізде жеткілікті», – дейді басқарма қарамағындағы туризм бөлімнің басшысы Меруерт Сергеева.
Айта кету керек, соңғы уақытта бұл саланың тамырына қан жүгіргені айқын сезіледі. Ағымдағы жылдың алты айының өзінде аймаққа келушілер саны 9,6 пайызға өскен. Сондай-ақ, осы алты айда сыртқы туризмдегі келушілер саны 10,3 пайызға, ал ішкі туризмде 36,9 пайызға ұлғайып отыр. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының туризм бөлімі биылдың өзінде Стамбул қаласында өткен «EMITT– 2013», Мадрид қаласындағы «FITUR–2013» және Берлиндегі «ITB-2013», Ақтөбедегі «ITFA-2013», Алматы қаласында өткен «KITF–2013» және Астанадағы оныншы рет дәстүрлі түрде ұйымдастырылған «Astana Leisure – 2013» халықаралық туристік жәрмеңкесіне қатысты. Тамыз айында Павлодар қаласында өткен VII Қазақстандық туристік «Сарқылмас саяхат» жәрмеңкесіне қатысып, «Үздік ақпараттық жарнама пакеті» номинациясы бойынша 2 орынды иеленді.
Осы орайда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында туристік кластер құру мәселесін айналып өту мүмкін емес. Оның 495,2 шақырымы Жамбыл облысының аумағын басып өтеді. Халықаралық стандарттарға сүйенсек, осынша ұзындықтағы жолдың бойында 8 қызмет көрсету нүктелері орналасуы тиіс екен. Оның төртеуі – «В», қалған төртеуі – «С» санатындағы жолдарда салынады. Бұлардың айырмашылығы сонда, «С» санатындағы жолдың бойындағы кешендерде қонақ үй қарастырылмаған. Салынғалы жатқан кемпингтер атап айтқанда, Қордай ауданының Сарыбұлақ, Байзақ ауданының Ақшолақ, Жуалы ауданының Ақсай, Меркі ауданының Ақтоған елді мекендері мен Т.Рысқұлов ауданындағы Жақсылық және Көкдөнен ауылдарының ортасында орналасады. Бүгінде оның әрқайсысына 3 гектардан жер бөлініп берілген. Осының ішінде төрт нысан бойынша қаржыландырушы тұлғалар анықталып отыр. Жалпы, кешеннің құрамына кем дегенде 12 сағатқа жалдауға болатын бөлмелері бар мотель, дәмхана, дүкен, жанармай құю стансасы, көлік жөндеу орны және басқа да қызмет көрсету нысандары кіреді. Оның жобасын жасайтын кәсіпкердің өзі болғанымен, оған әр нысанның көлемі кем дегенде қанша шаршы метр болуы тиіс, қандай үлгіде жасалғаны жөн, автотұрақтың қанша жеңіл және ауыр көлікке лайықталатыны және сол секілді қауіпсіздік, санитарлық жағынан бірқатар талаптар белгіленіп берілген. Инвестор жобаны жасағанда осы ережелерден аттап кетпеуі тиіс. Ал, инженерлік желілер бюджет қаражаты есебінен жеткізіліп беріледі. Меруерт Сергееваның айтуынша, бұл да облысымыздағы туризмді дамытуда өзіндік орны бар іргелі, ауқымды іс.
Жалпы, бүгінгі күні облысымызда туристік қызметпен айналысатын 29 туристік фирма, 63 қонақ үй, бір киіз үй қалашығы, бір сауықтыру кешені, 5 демалыс орталығы, 9 балалар сауықтыру лагері, бірегей шипалы балшық және минералды суларымен емдейтін 5 шипажай жұмыс істеп тұр.

Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Жамбыл облысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button