Имам – исламның айнасы
Имам – исламның айнасы
Ахмадиев Серікхан Рымханұлы 1978 жылы ШҚО Аягөз ауданында дүниеге келіп, 1995 жылы орта мектепті бітірді. 1997-1999 жылы Мерке медресесін үздік белгімен бітірді. Еңбек жолын 1999-2001 жылдары Семей қаласы «Тыныбай» мешітінде наиб-имамдықтан бастап, кейіннен осы мешітте бас имам болды. 2003 жылы Түркияда білімін жетілдірді. 2003-2007 жылдары «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университетін үздік бітіріп, кейін осы оқу орнының магистратурасын оқып, ғылыми дәреже алды. 2007-2010 жылдары Алматы қалалық «Ақсай-Айша» мешітінде наиб имам, 2010-2013 Алматы қаласы Жетісу ауданының «Әл-Мәдина» мешітінің бас имамы. Бүгінгі күнде Талдықорған өңірі бойынша өкіл имам, орталық «Нұр» мешітінің бас имамы. Ол кісімен аймақтағы имамдар жайында сөз қозғаған едік.
– Имамдықтың негізгі міндеті не?
– Имамдықтың негізгі міндеті – уағыз-насихат айтып халықты бірлікке, ынтымаққа шақыру. Әр түрлі даналық жолдарымен халықтың жүрегінен орын таба біліп, дін исламның абыройын көтеру. Алланың үйі мешітке келіп құлшылық жасаушы жамағаттарға намазды уақытында өткізу, азанның шақырылуы, мешітті әрлендіріп ұстап отыруы сияқты жауапкершіліктері бар. Сонымен қатар жастардың некесін қию, дүнеден озған адамның жаназасын оқуы сияқты үлкен жауапкершіліктер де имамның міндеттерінің бірі. Әр түрлі теріс ағымдардың алдын алумен қоса жастардың еліне, отанына деген сүйіспеншілікке, оған адал қызмет етуге шақыру да негізгі міндеттерінің бірегейі.
– Дінімізді насихаттауда бізге не жетіспей жатыр?
– Дінімізді насихаттауға білімді, білікті діни кадрлардың әлі де болсын қажет екені белгілі. Бұл тұрғыда бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазретіміз бүгінгі күннің өзекті мәселелері ретінде көтеріп, білімді кадрларды көбейтіп, оңтайлы шешім тауып келеді.
– Уағыз айтушы қандай болу керек? Еліміздің қазіргі жағдайында діни уағызда қай нәрсеге басымдық берген дұрыс?
– Уағыз айтушы жан-жақты білімді, парасатты, кішіпейіл болу керек. Қасиетті Құран Кәрімде айтылғандай дін жолына даналықпен, көркем уағызбен шақыру міндет. Қазіргі заманда көп нәрсені біледі, бірақ соған амал ету кенжелеп тұр. Соның ішінде обал-сауапты, ар-ұятты, кешірімділік, мейірімділік сияқты асыл қасиеттерді, халықты діни сауаттандыруды, теріс ағымдардан аулақ болуды насихаттауға басымдық берген жөн.
– Облыстық, аудандық, ауылдық мешіттердегі имамдардың түйткілді мәселелеріне кеңірек тоқталсаңыз?
– Ауылдық мешіттердегі өзекті мәселелердің бірі – оқыған жастарымыз ауылдық мешіттерде имамдық қызметке атқаруға құлықсыз. Оның себебі көп: жалақысы болмағандықтан отбасын қамтамасыз ету, қарайласу сияқты қиындықтар туындайды. Сондықтан ата-аналар баласын діни оқу орындарына беруге ойланатын. Бүгінгі күнде Бас мүфтидің бастамасымен бұл мәселе өз шешімін тапты. Енді еліміздегі барлық ауыл мешіттерінің имамдары қомақты түрде жалақы алады. Бұл арқылы қаншама мәселелер шешілмек.
– Мешітті тәлім-тәрбие мектебіне айналдырудың жолдарын көрсете аласыз ба?
– Мешіт деген – тәлім-тәрбие өзегі. Имамдардың жұма уағызында, күнделікті бес уақыт намазда, әсіресе бесін және құптан намаздарында айтылған уағыз-насихатты көздеріне жас алып тыңдап отырған жамағатқа талай куә болғанымыз бар. Сонымен қатар барлық мешіттерде сауат ашу курстары бір жүйеге келтірілді. Қаншама жамағаттар тәлім-тәрбие алуда. Жазғы демалыс күндерінде еліміздегі мешіттерде лагерьлер ұйымдастырылып, онда жас жеткіншектер тәрбиеленуде. Қиын мәселелер туындаса, шешімін имамдардан сұрау әдетке айналып келеді. Бас мүфтиіміздің тапсырмасына сәйкес еліміздегі мешіттер тарапынан жоқ-жітіктерге, қиналған жандарға қол ұшын беру және адамдармен сыпайы қарым-қатынаста болу сияқты істерді дамытсақ, мешіттеріміз тәлім-тәрбие мектебіне айналар еді.
– Имамдықтан сіз нені ұғындыңыз?
– Имамдық – дүние мен ахиреттегі үлкен жауапкершілік. Біріншіден, Аллаға құлшылық қыларда бүкіл халық имамға ұйып тұрады.Сол кезде имамның тазалығы, әсіресе жан тазалығы шариғатта үлкен жауапкершілікті талап етеді. Екіншіден, халыққа айтқан уағыз-насихатың адасқанға бағыт береді. Үшіншіден, имам – үлкен ұстаз, халық оның әрбір сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан тәрбие алатындықтан, ол әдепсіз істерден аулақ болуы шарт. Кейбір адамдар имамға қарап, исламға баға беретіндіктерін ұмытпайық. Имам исламның айнасы іспетті. Ол үлкен жауапкершілікті сезіне білетін тұлға болуы керек.
– Ғылыми ізденуші имамдардың бірі әрі діни кітап жазатын қаламгер ретінде «ғылымды рухқа сіңіру» дегенді қалай түсінесіз?
– Имандылықты ғылым арқылы байытудың өзі ХХІ ғасырдағы батыс ғалымдарының қасиетті Құрандағы ғылыми жаңалықтарды ашып, танданыстарын жасырмағанын қарапайым халықтың рухына сіңіру деп білемін. Ағартушы Ы.Алтынсарин бабамыздың: «Бір Аллаға сиынып, кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңілге, ықыласпен тоқылық» өлеңіндегі көңіл – білімді ықыласпен рухқа жеткізу емес пе?!
Сұхбаттасқан Күлпара Жұмағали