Жаңалықтар

ОБЫР ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

ашық дереккөзі

ОБЫР ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні жыл сайын 4 ақпанда аталады. Бұл күнді Қатерлі ісікке қарсы халықаралық одақ (UICC) белгілепті. Мақсаты – Жер шары тұрғындарына рак туралы мағлұмат беру, оны уақытылы анықтап, емдеу және алдын алу. Осы мақсатта, 4 ақпан күні онколог-дәрігерлер, Алматы қалалық онкологиялық орталық пен «Ракқа қарсы бірге» қоғамдық қорының өкілдері арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Шараның басты мақсаты – БАҚ өкілдерінің көмегімен, адамдардың назарын қатерлі ісікпен күреске аудару, оларды алдын ала тексерілуге деген құлшынысын ояту. Яғни, дерттің алғашқы белгілерін күтіп жүргенше дәрігерге барып, рак қаупінен сақтанудың жолдарын қарастырған абзал. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде Ұлттық Онкология мен радиология ғылыми-зерттеу институты, 19 аймақтық онкологиялық диспансер, емханалардағы 361 онкологиялық кабинет, сондай-ақ, емханалар мен ауруханаларда дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету және операциялар мен емдеуді тегін жүргізу қарастырылған. Мамандардың айтуынша, қазір бүкіл әлемді алаңдатқан рак дертіне ұшырағандар Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар мен Қостанай облыстарында көп екен. Қатерлі ісіктен көз жұмғандар әсіресе, Қарағанды мен Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жиі кездеседі. Экологияның ластануы, жүйкенің шектен тыс жұқаруы, бітпейтін проблемалар, уайым-қайғы, темекі тарту мен арақ ішу сияқты жаман әдеттерге бой алдыру, денсаулықтың сыр беруі, уақытылы емделмеу… Мұның бәрі опық жегізетін жайтқа, анығы, рак ауруына ұшыратуы мүмкін. Адамзаттың бақытына қарай, заманауи медицина қатерлі ісікті емдеудің тиімді тәсілдерін ойлап тапты. Бұл Қазақстан халқына да қатысты. Тек дәрігердің есігін дер кезінде қақсаңыз болды. Адамдардың өз денсаулығына немқұрайды қарауы, бойдағы үрей мен қорқыныш, «ұзынқұлақтан» естіген қисынсыз әңгімелер дертті асқындырып алуға әкеп соғады. Ол үшін жыл сайын ракқа қарсы медициналық тексеруден өту шарт. Медицина өкілдерінің айтуынша, егер дәрігерлік тексеруден уақытылы өткен жағдайда онкологиялық аурулардың 100 пайызы дерттен құлан-таза айығып кетуге мүмкіндігі бар. Өкініштісі, адамдар ауруы асқынып кеткеннен кейін ғана ақ халаттылардан көмек сұрайды. Негізі қатерлі ісікке шалдыққандардың 30-40 пайызын емдеуге болады екен және олардың үштен бірі алдын ала тексерудің нәтижесінде, яғни, дерттің ерте кезеңінде емдеу нәтижелі. Алматы қалалық онкологиялық орта­лықтың директоры Диляра Қайдарованың айтуынша, биылдан бастап Қазақстан бойынша 6 скрининг жасау енгізілген: «Алматыда 3 скрининг – міндетті, ал 3-еуі – жобалық. Міндеттелген тексерулер арасында 30-60 жастағы әйелдерге жатыр мойны скринингін тапсырады. Кез келген әйел өзі тіркелген емханаға келіп, онкоцитологияға анализ тапсырады. Екіншісі, сүт бездерінің қатерлі ісігі, тік ішек пен тоқ ішектің қатерлі ісігіне (колоректальный рак) тексерілуі тиіс». Бүгінде әйелдер арасында жатыр мойнының қатерлі ісігі өршіген. Мамандар Адам папиломмасының вирусы жатыр мойны қатерлі ісігіне ұшырау қаупін арттырады дейді. Бұл негізінен жыныстық қатынасты 18 жасқа толмай бастағандарда, темекі шегетін әйелдерде, 18 жасқа толмай тұрып немесе 40 жастан асқаннан кейін бала туғандарда, жыныстық гигиенаны сақтамайтындарда, төсектестерді жиі алмастыратын келіншектерде көп кездеседі. Алматы қалалық онкологиялық орталығының гинеколог маманы Гүлсім Стамқұлованың айтуынша, былтыр 178 әйел обыр бойынша тіркеуге алынған. Гүлсім Әбілханқызының пікірінше, соңғы кездері Қазақ қоғамында қызу пікірталасқа ұласқан егуге (жатыр мойны обырына қарсы вакцина) ата-аналар қарсы болмауы керек: «Үш кезең бойынша жүзеге асырылатын бұл вакцинаның ешқандай зияны жоқ. Бірнеше жыл бұрын біз Медициналық университеттің студент қыздарына жүргіздік осы вакцинацияны. Дәлелденгені: ешқандай кері әсері жоқ. Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінен өтті. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан мақұлданды. Егер вакцина егілсе, қыз балалар келешекте Адам папиломмасының вирусын жұқтырмайды, яғни, жатыр мойны обырынан сақтанады». Қазір Жер шарында кең тараған рак бойынша үшінші орынға шыққан тік ішек пен тоқ ішектің қатерлі ісігін алдын ала анықтайтын тест бар екен. Оны да қалаған адам емханадан алып, үйде тексеріле алады. Егер тест қорытындысынан көңілге күмән келтірсе, емханаға қайта келіп, қосымша анализдер өткізеді. Бүгінде асқазан мен өңештің қатерлі ісігі де ушыққан. Сол себепті, Алматыдағы 4 ірі ауруханада гастрофиброскопия жасалынады. Қажет болса, биопсия алынады. Сосын бірден диагноз қойылады. Бауырдың қатерлі ісігіне тексеру жүргізу вирустық гепатиттің Б, С түрімен ауыратындарға арналған. Биылғы тізімге жастары 50-ден асқан ер азаматтар үшін простата скринингі қосылған. Бұл суық тиген жағдайда ауруды ерте анықтауға да сеп. Ресми деректерге жүгінсек, Қазақстанда жыл сайын 30 мыңға жуық азамат қатерлі ісікпен тіркеледі. Оның 16 мыңға жуығы қайтыс болады. Алматыда жыл сайын 4 мыңға жуық тұрғын қатерлі ісікпен ауырып, оның 1300-1400-дейі көз жұмады. Қазір ең бірінші кезекте сүт бездерінің қатерлі ісігі тұр. Маммолог-дәрігер Мұратжан Сағындықовтың айтуынша, сүт бездерінің қатерлі ісігі обыр дертіне ұшырағандардың ішінде бірінші орында тұр. Соңғы кездері әйелдер арасында обырды әбден асқындырып барып келетіндер саны едәуір азайыпты. Яғни, тіркеуге алынатындардың 80 пайызға жуығы – 1 не 2-кезеңдегілер. «Сүт бездерінің обырына себеп болатын – түрлі химиялық қоспалары бар тамақтар. Мәселен, етті далаға қойсаңыз, сақтау температурасы дұрыс болмаса, борсып кетеді. Ал шет елдерден келетін азық-түліктің көпшілігі сөрелерде айлап жатса да, бұзылмайды. Неге? Өйткені түрлі қоспа қосылған, ал олар ағзаға зиянды», – деген Мұратжан Сағындықов темекі мен арақ, жүйкенің жұқаруы дертті қоздыра түсетінін ескертті. Сүт бездерінің обырынан кейін екінші орында тұрған – тері рагі. Базалиома, меланома, мең-қалдардың дұрыс қалыптаспауы салдарынан туындайды. Сонымен қатар ішек пен асқазанның қатерлі ісігі де өте көп кездеседі. Өкінішке қарай, қатерлі ісік уақыт өткен сайын жасарып барады. Жастары 50-ден асқандар арасында обыр жиі кездесетін болды. Сондықтан адамдар денсаулығына, өміріне жауапкершілікпен қарап, жылына бір рет дәрігерден тексеруден өткені абзал». Д.Қайдарованың айтуынша, жыл сайын балаларға қатысты өткізілген медициналық тексерулердің 70-90 жағдайдың біреуінде қатерлі ісік кездеседі. Мәселен, сүйектің рагі, мидың қатерлі ісігі, нейро, лейкоздар. Ауру балаларды Алматыдағы онкологиялық орталық тексереді де, Педиатрия институтына емдеуге жолдайды. Бүгінде бауыр обыры да дәрігерлер қауымын алаңдатып отыр. Бауырдың қатерлі ісігі дегеніміз – бауыр жасушаларында, гепотациттерде қатерлі жасушалардың қалыптаса бастағанда пайда болатын ауру. Созылмалы В немесе С вирусты гепатиттері, арақ-шарапты шамадан тыс қолдану, «афлактоксин» деп аталатын дән мен жаңғақ сияқты тағамдарда өсуі мүмкін зеңдердің уы арқылы ушығатын бауыр обырына әйелдерге қарағанда, еркектер көбірек шалдығады екен. Сонымен қатар бауыр циррозы да обырға ұшыратады. Бауыр циррозы дегеніміз – бауырда тыртық тіннің қалыптасуы. «Бауыр обырынан қалай қорғануға болады?» деген сұраққа дәрігерлер тарапынан берілетін кеңес: В гепатитіне қарсы егілу, дене салмағын бір қалыпта ұстау, арақ-шарапты көп ішпеу, темекіні көп шекпеу, құрамында зиянды заттар жоқ тағамдар мен таза ауызсу пайдалану, көгерген немесе қолдану мерзімі біткен тамақтарды жемеу. Былтырдан бастап Қазақстан аумағында бауыр обырының скринингі өткізілетін көрінеді. Скрининг азаматтар тіркелген емханаларда тегін болмақ. Кезең бойынша жүзеге асырылатын шараға ең алдымен созылмалы С гепатиті бар азаматтар тартылады. Бауыр обырын ерте кезеңде анықтауға арналған альфа-фетопротеинге қан тапсыру мен ультрадыбыстық зерттелу жылына үш рет өткізіледі. Керек болған жағдайда, дәрігерлер бауыр биопсиясы мен компьютерлік тамографиядан өтуге кеңес береді. Дәрігерлердің айтуынша, Қазақстанда өңеш пен асқазан обыры 50-ден асқандар арасында көптеп кездеседі екен. Ер адамдар әйелдерге қарағанда жиі ауырады. Дұрыс тамақтанбау, әсіресе, сүрленген, тұздалған немесе маринадталған тамақтарға, күшті алкогольді сусындарға әуес келетіндерде обырға ұшырау қаупі артады екен. Ал адамнан адамға оңай жұғатын аса қатерлі инфекция – Хилакобактер Пилори асқазанның қабынуына, сондай-ақ жараның пайда болуына әкеп соғады. Өңеш пен асқазан дертімен ұзақ уақыт бойы ауыру да обырдың асқынуына сеп. Мұндайда полипоз сияқты тұқым қуалайтын басқа да аурулардың обырға ұласатыны тағы бар. Жыл өткен сайын жасарып келе жатқан обыр әсіресе темекі тартатындар арасында ушығып тұр. Демек, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау үшін дәрігерге дер кезінде көрінген абзал.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ