Жаңалықтар

Мешімбаеваға қатысты үкім ертең шығады

ашық дереккөзі

Мешімбаеваға қатысты үкім ертең шығады

Статистика агенттігінің экс-төрайымы Анар Мешімбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот 2013 жылдың 4 желтоқсанында басталған еді. Содан бері сот процесі қызу түрде өтуде. Бұдан бұрынғы отырыста Біріккен ұлттар ұйымының жетекші статистері Анар Мешімбаеваны жақтап Қазақстан Президенті атына хат жолдаған болатын. Экс-шенеуніктің қорғаушысы  шетелдік 74 азамат қол қойған хатты оқып берді. Мешімбаеваны қолдағандар қатарында ресейлік жазушы, америкалық эколог та бар. Олар өз хаттарында айыпталушыны жеке танитындарын баяндаған.

Ал кешегі отырыста айыпталушының қорғаушысы Ботакөз Бейсембаева бюджет қаражатын талан-таражға салды деп айыпталған экс-шенеунікті кінәсіз деп санайды.

Алайда, мемлекеттік айыптаушы Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаеваны 8 жылға соттауды сұрады. Бұған қоса, оның бар мүлкін тәркілеп, жаза мерзімін толық  өтеп шыққан соң 5 жыл лауазымды қызметке алынбауын талап етті. Айыпталушының өзі соттағы ақырғы сөзінде өзін ақтауды көзіне жас алып, өтінген. «Бұл нағыз бассыздық! Мен бұл агенттікке жүрегімді, уақытымды, тәжірибем мен білімімді салғанмын», – деді Мешімбаева. Бұның алдындағы процесс кезінде Статистика агенттігі Ұлттық санақ кезінде Мешімбаевамен бірге айыпталып отырғандардан 558 миллион теңге шығын келгенін айтқан болатын. Агенттік бұл шығынды жемқорлықпен айыпталып отырған топтан түгел тәркілеп алуды сұраған.

Сот 32 томға арқау болған атышулы істі екі айдай қарап барлық куәгерлерді тыңдап шыққан. Бас-аяғы 758 миллион 200 мың теңгені бюджеттен жымқырды деп айыпталған Мешімбаеваға қатысты үкім 14 ақпан күні жарияланады.

 Динара Дүрмән