Жаңалықтар

Оймақтай ой: "Ел арна" жабылмасын!

ашық дереккөзі

Оймақтай ой: "Ел арна" жабылмасын!

Тоқтар Жақаш

“Девальвацияны алдын-ала ескертпеді” деп ренжиміз. Жарайды-ақ. Қаржы нарығында ажиотаж, алыпсатарлық, алаяқтық орын алмасын деген-ақ шығар. Ал енді қарадан-қарап, еліміздің ең үлкен ақпараттық идеология құралы “Ел арна” құрбандыққа шалынғалы отыр. Ресми себептері анық емес. Жұрт аузындағы сөзге сүйенсек ЭКСПО-2017 ақша жетпей жатқан көрінеді. Бірақ министр Мұхтар Құл-Мұхаммед те, одан дөкей мемлекеттік хатшы Кәрім Мәсімов те түсінік бермей отыр. “Ел арналықтарға” емес. Халыққа. Өздерін халықтың бір бөлшегі санаса – түсінік берсін! Бізде мемлекеттік, ұлттық арналарды көбейтудің орнына, тірсектен қию, басын шабу жиілеп барады. Мәдениет пен Білімнің бір арнаға айналғаны анау. Саны қысқарғанмен, сапасы өскен жоқ. Ұлт мүддесіне, ұлт мәдениетіне қызмет етіп, тіпті ары-беріден соң ұлттың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған “Ел арнаны” жабудың астарында не тұр? Тағы да қазаққа тас ату ма? Ояна бастаған ұлттың сезімін жөргегінде тұншықтыру ма? “Ел арнаны” жапқанша – мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздігімізге пысқырмай тайраңдаған Ресейдің бүкіл телеарнасы мен баспасөзіне неге тыйым салмасқа? Квота енгізіп, спутниктік жүйеге өткізбеске? Қысқасы, біз, төменде қол қоюшылар мемлекеттік хатшыдан “Ел арнаның” жабылмауын талап етеміз!