Жаңалықтар

Жасыл блокнот немесе өмір көші тоқтамайды

ашық дереккөзі

Жасыл блокнот немесе өмір көші тоқтамайды

Жетпіс алтыншы жылдың үшінші наурызында «Спутник» дәмханасында Тоқтар мен Розаның үйлену тойы болды. Курстастар, КазГУ-дің журналис­тика факультетінің студенттері мәре-сәре болып той тойладық. Оқу тобымыз «кәрілер мен жастар» болып бөлінетіндіктен, мектепті бітіре салып оқуға түскендердің арасынан алғашқы отау құрып отырған құрдастарымызға ерекше бақыт тіледік. Мәз-мәйрам болып жүрген Тоқтар маған жасыл блокнот сыйлады. Әрине, өлең жазсын деп берді ғой. Сол күні-ақ: Еркелеп өтті күндер, Жұпарын төкті гүлдер. Гүлденіп жүр едік қой, Өзгертіп кетті кімдер. Мен саған шертем сырды, Әлі де еркем сынды,– деп старос­тамыз Роза Нарымбетоваға наз ретінде өлең де жазып қойыппын. Тоқтар болса суретшілігіне салып қайықта жүзген екі ғашықтың, сұлу қыздың, тау сыртынан көрінген алтын күннің суреттерін салып тастапты. Балалық суреттердің, өлеңдердің соншама ыстық болып отырған себебі, таудан құлаған тасқындай қауіпті қаралы хабар болып жетіп, жайраңдап жүрген Тоқтар құрдасымның дүниеден өтуіне байланысты еді. Өмір әурешіліктерінен қиялы жоғары тұратын, асығыс та жедел жазғыш қалам иесі еді Тоқтар Баймағанбетов. «Правда» газетінен бастап, пионерлер баспасөзі, Қазақстанның барлық үнжарияларында оның еңбектері жарық көрді. Әсіресе азаматтық тұлғасы нар ақын Олжас Сүлейменовке еріп, «Семей – Невада» антиядролық қозғалысының отымен кіріп, күлімен шығып жүргенде биіктен көрінді. Біз оны мақтаныш тұттық. Орысша-қазақша бірдей жазатын. Енді міне, тарихтың тасасына кетіп бара жатқан ХХІ ғасырдың он үшінші жылында сол Тоқтарды жоғалтып, сол бір думаны ортаймаған студенттік қызықты күндерді, екеуіміздің арамызда достықтың нәзік жібін тартқан сол бір жылдарды еске алып отырмын. Бәрібір өмір өз дегенін істейді екен ғой. Тағы да бір курстасымыз, жазушы Сейітқұл Оспанов тағы да менің сол блокнотыма өткен күннің елесіне үңіліп, жиырмадағы жасымен даналық іздеп былай деп жазыпты: «Адам өскен сайын қулана түседі. Адамдығы жасандылықтың көзі ғана. Ортадан бейтарап қалудан қорқамын. Орта нені талап етсе – солмын», – деп философиялық трактаттың фрагменттерін түртіп қойыпты. Ақын Батық Мәжитұлының Тоқтар туралы айтқан «ол ортаға бейімделе алмады, қу, жасанды бола алмады. Нәтижеде өмір оған ауыр соқты» деген пікірлері көңіліме қонады. Өзгенің жүрісімен жүрмеген, өз жүрісінен айрылмаған Тоқтар биік мінездің азаматы еді. Жау оғының астында да өлімнен намыстың жоғары екенін қайта-қайта айтқан Баубек Бұлқышевтай романтик еді. Тоқтардың бұл қасиеті әсіресе Олжас Сүлейменов басқарған «Семей – Невада» қозғалысының насихатталу кезінде шын ашылды. «Адамнан оның ісі ғана қалады» деп М.Горький дұрыс айтқан ғой. Адамзатқа жасалған титімдей жақсылықтың бір бөлшегі Тоқтардың еншісінде. Тоқтар көңілі ашық адам еді. Ананың аялы алақанындай ыстық дос көңілі тап-таза еді. Соны қадірлеп, соны ардақтай білуді үйрендім одан. Басқаны қайдам, Тоқтар маған үнемі жаны ашып Алматыға жолы түскенде денсаулығымды сұрап тұратын. Ішкі есебі, өз сырын жасыру, өзгені алдау Тоқтардың басында жоқ мінез еді. Біреуге бақыт тілегенді жақсы көретін. Өзгеге жақсылық жасаса өзіне жақсылық жасағандай қуанатын жақсы азамат еді. Адам өзінің әрбір минутын пайдалы іске жұмсаса, сонысынан сәтті нәтиже шығарып отырса, үнемі асығып жұмыс-жұмыс деп жүрсе, қол қусырып не істесем екен демесе, өмірдің қызығы мен думаны сонда жатыр-ау. Тоқтар асығыс адам. Жедел хабарларды газеттерге хабардың оқиғасынан да жедел жазатын қаламы жүрдек журналист еді. Шынында ол үндемей жүріп көп тындырған адам еді. Айқайлап жүріп аз тындырғандардан оқшауланбайтын. Тоқтардай азаматтың атқарған ісі абыройы мен ар-ұятының барометрі еді. Онымен жұмыс істегендер мұны жоққа шығармайды. Сүбелі сыйлығы – еңбегі елдің еншісіне жараған бақытты адам ол. Жаныма шаттық сыйлаған досымның жарқын бейнесі жүрегімде жанып қалды. Соның ыстық ықыласының отынан әлі жылу алып келе жатқандаймын. …Бір кезде осы университетте оқығанымызды аудиториялар ескертетін сияқты. Бір бөлмеден жұқалтаң конспектісін шиыршықтап ұстап, жағасы жайлауда, екі езуі құлағында Тоқтар Баймағанбетов жүгіріп шығатын сияқты. Әйтпесе, әне Белгібай Шалабаев Қазақ әдебиеті тарихынан лекция оқып тұр: – Сәкен қазақтың белгілі жазушысы, оның түрмеден қалай қашқанын айтып берейін,– дейді. Тоқтар екеуміз терезеге қараймыз. Алматының күзі бітіп барады. Кеше ғана көшеде табан астында жатқан жапырақтар бүгіндері жоқ. Құдіретті сыпырушы сыпырып тастады ма екен. – Қашайық, – деді Тоқтар. Орта­дағы үзілісте қаштық та кеттік. Біз өзімізден қашып құтыла алмайтынымызды білмеппіз ғой. Дәл жаңағы профессор: «Өмірде не болмайды» деп кітап жазып еді. Біз сабақтан қашқан күн 20 қараша, 1974 жыл еді. Он сегіз, он тоғыз, жиырмада екенбіз-ау!.. Өмір көші тоқтамайды. Ол Тоқтар Баймағанбетов екеуміздің перзенттеріміздің қанында жалғасып жатыр. Мылтықбай Ерімбетов,    Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі