Жаңалықтар

НАРАЗЫ ТОП ТҰТҚЫНДА ОТЫР

ашық дереккөзі

НАРАЗЫ ТОП ТҰТҚЫНДА ОТЫР

Наразылық шарасына шыққандарды да, тіпті, журналистерді де тұтқынға алған тәртіп сақшылары 3 сағат бойы оларды босатпай отыр. Ал наразылық шеруіне себеп болған – теңгенің 20 пайызға күрт құнсыздануы. Биліктен әлеуметтік түйткілдерді шешуді талап еткен, девальвацияға наразы болған топты полиция жасағы дереу құрықтапты.

Ақпанның 11 күні ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов бұдан былай теңгенің долларға шаққандағы бағамын күштеп ұстап тұрудан мемлекет бас тартатынын мәлімдеді. Осыдан бес жыл бұрын 25 пайызға құнсызданған теңге сол күні тағы да 20 пайызға девальвацияланып, 1 доллар 185 теңгеге теңгерілді. Құзырлы органдар теңгенің құнсыздануын әлемдік нарық, дүниежүзілік экономика, отандық тауар өндірушілерді қолдаумен байланыстырған. Бірақ сарапшылардың көпшілігі бұл пікірмен келіспей отыр. Мәселен, танымал экономист Ораз Жандосов 2014 жылдың басынан бері теңгенің онсыз да 4,5 пайызға құнсызданғанын, 20 пайыздық девальвация негізсіз екенін айтты. Ресейдегі рубльдің девальвациясы 11 пайызбен шектелгенін мысалға келтірген ол 25 пайыздың негізсіз екеніне де тоқталған. Девальвация жарияланған күні-ақ ірі дүкендердің бірі есігін тарс жауып алса, енді бірі бағаны бірден бірнеше есеге көтерген. Олардың айтатын уәжі – тауардың басым бөлігі сырттан тасымалданады. Яғни, импорт. Ал отандық тауар жоқтың қасы. Үкімет мүшелері Премьер-министрдің пәрменімен дүкен-базарларды жағалап, бағаның «орнында» тұрғанына «көз жеткізіп» жүргенде басқа жақтан шу шықты: шенеуніктердің аяқтары жетпеген жерлерде баға бірнеше есеге көтерілген. Оны саудагерлер де жасырмайды. Ал күні кеше арнайы баспасөз мәслихатын өткізген құрылыс компанияларының өкілдері құрылыс заттары шекара сыртынан әкелінетіндіктен, баспана бағасы қымбаттайтынын ескертті. Сонымен қатар әуе жолының құны да өсті. Халықтың ашу-ызасына тиген де осы қымбатшылық.

Теңгенің құнсызданатыны туралы мәлімдеме жасалған күні-ақ, қымбатшылықтан қауіптенген халық БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы наразылық танытты. Азаматтардың кейбірі мұнымен де шектелмеді: ертеңінде 12 ақпанда ҚР Ұлттық банкінің бас ғимаратының алдында 50 шақты адам жиналып, ғимаратқа басып кірді. Оларға тіпті, күзет те тосқауыл бола алмаған. Бас банкир Қайрат Келімбетов Астанада болғандықтан, оның орнына бірінші орынбасары шығып, халықты тыныштандыруға тырысыпты. Бірақ ашулы топ оны тыңдаудан бас тартып, ашу-ызасын ақтарды. Наразылықтарын білдіріп болғаннан кейін олар Алматы қаласының әкімдігіне беттеген. Ол жақта да күзеттің кедергісіне тап болып, девальвацияға қатысты мардымды жауап алмақ тұрмақ, әкім А.Есімовпен кездесуге мүмкіндік болмады.

  Билікке ашулы топтың наразылығы мұнымен де бітпеді. Бүгін Алматыдағы Достық пен Абай даңғылдарының қиылысындағы Абай ескертішінің түбіне жиналған 50 шақты (кей деректерде 200-ден астам) азамат биліктен әлеуметтік қиындықтарды шешуді талап етіп, теңгенің құнсыздануына наразылық білдірді. Тәуелсіздік сарайының алдындағы наразы топтың арасында саясаткер Серікжан Мәмбеталин мен қоғам қайраткері Жасарал Қуанышалин бар. Биліктің жүргізіп отырған саясатына деген наразылығын ашық білдіргендер көп ұзамай Достық даңғылын бойлай, тау жақты бетке алады. Бірақ олар алысқа ұзап үлгерместен, полиция жасағы қарсы шығып, олардың кейбірі тұтқынға алынды. Көп ұзамай, Бостандық аудандық прокуратурасының өкілі шерудің заңсыз өткізілгендігін, демек, азаматтардың заң бұзғанын ескертті. Осы ескертуден кейін шеруге шыққандар жайлап тарай бастаған. Бірақ көп ұзамай, әлеуметтік желілер арқылы ақпарат таратқан саясаткер Зәуреш Батталова қазір Алматы қаласы Бостандық аудандық ІІБ-де саясаткерлер, қоғам белсенділері мен журналистердің тұтқынға алынғанын, жалпы саны 50-ге жуық азаматты 4 сағаттан бері босатпай отырғанын айтыпты.

  

Дәл қазір шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары бүгінгі наразылық шеруі туралы жарыса жазып жатыр. Өйткені биліктің саясатына ашықтан ашық қарсы шығу – Қазақстан үшін тосын жайттардың бірі. Әрі билік 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін түрлі шерулердің алдын алуға мүдделі. Былтыр тіпті, аяғы ауыр әйелдердің жөргекпұл мен жәрдемақыға қатысты наразылығын білдіру үшін де заңды түрде шеру өткізуге рұқсат бермеген.

  Алматыдағы наразылық шеруі Астанада да жалғасты. Алаңға шыққан 10 шақты азаматты тәртіп сақшылары тез құрықтапты. Сонымен қатар көшеге шыққан «Антигептил» қозғалысының мүшелерін де полиция жасағы желкелерінен түйгіштеп отырып, көліктеріне тоғытқан бейнежазбалар жүр әлеуметтік желілерде.

  Нәзия Жоямергенқызы