Сыздықова Паралимпиадалық комитетке де қарыз
Сыздықова Паралимпиадалық комитетке де қарыз
Парламент мәжілісінің экс-депутаты Бақыт Сыздықова жұмыссыз жүргенін кімнен көреді? Ол «Время» газетіне берген сұхбатында жұмыссыздықтың салдарынан партияға берешек ақшасын қайтара алмайтынын жеткізіпті. Кезінде “Қазақстанның болашағы үшін” қоғамдық бірлестігін басқарып тұрғанда “Астана.KZ” КВН командасының жоғарғы лигада өнер көрсетуі үшін ақша алғанын тілге тиек етіпті.
«Содан бері бес жыл өтті. Барлық қаражат тиісті нәрселерге жұмсалып кетті. Команда капитанында барлық түбіртектер сақтаулы. Егер мені сотқа шақыратын болса, олардың барлығын көрсетуге дайынмын. Біз осы жылы бірнеше рет партияға тиісті қағаздарды көрсетіп, аталған қарызды кешіруді сұрадық. Олар уәде бергенімен әлі ештеңе өзгерген жоқ”, – деп «реніш» білдірген.
Партиядан шығаруды талап ететіндер қарызды қайтаруды сұрап, тіпті пайыздық өсімді де еске салған көрінеді. Осыған ашуын білдірген ол “Нұр Отан” партия ма, әлде пайыздық өсіммен ақша беретін екінші деңгейлі банк па?” дегенді айтыпты.
Сондай-ақ, былтырғы жылдың қазанында Бақыт Сыздықованың Паралимпиадалық комитеттегі қызметінен кетуі туралы мәселе қойылған екен. Тіпті, ол содан бері жұмыссыз екенін айтады. Себебі, қазір «Б.Сыздықова Қазақстан паралимпиада комитетіне 30 млн. теңге қарыз” деген ақпарат та желдей есуде. Агенттіктердің хабарына қарағанда, тексеріс кезінде 2013 жылдың мамыр айынан қазан айына дейін қызметте болған оның 30 млн. теңгедей қарыз болып қалғаны анықталған. Паралимпиадалық комитет тиісті қаржыны 26 ақпанға дейін қайтармаса, сотқа жүгінуге тура келетіндіктерін мәлімдеген.
Динара Дүрмән