Жаңалықтар

АЖАЛЫ ШӘКІРТАҚЫСЫНАН БОЛҒАН ҚЫЗ

ашық дереккөзі

АЖАЛЫ ШӘКІРТАҚЫСЫНАН БОЛҒАН ҚЫЗ

 

Тонаған, қыз зорлаған, сөйтіп үш рет сотталған әрі туберкулездің ашық түрімен ауыратын адамды «Тұлпар такси» жұмысқа неге және қалай қабылдады? Ашкөздік пен жемқорлықтың құрбаны болған өрімдей жастың ажалына кім жауап береді? Алматы қаласындағы таксопарктердің бірінде жұмыс істейтін жүргізуші 15 жасар қыз баланы 35 мың теңге мен ұялы телефоны үшін буындырып өлтірген. Жаңа жылға санаулы күн қалғанда Айсұлу Жамбарбек Алматы-1 вокзалынан «Қарасу» шағынауданына бару үшін «Тұлпар такси» компаниясына тиесілі бір таксиге отырады. Алайда, оның жансыз денесі Боралдайдан табылған. Алматыдағы колледждердің бірінде оқитын оның қолында екі айдың шәкіртақысы (35 мың теңге) мен туған-туыстарына деп алған Жаңа жылдық сыйлықтары болған. Көлікке отырмастан бұрын жол ақысын төлеп жатқан кезде қылмыскер оның әмиянындағы ақшасын көреді. Өрімдей жастың ажалына себеп болған да – осы 35 мың теңге. Жол жиегінде жатқан қыздың мүрдесін полиция қызметкерлері тауып алады. Ал қылмыскерді жолдағы бейнекамералардың арқасында тапқан. Тонау мақсатында қызды өлтіргенін бірден мойындаған «Тұлпар таксидің» жүргізушісі – Виталий Атапин: «Таксиге отырған бойда ол бірден ұйықтап қалды. Баратын жерден өтіп кеткен едік. Жол жаман болғандықтан, бір кезде оянып кетті де қорыққандықтан, айқайлай бастады. Сосын сөмкесінің бауымен қылғындырдым… Оны өлтірем деп ойлаған жоқпын, тек ақшасын алып, қарыздарымнан құтылғым келген», – деп ақталыпты. Сорақысы сол, өрімдей қызды жер жастандырған Виталий Атапин үш рет сотталған көрінеді. Ол тіпті, ұрлық жасағаны мен қыз зорлағаны үшін де түрмеге отырып шыққан. Оған қоса туберкулездің ашық түрімен ауыратыны тағы бар… Кез келген салада адам тағдырына тікелей қатысы бар қызметкерлерді медициналық тексеруден өткізу, оның өмірбаянына қарау – мекеме әкімшілігінің басты міндеті. Өкініштісі, «Тұлпар такси» басшылары бұрын сотталған әрі өте қауіпті дертпен ауыратын Атапинді жұмысқа аларда қауіпсіздік шараларына немқұрайды қараған. Қайғылы жайттан кейін бұқаралық ақпарат құралдарына: «Атапин біздің мекеменің көлігін 2 ай бұрын жалға алған еді. Құжаттарын түгел өткізіп үлгермеген. Оның туберкулезбен ауыратыны анықталған жоқ», – деп азар да безер болған. Қыздарын сабаққа шығарып салып, үйге мүрдесін алып қайтқан марқұмның туғандары «Тұлпар такси» мекемесін лицензиядан айыруды талап етуде. Ал прокуратура қызметкерлері үш рет сотталған әрі туберкулезбен ауыратын азаматты жұмысқа ешқандай анықтамасыз алғаны үшін тексеру жұмыстарын бастады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Атапин 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Бірақ оның темір торға тоғытылуы сағағынан үзіліп түскен жас қыздың тағдырына араша түсе алмайды. Туғандарының да жан жарасы оңайлықпен жазылмасы анық. «Тұлпар таксидің» директоры Валерий Селезневтің айтуынша, Виталий Атапин жүргізуші куәлігін 2012 жылы алған, ал жеке куәлікті 2013 жылы ауыстырыпты. «Біз оның ешқандай ауруханада тізімде тұрмағаны туралы құжаттарын алдық. Жүргізуші куәлігін медициналық анықтамасыз қалай берген?», – деп қасын керген Селезневтің бұл сөзін тексеру жұмыстарын қорытындылған прокуратура қызметкерлері теріске шығарды. Олардың айтуынша, Виталий Атапин «Тұлпар такси» ЖШС-на 2013 жылдың 25 қарашасында қабылданған. Жұмысқа тұрардың алдында тапсырылуы тиіс құжаттар, оның ішінде сотталмағаны және денсаулығы туралы анықтама Атапин өткізбесе де, «Тұлпар такси» ЖШС-нің медициналық қызметкері «анықтаманы өткізді» деген жалған ақпаратпен оны жұмысқа қабылдапты. ҚР «Халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңының 90-бабына сәйкес, заңды тұлғалар қолында жеке куәлігі, медициналық тексеру туралы анықтама жоқ азаматтарды жұмысқа қабылдауға тыйым салынған. Егер ауа арқылы тарайтын инфекциялық аурумен ауыратындары болса немесе табылса, жұмыстан аластатылуы тиіс. Сонымен қатар бұрын сотталмағанын, яғни, заң бұзбағанын анықтайтын құжаты да болуы керек. Бұлардың барлығы адамдардың өмірі, денсаулығы мен тағдырына тікелей қатысты болғандықтан. Демек, заңды бұзған «Тұлпар такси» ЖШС-нің медициналық қызметкері қаншама адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді. Өйткені туберкулездің ашық түрімен ауыратын Атапин қарашадан бастап қанша адамға қызмет көрсетті. Ал оның «Тұлпар такси» ЖШС-ға тиесілі көлігіне жас пен кәрі, бала-шаға, аяғы ауыр қаншама әйел мінді. Ауа арқылы тарайтын туберкулездің қанша адамға жұғып үлгергенін де бір Аллаға аян. Өз құқықтарын заң шеңберінде аянбай қорғайтынын айтқан «Тұлпар такси» ЖШС басшылығы жеп отырған нанынан айрылып қалам деп жанталасуда. Бірақ заңды бұзғандардың заң туралы айтқаны естіген құлаққа ерсі. Селезнев тіпті, Айсұлудың үйінде болып, оның туғандарына көмек беруді ұсыныпты. Оған илікпеген марқұмның жақындары «Тұлпар такси» ЖШС-ін лицензиядан айыруды талап етіп отыр. Ал покуратура қызметкерлері В.Атапинді қызметке заңсыз қабылдаған медициналық қызметкерді әкімшілік жауапқа тартпақ. Сонымен қатар аталған мекемедегі барлық қызметкерге тиесілі құжаттарды тексеруге шешім қабылдаған. Ақшаға құныққандардың кесірінен құрбан болған өрімдей жастың ажалы ашкөздікпен қатар жемқорлықтан болды. Өкініштісі, еліміздің түкпір-түкпірінде мұндай келеңсіздік пен қайғылы жайт азаймай отыр. Демек, заңның сақталуын қадағалауға құзіретті органдар тексеру мен талапты күшейте түсуі тиіс. Ал «Тұлпар такси» ЖШС-інде болған қайғылы оқиға адамдардың өмірі мен тағдырына қатысы бар басқа мекемелерге сабақ болса игі