Жаңалықтар

ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНДАҒЫ БЫЛЫҚ-ШЫЛЫҚ

ашық дереккөзі

ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНДАҒЫ БЫЛЫҚ-ШЫЛЫҚ

Қазақстанның қорғаныс саласында жемқорлық әбден дендеп кеткен сияқты. Мемлекетке тиесілі қаражатты миллиондап, миллиардтап қалтасына басатын кейбір әскери шенділер қорғаныс пен қауіпсіздікке емес, бизнеске бас ұрған. Заңға, темірдей тәртіпке бағынуы тиіс әскерилер заңды неге белшеден басады? 

«Сардарлар саудамен айналыспасын» 

Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері бір анық: елде жемқорлық ушығып барады. Кез келген қоғамды кері кетіріп, тіпті, тұралатып тастайтын бұл дерт кез келген саланы дендеп алған. Тіпті, қорғаныс саласын да. Айталық, 2013 жылдың ақпанында «біздің мақсатымыз – коррупциялық заң бұзушылықтардың алдын алу, оған жол бермеу. Соңғы 3 жыл ішінде әскерилер арасында жемқорлыққа қатысты қылмыстардың азайғанын байқаймыз. Былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда, 43 пайызға азайды», – деп мәлімдеме жасаған ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бағдат Майкеев арада бір жыл өткенде жемқорлар тізіміне өзі ілінді. Сонымен қатар халықаралық Transparency International жемқорлыққа қарсы ор­талықтың өкілдері Қазақстан Респуб­ликасының Қорғаныс сала­сын сыбайлас жемқорлық ден­де­ген салалар тізіміне енгізді. Бұл еліміздің жемқорлыққа қарсы кү­рес­­тегі қарқыны мен әлемдік сах­­на­дағы беделіне айтарлықтай нұқ­сан келтіргені анық. ҚР бас про­ку­ратурасының мәліметтеріне сүй­енсек, Қазақстанда жасалатын корруп­ция­лық қылмыстардың 65 пайызы әскери қызметкерлердің үлесінде кө­рінеді. Осы себепті, тіпті, Бас прокуратура ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің атына хат жолдап, қорғаныс саласындағы жемқорлыққа қатысты мәліметтерді жайып салыпты. Өкінішке қарай, шыққан нәтиже шамалы: пара алған, мемлекеттің қаржысын жым­қырған­дар саны азаяр емес, өзіне қол салған әскерилер тағы бар. Запастағы әс­кери қызметкерлер одағының пре­зиденті, генерал-майор Айтқали Есенқұловтың пікірінше, әскерилерді сауда-саттыққа араластырмау керек: «Мен о бастан әскерді коммерциялауға түбегейлі қарсы болғанмын. Армия генералы, ҚР Қорғаныс министрі Нұрмағамбетов қызметтен кеткеннен кейін әскерді коммерциялау қол­ға алынды. Мұның барлығы жо­ғары лауазымды тұлғаларды заң­сыз тендерлерге қатысуға, қару-жарақ сату сияқты былықтарға ара­лас­тырудан басталған еді. Бұл дұрыс емес. Тендер өткізу, қару-жарақ сату сияқты мәселелермен үкі­меттік органдар, яғни, арнайы тағай­ын­далған қызметкерлер айналысуы тиіс. Әскери мекемелер қару-жарақты іске жарамсыз деп тауып, тізімін жасауы керек, ал азаматтық мекемелер оларды сатуға міндеттеледі. Қорғаныс саласы тек әскери дайындыққа, сарбаздардың әскери біліктілігін арттыруға көңіл қоюы қажет. Менің тарапымнан қойылған талаптар осындай болатын. Қызметтен өз еркіммен кетуіме де осы себеп. Ал әскери шенділердің басы дауға қалуы, кейбіреулердің өз өзіне қол жұмсауы сияқты келеңсіздіктердің жиілеп кетуінің себебі, меніңше, Қорғаныс саласының жоғарғы бөлігінде, басшылықта қара дақ пайда болғанын дәлелдейді. Оны тазартып, кірден арылу керек». 

Шынында да, былтыр және биыл ашылған қылмыстардың 2011 жылы Елбасының пәрмені бойынша құрылған Антикоррупциялық штаб­тың назарынан қалай тыс қал­ғаны түсініксіз. Қорғаныс сала­сына қатысты былықтарды неге про­ку­ратура қызметкерлері ашуда? Бізді алаң­дататыны, тәуелсізідк алғалы бері еліміздің қорғаныс саласына бөлінетін қаражаты 25 пайызға өскен. Яғни, қыруар қаражат қараусыз қалғаны үшін, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Егер жемқорлар қымқырып жатқан аса ірі көлемдегі қаражатты елдің көркеюіне, халықтың әлеуметтік жақсаруына жұмсасақ, әлдеқайда тиімді болары анық.

 «Қазаннан қақпақ кетсе…»

Бүгінде Қазақстанға әскери және қорғаныс саласында серіктестік орнатуға мүдделі мемлекеттер көп. Олардың арасында украиндар да бар. 2012 жылдың мамырында КADEX-2012 әскери техникалар көрмесіне Харьковта шығарылған БТР-4 оқ өткізбейтін көлігін әкелді. Көрмеде отандық өнімдерін жарнамалаған украиндық «UkrOboronProm» кәсіпорнының жолы болды. Олармен серіктестікке Қазақстан тарапы мүдделілік танытқан. «Қазақстан Инжинеринг» ҰК» АҚ президенті Болат Смағұлов көрме барысында аталған БТР-4 көлігін Семейде құрастыруға және БТР-дің ескі модельдегілеріне жөндеу жұмыстарын Львовтағы зауытта өткізуге келісілгенін айтты. Украиндықтармен жүргізілетін барлық келісімшарттарға генерал-майор Алмас Әсенов жауапты еді. Ал украиндар жақтан «Укрспецэкспорт» компаниясының өкілдері Александр Школяренко мен Александр Хрулев тағайындалыпты. Осы екеуін Астанадағы әуежайда Алмас Әсеновке 200 мың доллар көлемінде пара беріп жатқан жерінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері тұтқынға алды. Құрықталғаннан кейін біраз уақыт бойы уақытша тергеу изоляторында отырған Алмас Әсенов – 11 жыға, А.Школяренко мен А.Хрулев 6 жыл бас бостандығынан айрылды. Бүгінде олар жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр, ал дүние-мүліктері тәркіленген. Әсеновтің қылмысына қосымша жүк болғаны – 2012 жылдың желтоқсанында әскерилер толы АН-72 әскер ұшағының Шымкент маңында апатқа ұшырауы. Апатта Қазақстан шекара қызметінің басшысы Тұрғанбек Стамқұлов, оның әйелі және басқа да 25 адам қаза тапқан. Мұны ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев та жасырмады. Былтыр желтоқсанда ҚР Әуе Қорғанысы Күштері Бас қолбасшысының бұрынғы орынбасары Асқар Бөлдешев 8,5 жылға сотталды. Мемлекеттік бюджетке тиесілі 140 миллион теңгені қымқырғаны үшін қапасқа қамалған оны мемлекеттік сыйлықтарын да кері қайтарып алу жағы қарастырылуда. Өйткені авиация генерал-майоры А.Бөлдешев С-300 зениттік-зымырандық кешенге қажетті бөлшектерді сатып алуда ескі, жөндеуге келмейтін бөлшектер алған көрінеді. Алаяқтығы үшін сотқа тартылған Талғат Жұмаханов – тозығы жеткен бөлшектерді сатушы фирманың қожайыны. Мемлекет қазынасына қол салған екі қылмыскерді құрықтауға Ресейдің арнаулы қызметі де атсалысқан. 

Темірдей тәртіп пен әскери әділдік орнауы тиіс қорғаныс саласында жемқорлық неге дендеп кеткен? Бірінен соңы бірі тұтқындалып, жемқор атанған әскерилердің тәубесіне келе алмауының себебі неде? КСРО кезінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің полковнигі болған Арат Нарманбетов «Азаттық» радиосына берген сұхбатында: «Қазақстан қарулы күштеріне тиесілі әскери техниканы күрделі жөндеуден өткізуде жемқорлықтың дендеп кетуінің себебі, аталған салада қадағалау мен бақылаудың болмауымен байланыстырыпты. Апатқа ұшыраған ұшақ (АН-72 – Н.Ж.) Украинада жөнделді ғой. Сондай-ақ, тек күрделі жөндеуден өткізілгеннен кейін ғана ұшырылғанда бірден бір-біріне түк қатысы жоқ 3 бөлшегі істен шығады. Демек, күрделі жөндеуден өткізілмей, жеңіл-желпі жөнделуі мүмкін. Бірақ төленген ақша күрделі жөндеуге сай болды емес пе? Дәл осындай схема әскери мекемелерде көбейіп келеді. Азаматтық салаға қарағанда, әскери саланы қадағалау әлсіз ғой», – деді. 

«Вице-министрді бірден қамап тастады»

Қорғаныс саласындағы былық мұнымен бітпеді. Арада сәл ғана уақыт өткенде, 2013 жылдың 11 ақпанында тағы бір әскери шенді, анығы, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Қажымұрат Мейірманов 4 жылға сотталды. Қ.Мейірманов Қазақстан Республикасының Қорғаныс күштері үшін құрылған «Найза», «Семсер», «Айбат» атты жаңа әскери жүйелерді қалыптастыру және жүзеге асыру барысында қызметі мен лауазымын асыра пайдаланды деген айыппен 2009 жылы тұтқынға алынған болатын. Ішкі істер министрлігінің сайтындағы ақпаратта «Израильдік бір компаниямен қару-жарақты модернизациялауға қатысты келісімшарт түзуде қызметін асыра пайдаланғаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы, 2-тармағы бойынша айыпты деп табылып, 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. Алайда, ҚР Қылмыстық кодексінің 58-бабы, 6-тармағына сәйкес, қылмыстарының көптігіне байланысты Мейірманов Қажымұрат Нұрғалиұлын 11 жылға дейін бас бостандығынан айыруға, дүние-мүлкін тәркілеуге және жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарылды», – деп жазылыпты. Сол кезде ҚР қорғаныс саласындағы ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-құрастыру жұмыстарына жауапты болған Мейірмановқа пара бергені және алаяқтығы үшін Израиль азаматы Борис Шейнкман да 11 жылға сотталған. Аталған қылмыстық іс шеңберінде ҚР Қорғаныс министрлігі осы саладағы басқа да әскери қызметкерлерге тексеру жүргізген. Нәтижесінде, израильдік IMI Soltan және Sistems деген фирмалармен келісімшарт жасау барысында мемлекеттік бюджетке 82 миллион долларға жуық шығын келгені анықталды. Аталған мекемелердің ресми өкілі ретінде танылған Борис Шейнкманның тұтқынға алынып, 11 жылға сотталуы сондықтан.

Пара мен жемқорлыққа белшеден батқан Қорғаныс саласындағы былық мұнымен де бітпеді. Өткен аптада Ақмола облыстық гарнизонының әскери соты тағы бір әскери шенді – ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бағдат Майкеевті 2 миллион доллар көлемінде пара алды деген айыппен, ҚР Қылмыстық кодексінің 132-бабына сәйкес, уақытша қамауға алуға шешім шығарды, сондай-ақ, ҚР ҚК-нің 311-бабы («Аса ірі көлемде пара алғаны үшін») бойынша қылмыстық іс қозғалды. 2011 жылдан бері вице-министрлік міндетті атқарып келген Майкеев ҚР ІІМ Ішкі әсер қолбасшысының орынбасары, Алматы облыстық ІІБ бастығы, ҚР Қорғаныс министрлігі Материалдық-техникалық қамтамасыз ету бас басқармасының бастығы сияқты басқа да бірқатар лауазымды қызметтер атқарған. Астанадағы көпқабатты үйлердің ауласында 2 миллион доллар (прокуратураның мәліметтерінде 252 миллион теңге мен 147 мың доллар) көлеміндегі парамен қолға түскен. Бір таңданарлығы, ол 2013 жылдың 14 желтоқсанында ғана міндетін мүлтіксіз атқарғаны, ерлігі, заңды қатаң сақтағаны, тәртіпке бағынғаны, елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайтудағы сіңірген еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған екен. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерінің айтуынша, «бұл коммерциялық құрылымдардың Майкеевке 2013 жылы жасаған келісімшарттарға пара ретінде берген ақшасы». Яғни, қорғаныс саласына қатысты тендерлерге қатысқан кәсіпкерлердің генерал-майорға берген «сыйақысы». Сот процесі кезінде прокурордың «Қ.Майкеев аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталғандықтан, егер бостандыққа шықса, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары міндетін атқаратын генерал-майор Майкеев қызметін пайдаланып, тергеу амалдарына кедергі жасауы немесе бой жасыруы мүмкін» деген сөзінен кейін генерал-майорды уақытша тергеу изоляторына қамауға шешім шығарыпты. Бұдан кейін БАҚ өкілдерімен кездескен Майкеев: «Ол ақшаны көрген жоқпын. Мені жолда тоқтатты. Әріптесім хабарласып, кездесуді ұсынды. Біреу сөмкені менің көлігіме тастап кетті, мен оның ішінде не барын білген жоқпын», – деп ақталды. Ал Respublika-Kz жариялаған деректерде ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің Майкеевті абақтыдан босатып алуға, тіпті, бақталастарға арандап қалған құрбан ретінде көрсетуге жанталасып жатқанын айтыпты. Оның себебін екеуінің достығымен байланыстырған: «Жақсыбеков пен Майкеев жақын дос әрі бизнестегі серіктес. Екеуінің Алматы қаласында «Алтын Орда», сыраханалық мейрамханалары, «Алтын Адам» кешені мен «Әли-Баба» кафесі, Астанадағы жер сату мен құрылыс бизнесі бар».

Қаржы көп, жемқорлар да

Өкінішке қарай, жемқорлық пен ашкөздіктен шекараға жауап беретіндер де былыққа батуда. Күні кеше ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының бұрынғы орынбасары Серік Әшімбаев тұтқынға алынды. Былтыр үстінен қылмыстық іс қозғалған Әшімбаевқа да ҚР қылмыстық кодексінің 380-бап, 2-тармағына сәйкес «қызметтік лауазымын асыра пайдаланғаны үшін» айып тағылыпты. Сонда ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік тұтастыққа жауап беретіндердің қолы мен ары таза болмаса, басқаларға не жорық?!

Кейбіреулер үшін «майлы жіліктің басына» айналған ҚР Қорғаныс саласына 2012-2014 жылдар аралығында мемлекеттік бюджеттен 1 трлн. 12 млрд. теңге бөлінді. Осыдан екі жыл бұрын республикалық бюджетті бекіту барысында ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев: «Қорғаныс саласына 2012 жылы 340 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл 2011 жылдың жоспарлық көрсеткіштеріне қарағанда 81 млрд. теңгеге (23,8 пайызға) артық. Оның ішінде қорғаныс саласына арналған қаражат 6,7 млрд. теңгеге артық», – деген еді. Яғни, ҚР Қорғаныс министрлігіне бағытталатын қаражат жыл сайын артып келеді. 1991-2011 жылдар аралығында Қазақстанның әскери бюджеті 25 есеге өсіпті. Тәуелсіздікті енді алған жылдары еліміздің қорғаныс саласына бөлінетін қаражаты 8 млрд. теңге еді, қазір бұл сома 200 млрд. теңгеден астам. Өкініштісі сол, халықтың қауіпсіздігі мен бейбітшілігін қамтамасыз етуге жұмсалуға тиіс ақшаны кейбір жемқор шенеуніктер «қазаннан қақпақ кетсе»-нің керін келтіреді. 

Тағы бір өкінішті жайт, соңғы кездері шекара шебіндегі шетін жайттар жиілеген: мысалы, былтыр 31 қаңтарда өз-өзіне қол салған, анығы, өзін өзі атқан ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Шекара академиясының басшысы Талғат Есетов жұмыс кабинетінде, ауыр жаралы күйде табылып, көп ұзамай қайтыс болды. ҰҚК-нің Шекара Академиясын 2009 жылдан 2013 жылға дейін басқарған ол Үшарал шекара отрядының басшысы, аймақтық «Солтүстік», «Оңтүстік» шекара басқармаларының бастығы қызметтерін атқарған. Былтыр елді дүрліктірген атышулы «Арқанкерген» шекара бекеті де марқұм басшылық еткен Үшарал шекара отрядының құрамына қарайтын. Тағы бір қайғылы оқиға – былтыр 4 ақпанда Шонжы шекара отрядының «Шығыс» аймақтық басқарма бастығының орынбасары Мұрат Қадыралинов те өзін-өзі атып өлтірген еді. Қазаның нақты себебі ашылмады, қоғамға ашық айтылмады..

Ал қорғаныс саласына қатысты бюджетті қадағалауға міндетті Есеп комитетінің мәліметтеріне келсек, 2005-2006 жылдары ҚР Қорғаныс министрлігіне арналған бюджеттік бағдарламалардың дұрыс орындалмағаны туралы 2007 жылы Есеп комитетіне мүше болған Зинаида Загоскина баяндама жасаған болатын. Сол кезде заң бұзушылықтардың атауының өзі 20 бетке дейін созылыпты. Ал 2006-2010 жж. Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімшелеріне бөлінген қаражаттың қалай игерілгендігі туралы ақпарат жоқ. Егер Есеп комитеті тарапынан жүйелі түрде өткізілетін тексеру жұмыстарының нәтижесі ашық жарияланса, әскерилерге қатысты жемқорлықтың азаяры сөзсіз.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ