Жаңалықтар

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

ашық дереккөзі

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Қазақ поэзиясының марқасқасы, өмірі өлең, өлеңі өмірге айналған Мұқағали Мақатаевқа арналған кеш ерекше сезім мен сырға толы болды. Ақын өлеңдерін насихаттау, жастар бойында патриоттық сезімді тәрбиелеу мақсатында өткен кеш оқу орнының кітапхана ұжымы мен педагогика және психология факультеті студенттерінің ұйымдастыруымен өткізілді. 

Кеште Қыздар университетінің шығармашыл жастар қауымы Мұқағали Мақатаевтың сарқылмайтын шабыт пен сағынышқа толы жырларын тебірене оқып, ақын сөзіне жазылған «Саржайлау», «Сәби болғым келеді», «Фариза», «Жапырақ жүрек жас қайың» сияқты біраз әндерін шарықтата шырқады. Сонымен қатар, ұлы ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан театрландырылған қойылым шебер орындалды. Ақын шығармашылығына деген сүйіспеншіліктерін осылайша көрсеткен ақынжанды жастар өз жүректерінен шығарған арнау өлеңдерін оқыды. Сонымен бірге, «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деген Мұқағали өлеңдерінің  ұмытылуына жол бермейміз десті. Әдеби кеште ақиық ақынның өз даусымен оқылған өлеңдері тыңдалып, кітап көрмесі, ақын шығармасы мен өмірбаянынан сыр шертетін слайд-шоу қатысушылар назарына ұсынылды. 

Кеш барысында осы кешті ұйым­дастырушының бірі Айсұлу Кенжан:  «Ұлы ақынның  шығармалары арқылы бола­­шақ ұрпақтың  бойына патриоттық тәрбиені, ұлттық болмысты қалыптастыруға  бәріміз міндеттіміз. Мұқағали Мақатаев өлеңдерінен ірі ақындық қуат пен азаматтық ар-намыстың, биік рухтың жемісі  көрініс тауып отырады. Сондықтан, ұрпақ бойына ұлттық рухты сіңіру үшін ұлы тұлғаның еңбектерін  жастарға дәріптеуіміз керек. Рух – тәуелсіздіктің көк байрағын желбіреткен күш. Олай болса, ұлы қазақ халқының ұрпағының рухы әрқашанда биік болуы тиіс», деді. Оның айтуынша, ақынның ой айтудағы өткірлігі, батылдығы жас ұрпаққа өнеге, тәлім, сабақ берері сөзсіз.

Сонымен қатар, кеш туралы аталмыш шараның өтуіне мұрындық болған, ғылыми кітапхананың оқырманға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Алма Күрішбекова да өз ойын ортаға салды: «Бүгінде ақынның нәзік поэзиясы ақынжанды жастардың, жалпы жырсүйер барша әр жанның жүректерінен ойып орын алды. Бүгінде Мұқағали өлеңдерін сүйіп оқымайтын қазақ жоқ десем де болады. Бұл ақын жырларының мәңгілік екендігін көрсетеді. Біздің бүгінгі шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – ақынның сыр сандығындағы өлеңдерімен жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу, рухани әлемдерін байыту, сонымен бірге ұлттық мұраға қосылған асыл қазыналардың бірі Мұқағали мұрасын жас ұрпаққа насихаттау болып табылады», – деді. 

Поэзия жұлдызына арналған кеш «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім» деп өзі айтып кеткендей мәңгілік жасай беретіндігін көрсетті. 

Ерсұлтан Махамбетәлиев