Жаңалықтар

КЕШЕНДІ ЖОСПАР КЕЛЕШЕККЕ НЕГІЗДЕЛГЕН

ашық дереккөзі

КЕШЕНДІ ЖОСПАР КЕЛЕШЕККЕ НЕГІЗДЕЛГЕН

Жезқазған аймағын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру барысында 9 мың уақытша жұмыс орны, 2 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Министр Болат Жәмішев «БІЗ – Қазақмыс» порталына берген сұхбатында өңірдің келешегі жайында жан-жақты баяндап берді.

– Болат Бидахметұлы, Жезқазған аймағын дамыту жөніндегі Кешенді жоспарға өзгерту енгізу туралы бастаманы кім көтерді? Оның қажеттілігі қандай? 

– Ең алдымен, Жезқазған аймағының болашағы өнеркәсіп саласының дамуына тәуелді екенін айтқан жөн. Аталған өңірдегі өнеркәсіп ошақтарының арасындағы ең негізгісі Қазақмыс корпорациясы екені сөзсіз. Сол себепті аймақтың тыныс-тіршілігі де компания төңірегіндегі жағдайға тікелей байланыс­ты. Өйткені Қазақмыс компаниясының 22 мың жұмысшысы – Жезқазған аймағындағы жұмысқа қабілетті тұрғындардың төрттен бірін құрайды. Аймақ экономикасында жылдар бойы қалыптасқан тарихи құрылымға сәйкес, мұндағы халықтың өмірі осы қаладағы негізгі кәсіпорынға тәуелді болып отыр.

Бүгінгі таңда өндірілетін кен көлемі 28 миллионнан 19 млн. тоннаға дейін қысқарды. Оның үстіне, кен құрамындағы мыстың үлесі де төмендеп, мыс өндіру көлемі бұрынғы 276 мыңнан 105 мың тоннаға дейін кеміген.

Бұл цифрлар өңір экономикасының төмен қарай құлдырап бара жатқанын көрсетеді және тиімділігі төмендеген жағдайда кен өндірісінің жақын болашақта тоқтатылуы мүмкіндігін дәлелдейді. Сондықтан кәсіпорынның міндеті – өндіру технологиясын өзгертіп, өндірілетін кен көлемінің артуын қамтамасыз ету, аймақтағы экономикалық көрсеткіштерді жақсарту. Кешенді жоспарға енгізілген шешімдерді толық жүзеге асырып, Қазақмыс компаниясы белгілеген өндірістік міндеттер шешімін тапса, жобаның ғұмыры тағы 40 жылға ұзарады. Біз жұмыс орындарын қысқартпаймыз, керісінше, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отырмыз.  

– Үкімет отырысында жасаған баяндамаңызда сіз Жоспарда корпора­цияның Жезқазғандағы кеніште­рінің бір тобын пайдасы төмен кеніштер қатарына енгізуге бағытталған іс-шаралар қарастырылғанын айттыңыз. Бұл жерде қандай іс-шаралар жөнінде әңгіме болып отыр?

– Жалпы, бұл мәселеге Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі жауап береді. Салық кодексінде белгілі бір кеніш рентабельділігі төмен деп табылған жағдайда пайдалы қазбалар өндіруге салынатын салық көлемі азайтылады деген норма бар. Салықтың көлемі өндіріс көлемінің қалай бағаланғанына байланысты. Ал, өндіріс көлемі қаржылық-экономикалық модель негізінде бағаланады. Содан соң пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың төмендетілген мөлшері анықталады. Бұл кәсіпорынның рентабельділігін сақтап қалуға көмектеседі.  

Мұның да өндіріс көлемі төмендеп, кен құрамындағы мыс үлесі азайып отырған шақта кәсіпорынға жасалып отырған қолдау екендігі даусыз. Бұл Қазақмыс корпорациясына ғана арнап жазылған норма емес. Ол қолданыстағы Салық кодексіндегі талаптардың бірі.

– Жоспарға сәйкес, алдағы екі жылда негізгі деген сегіз бағыт бойынша әр-түрлі іс-шаралар атқару көзделген. Оның ішіндегі «ең қымбаты» – көлік инфрақұрылымы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы. Олардың әрқайсысына 12,4 млрд. теңгеден жұмсалмақ. Экология және табиғат қойнауын пайдалануға 9,2 млрд. теңге, минералды-шикізат базасын кеңейтуге 5 млрд. теңге бөлінеді екен. Енді осы жайында толығырақ баяндап берсеңіз.

– Кешенді жоспарда үкімет жергілікті атқару органдарымен бірлесе отырып, аймақтағы жалпы ахуалды жақсартуға мүмкіндік беретін шараларды жүргізу мәселесін қарастырған. Жұмсалатын қаржының едәуір бөлігі – кәсіпорынның минералды-шикізат базасын кеңейтуге арнаған қаржысы есебінен алынады.

Жоғарыда біз Қазақмыс қызметінің көкжиегі тағы 40 жылға ұзаратынын айттық. Бірақ, бұл тарихи өлшем тұрғысынан алып қарағанда, шектеулі ғана мерзім. Әрине, ол қазіргі ұрпақ үшін аз уақыт емес. Дегенмен, бұл жерде Жезқазған аймағын болашақта да өмір сүруге қолайлы, жұмыс орындарымен қамтамасыз ете алатын өңірге айналдыру жөнінде әңгіме болып отыр. Сондықтан да біздің елімізде моноқалаларды, шағын қалаларды қолдауға бағытталған бағдарламалар жұмыс істейді. Бұл бағдарламалар қаланың негізін қалайтын бір ғана кәсіпорын қызметіне тәуелділіктен арылтып, аталған елді мекендердегі тіршілік стандарттарын жақсарту және өмір сүруге қолайлы жағдайлар жасауды көздейді және бұл бизнесті дамытуға қажетті маңызды алғышарттардың бірі болып табылады.

Сонымен қатар, бизнесті, аймақтағы өзге де кәсіпорындарды дамыту мәселесі өз алдына жеке әңгіме. Алайда, әлеуметтік инфрақұрылымдар мен инженерлік коммуникациялардың деңгейі де лайықты дәрежеде болуы тиіс.

Көлік инфрақұрылымына қатысты айтар болсақ, жоба бойынша «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы» автокөлік жолының жүз шақырымға жуық бөлігін қайта қалпына келтіру көзделген. Өйткені бұл жолдың экономикалық тиімділігі жоғары. «Есіл-Петропавл» тас жолының 15 шақырымдық учаскесін көшіріп, жолды басқа жақтан тарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Жезқазған-Есіл-Петропавл» күре жолы мен «Жезқазған-Арқалық» аралығындағы жолды қайта қалпына келтіру де ойда бар.

Тұрғын үй-құрылыс шаруашылығы саласында Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы қатты тұрмыс қалдықтарын басқару жүйесін жаңғырту көзделген. Осы қалаларда тұрмыс қалдықтарын басқару жүйесін жаңғырту жобасына жұмсалатын инвестицияның негіздемесін әзірлеу қажет. Кәріз тазарту жүйелерін, Жезқазған қаласын сумен қамту жүйесін қайта қалпына келтіріп, жаңғырту керек. Сонымен қатар, Жезқазғандағы Кеңгір су қоймасы айналасына жасыл-желек отырғызу, кәріз желілерін тарту сынды тағы да басқа мәселелерді ойлас­тыру қажет.

Шын мәнінде, бұл жан-жақты ойластырылған жоспар. Толық іске асқан жағдайда ол аймақтың тұрмысын жақсартып, бизнеспен айналысуға қолайлы мүмкіндіктер туғызуға көмектеседі деп ойлаймын.

– Сіз жұмыс орындары ашылады деген болатынсыз. Сол туралы толығырақ айтып берсеңіз… 

– Кешенді жоспарды жүзеге асыру барысында 9 мың уақытша жұмыс орны, тұрақты 2 мың жұмыс орны ашылады. Бұл аталған бағдарлама үшін тәп-тәуір көрсеткіш. Сондай-ақ, бұл цифрды қоспағанда, өмір сүруге, бизнеспен айналысуға қолайлы жағдай жасалған жағдайда бұл өңірде шағын және орта бизнестің дамуына түрткі болады.

Біздің болжауымызша, шағын және орта бизнестің жалпы өнеркәсіп өніміндегі үлесі 9 пайыздан асуы тиіс (18,7 млрд. теңгеден 27,5 млрд. теңгеге дейін). Негізгі капиталға инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар да алдағы уақытта жалғасын табады. Нәтижесінде инвестиция көлемі 27 пайыз артып, 32 млрд. теңгеден 41 млрд. теңгеге жетуі тиіс. Сонымен қатар, жоспардағы міндеттер табысты жүзеге асырылған жағдайда орташа айлық жалақы орта есеппен 14 пайызға артпақ (109 мыңнан 124 мың теңгеге дейін).

– Аталған Жоспарды жүзеге асыруда мемлекеттік органдар мен Қазақмыс компаниясы қандай рөл атқарады?

– Кешенді жоспарда әрбір органға нақты міндеттері жүктелген. Үкіметке де, жергілікті атқару органдарына да, Қазақмыс корпорация­сына да жүктелген шаруалар бар. Олардың бәрі цифрланған, іске асыруға қажетті қаржы бөлінген, жүзеге асыру мерзімі белгіленген. Кешенді жоспар кәсіпорындар мен жергілікті атқару органдарының арасындағы қоян-қолтық байланыстар негізінде іске аспақ.

– Соңғы кезде кейбіреулер мемлекет Кешенді жоспар арқылы жеке меншік компанияға салық төлеушілер есебінен қолдау көрсетіп жатыр дегенді айтып жүр. Осыған қатысты пікіріңізді білсек? 

– Білесіз бе, бұл өмір шындығы. Тіршілігі бір ғана кәсіпорынға тәуелді болып отырған тұтас бір қала, тұтастай бір аймақ жөнінде сөз болғанда біз бұл шындықтан қашып құтыла алмаймыз. Сондықтан, бұл жерде біз жай ғана кәсіпорынның емес, аймақтың тіршілігін қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын тауып беріп отырған өндіріс ошағының қамын ойлап отырмыз. Шын мәнінде, мұның жай ғана кәсіпорын емес, оның жұмысшыларын қолдауға бағытталған бағдарлама екені рас. Тағы да қайталап айтар болсақ, жұмыс істеуге қабілетті халықтың төрттен бірі осында еңбек етеді. Түптеп келгенде бұл аталған аймақ халқын қолдауға бағытталған бағдарлама.

Менің ойымша, қосымша сауал туындамас үшін жезқазғандықтарға осы мәселенің мәнін түсіндіріп, мәліметтерді республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізіп отыру қажет. Қауесет, алып-қашпа сөздерге жол бермес үшін жергілікті жердегі белсенді азаматтарды, кәсіподақтар басшыларын пікірталасқа шақыру керек деп ойлаймын.

– Енді Кешенді жоспардан тыс мәселе туралы айтсақ: министрлік Қазақмыс кәсіпорнының қызметіне тікелей тәуелді моноқалалардың бірі – Балқашты дамыту үшін қандай шараларды қолға алып жатыр? 

– Мен жоғарыда моноқалаларды дамыту бағдарламасы туралы айтып өткен болатынмын. Ол жалпы, моноқалалардың экономикасын әртараптандыру және жандандыруға, сөйтіп, өмір сүруге және бизнеспен айналысуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Балқаш та осындай қалалардың қатарында. Оны дамытуға тиісті қаржы бөлініп жатыр. Нақтырақ айтсақ, 2013 жылы Қарағанды облысына моноқалаларды дамыту үшін республикалық бюджеттен 5 млрд. 317 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражат Балқашты ғана емес, барлық моноқалаларды дамытуға жұмсалуы тиіс. Ал, еліміздегі моноқалалардың басым бөлігі Қарағанды облысы аумағында орналасқан.

Бүгінгі таңда Балқаш та біз үшін Жезқазған мен өзге де моноқалалар сынды үлкен маңызға ие. Балқаш моноқаласын дамыту бағдарламасы шеңберінде бөлінген мақсатты трансферт көлемі 618 млн. теңгеге жетті: оның 33 млн. теңгесі экономиканы әртараптандыруға және ШОБ дамытуға; 585 млн. теңгесі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған.

– Бірақ, Балқашта Жезқазғандағы сияқты кешенді жоспар жоқ қой...

– Негізі, Кешенді жоспар Жезқазған аймағында шешілуі тиіс, қордаланған мәселелердің ерекшелігіне қарай әзірленген болатын. Онда корпорацияның да міндеттері қамтылған. Сонымен қатар, бағдарламада мемлекет қажеттілігі үшін алынатын жерлерден халықты қоныс аудару шаралары да қарастырылған. Өйткені кей жерлерде халықты басқа жерге көшірмей өндіру технологиясын өзгерту мүмкін емес. Әйтпесе, аталған алаңдар опырылып құлап, қауіп төндіруі мүмкін. Ал, жаңа технологияларға көшу барысында қауіп-қатер күшейе түседі. 

Аймақта спецификалық іс-шаралар көптеп жүзеге асырылмақ. Қалған шағын қалаларда қолға алынған жұмыстар жалпы сипатқа ие. Сондықтан да олардың бәрі бір бағдарламаға енгізілген. Қай-қайсысының да маңызы жоғары. Бірақ, Жезқазған аймағының ерекшеліктеріне байланысты оған арнайы жоспар әзірленді.

Әңгімелескен 

Зүлфира Мұхамедиярова