Жаңалықтар

БҰНЫ АРАНДАТУ ДЕЙДІ?!.

ашық дереккөзі

БҰНЫ АРАНДАТУ ДЕЙДІ?!.

Бір емес, бірнеше банкті банкротқа ұшырайын деп жатыр деп жалған ақпарат таратқан, адамдарды арандатуға тырысқан, отандық қаржы саласы мен банк жүйесіндегі тұрақтылыққа қауіп төндіруге тырысқан мысықпиғылдылардың көздегені не? «Кедендік одақ шеңберінде ортақ валюта – Ресейдің рублі енгізіледі» екен деген қауесеттің қатысы бар ма бұған? «Банктердің қаржылық жағдайы жақсы, мемлекет кез келген салымшыға кепіл болады», – деп ант-су ішкен Ұлттық банк төрағасына адамдар неге сенбейді?

Жұртшылық 20 пайыздық девальвациядан ес жиып үлгермей жатып, тағы да дүрлікті. Әлеуметтік желілер арқылы хабарламалар мен sms хаттар арқылы белгісіз біреулер kaspi, Альянс, Центр кредит банктерінің көп ұзамай банкротқа ұшырайтынын, бұл ақпарат ҚР Ұлттық банкіндегі сенімді бір қызметкерден алынғанын, сондықтан аталған банктерде депозиттерді алып кетуге кеңес берген. Хабар құлақтарына тиісімен-ақ, банктерге қарай ағылған салымшылардың көптігі соншалық, күзетшілер ғимаратты іштен кілттеп алып, ақша алуға келгендерді бір-бірлеп кіргізуге мәжбүр болды. Бірақ Алматы мен Астана тұрғындарының барлығы бірдей банктерде жинап жатқан ақшасын ала алмады. Өйткені ірі көлемдегі салымды алу үшін алдын ала өтініш білдіру керек екен. 

Салымшыларды сабырға ша­қыр­ған Центр кредит, Альянс пен kaspi банктерінің басшылары­ қауесетті теріске шығарып, еш­қан­дай банкрот болмайтынын мәлімдеді. Сейсенбі күні «ақ­ша­мыз тағы да күйіп кете ме?» деп ел әбігерге түсіп жатқанда ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Ке­лімбетов ресми түрде мәлімдеме жа­сады: «Аталған (банктердің бан­кротқа ұшырауы туралы – Н.Ж.) ақпарат – жалған, негізсіз, аран­датушы және біздің еліміздің банк жүйесін тұрақсыздандыруға ба­ғыт­талған әрекет». Заң бойынша жеке тұлғалардың екінші деңгейлі банк­терге салған салымдары, яғни, де­по­зиттеріне мемлекеттің кепілдік бе­ретінін ескерткен Қайрат Нематұлы елді арандап қалмауға, сабыр сақ­тауға шақырды: «Қазақстандағы бар­лық банкте ұлттық және шетелдік валю­тадағы қаржы қоры жеткілікті. Қар­жылық қолдау керек кезде Ұлттық банк оларға көмектеседі». 

Банкротқа қатысты шыққан шу­дан кейін ҚР Ұлттық банкі, Альянс, Центр кредит пен kaspi банк­терінің басшылары құқық қорғау орындарына шағымданды. Олар жалған ақпаратты таратып, ел­дің қаржылық жүйесіне, банк саласына кері әсер етуге тырыс­қан арандатушыларды тауып, тиіс­ті жазасын беруді өтінді. Негізі бан­крот­қа қатысты ақпарат өткенде деваль­вациямен қатар таратылған болатын. Ол кезде қаржылық дағдарысқа ұшырайтындар тізімінде тек Центр Кредит тұрған. Өткен аптадағы девальвация, жұмыссыздық пен қымбатшылық, басқа да қордаланып қалған әлеуметтік түйткілдерді шешуді талап еткен наразылық шараларынан кейін үш банктің банкротқа ұшырау мүмкіндігі туралы хабарламалар ел ішіне көз ілеспес шапшаңдықпен тарап кетті. Аталған хабарлама алдымен Алматы мен Астанада тарады, сосын еліміздің басқа аймақтарына бет алды. Көпшіліктің «Бұл банк жүйесін шатқаяқтатуға бағытталған арандатушылық әрекет» деуінің себебі, хаттардың бір сәтте бірнеше адамға бірден жіберілуінен әрі мақсатты түрде жұмыс істеп жатқан мысықпиғылдылардың жы­мысқы әрекеті екендігі тайға таңба басқандай айқын көрініп тұр. Кейбір сарапшылар пікірінше, жалған ақпардың анық-қанығына көз жеткізіп үлгермей жатып, салымдарын банктерден ала қашуға дайын отырғандар арандатудың құрбаны болуы мүмкін. Мәселен, Қазақстан қаржыгерлер ассоциациясының төрағасы Серік Аханов біздегі жекеменшік банктерге салым салғандардың әрқайсысына мемлекет тарапынан өтемақы ретінде 5 миллион теңгеге дейін берілетінін, сондықтан депозиттегі қаражатты қозғамау керектігін айтты: «Менің кеңесім: салымдарды қозғамаңыз, оны басқа валютаға аударудың да қажеті жоқ. Қазіргі болып жатқан жағдай таза ақпараттық-арандатушылық шабуыл, көптеген салымшының мүддесіне зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан арандатушылыққа ұрын­баңыздар». 

Тұтас бір мемлекеттің қаржы сала­сына, банк жүйесіне орасан зор көлемде шығын келтіретін, саяси, әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығына қауіп төндіретін мұндай ақпараттық-арандатушылық шабуылға кім баруы мүмкін? Әлбетте, қазақтың, Қазақстан хал­қының дамуын қалайтын тілектес жандар, дос пиғылдағылар емес! Әлеуметтік желілер арқылы пікір мен болжам айтқан отандастың кейбірі мұның астарында Кедендік одақ шеңберінде ортақ валюта енгізуге мүдделі топтардың әрекеті жатуы мүмкін екенін айтыпты. Әрі ел ішіндегі теңгенің құнсыздануына қарсы наразылық басылмай жатып, банкрот туралы қауесетті мақсатты түрде таратуға күш салуының астарында мемлекет, ел тағдырына «күл болмасаң, бүл бол» деген немқұрайдылық жатыр. Құзырлы органдар жалған ақпараттың қайдан және не үшін шыққанын анықтай жатар. Бірақ кейбір сарапшылардың пікіріне сүйенсек, салымшылар аталған үш банктегі депозиттерін қай банктерге көптеп салатынын қадағалап отыруы тиіс. Яғни, бәсекелестікке төтеп бере алмаған бақталас банктердің арасынан қасақана шу шығарып, салымшылар ақшасын өздеріне тартуға тыры­са­тындары табылуы мүмкін. Мүдделі тараптар тұрақтылықты сақтап қалу мақсатында тер төгіп жатыр. Бірақ Ұлттық банктің де, жекеменшік банктердің де ант-су ішіп ақталуы, ешқандай қаржылық зиянның жоқтығын айтқан ресми мәлімдемелері адамдар көңіліне сенім ұялатып отырған жоқ. Өйткені бұған дейін бірнеше рет теңге құнсызданбайды, девальвация болмайды деп елді сендіріп келіп, бір-ақ күнде теңгенің құнын 20 пайызға сылқ еткізуі талайдың наразылығымен бірге, ресми органдарға деген сенімге селкеу түсірді. 

Бүгінде жекеменшік банктерге де оңай емес. 2007 жылы басталған дағ­да­рыстың соңы бүгінде қаржылықтан қарыздық дағдарысқа ұласқан. Қазір банк­тер бірін-бірі несиелеуге де аса құлшынбайды. Әркім қара басы­ның қамын ойлап әлек. Сырттан төмен пайыздық мөлшерлемемен борыш алатын отандық банктер де­валь­вациядан кейін оңбай ұтылды. Себебі сырттан алатын қарыз доллар күйін­де келеді. Егер салымшылар депозиттердегі қаражатты жаппай алып кетсе, банктерге қосымша ауыр соққы болмақ.  

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ