Жаңалықтар

ҰТТЫҚ ПА, ҰТЫЛДЫҚ ПА?

ашық дереккөзі

ҰТТЫҚ ПА, ҰТЫЛДЫҚ ПА?

 Республика тәуелсіздік алғалы бері жиырма екі жылдан асып барады. Етек-жеңіміз жиналып, дамыған елу ел қатарына қосылдық. Әлде қосылмадық па?… Қалай болғанда да, мемлекеттік аса маңызды «жүз аурухана, жүз мектеп» бағдарламасын да біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз. Салынып жатқан бұл нысандар қазіргі уақыт талабына сай. Жаңа ауруханалар медицинаның заманауи аппараттарымен жабдықталса, мектептердің көпшілігі компьютерлермен, үнтаспалармен, бейне және онлайн сабақтар жүргізетін құралдармен, интерактивтік тақталармен қамтамасыз етілген. Ұстаздардың өскелең өмір талабына сай оқушыларға білім беруде интернет желісін, жалпы электрондық құралдарды пайдалануларына толық негіз бар.  Қысқасы, қоғамда емделушілер мен оқушылар үшін  барлық материалдық жағдайлар жасалынған. Солай бола тұра мектеп, оқу, оқулық төңірегіндегі айтылар сын күн тәртібінен түсер емес. Оның үстіне «Дипломмен ауылға» бағдарламасының толық жүзеге аспауынан аудандық және ауылдық жерлерде білікті дәрігерлер мен мұғалімдердің жетіспей жатқаны анық.

Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман. Болашақ мамандардың қай-қайсысы да әуелгі білім баста­уын мектептен алары хақ. Алайда біздегі мектептердің оқушыларға білім беруі бүгінгі күн талабына сай келе ме? Білім беру жүйесін жаңарту қалай жүруде? Осы сұрақтардың баршаны алаңдатып отырғаны тағы да рас. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері осы саланың министрлері қаншама рет ауысты десеңізші. Әр тағайындалған Білім және ғылым министрі ұлттық білім жүйесін дамытуда оңтайлы жолдар іздеп, Америка, Англия, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур секілді алпауыт елдердің тәжірибелерін үлгі тұтып, орта білім беру саласын әне-міне он екі жылдық оқу жүйесіне көшірмекші де болды. Бірақ, жұрт күткендей нәтиже болмаған соң осы реформалардың бәрі аяқсыз қалуда. 

География ғылымдарының докторы, профессор Орденбек Мазбаев: «…12 жылдықтың мақсаты он жыл білім бере отырып, екі жылда кәсіби бағдар бойынша маман дайындау. 12 жылдықты ретке келтіретін тек министрлік қана емес, ЖОО, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық Білім академиясы. Ондай құзіреттілігі жоқ академия бізге керек пе? Мына түрімізбен 12 жылдық білім беру жүйесіне жақын арада көше алмаймыз. 2020 жылға созылып кетуі мүмкін. Бүгінде сынақ мектептердің өзінде 11 – 12 сыныпқа оқулық жазылып жатыр. Бірақ шала. Келесі жылы бұған арнайы байқау жарияланады. Қазір бәрі стихиялы түрде жүргізілуде. Бір пәннің сағатын қысқартып, екіншісін кіргізуде. Тіпті, факультатив сабақтарды мектеп бағдарламасына енгізді. Бұл дұрыс емес». («Түркістан» 12 желтоқсан, 2013 жыл). Қазақ: «Дос жылатып айтады», – дейді. Ғалым ұлттық білім беру жүйесіне жаны ауырғандықтан, ашына айтып отыр. Бос сөз дей алмайсыз. Мұның министрліктегі «бізде бәрі жүйелі жүріп жатыр» дейтін кейбір мамандардың құлақтарына түрпідей тигені анық. 

1996 жылы қыркүйекте Қазақстан Үкіметі «Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін дайындаудың және басып шығарудың мақсатты бағдарламасын жасау туралы» қаулы шығарды. Содан бері бұл бағдарлама басқару органдарының, ғылыми-зерттеушілік бағыттағы педагогикалық және авторлық ұжымдардың, баспалардың мектептерге жаңа буын оқулықтарын әзірлеп, басып шығару және ендірудегі үйлестіру қызметі мен стратегиясын анықтайтын басты құжат болып келеді. Осы бағдарлама бойынша жыл сайын қаншама жаңа буын оқулықтар басылып шықты десеңізші. Әр оқулықтың мазмұндық сапасы жаңартылу үстінде. Соңғы оқулықтар алғашқыларға қарағанда басу сапасы жағынан жақсара түскені анық. Әйтсе де мазмұндық сапасы көңілден шығып жатыр деп айта алмаймыз. Оған былтырғы жылы редакция қызметкерлерінің мектеп оқулықтарының мазмұндық сапасы жөнінде білікті ғалымдармен, тәжірибелі ұстаздармен пікір алысқанымыз айғақ бола алады. 3 – 4 сынып оқушыларына арнап жазылған «Әдебиеттік оқу» мен «Математика» пәндеріндегі құралған кейбір сөйлемдер оқушылардың ұғымына сай келе бермейді. Тіптен қайсы бір сөйлемдер шұбалаңқы құрылғаны соншалық, бала түгілі үлкендердің түсінуі қиын. Мұндай пікірлерді «Түркістан» газетінен басқа да ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та жүр. Алайда жөнделе қойған ештеңе жоқ. Оқулықтар көп тиражбен шығар алдында баспалардың өз ішінде құрылған сараптамадан өтері анық. Олар болашақ оқулықтың мазмұны жалпыға міндетті білім стандартына сәйкес келе ме, келмей ме, соны анықтайды. Содан соң Білім және ғылым министрлігінде құрылған мемлекеттік сараптамаға ұсынылады. Мұнда оқулықтың ғылыми аппаратын қарайтын ғалымның, әдіскер және тәжірибелі мұғалімнің талғам-талабынан, сүзгісінен өтеді. Осы екі сараптамадан өткен оқулықтар Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған, құрамында Парламент депутаттары, мемлекеттік, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, ғалымдардың, педагогикалық және ғылыми қоғамдастықтың өкілдерінен құралған комиссия қарауынан өтеді. Кілтипанның бір ұшы осы жерде секілді. Уақыттың тарлығына байланысты сарапшылардың оқулық беттерін мұқият, түгел қарап шығуы мүмкін емес. Атүсті қаралған оқулықта қандай сапа болсын. Соның өзінде сапасы жағынан сараптамадан өтпей қалған оқулықтар саны да аз болмаса керек. Өткен жылы республикалық комиссияның қарауына ұсынылған 1109 оқулықтың 97-сі жарамсыз деп танылды. Ал осыншалық сүзгіден өткен оқулықтардың мазмұндық сапаларына неге көп сын айтылуда? 

Мектептердегі оқулықтарға бөлінген сағаттар да ұстаздар көңілінен шыға бермейді. Тарих ғылымдарының кандидаты Зибабибі Төлегенова: «Қазақ хандығының құрылуы, оның басқа елдермен саяси байланысы жайлы оқытуға келгенде сағат санын азайтып жіберді. …Оқыту бағдарламасының мемлекеттік стандартын бекітушілердің орысша ойлап, соны қазақша аударып, әрең түсінетіндер екені өтірік емес. Олар мемлекеттік оқыту стандартын өз түсінік деңгейінде ғана бекітіп береді. Сосын оқулық жасайтын кімдер? Сол жоғарыдағы шенеуніктер». Осыдан кейін ұлттық оқу жүйесін жасап көріңіз. Ал бірқатар білікті оқулық авторлары әдеттегідей өздеріне берілген уақыттың тым шектеулі екенін, содан барып оқулықтың бір қайнауы ішінде кететінін уәж етеді.

Шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беруде ұстаздар жауапкершілігінің жүгі ауыр. Алайда әлі де шешімін толық таппай отырған қағазбастылық олардың оқушыларға білім беру ісімен алаңсыз айналысуына едәуір кедергі келтіруде. Қазір еліміздің қай мектебіне бара қалсаңыз да іс қағаздарымен зыр жүгіріп жүрген мұғалімдерді көресіз. Әсіресе бастауыш сынып ұстаздарының жұмысы шаш-етектен. Олардың әр тоқсан қортындысы бойынша бір рет ата-аналар жиналысын өткізгенде болмаса, кез келген уақытта кең көлемде сөйлесуге де уақыттары бола бермейді. 

Қазақстан Республикасының 2007 жылы 27 шілдеде қолданысқа енген «Білім туралы» Заңның 5 бабына сәйкес «Педагог кадрлардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық» анық жарияланды. Нұсқаулықты АҚШ-тың Кембридж универсиетінің білім беру факультеті мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталығы бірлесіп дайындаған. Онда үшінші (базалық), екінші (негізгі), бірінші (ілгері) деңгейлердегі оқу бағдарламалары бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламаларының курстарына іріктеудің және қабылдаудың тәртібі белгіленген. Бірінші деңгейдегі курстардың ұзақтығы 464 сағатты құрайды. Екінші деңгейдегі курстардың ұзақтығы 440 сағатты, ал үшінші деңгейдегі курстар үшін 416 сағатты құрауы керек. Үш деңгейдегі курсты ойдағыдай бітіргендерге қосымша төленетін еңбекақы да әрқалай. I деңгейдегі сертификат алғандардың еңбекақысына 100 пайыз үстемақы, II деңгейдегі сертификат алғандарға 70 пайыз үстемақы, III деңгейдегі сертификат иелеріне 30 пайыз үстемақы төленеді. Сертификат алушылар үш айдай мектептен қол үзіп, арнайы орталықта білімін жетілдіру керек. Алдағы бес жыл ішінде Педагогикалық шеберлік орталығынан республиканың 120 мың педагогы осы жаңа жүйемен біліктілігін арттыратын болады деп жоспарланып отыр. Әрине бұл педагогтық жұмысын енді бастаған мамандар үшін аса қажет-ақ. Жиырма бес, отыз жылдық еңбек өтілі бар, жоғары санатты мұғалімдер осы үшеуінің біреуінен өтуі міндетті ме? Осындай сұрақты сол ұстаздар қауымы жиі қояды. Қазір екінші және үшінші деңгейдегі сертификат алуға жас мұғалімдер тарапынан ұсыныстар өте көп. Ал білім жетілдіру орталығының бәрін жаппай қабылдауға мүмкіншілігі тағы жоқ. Оның үстіне жыл сайын мұғалімдер саны да артып отыр. Зейнеткер жасына жақындаған жоғары санаттағы ұстаздарға әдіскерлігіне, тәжірибесіне, оқушыларының білім сапасының көрсеткіштеріне қарап, еңбектерін отыз не жетпіс пайыз сертификаттарға бағалауға болмас па еді. Жиырма бес, отыз жылдық еңбек өтілі бар үлгілі, білікті ұстаздар тарапынан түсіп жатқан осындай ұсыныстарға немқұрайлы қарау да жөн емес шығар. Осыншалық еңбек өтілдері бар тәжірибелі ұстаздарды оқушылар алдында тұлға етіп көрсету үшін, олардың беделін арттыру үшін министрліктегі шенеуніктерді бұл мәселе де ойландырса керек. 

Ал жаңа буын оқулықтары неге жетіспей жатыр? Оның да қырық қатпар себептері бар екен. Тиісті мамандардың айтуына қарағанда, оның жөні былай. Қазір оқулық шығаратын баспаларға Білім және ғылым министрлігі бекіткен тізімге кірген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешенге қажеттіліктеріне қарай тапсырысты аудандық білім бөлімдері береді. Оқулық сатып алуға қажетті қаражатты аудан әкімшілігі бөлгендіктен оған облыстық Білім басқармасы араласа алмайды. Ал республикадағы аудандардың бәрінің қаржылық әлеуеттері бірдей емес. Біразында қаржы тапшылығы орын алуына байланысты баспалардан шығатын қажетті оқулықтардың бәріне тапсырыс бере алмайды. Сондай себептермен оқушыларға оқулықтар жетіспей жатады. Министрлік мұның да тиімді механизмін тауып, іске қоспаса, ауылдық жерлердегі оқушылар оқулық тапшылығын тарта берері сөзсіз. 

Қазір ел ішінде тілге тиек болып жүрген аралас мектептер. Бір Алматы мен Астанада олардың саны қаншама. Иә, бұл әзірге қажетті мектеп санының жетіспеуінен болып отыр. Дегенмен айта кететін бір жәйт, аралас мектепте оқитын қазақ сыныптарының оқушылары өзара орыс тілінде сөйлесуді қалыпты жағдайға айналдырып алған. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші бұл ұлттық менталитетке, ұлттық тәрбие алуға айтарлықтай нұқсан келтіріп жүргенін бүгінде ата-аналар жиі мәселе етіп көтеріп келеді. Алматыда тіптен кейбір орыс сыныптарының оқушыларын қазақ балалары толықтырып отырғаны да жасырын емес. Бұл қаладағы кейбір ата-аналар ұлтын, ана тілін менсінбеуінің салдары. Үйлерінде өзара орыс тілінде сөйлесетін ата-аналардың балаларынан қандай ұлттық тәрбие күтуге болады? Ең сорақысы, бұрын орыс сыныптарында аптасына бес рет оқытылатын «Қазақ тілі» пәні енді министрліктің бекіткен жаңа оқу бағдарламасына сәйкес екі-үш сағатқа қысқарып жатса, онсыз да тұғырына қона алмай жатқан тіл мәртебесін көтеріп көріңіз. Оның үстіне орыс мектептерінде «Қазақ тілі» пәні жоғары талап деңгейінде оқытылмайтыны, оқушылардың мемлекеттік тіл білімінің өте нашарлығынан көрінуде. Қысқасы, қысқартылған «Қазақ тілі» пәнінің орнына «Ағылшын тілі» пәні жүргізіліп отыр. Министрліктегілерге осылай жасаған жөн секілді. Осы мәселе ақпарат құралдарында бұрын да бірнеше рет көтерілген. Неге екені қайдам, сірескен сең жарылып, орнынан қозғалар түрі жоқ. Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов кезінде: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы ешқашанда жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады», – деген. Бұдан артық не айтуға болады? Осыншама кең байтақ жердің, оның асты мен үстіндегі аста төк байлықтың иесі болып отырып, тіліміздің мәртебесін көтере алмасақ өзіміздің сорымыз да.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асқарбек Құсайынов Цукуба университеті ғалымдарының шақыруымен Жапонияда болған. Ол: «Жапонияда болған сегіз күн ішінде министрлікте, ғылым және білім мекемелерінде болып, көптеген ғалымдармен сұхбаттастым. Жапония өзінің бүкіл тарихында жас ұрпақты тәрбиелеуге ерекше мән берген ел. Біз император Мэйдзидің 1879 жылы шыққан «Білім берудің ұлы принциптері» деген жарлығы және осы күнге дейінгі Жапониядағы білімнің даму стратегиясын анықтайтын «Вакон есай» – «Жапония рухы – батыс технологиясы» принциптері туралы білеміз. Сонымен қатар Жапония балалары үшін қасиетті принцип болып табылатын «Мұғалім ғибадаты» және т.б. белгілі. 25 маусымда күні бойы Токиодағы Цукуба университетінің Бастауыш мектебінде болдым. Мектеп 1880 жылы император Мэйдзи жарлыққа қол қойған бір жылдан кейін, оның негізгі ережелерін жүзеге асыру үшін құрылған. Құжатта: «Адамдар алдымен өз бойында руханилықты қалыптастырып, адамгершілік (моральдық) қағидаларды ұстану керек. Содан кейін олар өз қабілеттеріне сәйкес әртүрлі пәндерді меңгере алады», – деп жазылған. Мектеп құрылған жылы, яғни осыдан 130 жыл бұрын анықталған мектептің мақсаты күні бүгінге дейін ешқандай өзгеріссіз сақталған. 1. Өзін адам ретінде терең түсіне білетін бала тәрбиелеу. 2. Мәдениетті жалғастыратын, жасайтын және дамытатын бала тәрбиелеу. 3. Дені сау және белсенді бала тәрбиелеу.

Жапонияда бастауыш мектеп 6 жылдық. Бұл мектепте 4 екінші сынып және т.б. бар. Әрбір сыныпта 40 баладан. Мектепте барлығы 960 оқушы оқиды. …Жапониядағы белгілі әдіскерлердің бірі сэнсей Танака Хирошидің әртүрлі сыныптарда өткізген екі сабағына қатыстым. Ол мектептің акт залында мұғалімдерге арналған көрнекі сабақтар жүргізіп тұрады және сол сабақтарды теледидар арқылы бүкіл жапон елінің мұғалімдері көре алады. Сабақта ұжым болып жұмыс істейтін кезде олар бірнеше рет төрт-төрттен парталарды біріктіріп, содан кейін қайтадан бөлек-бөлек отырады. Мектепте күні бойы мұғалімдердің оқушыларға дауыс көтергенін естіген жоқпын. Балалармен өз қателерін өздері саналы түрде түсінгенше сабырлы түрде жұмыс істеу керек екен. Сэнсэй Хироши оқушылардың бақылау жұмысын көрсетті. Бірақ Хирошидің бірде-бір түзетуін көрмеген соң «Шынымен, мүлде қате жоқ па?» – деп сұрадым. Ол: «Әрине, қате бар», –деп күліп жауап берді. Сөйтіп бақылау жұмыстарына қойылған кішкене белгілерді көрсетті. «Осы белгіні көрген соң, балалар өз жұмыстарында қате бар екенін түсінеді. Олар өз беттерімен қайта жұмыс істеп, нәтижесін көрсетеді. Егер қажет болса, материалды толық игергенше, тағы да түсіндіремін», – деді. Бізбен бірге сабаққа ата-аналар да қатысты. Оларға ешкім де назар аудармады. Бұл әдеттегі жағдай екен». Міне, Жапонияның ұлттық білім мен ұлттық тәрбие үлгісі. Ал біз жиырма екі жылдан бері ұлттық білім беру жүйесін қалыптастыра алмай келеміз.  

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ