Жаңалықтар

«ҚАЗАҚ ЕЛІ» ТАРИХЫН ТАРҚАТСАҚ...

ашық дереккөзі

«ҚАЗАҚ ЕЛІ» ТАРИХЫН ТАРҚАТСАҚ...

«Қазақ елі» идеясының өмірге келуі XIV-XV ғасырларға, яғни қазақ ұлтының дербес этникалық құрылым ретінде қалыптасу кезеңіне тұспа-тұс келеді. Оның өмірлік шынайы фактіге айналуы ұлттың территориялық және экономикалық тұтастығының, мәдени және тілдік ерекшеліктерінің қалыптасуына негіз болды. Сонымен бірге, «Қазақ елі» идеясының одан мезгілдік тұрғыдан көне және географиялық ауқымы тұрғысынан кең «Түрік Елі» идеясы арнасында өміршеңдік сипат алғанын ұмытуға болмайды.

ТҮРІК ЕЛІ ИДЕЯСЫ

 

«Түрік елі» идеясы – бұл Орталық Азия түркілерінің көрші мемлекет және өркениеттермен өзара қатынасының қалыптасуы барысында өздерінің табиғи ортақ этникалық мүдделері бар екендігін ұғыну, сондай-ақ оны бірлесіп қорғау қажеттілігін түсінуден туындаған пікір, идея. VI ғасырдың орта тұсында, яғни б.э. 545 жылы Түрік Қағанаты өмірге келіп, өзін әлемдегі ірі мемлекеттерге мойындатып, үш ғасыр бойы өмір сүрді. Өмірге келген бетте ол көрші Тан династиясымен өзара ықпалдастыққа түсті. Тарихшы Л.Н. Гумилевтің Түркі қағанаты мен Тан династиясы арасындағы өзара қатынасты тек мемлекетаралық қатынас ретінде ғана емес, сондай-ақ мәдениет, дүниетаным, көзқарастар арасындағы текетірес есебінде қарау туралы тұжырымы, әрине, ерекше мән беруге лайық. Өйткені бұл мезгілде өзіне тән болмыс-бітімі бар түркілер өркениетінің қалыптасу процесі жүріп жатты. Олардың көшпелі және отырықшы өмір салттарының өзара тығыз табиғи байланысына негізделген шаруашылық жүйесінің, түркі тілі мен фонетикалық жазуының, қоғамдық ойының, он екі жануар атынан тұратын жыл санау жүйесінің қалыптасуы соның айғағы еді. Жаңа ғана шаңырақ көтерген түркі мемлекетінің басында Бумын қаған тұрды. Іргесінде қуатты мемлекеттің пайда болғаны Тан династиясына (618-907 жж.) ұнай қойған жоқ. Қағанаттың ішкі алауыздығын өршіте отырып, қытайлықтар оны басып алып, өзіне тәуелді етуге тырысты. Түркі жұртының ақсүйектері қытай билеушілеріне бағынып қана қоймай, балаларына қытай тәрбиесі мен білімін беріп, өздері де солардың атақ-дәрежесін қабылдай бастады. Сөйтіп, Түркілердің мемлекеттік тұтастығы мен елдігіне қауіп төнеді. Осы ойды білдірген үлкен Күлтегін жазуы былай дейді: Бектерінің халқының ымырасыз­ды­ғынан, Табғаш халқының тепкісіне көнген­ді­гінен, Арбауына көнгендігінен, Інілі-ағалының дауласқандығынан, Бекті-халқының жауласқандығынан Түркі халқы елдігін жойды, Қағандығынан айрылды; Табғаш халқына бек ұлдары құл болды, Пәк қыздары күң болды. Көне түркілер қытайларды табғаш деп атайтын еді. Міне, осындай ауыр жағдайда Құтлұғ қаған бастаған түркілер жұрты азаттық үшін арпалысты күрес жүргізіп, мемлекеттік дербестігін сақтап қалады. Елді біріктіруші міндетін атқарғаны үшін Құтлұғ қағанға жұрты Елтеруші (элтэрэс) деген атақ береді. Елтерушіден соң Тан басқыншыларына қарсы күресті Білге қаған, Күлтегін және Тоныкөк жүргізді. Осы үштіктің тұсында «бүтін Түркі елі» ұстанымы біржола қалыптасты деп айтуға негіз бар. Оған сол тарихи кезеңдегі түркі елінің осы аталған үш ірі қайраткерінің құрметіне қойылған құлпытастардағы жазулар куә бола алады. Сондай-ақ бұл белгілер айтулы саяси тұлғаларға көрсетілген құрмет қана емес, сонымен бірге жалпыэтникалық, жалпытүркілік идеяға жасалған қолдау да еді. Құлпытастардағы жазудың ортақ ойы түркі елінің тұтастығы мен тәуелсіздгін сақтауға үндеу екендігі хақ. Күлтегін үлкен жазуы: … Көкте түрік тәңірісі, Түріктің қасиетті жері, суы былай депті: «Түркі халқы жойылмасын», – дейді «Ел болсын», – дейді. Қорыта айтқанда, Тан династиясымен арадағы қатынастың қорытындысы «Тұтас түрік елі» ұстанымының өмірге келуі еді. Түрік халықтарының бұдан былайғы тағдыры үшін бұл нәтиже қытай қабырғасын тұрғызудан кем емес-тін. VIІ ғ. соңғы ширегінде Тұран жерінің батыс бөлігі араб халифатының құрамына енді. Осы кезден бастап Тұран мен Таяу Шығыс кеңістігінде өзара мәдени және рухани тоғысу, өзара байыту процесі жүрді. Түрік халықтарының мәдениетіне жаңа күш-қуат, өрлеу берген бұл рухани жаңғырудың басында Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи сияқты ұлы ойшыл ғалымдар тұрды. Бұл аталған ғұлама тұлғалар өз еңбектерін түркі тілінде жазып, оның мүмкіндігін кеңейтіп қана қойған жоқ, сол арқылы түркі өркениетінің жалпыадамзаттық кеңістікке шығуына жол ашты. Бұл тарихи мезгілдегі түркі халықтары мәдениетінің жаңа сапа және кеңістікке шығуының жинақы көрінісі ортағасырлық бай түркі тілінің қалыптасуы болды. Жүсіп Баласағұн «Құтты білікке» жазған кіріспесінде: …Бұл кітапты қабыл алып, қарарсың, Түркі тілі ғажабына қанарсың. ..Байқап көрсем, жеңілдеді жүгім де, Айтсам дедім сөзімді ана тілімде, – деп жазады. Жалпы бұл тарихи кезең (Х-ХІ ғ.) түркі тілінің араб тілімен қатар ғылым мен жазба әдебиеті, философия мен дін, саясат пен құқық тілі мәртебесіне көтерілу кезеңі болатын. Оның мұндай дәрежеге жетуіне араб-мұсылман өркениетінің тигізген ықпалы шексіз мол еді. Тарихи тұрғыдан онша көп уақыт өт­пестен жатып, ХІІІ ғасырда өмірге моңғолдар империясы келді. Осы тарихи мезгілде зерттеушілердің назарына аса көп іліне бермеген қызық процесс жүрді. Түркі халықтарының осы уақытқа дейін қорланған мемлекет және әскер құру тәжірибесі жаңа жағдайда моңғолдар мәртебесіне қызмет жасайды. Бірақ бұл байқалған құбылыс түркі тайпа­ларының біржола моңғолданып кетуіне әкелген жоқ. Моңғолдар түркі мәдениетін еңсеріп, өзіне сіңіре алмады. Көп ұзамай-ақ, олардың қайта жіктелу жолына (дезинтеграция) түскендігін аңғарамыз. Басқаша айтқанда, моңғолдар мен түркілердің бұл жолғы тоғысуы олардың тек өзара этникалық араласуы ғана емес, сонымен бірге белгілі бір мақсатта құрған саяси одағы болатын. ХІV ғасырдың соңы және ХV ғасырдың басында, моңғолдар империясының ыдырауы барысында түркі халықтары жаңа сападағы қайта жаңғыру жолына түсті. Әмір Темір империясының (ХІV ғ. соңы) пайда болуы, Түркістан өңірінің бір сәтке болса да қайтадан экономикалық, мәдени және ғылыми дамуға бет бұруы соның айғағы болатын. Міне, осы тарихи кезеңде бүтін «түркі елі» идеясы тағы бой көрсетеді. Әмір Темір және басқа хандар сарайында түркі тілі ғылым мен әдебиет тіліне айнала бастайды. Әлішер Науаидің қаламынан туған «Фархад пен Шырын» дастанындағы мына жолдар осы процестің рухани өмір саласындағы көрінісі болатын: Бұл қиссаны шетсіз, шексіз мұң толы, Жан азабы, биік сезім, сыр толы. Жаздым үлкен шабытпенен күніге, Жанға жылы түркі ана тілімде. Өкінішке қарай, Түркістан өңірінің бұл жолғы жаңғыруы, бұдан бұрынғы, яғни ХІ -ХІІ ғасырлардағыдай экономикалық және мәдени өрлеуге ұласқан жоқ.

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ИДЕЯСЫ

ХV ғасыр қазақ ұлтының, онымен бірге қазақ хандығының қалыптасуымен си­пат­та­ла­ды. Яғни бұл тарихи мезгілде ор­та­ғасырлық жал­пытүркілік қауымдастықтан «Алаш-қазақ елі» атанған ұлттық құрылымның жеке, дербес өркен жаю жолына түскендігі байқалды. Ал мұндай этникалық құрылымның қалыптасып нығаюына сыртқы факторлардың, яғни Жоңғар және Ресей экспансиясының зор ықпалы болғандығын айтқан жөн. 1723 жылғы жоңғар қалмақтарының басқыншылығы, қазақтардың Түркістаннан айрылуы, атамекен жерін тастап, шұбырындыға ұшырауы қалыптасу жолында тұрған ұлттық санаға үлкен соққы болып тиді. Дегенмен халықтың ең таңдаулы әрі белсенді күштері оны мұндай апаттан сақтап қалуға ұмтылды. Топыш ақын өзінің «Ақтабан шұбырынды» толғауында: Ұмытпа қазақ «Алаш» ұраныңды, Ойыңнан үзбе халқым құраныңды. Артыңа өлгендерің өсиет қыл, Халық боп Қаратауда құралуды, – деп, сол та­рихи кезеңдегі қоғамдық санадағы ортақ ең өзекті ойды білдірді. Қайрат-жігер көрсететін заманның келгенін бүкіл ұлт болып түсінді. Қалмақ шабуылына шейін қанжығалы жұртының биі болып келген Бөгенбай ендігі уақытта қолына қаруын алып, батыр сауытын киіп, қол бастап шығады. Әке-шешесінен, олардың дәулетінен айрылып, Түркістанның түбінде Сабалақ атанып, мал бағып жүрген Абылай тектілігін танытып, қару асынып, жекпе-жекте қалмақ батырын түйреп, алдымен батырлыққа өтіп, сонан соң, барып сұлтан ретінде танылады. Ақын «… қазақта қаракерей Қабанбайдан асқан батыр жоқ. Үйсін Төле биден асқан би жоқ. Абылай заманында батыр атанбаған қазақ жоқ», – деп дәл айтты. «Ақтабан шұбырынды» тұсындағы ха­лық санасындағы елеулі құбылыс әрбір қара­пайым қазақтың өзін белгілі бір ру­лық қауымға ғана емес, жалпы қазақ елі­не тән екендігін терең ұғынуында еді. «Ақ­табан шұбырынды» трагедиясы қандай жал­пы­ұлттық сипат алған болса, жеке өзінің басына түскен ауыртпалығының жағымды шешілу мүмкіндігін жалпыұлттық дәрежедегі мақсатты әрекетпен байланыстырды. Өзге жұртқа жер ауып барып, терең күйзелісті басынан өткізген жас пен кәрінің санасында Отан, Атамекен, Ел сияқты қасиетті ұғымдар терең орын тепті. Қанжығалы Бөгенбай, алшын Тайлақ, ошақты Саңырық батырлар рулық мүдденің жалпы ұлттық мүддеге ұласқан,сондықтанда өз қызметі мен күресін бүкіл байтақ қазақ халқының тағдырымен байланыстырған тарихи кезең тұлғалары болатын. Бұқар жырау Бөгенбай батырдың өлімін Абылай ханға естірте келіп, батырдың өмір жолына байланысты: Еңбек қылған ел үшін, Жауда кеткен кек үшін, Алаштың абырой-атына Сарп қылған бар күшін, Қарияң келіп жылап тұр, Еңбегі сіңген ер үшін! – деген баға береді. Егер батырлықтың негізгі өлшемі ба­тыр­дың өз руы мен тайпасын қорғау емес,жалпы ұл­тын, отанын қорғау болса, жырау толғауы мен би кесімінде жалпы ұлттық мүдде рулық, жүздік мүддеден жоғары қойыла бастайды. Бұқар жырау ауыз бірлігі кетіп, ел арасы алауыздыққа ұрынып, ең соңында Цинь әскерінің қырғынына ұшыраған қалмақ елінің трагедиялық тағдырын көлденең тартып «кіші қалмақ бүлерде… уағдадан жылысты, буыршындай тіздесті, жамандықты іздесті, бірін-бірі күндесті, жаулаған ханын қара оңбас, хан қисайса бәрі оңбас, ханын қалмақ жаулаған, сүйткен қалмақ оңбаған», – деген тұжырым жасайды. Міне, бұл келтірілген рухани өмір фак­ті­лері халықтың ішкі өмірінде болып жатқан са­палы өзгерістердің көрінісі болатын. Қазақ елі түрлі ауыртпалықтарға қарамастан ұлттық ұю және кемелдену жолында тұрды.

“ЗАР ЗАМАН” ИДЕЯСЫ

 

Қоғамдық ойдағы «Зар Заман» ағымы қазақ мүддесіне қарсы тұрған екі кедергіге нұсқады. Олар, біріншіден, қазақ даласын, оны мекен еткен елді билеп-төстеуді мақсат еткен самодержавиелік билік және онымен бірге ере келген, онсыз да алауыз қоғамды бөліп-жаруға қызмет еткен тәртіп болса, екіншіден, сол жаңа билікпен ымыраға келіп, оның арзан, жалдамалы құлына айналып, түптеп келгенде, еңбекші бұқараны сыртқы жаумен бірге соруға ықыласты жергілікті бай, сұлтан, атқамінерлер еді. Елден бірлік, береке кетсе, оған кім кінәлі? Дулат оның себебін ата жолы – тәуелсіздік үшін күрестен тайқып, ендігі уақытта ел арасы дау-жанжалмен күн көруге ойысқан сұлтандардан көріп: Қазіргі қазақ ұлығы, Жаман иттен несі кем, Жемтік көрсе, қан көрсе, Айырылар мүлде есінен. Сендер атқа мінген соң, Тандыр болып суалды, Шалқар көлдей несібем, – дейді. Ақынның тұжырымы бойынша, жақсы хан­дар кешегі Ресей империясы құрамына біржола енгенге дейінгі елдің саяси, мемлекеттік бүтіндігі үшін күрескендер, хандық биліктің басы бола алғандар. Демек жақсы хан – мемлекеттік тұтастық пен тәуелсіздікті сақтай алғандар. Ал мемлекеттік бірлік бар жерде саяси береке бар: Қарағысыз ел мен жұрт, Төрелік түскен дағыңа. Ие болмай айырылдың, Атаңның алтын тағынан. Қара толқын жау толды, Шығыс, батыс жағыңнан. Бұл – феодалдық тәртіп үстемдік құрған, оған қосымша отарлық езгі келіп қосылған қоғамда өмір сүрген ойшылдың дүниетанымы. «Зар заман» мектебі ақындары жырлаған ойдың өзегі – отарлық әкімшілік қолына біржола өткен жерді жоқтау. Дулат пен Шортанбай бұл пікірді өз ортасы тұрғысынан білдіргенімен, олардың шығармашылығына тән жалпы халықтық мүддені, сол тарихи кезеңге тиесілі қоғамдық ойдағы үрдісті жоққа шығару қисынсыздық болар еді. В.Г.Белинский айтқандай, «әдебиет – халық танымы. Одан оның өмірі, рухы айнада шағылғандай көрініс таппақ». Егер Шортанбай туған жер туралы:«адыра қалғыр Сарыарқа, болмайын деді баянды»; Дулат бұқара халыққа байланысты: «хайуанмен тең саналдың, терідей болып тоналдың, жол таба алмай қиналдың»; Мұрат ақын: «Үш қиянның арғы бойынан, жеті жұртың кеткен жер, қайырсыз болған неткен жер?!» – десе, бұл тұжырымдардың ар жағынан жерінен, ұлттық саяси еркіндігінен айрылып, жаңа кезеңде әлеуметтік, шаруашылық жағдайы бұрынғыдан да төмендеп, тығырыққа тіреліп, шығарға жол таба алмай қиналған халықтың ауыр халін көреміз. Сонымен бірге Шортанбай, Дулат, Мұрат шығармашылығы арқылы халықтың жалпы ұлттық көлемде өзінің отарлық, тәуелділік жағдайын түсінгендігі байқалады. Шортанбай, Дулат және Мұрат шығармашылығында бұлыңғыр болса да сол тарихи кезеңде отар елге айналған қазақ қоғамы үшін шарасыздықтың не екенін түсіну бар. Бұл – даусыз факті. Патша әкімшілігі – енді Бұқар жырау заманындағыдай беймәлім, бұлыңғыр емес, көзбен көріп, жүрекпен сезінуге боларлық нақты шындыққа айналған күш, оған қарумен қарсы тұру мүмкін емес. Тіптен қарсы тұрарлық елдің халі де жоқ, ауызбірлік кеткен, өзара алауыздық үстемдік алған, елдің атқамінер «жақсылары» сұлтандық, болыстыққа таласып, «алтын тұғыры ағашқа» айналып, «қан шықса, елін жұлмалар қасқырменен аралас» халге жеткен. Қолға қылыш, найза алып, атқа отырып, батырлық құрар, Мағжан айтқандай, «ер заманы» – ХVIII ғасыр өткен. Өз ретінде Шортанбай : Енді еркіндік заман жоқ, Дұшпанның құрған торы бар. Ендігі жүрген жігіттің, Маңдайында соры бар, – деп осы жағдайға нұсқады. Мәңгі өлмейтін «Қазақ елі» идеясы ХХ ғасырдың басында қазақ ағартушылығы және қазақ ұлтшылдығы түрінде көрінді. Ағартушылық идеясы қазақ қоғамына Ресей арқылы келгені рас. Сонымен бірге, қазақ ағартушылығының мазмұндық және хронологиялық тұрғыдан өз ерекшелігі, тағдыры болды. Қазақ ағартушылығын, әсіресе оның ХХ ғасырдың басына тән кезеңін, еуропалық және орыстық ағартушылыққа еліктеуден туған құбылыс ретінде қарастыру оның табиғатын тура түсіне алмаушылыққа ұрындырар еді. Осы ретте қазақ ағартушылығына тиесілі мынадай ерекшеліктерін ескерген жөн. Қазақ топырағындағы ағартушылық идеясы ескі феодалдық тәртіп пен қоғамдық қатынастарға, діни фанатизмге қарсы бағытталуымен бірге, ресейлік отарлық езгіден құтылуға, заман сұранысына лайық білім мен ғылымды игеруге үндеді. Ұлт-азаттық үшін күрес басшылары бұл негізгі мақсатқа жетудің жолы қазақты ұлт ретінде біржола қалыптастырып, оның ұлттық мемлекеттігін жаңғырту арқылы жүретіндігін жақсы түсінді. Басқаша айтқанда, қазақ ағартушылығының идеясы қазақ ақын, жазушы, философ ғалымдарының шығармашылық ізденісі арқылы жалпы ұлттық жобаға айналды.

 

АЛАШОРДА ИДЕЯСЫ

 

Кезінде кеңестік идеология қазақ ағарту­шы­лығын Шоқан, Ыбырай және Абайдың қызметімен шектеуге тырысты. Ал қазақ ағартушылығының ұраны-девизі ретінде ұлы Абайдың «Орыстың ғылымы, өнері-дүниенің кілті… Балаңа орыстың ғылымын үйрет!» деген тұжырымы алынды. Қазақ ағартушылығының ұраны ретінде Абай сөзін алған идеологияның мақсаты қазақ мәдениетін ылғи да үйренуші шәкірт және еліктеуші мәдениет дәрежесінде ұстау болатын. Бұл ұстанымдағы қазақ мәдениетінің түпнұсқалық (оригиналдық) мазмұны күн өткен сайын әлсіреп, ең соңында көшірме мәдениет дәрежесіне түсуге тиіс еді. Мұндай тағдырдан бізді 1991 жылы келген мемлекеттік тәуелсіздік сақтап қалды. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекеттік Тәуелсіздік бірнеше ғасырлардан бері халқымыздың ең озық, ойлы азаматтары аңсаған басты құндылык екендігі айқын. Орыс мәдениеті мен тілі қазақты әлемдік өркениетпен жалғастырған көпір болғаны даусыз шындық. Сонымен бірге, кеңестік идеология жасаған тұжырымды малданып тарихи шындықка көз жұму да әділетсіздік болар еді. Ал тарихи шындық қазақ ағартушылығының қоғам мойындаған девизі Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» (1909) деп тастаған ұраны болғандығын көрсетеді. Қазақты «Маса» болып ояту Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» (1909) және «Маса» (1911) атты кітаптарының негізгі өзегі болғандығы аян. Тіптен, XX ғасыр басындағы кітап, мақала жазған ұлт оқығандарының мақсат-мұраты осы ортақ ұстанымға келіп тоғысып жатты. Салыстырмалы тұрғыдан алғанда, мәселен еуропалык ағартушылық ешқандай да сыртқы араласусыз барлық қалыптасу және даму сатыларынан емін-еркін жүріп өтті. Сондай-ақ оның өкілдері ешқандай да репрессия құрбаны болған емес. Ал қазақ ағартушылығы толыққанды тұтас қоғамдық үдеріс ретінде XX ғасырдың басында қарқынды өріс алғанымен, ұзаққа созылған жоқ. Бар болғаны жиырма жылға жетер-жетпес мерзімге созылды. Ал оны бастап, бағыт-бағдарын анықтаған тұлғалар түгелдей дерлік саяси репрессия құрбаны болды. Мұндай трагедияны бірде-бір еуропалық ұлт басынан кешірген жоқ. Соған қарамастан қазақ зиялыларының 20-30 жыл көлемінде жүріп өткен жолы кез келген зерделі адамды таң қалдырмай қоймайды. Осы мезгілде олар заман сұранысына лайық ұлт-азаттық күрес идеологиясын қалыптастыра отырып, отаршыл билікке арыз-тілек (петиция) жазудан (1905) ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту мәселесін қолға алып, оны іске асыру әрекетіне дейін көтерілді (1917). Мұндай жағдайдың адамзат тарихында жиі көріне бермейтіндігін айтқан артық емес. Қазақ ағартушылығының тағы бір ерек­ше­лігіне назар аударған жөн. Ол қоғамдық ұстаным және көзқарас ретінде қазақ, ұлтшылдығына соқ­пай өте алмайтын еді. Ал қазақ ұлтшылдығы қоғамдық ойдағы негізгі де ықпалды ағым ретінде «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті арқылы толық көрініс тапты. Бұл ретте «Айқаптың» орны мен рөлі (1911-1915) қазақ ұлтшылдығының бастапқы калыптасу кезеңіне сай келсе, ал «Қазақ» газетінің қызметі оның, яғни қазақ ұлтшылдығының біржола кемел ағым ретінде орнығуына тұс келді. Ұлтшылдық (қоғамдық ойдағы ағым, ұстаным ретінде) қазақ қоғамына ғана емес, жалпы барлық отар елдерге ортақ құбылыс болатын. Сондықтан болса керек, Дж. Неру осы тарихи кезеңде ұлтшылдық «бүкіл Азия елдерінде үстемдік құрған прогресшіл күш болды», – деп көрсетті. XX ғасыр басындағы қазақ қо­ға­­­­­­­­­мында білімді және саналы аза­­­матқа ұлтшылдық ұстанымында бол­мау­ мүмкін емес-тін. Міржақып Ду­­ла­тұлы айтқандай, сол тарихи кезеңдегі қазақ қоғамында «шын ұлтшылдың өзі аз еді. Ұлтшыл еместердің көбі, өзімшіл, дәрежеқұмар, зорлықшыл еді». Бұл мезгілдегі қазақ ұлтшылдығының өзі ағартушылық сипат алды. Бұл тұрғыдан алғанда ол Абай мектебінен шыққан ұлтшылдық, яғни өз ұлты – қазақ елінің кемшілігін ашық сынға алып, онымен ымырасыз күреске шыққан сыншыл әрі қорғаныстық ұстанымдағы ұлтшылдық болатын. Коммунистік идеология XX ғасыр басындағы алғашқы зиялылар буынын қазақ қоғамын ілгері емес, кейінге сүйрейтін күш ретінде көрсетуге тырысты. Бұл тарихи шындыққа, ұлттық руханиятқа жасалған қиянат еді. Шын мәнінде XX ғасырдың басындағы алғашқы буын ұлт зиялылары өзіне аса зор да жауапты тарихи міндет жүктеді. Егер біз оны Мұстафа Шоқай сөзімен айтар болсақ, ол «халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізу» еді. «Біздің ғасырымыз, – деп жазды Шоқай. Шоқан дәуіріне қарағанда мүлде басқа. Шоқан ол кезде жалғыз еді. Және оның алдында халқын ұлт деңгейіне көтеру міндеті тұрған жоқ болатын. Бұл мәселені ойдан шығарып алған жоқпыз. Тарих пен өмір қажеті, оянған халықтың мағыналы түйсінулері осы бір маңызды міндетті біздің алдымыздан шығарып отыр». Егер М. Шоқай пікірін қорыта айтсақ, XX ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының ал­дына қойған міндеті қазақ деген «хал­қын ұлт деңгейіне көтеру», өз елін «жат үс­темдіктің тепкісінен құтқарып, өз ме­кемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айнал­дыру» болды және осы мұратқа жету жолында халық бұқарасымен арада ортақ сана қалыптастыруға тырысты. Осы ретте қазақ ағартушылығы мен­­ ұлтшылдығына тиесілі мынадай бір­­ жағдайға назар аударуға тура келеді. Қа­­лыпты да бейбіт даму жағдайында ағар­тушылық қызмет ұлттық тілдің, бі­лім жүйесінің, жаңа сатыдағы ұлттық мә­­дениеттің, ұлттық бірегейлік пен са­на­ның қалыптасуымен аяқталмақ. Бас­қаша айтқанда, ағартушылық ұлт­­ үшін ұйытқы элемент міндетін ат­қарады. Сол сияқты ұлтшылдықтың да түп­кі мақсат-мұраты бар. Отарлық езгі жағдайын­дағы елдер үшін ол ұлттық мемлекеттілікті жаң­ғырту немесе оны қалыптастыру. Ұлт­тық мемлекет азаттық жолына түскен елдің территориялық тұтастығы мен еркін дамуының кепілі. Қазақ ағартушылығы мен қазақ ұлт­шыл­дығының тағдыры, өкінішке қарай, қай­ғылы қалыптасты. Олар көздеген мақ­сатына жете алмай, бар болғаны жиырма жылға жетер-жетпес уақытта тарих сахнасынан ығыстырылды. Патшалық биліктің орнына келген Кеңестік билік қазақ ұлт-азаттық қозғалысын гуманизмге, өркениеттік ұстанымдарға мүлдем жат әдіс-құралдар арқылы басып жаншыды. Бүгінгі қазақ қоғамының көптеген мәселелері ағартушылық және ұлтшылдық идеяларының өзінің табиғи логикалық соңына жетпей үзіліп қалуына байланысты. Тәуелсіз Қазақ мемлекеті – «Қазақ елі» идеясын іске асырудың мүмкіндігі болып табылады. 1991-жыл әлем тарихындағы ірі империялардың бірі – Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ыдырау жылы болды. Яғни бұл мезгіл ыдырауға ұшыраған одақ кеңістігіндегі өздерінің саяси мемлекеттік тәуелсіздігін алған елдер үшін, әрине, жаңа тарихи кезеңнің басталғандығын айғақтайды. Кейінгі ұрпақ 1991 жылдан бергі еліміздегі тарихи өзгерістерді талдауға алғанда, әрине қоғамның экономикалық базасындағы, әлеуметтік құрылымындағы, рухани өміріндегі түбегейлі бетбұрыстарға үңіле қарайтын болады. Дегенмен, негізгі назар мемлекет құру ісіне, басқарушы элитаның осы жолдағы қол жеткізген табыстары мен жіберіп алған қателіктеріне аударылатын болады. Өйткені мемлекеттік мәселесі, оның шешілу деңгейі басқарушы саяси элита қызметінің тура осы тарихи кезеңдегі басты өлшемі екені анық. Міне, осы тұрғыдан алғанда мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың, саяси басқарушы топтың жаңа сападағы мемлекет құру қызметі қазақ тарихының бұдан бұрынғы кезеңдерінің ешқайсысымен де салыстыруға келмейді. Өйткені Жәнібек пен Керей сұлтандардың (XV ғ.), Қасым хан (XVI ғ.) мен Тәуке ханның (XVII-XVIII ғғ.), Абылай ханның (XVIII ғ.) тұсындағы хандық мемлекеттік құрылымдардың қазақ ұлты мен оның территориясы, мәдениеті мен ұлттық санасының қалыптасуы процесінде үлкен рөл атқарғандығын айта отырып, сонымен бірге ол билік жүйелерінің қазақ қоғамының үдемелі экономикалық дамуын, территориялық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмағандығын, соның нәтижесінде Қазақстанның екі жарым ғасырдан артық мерзім отарлық кіріптарлыққа ұшырағындығын мойындауға тура келеді. Сондай-ақ хандық билік мемлекеттіктің негізгі көріністері болып табылатын басқару аппаратын, оның шенеуніктерін, ұлттық әскер және басқа элементтерін қалыптастыру ісінде де әлжуаздық танытқандығы мәлім. XVIII-XX ғасырларда қазақ халқы мемлекеттік билікке жатсына, жатырқай қарады. Өйткені мемлекеттік билік өзгенікі еді. Патшалық мемлекеттік жүйе қазақ халқының түпкілікті мүдделерімен санаспады, қазаққа бұратана жат жұрт есебінде қарады. Кеңестік билік өзін бұқара халық билігі ретінде жариялап, мемлекет пен халық арасындағы бұрынғы алшақтықты жоюға тырысқанымен, көптеген мәселелерде (мәселен, өнеркәсіпті дамыту, кадр даярлау, дін, тіл, ұлттық салт-дәстүр т.б.) ол ұлыдержавалық ұстанымнан кете алмады. Міне, осы тарихи контексте Н.Ә. Назарбаев бастаған ұлттық саяси элитаның бүгінгі мемлекеттік құру қызметін, салыстырмалы түрде алғанда, тегіс жерде ірге тасынан бастап шатырына дейін жаңадан үй салумен теңестіруге болады. Қорыта айтқанда, қазақ жерінде ұлттық мемлекет құру ісі тұңғыш рет өз шешімін тапты деп айтуға негіз бар. Ең кем дегенде соңғы үш ғасыр бойы бірнеше буын аға ұрпақтың ең таңдаулы өкілдері осы ұлы мақсат үшін тер төгіп күресіп келді. ХХ ғасырдың соңында және ХХІ ғасырдың бастапқы кезеңінде бұл тарихи мақсат өмірлік шындыққа айналды. Отан тарихында қазіргі заман аталатын бүгінгі тарихи кезеңнің ең басты ерекшелігі, міне осы. Басқарушы топтың, ең алдымен елбасының қоғам өміріне жаңа сапа беру жолында тұрғандығын, сондай-ақ бұл істе отандық және әлемдік тәжірибені ұштастыра білуге ұмтылысы байқалады. Н.Ә. Назарбаев тәуелсіздіктің он екі жылдығына арналған баяндамасында: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын ізденістерден кейін елге өтпелі кезеңде қандай модель керек екенін мен түпкілікті түсіндім. Мен оны былайша сипаттар едім: алдымен экономика, содан кейін саясат, барынша ырықтанған, ашық және бәсекелі экономика. Қиын, алайда елге қажетті, бірақ шок туғызатын емес, реформаларды жүргізе алатын күшті, орталықтандырылған, халықтың алдында жауапты билік». Елбасының жасаған бұл тұжырымы үлкен азапты ізденістен соң жасалған негізді тұжырым екендігі күмәнсіз.

Мәмбет Қойгелді, 

тарих ғылымдарының докторы