Жаңалықтар

БАЙҚОҢЫРДАҒЫ БҰРМАЛАУШЫЛЫҚ

ашық дереккөзі

БАЙҚОҢЫРДАҒЫ БҰРМАЛАУШЫЛЫҚ

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақтан асқан мәмілегер жұртты табу қиын-ақ. Расында да қазақтың қайсы ханы мен биі және батырларымыз құдайы көршілерімен бейбіт өмір сүруді қалады. Бірақ жаулық ниет танытқан күштілердің зорлығына көнген жоқ. Ұланғайыр далада көшпелі ғұмыр кешкен елдің тұтастығын сақтап, бостандығын қорғауда басқа айла-амалы қалмағандықтан, ең соңғы шара ретінде ұдайы жорық жағдайында жүруге мәжбүр еді.

Ғасырларға жалғасқан осындай шабуылдарда майдан даласында шейіт болған арыс азаматтарды айтпағанда, ауылда қалған кәрі-құртаң мен балалар да қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманды аңсайтын. Сондықтан бүгінгі тәуелсіздігіміздің тегінде бабалардың қаны барына ешкім дау айта алмас. 

Кеңестік кезеңнің қасапшыл қылышынан қаймықпай, халқының қайсарлығына қаламын малған көрнекті жазушы, дүниеге келгеніне биыл 100 жыл толатын Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясының жаңадан басылып шыққан соңғы нұсқасын жақында және бір қайталай оқып шыққан едім. Осы кітаптың 754-бетінде Россия патшасының атымен хан Кенеге арнайы жазылған бұйрықтың мәтіні беріліпті. 

Ғарыш тақырыбына машықтану барысында Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің арасында қол қойылған құжаттардың біразымен жете таныс журналист ретінде басқару билігінің ұстанымдарындағы өзара ұқсастықтарды байқадым. Расында да стратегиялық маңызы бар ғылыми өндірістік кешен жалдық сипатта пайдалануға берілген 1994 жылы асығыс әзірлеген салалық келісімдер мен қала әкімінің кейбір қаулы-қарарларын парақтағанда өткен 18-ғасырдың өкпеден өтер өктемдіктері өріп шыға келеді. Егемендікті енді ғана еншілеген қазақ елімен арада халықаралық деңгейдегі шарт жасауға дайындалған отаршылдық ойдың орашалақ шенеуніктері мұрағат қорын ақтарып, сарғайған қолжазбаны сол қалпында айна қатесіз көшіріп алған ба дерсің. Түп тарихтың ащы ақиқатын білетін бәзбіреулер басы шабылса да бағынбаған баһадүрлердің ұлысты ұрпағына бүтіндей билік берілсе, тізгіннен айрылып қаларынан қауіптенген де шығар. Қалай десек-те кезінде көптеген тұста есемізді қолдан беріп, қапыда қалғанымыз хақ. 

1. «Қазақ даласында көшіп жүрген Орынборға қарайтын барлық қазақ ауылдары Россия империясының бөлінбес меншігі деп саналады. Әр шаңырақтан күмістей бір сом елу тиын салық алынады».

Мәскеуде 1995 жылғы желтоқсанның 23-інде қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы “Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы” Келісімде «Байқоңыр кешені жалға алынған кезеңде Ресей Федерациясының қатынасында Байқоңыр қаласында нысандар, кәсіпорындар мен ұйымдардың қауіпсіздік қызмет етуіне, сондай-ақ азаматтардың тұру жағдайында Ресей Федерациясының федеральдық маңызы бар қаласына сәйкес мәртебе беріледі» (1-тараудың 1-бабынан);

«Байқоңыр қаласының әкімшілігі – қала әкімінің тікелей басқаруымен іс-қимыл жасайтын атқарушы өкімет органдары. Қаланың әкімін Ресей жағының ұсынуымен Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясының Президенті бірігіп тағайындайды. Жалға алу келісімі күшінде тұрған кезінде қаланың әкімшілігін қала әкімінің ұсынуымен Ресей Федерациясының Үкіметі құрайды. (2-тараудың 6-бабынан)»–делінген.

2. «Қазақ ауылдары патшаға салық төлейтін болғандықтан, олардан зекет жинауға Сізге рұқсат етілмейді».

б) «Байқоңыр ғарыш кешені жалға алынған кезеңде Байқоңыр қаласында тіркелген Қазақстан Республикасының заңды және заңды тұлға құрмай-ақ, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жеке тұлғалары Байқоңыр қаласының заңды және кәсіпкерлікпен айналысатын жеке тұлғасы ретінде де тіркеледі. Заңды және жеке тұлғалардан алынатын салықтар, төлемдер, баж салықтары қала бюджетіне жіберіледі». (2-тараудың 10-бабынан);

3. «Ауыр қылмысты істер Россия империясының заңымен сотталады».

Мәскеу қаласында 1994 жылғы желтоқсан айының 10-ында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Үкіметтері арасында қол қойылған “Байқоңыр кешенін жалға алу” Шартында: «Байқоңыр ғарыш айлағының қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері Ресей Федерациясына және оның азаматтарына қарсы құқыққа қайшы әрекеттер жасаған кезде Қазақстан аумағында Ресейдің заңнамалары қолданылады. Байқоңыр ғарыш айлағының қызметкерлері ретінде – әскери қызметшілермен қатар айлақ пен қалада тұрақты және уақытша негізде жұмыс істейтін азаматтық ортаның адамдары және іргелес Төретам кенті мен Ақай ауылындағы ғарыш айлағы зейнеткерлері танылады» –делінген. (1-тараудың 6-бабынан). 

Тізбелей берсек, әлі де талай сорақылық­тар­ды санамалап шығуға болады. Және осын­дай олқылықтардың кесірінен қаншама қазақ­стандықтардың конституциялық құқықтары шек­теліп, пұшайман күй кешіп жүр. Байқоңырдың бұл былықтарын жоғарыдағы басшылар білмейді емес. Бірақ ресейліктер өздеріне ыңғайлы құжаттардың қателіктерін мемлекетіміздің мүддесі мен ұлттық ұстанымдар тұрғысынан қайта түзетілуіне еш ерік берер емес. Үкіметтердің арасында ұйымдастырылған ынтымақтастық жөніндегі комиссияның құрамындағы ғарыш кешені бойынша қосалқы топтың талқылауындағы ең көкейкесті мәселелер ұзақ уақыт бойы сағызша созылып келеді.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путин жоғары деңгейдегі жүздесулерде осы саладағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен болашақтағы басым бағыттарын талқылап, әлемге әйгілі айлақты бірлесе пайдаланудың көп жылғы тәжірибесіне қанағаттанушылықтарын білдіргені белгілі. Ғаламшараралық кеңістікті бейбіт мақсатта зерттеу саласы мен спутниктік навигациялық жаһандық жүйесі және басқа да жобалардың іске асырылуындағы ортақ жұмысты жалғастыруға өзара мүдделілік танытқан мемлекет басшылары ғарыш кешені тұрғындарының тұрмыс тіршілігін түрлендіретін нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру туралы мәмілеге қол қойып, шешімін күткен сұрақтарды тараптардың тиімділігі тұрғысында жедел шешуге нақты тапсырма жүктеген-ді. Жеркіндіктегі жергілікті жұрт жүйкені жұқартқан жөнсіздіктердің түйіні тарқатыларын тағатсыздана тосады.

Нұрлан МЕРАЛЫ