Тимошенко сайлауға қатыса ма?

Тимошенко сайлауға қатыса ма?

Тимошенко сайлауға қатыса ма?
ашық дереккөзі

Юлия Тимошенко Харковьтегі ауруханадан шыға сала, Жоғарғы Радаға емес,
майданға жол тартты. Мүгедектер отыратын кресломен келген оны алаңдағы халық:
«Юлия, Юлия!» деп қолпаштап қарсы алды. Ерекше толқыныспен сөйлеген ол: «Бүгін
Украинаны қалай елестетуге болатынын анықтайтын күн! Сондықтан сіздер өз
таңдауларыңыздағы адам билікке келмейінше, осында тұра берулеріңіз керек!»
деген жалынды сөздерін арнады.

Сондай-ақ, ол: «Мен сіздерді
төрт көз түгел көруді армандадым. Сіздер батырсыздар! Олар мәңгілік бізбен
бірге! Батырлар өлмейді! Украинадағы барым да, нарым да сіздер! Мен Киевке
келгенімде басқа Украинаны көрдім. Бұл еркін адамдардың мемлекеті! Оны сіздер
өзгерттіңіздер! Сіздерге көп рахмет! Әркімде де майданға шығып, өзінің өмірін
құрбан ететін күш-жігер жоқ. Миллиондаған адам қорқып отыр. Олар
саясаттанушылардан емес, сіздерден қорғау-қолпаштау күтуде. Украинаның бар
жарасы ашылды, оны бүгін сіздерден басқа ешкім жаза алмайды. Міне, біз осы
жауапкершілікті сезінуіміз керек», – деді. Осындай жылы сөзге шөлдеп қалған
халық арасынан: «Юлия – Президент!», «Юлия, жарайсың!» деген дауыстар
жарқын-жарқын шығып, гүл шоқтары тарту етілді. Көзіне жас алған Тимошенко: «Біз
мемлекетіміздің ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі үшін күш
салуымыз керек. Виктор Янукович пен оның айналасындағылар Майдан алдындағы
сотта жауап беру қажет. Олар жауапкершіліктен құтылып кетпеуі тиіс. Біздің
батырлардың жүрегіне оқ атқандардың әрқайсысын кешірсек, бұл біз үшін
кешірілмейтін күнә! Мен жұмысқа ораламын! Сіздер өз еліңізде бақытты сезіну
үшін бір минут та уақытымды текке кетіргім келмейді», – деп мәлімдеді.

Алайда, 25
мамырға белгіленген мерзімнен тыс президенттік сайлауға Тимошенко қатыса ма,
жоқ па, белгісіз. Дегенмен, саясат сахнасындағы ханымның сөзіне қарағанда,
президенттік тақтан дәмелі сияқты.

Тағы бір
ақпарат, кеше Рада депутаттары президенттің міндетін уақытша атқаруды  Александр Турчиновқа жүктеді. «Батькивщина»
партиясының көшбасында жүрген саясаткер Турчинов қолынан келгенше елдің
жағдайын қалыпқа келтіруге күш салатынын жеткізді. Ал, елді былыққа батырып,
кесімді шешім шығаруға батылы бармаған Януковичке іздеу жарияланған. Бір
деректерде оның ұшағы Біріккен Араб Әмірліктеріне қонды делінсе, тағы бір
ақпараттарда: «Янукович Украинадан қашып кеткісі келген жерден ұсталды»
делінген. Оның ұшағы Донецк әуежайынан ұша алмай қалған көрінеді. Ал ендігі бір
мәліметтерде Януковичтің Ресейге ұшып келгендігі айтылады. Дегенмен, оны
Ресейде құшақ жая қарсы алып отырған кім бар? Кремльдің сойылын соғушы, ЛДПР
басшысы Жириновский күні кеше ғана: «Янукович өз еркі жоқ шүберек сияқты. Ол
саудаласып жүргенде адамдар қырылды. Бұл адамзат баласы үшін үлкен
депрессия…» деп жерден алып, жерге салды.

Динара Дүрмән