БОЛАШАҚ ҰШҚЫШТАР ДАЙЫНДАЛАТЫН ОРТАЛЫҚ

БОЛАШАҚ ҰШҚЫШТАР ДАЙЫНДАЛАТЫН ОРТАЛЫҚ

БОЛАШАҚ ҰШҚЫШТАР  ДАЙЫНДАЛАТЫН ОРТАЛЫҚ
ашық дереккөзі

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің кезекті отырысында палата директоры Асан Қошмамбетов кеңес мүшелеріне «Жастардың авиациялық орталығы» қоғамдық бірлестігін қамқорлыққа алуды ұсынды.

«Облыстардағы көптеген өңірлік кеңестер өңірлердегі ұйымдарды өз қамқорлығына алған. Бұл ретте мен ұсыныс жасамақпын. Облысымызда курсанттар дайындайтын Жастардың авиациялық орталығы бар, бұл курсанттар оқуды аяқтағаннан кейін авиациялық жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастырып, ұшқыш мамандығын иеленеді. Айтар болсақ, олардың арасында Әйгерім Молдашева – Қазақстанда «Боинг» ұшағының қыр-сырын меңгерген екінші ұшқыш бойжеткен. Орталыққа Анатолий Кисиль басшылық жасауда. Курсанттарға орталық тегін білім беруде, бір сөзбен айтқанда,  жеке ынтасымен жүргізіп отыр. Егер осы орталыққа жыл сайын көмек пен қолдау көрсетсек қалай қарайсыздар?», – деді Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асан Қошмамбетов. 

Палата директорының ұсынысы өңірлік кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты. Енді Өңірлік кеңес мүшелері аталмыш орталыққа қаржылай қолдау көрсетіп отыратын болады. Жастардың авиациялық орталығының жұмыс жасап отырған 12 жылында облыс орталығы мен жақын жерлерде орналасқан елді мекендерден мыңнан астам жасөспірім тәлім алған. ЖАО үшінші дәрежелі 280 спортшы-парашютші дайындаған, олардың арасынан төрт тәлімгер парашюттен Қазақстан командасының құрамына қабылданған. 300-ден астам жігіттер мен бойжеткендер бастапқы деңгейдегі спортшы-парапланеристтер атанған. Авиаорталықтың 27 түлегі Қазақстан, Ресей және Беларусь әскери жоғары оқу орындарын тәмамдап, ұшқыш, штурман, ҚР Әуе қорғаныс күштерінің әскери бөлімшелерінің мамандары атанған. ЖАО 10 тәлімгері Қазақстан Республикасының азаматтық авиация академиясын тәмамдаған. Олардың арасынан оқу мекемесінің тарихында алғаш рет Тараз қаласынан үш бойжеткен ұшу факультетіне қабылданып, ұшқыш дипломын алған. Әйгерім Молдашева, Полина Павлова және Евгения Гончарова «Боинг» компаниясының халықаралық орталығында (Флорида штаты, АҚШ) дайындықтан өтіп, екінші ұшқыштар ретінде «Эйр Астана» компаниясында қызмет етуде. Өткен жылы ЖАО 10 түлегі әскери авиациялық жоғары оқу орындарында білім алды, ал сегіз тәлімгер, оның ішінде екі бойжеткен Азаматтық авиация академиясында білім алуда.

Кәсіпкерлер испандық әріптестерімен кездесті

Жамбыл облысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен аймақа­ралық әріптестік аясында тағы бір кездесу болып өтті. Бұл жолы жамбылдық кәсіпкерлер испандық Invernaderos Trigo өндірістік-тауарлы компаниясының Қазақстандағы өкілі Серхио Молина Феррейромен кездесті. 

Компания озық технологияға негізделген жылыжай конструкцияларын шығарумен айналысады екен. Серхио Молина жамбылдық кәсіпкерлерге өз компаниясының өнімдерін таныстырды. Оның айтуынша, егер тапсырыс берілсе, жылыжайдың кез келген формасын дайындап бере алатын көрінеді. Сонымен қатар, жылыжай конструкциясын жасауда жергілікті ауа райының ерекшеліктерін де назарда ұстайтындықтарын айтты.  

Компания тауарларына жамбылдық кәсіпкерлер де қызығушылық танытты. Алайда, айтуларынша компания ұсынып отырған конструкциялар олар үшін қымбатқа түседі екен. 

Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Жамбыл облысы