Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті: ЕШБІР БАНК БАНКРОТҚА ҰШЫРАМАЙДЫ

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті: ЕШБІР БАНК БАНКРОТҚА ҰШЫРАМАЙДЫ

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті:  ЕШБІР БАНК БАНКРОТҚА ҰШЫРАМАЙДЫ
ашық дереккөзі

Ұлттық қордан 1 трлн. теңге бөлінеді. Қаржы саласын тұрақтандыру, несие көлемін арттыру, отандық өндірісті дамыту үшін. Ақшаның қайда және қалай жұмсалатынын қадағалайтын комиссия да құрылмақ. Ең бастысы, бөлінетін қаржы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпей, өндіріс пен өнеркәсіпті дамытуға жұмсалса, экономикамызды импортқа деген тәуелділіктен  құтқарса жақсы.

Теңгенің девальвациясынан кейін көңілі күпті азаматтар кө­бейді. Теңгенің құнсыздануы, қымбатшылық, еліміздегі бірнеше жекеменшік банктердің банкротқа ұшырау қаупі туралы қауесеттің тарауы адамдардың күдігін қоюлата түскен. Құзырлы органдар да, үкімет пен Елбасы да елді сабырға шақырды. Өткен аптаның соңында кәсіпкерлікті ынталандыру және қаржы секторын сауықтыру мәселелері жөніндегі кеңесте ҚР Президенті Н.Назарбаев қаржы, банк саласы, экономиканы қолдау, шағын және орта кәсіпкерлік, индустриалдық бағдарламаны жүзеге асыру үшін қыруар қаржы бөлінетінін айтты: «Сыртқы қаржыландыру көздерінің біз үшін қолжетімділігі аз және бөлінетін несиелер өте қымбат. Банк жүйесіндегі ішкі резервтер шектеулі, өйткені отандық банк­тер дағдарыстан енді-енді шыға бастады. Осыған байланысты, өздеріңіз білетіндей, экономиканы, әсіресе шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ елімізде индустрияландыруды жалғастыру мен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңге мөлшерінде қомақты қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Ол азаматтарымыз үшін жаңа жұмыс орындарын ашуды, еңбекақыларын төлеуді қамтамасыз етеді және жалпы тұрмыс деңгейін жақсартуға мүмкіндік тудырады». Қазіргі бағаммен алғанда, 1 трлн. теңге – 5 миллиард 405 миллион долларға жуық ақша. ҚР Ұлттық банкінің ресми сайтындағы дерекке жүгінсек, 2014 жылдың қаңтарында Ұлттық қордағы қаржы көлемін 71 миллиард, 142 миллион доллар деп көрсетіпті.
Ел экономикасы тығырыққа тірелген сәт бір бұл емес. Әлемдік қаржылық дағдарыс соңы ушыға бастаған тұста, анығы, 2008-2009 жж. Ұлттық қордан отандық экономиканы қолдау мақсатында аса мол көлемде ақша бөлінді. Соның арқасында экономикалық және әлеуметтік тұрақтылыққа зиян келмегенін еске салған Н.Назарбаев: «Қазақстан экономикасы қыспақтан құтылды, сол кезде бүкіл әлемде орын алғандай зейнетақының, еңбекақының төмендеуіне жол берілген жоқ. Өздеріңізге белгілі, Еуропаның көптеген елдері әлі күнге дейін еңбекақы, зейнетақы және барлық басқа да төлемдерді азайтып, оның зардабын тартуда. Бүгінгі шешім Ұлттық қор құру жөніндегі біздің қадамымыз дұрыс болғандығын тағы да дәлелдеп отыр. Әлемдік дағдарыс әлі де жалғасып жатқанын ескерсек, мемлекеттің аяқ астынан туындайтын қиын жағдайларға арналған резервтері болуға тиіс», – деді.
Бір кездері оппозиция өкілдері Ұлттық қордағы қаражатты халыққа теңдей бөліп беруге ұсыныс жасаған еді. Бірақ билік бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы болған. Қордағы қаражаттың тек экономикалық кешенді мәселелерді шешуге бағытталатынын айтқан Елбасы 1 трлн. теңге негізінен өңдеу өнеркәсібін дамытуға, экспорт­қа сапалы өнімдер шығаруға арналатын жобаларды жүзеге асыруға жұмсалатынын жеткізді. Ақшаның қайда және қалай жаратылатынын анықтайтын арнайы комиссия құрылады.
Соңғы кездері отандық қаржылық нарықты шатқаяқтатуға, ел ішінде дүрбелең туғызуға тырысқан арандатушылық әрекеттер де байқалды. Өткен аптада жұрт депо­зиттері салынған 3 банктегі салымдарын алып кетуге жанта­ласты. Оған себеп: ұялы телефондар, әлеуметтік желілер арқылы біреулердің банктерге қатысты жағымсыз ақпарат таратып, адамдарға салымдарын банк­терден алып кетуге кеңес бергені. Аталған банк­терге орасан зор көлемде шығын келтіргендерді құзырлы органдар құрықтады. Олар енді заң алдында жауап бермек. Өкініштісі сол, теңгенің құнсыздануы, базарлар мен дүкендердегі қымбатшылық жүйкесіне тиген жұртты банкротқа ұшырау туралы сыбыс кәдімгідей әбігерге салған еді. Осыған орай арнайы мәлімдеме жасаған Н.На­зарбаев: «Біздің экономикамыз ойдағыдай және ешқандай да күйреу болған жоқ. Елдегі бірде-бір банк бүгінде банкротқа ұшырамайды. Біз 2009 жылы БТА және өзге банктерге қатысты да мұндайға жол берген жоқпыз, себебі оларда азаматтарымыздың салымдары болды. Біз қазір де бұған жол бермейміз. Біз халықтың басым көпшілігінің қаражаты сақталатынына кепілдік береміз. Ал банктер айналасында дүрбелең тудырғандар қазір табылды және жауапкершілікке тартылатын болады. Бәріміз елімізде тыныштық пен тұрақтылықтың болғанын қалаймыз, бұл – барша қазақстандықтардың міндеті. Жоспарлағанымыздың барлығын біз әрдайым орындап келдік», – деп сабырға шақырды.
Ақпанның он біріндегі теңгенің құнсыздануынан кейін еліміздегі бірнеше банк жекеменшік тұлғаларға несие беруді тоқтататындықтарын мәлімдеген. Банктен борыш алуға құқылы азаматтар арасында тек жалақысын сол банктен алатындар ғана бар. Қаржылық қауіпсіздіктеріне алаңдаған әрі бұрынғыдай шет елдерден келетін арзан да пайыздық мөлшерлемесі төмен несиеден қағылған банктер әр қадамын аң­дап басуға көшті. Қайтарымсыз несиелердің көбеюі, банктердің бірін бірі несиелеуге құлықсыз болуы, несие қоржындарының қаржылық және қарыздық дағдарыстың кесірінен орталанып қалуы банктерге кәдімгідей ауыр соққы боп тиді. Әрі кешегі девальвация да оларға қосымша жүк. Өйткені сырттан алатын қарызды олар доллар күйінде алып, борышты теңге түрінде алғысы келетін халыққа теңгемен таратады. «Жығылған үстіне жұдырық» демекші, ипотекалық несие алуға құлшынатындар санының күрт төмендеуі де қаржылық құры­лымдардың мүмкіндігін шек­теді. ҚР Ұлттық банкінің басшысы Қайрат Келімбетов Ұлттық банк­тің доллардың бағамын күштеп ұстап тұрудан бас тартатыны туралы мәлімдеме жасаған күннің ертеңіне-ақ бірқатар ірі құрылыс компанияларының басшылары еліміздегі құрылыс нысандарының бағасы қымбаттайтынын, өйткені құрылыс материалдарының басым бөлігі Қазақстанда шыға­рылмайтынын, шет елдерден импортталатынын айтты. Теңге құнсызданды деген сәтте бірнеше ірі сауда орындары мен базарларда баға шарықтады. Себеп біреу-ақ: азық-түлік, тұтыну тауарлары т.б. бәрі дерлік жатжұрттықтардан тасымалданады. Кешегі кеңесте Елбасының «өндіріске көңіл бөлеміз, несиелеу қарқынын арттырамыз» деуінің астарында да импорт көлемін шектеп, отандық өндірушілерге қолдау көрсету жатыр. Тағы бір маңызды жайт, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы 23 жылға жуық уақыт өтсе де экономиканың дербестелмеуі, яғни диверсификация жасалмауы, шикізат өндіруден бастап тауар шығаруға дейінгі процесті қамтитын кластерлік жүйенің қалыптастырылмауы, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің өнім өндіруден гөрі алыпсатарлықпен айналысуы т.б. келеңсіздіктер отандық экономиканың, әлеуметтік ахуалдың, өндірістің дамуына кедергі. Оған әбден дендеген сыбайлас жемқорлық пен парақорлықты тағы қосыңыз. Демек, халықтың қалтасынан, Ұлттық қордан бөлінетін 1 трлн. теңге «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпей, қатаң қадағалауда болуы шарт. Сосын Министрлер кабинеті, құзырлы органдар «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтануға арналған науқаншылдықтан арылып, нақты іске, нәтижелі еңбекке көңіл бөлгені абзал. Сонда ғана экономика алға басады, ал жұмыссыздық, баспанасыздық, қымбатшылықтан титықтаған жұрт әлеуметтік на­разылықтарға бой ұрмайды. Ке­рісінше, қолдарынан келгенше Қазақстанды дамытуға атсалысады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ