Жаңалықтар

ЖИРИНОВСКИЙ ЖҮР ЖЕЛІГІП...

ашық дереккөзі

ЖИРИНОВСКИЙ ЖҮР ЖЕЛІГІП...

Ресей саясаттанушылары Украина туралы әңгімені көтергенде, Қазақстанға бір шүйлігіп өтуді әдетке айналдырып алды. Мәселен, ресейлік қос саясаткердің Қазақстанды бөлшектеу және басып алу, Ресейдің ортаазиялық федералдық округі жайында әңгіме бықсытқаны Қазақстан басылымдарында шу болды. Ал Сыртқы істер министрлігі осы мәлімдемелерге орай, екі рет Ресей тарапына қарсылық нотасын жолдады. 

Естеріңізде болса, Ресейлік оппозиционер Эдуард Лимонов: «Қазіргідей саяси дағдарыс кезінде Украинаны бөлшектеп, теңге девальвациясынан қаржылық дағдарысқа ұшы­раған Қазақстанның 5 об­лы­сына шабуыл жасау керек», – деп азуын айға білесе, Ресей Думасының депутаты Владимир Жириновский: «Орта Азияда мемлекет бол­маған, оның барлығы жа­санды мемлекеттер. Бәрін таратып, Ресейдің ортазиялық фе­дералдық округіне айнал­дырып, орталығын Верный қаласы жасау керек», – деп көңірсітті. Бүгінде қазақ қоғамында бұғанға дейін де ауызына не келсе, соны сандырақтап жүретін Жириновксийге нон-грата жариялау туралы талап күшеюде. Ресей тарапынан екі елдің достығына ешқандай сызат түспейтіні, мемлекетаралық қарым-қатынасқа келтірер зияны жоқ екендігі айтылды, алайда Мемлекеттік Дума өкілі болса да, Жириновскийдің пікірін олар жеке адамның пікірі ретінде қабылдайтындықтарын да жеткізген. Баспасөздегі осы мәселерге байланысты пікірлерге көз жүгіртсек, әсіресе, орыстілді басылымдар орыстың бір ақымағы үшін Қазақстан СІМ-нің Ресейге қарсылық нотасын жолдауы күлкілі деп бағалаған. Сонда кез келгенді сандырақтата бергеніміз жөн бе? Сол секілді саяси сарапшылар да украина сабағы ретінде әлеуметтік проблемаларды ушықтырмау және экономикалық проб­ле­маларды дұрыс шешу мәселелерін тізбелейді. Бұл ретте 25 жылда өз тұғырына қона алмаған тіл мәселесін айтуды ешкім қаперіне алмайды. Украинадағы қазіргі саяси дағдарыстың өзі ұлттық проблемалардан бастау алады. Жұрт Янукович Еуроодақтың шығыс серіктесі болудан бас тартқаны үшін неге Майданға жиналды? Өйткені ғасырлар бойы отарлық қамытын кигізген әрі болашақта да өз ықпалынан шығарғысы келмей отырған Ресейден іргесін аулақ салуды көздеді. Сол себепті де, тізгінді қолына алысымен, орыс тілінің дәрежесін украин тілімен теңестіретін заңның күшін жойды. Сөйтіп олар Украина мемлекетінің рухы бостан, тәуелсіз ел екендігін бүкіл әлемге паш етті. Ал біз, өкінішке қарай, сана бостандығына әлі қол жеткізе алмай келеміз. Жыл өткен сайын өзге мәдениетке, өзге тілге деген тәуелділіктен құтылудың орнына құрсауланып барамыз. Неге Ресей саясаттанушыларының сандырағына біздің саясаттанушыларымыз та­рапынан атойлап, аттандап шыққан ешкім болмай отыр. Халық сайлаған депутаттарымыздың үні неге құмығып шықпады? Бұл ретте тек бұрынғы сенатор, Парламент Сенатындағы Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының өкілі Ғани Қасымовтың пікірі ғана көкейге қонарлық. Оның айтуынша, Қазақстан билігі бұл ретте саяси тұрғыдан қатаң қадам жасауы тиіс: «Ресей Федерациясының басшылығымен осы жағдай жайында сөйлесіп, Жириновскийді саяси қайраткерліктен, яғни мемлекеттік қызметтен аластату қажет. Егер Ресей басшылығы бұндай қадамға бармайтын болса, оның көзқарасы – Ресейдің ресми көзқарасын білдіреді деген сөз», – деді ол. Ол біздің Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық нота жіберуі жеткіліксіз деген пікірде. «Жириновский Орталық азиялық округ жайында жағы талмай айтумен келеді. Ол ұзақ жылдар бойы Ресейдің жоғарғы мемлекеттік қайраткері, депутат, партия лидері. Егер де бұған Ресей тарапынан қандай да тыйым салынбаса, бұл Ресейдің ресми пікірінің бір бөлігі деп қабылдаймын. Президент Назарбаев егер қандай да бір жағдай біздің тәуелсіздігімізге қауіп төндіретін болса, біз кез келген одақтан шығатын боламыз деген еді», – дейді экс-депутат. Украинаның саяси дағдарысы ту­ралы сөз еткенде, біздің саясатта­ну­шыларымыз Януковичтің басты қателігі ретінде, оның Украинаның батысы мен шығысын ортақ ұлттық идеяға жұмылдыра алмағандығын тілге тиек етеді. Ал Қазақстанның халқы этникалық тұрғыдан қаншалықты біртекті? Қазір жалпықазақтық сананы қалыптастырып үлгердік пе? Әлі күнге дейін жер-су атауларын қазақшаға ауыстыру мәселесін көтерсек, жұрттың бәрі атойлап қарсы болады да, керісінше, «Алматыны» «Алма-Атаға» ауыстыру идеясы қолдау табады. Отаршылардың қолтаңбасындай болған солтүстік облыстарымыздағы атаулардың ұлттық сипатқа ие болмауы салдарынан солтүстіктегі көршіміздің саясаткерлері күнде көз алартады. Ал олардың көз алартуын тыйып тастаудың орнына, өтініш айтып, жалынып-жалпаямыз. Күн өткен сайын қазақ басылымдарының қатары сиреп барады. Орыстілді басылымдардың экспансиясына қарсы тұрар қауқарымыз жоқ. Қазір Ресейге Қазақстан елшісі боп аттанған Марат Тәжин мемлекеттік хатшы қызметін атқарып жүрген кезінде тарихқа жаңаша көзқарас танытуды көлденең тартып, тарихи жадымызды жаңғыртуды ұсынып еді, неге екенін кім білсін, ол идеяға да балта шабылды. Мәдениет және ақпарат министрлігі Корея мен Түркиядан әкелінетін телесериалдарды алуға тыйым салатынын айтты. Алайда, ресейлік телесериалдар жайында жұмған аузын ашқан жоқ. Осының барлығы біздің отаршылдық сана­сынан алыстауға құлықты емес екендігімізді танытып отырған сынды. Украинадағы қа­­зіргі саяси тұтастыққа және Еуропалық бағытты қолдауына қар­сы шыққандардың дені орысша білім алғандар мен орыстар. Ал Шахановтың есебіне сенсек, біздегі 11 миллион қазақтың 40 пайызы өз ана тілінде сөйлеп, жаза алмайды. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде менсінбейді. Егер де алда жалда қазақтың алдында таңдау тұрса, сол орыстілді қаракөздеріміз орыстарды жақтап дауыс бермесіне кім кепіл? Қазірдің өзінде бұл реттегі саяси бағытымыз айқындалып қалған жоқ па? «Петропавлды – Қызылжар», «Павлодарды – Кереку», «Қазақстанды – Қазақ елі» атайық деген орынды ұсыныстарда қазақтың дауысы үнемі бәсең естіліп келеді. Бұған қарсылар көп. Демек мемлекетшілдікке қарсылар көп. Сол себепті де ұлттық саясаттың негізгі бағыттарын өзгерту керек. Мемлекеттік тілдің барлық салада қолданылуын қамтамасыз ету үшін, орыс тілінің ресми дәрежесін қайта қарайтын уақыт жеткен секілді.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ