Александр ЛУКАШЕВИЧ: Кешікпей бәріміз қазақ атанамыз

Александр ЛУКАШЕВИЧ: Кешікпей бәріміз қазақ атанамыз

Александр ЛУКАШЕВИЧ: Кешікпей бәріміз қазақ атанамыз
ашық дереккөзі

 

www.z001.kzсайтында
Александр Лукашевичтің оқырмандарға үндеуі жарияланыпты. Үндеудің аты «Скоро мы
все станем казахами» деп аталады. «Мен Қазақстан азаматымын. Қазақ болуға
сәл ғана қалдым. Целиноградта өмірге келдім, Ақмола қаласында өстім» деп
бастаған ол бүкіл қазақстандықтарды «ұлт» деген графаға «қазақ» деп жазуға
үндейді.

«Өз атымнан және отбасымның атынан өз елімнің азаматтарына үндеу
тастағым келеді. Біз мұнда өмірге келген бесінші буын ұрпақпыз. Бірақ,
төлқұжатымыздағы «ұлты» деген графаға әлі де «қазақ» деп жазып үлгерген жоқпыз.
Біз мұнда қалай күнелтіп жатырмыз? Әрине, менің көңілім толмайтын мәселелер өте
көп. Соның ішінде кейбір әлеуметтік, саяси және экономикалық мәселелерде
жүрегіме қаяу түсіретін мәселелер көп. Алайда
біздерге баспана берді, жарты нанын бөлістік. Одақтың күйреуінен кейін, көп
адам өз тарихи отанына оралды. Біз мұнда қалдық. Барар жер, басар тауымыз
болмай қалған жоқпыз, керісінше, мұнда жақсы өмір сүретін болғандықтан қалдық. Бізден
өзге қандай мемлекет осылай мақтана алады?!. Сол себепті қолдарыңызда барын бағалай
біліңіздер. Ар-иманыңызға жүгініңіз. Тамырларыңызды
ұмытпаңыздар, бірақ сіздер өз тамырларыңызды мұнда тереңге жіберуге мүмкіндік
берілгенін ұмытпаңыздар. Біздегі кемшіліктердің бәрі де жойылатын күн туар. Әлі
де жақсы өмір сүрерміз. Алайда бұл кемшіліктердің жойылуын өзіңізден бастаңыз.
Нәсілдік, діни, және әлеуметтік тұрғыдан бөлінбеңіздер» дей келе Қазақстан азаматтарының
бәрінің «қазақ» деуін қалайтындығын жеткізеді. Меніңше, өзге ұлт өкілдерінің
Қазақстан азаматтарына мұндай үндеу тастауының өзін біздегі ұлттық саясаттың
жеңісі деуге болатын секілді. Ең әуелі, біздегі өзге ұлттар өкілі Қазақстан Республикасының
жеке мемлекет болуының өзіне үрке қарады. Тіліңе пысқырып қарамады. Сол кезде
саясаттанушылар елдегі лояльдылықтың үш сатысын айтқан еді: біріншісі – саяси,
яғни мемлекеттің жеке ел ретінде қалыптасуын мойындау, екіншісі – лингвистикалық
лояльдылық, яғни мемлекеттік тілді мойындау, үшіншісі – этникалық лояльдылық,
яғни біртекті ұлтқа айналу. Біз осының екінші сатысында жүрміз. Яғни,
мемлекеттік тілдің пәрменділігін мойындау. Егерде елде ұтымды ұлттық саясат
жүргізілгенде біз бұл сатыдан өтіп кетер ме едік. Әзірге біз «өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау» 
саясатымен ақырын жылжып келеміз. Биліктің уәдесіне сенсек, елдегі
халықтың 95 пайызы 2025 жылы мемлекеттік тілде сөйлейтін болады-мыс. Демек тілдік-лингвистикалық
лояльдылық толығымен жүзеге асуы үшін әлі де он жыл күтеміз. Ал, этникалық
біртектілікке, яғни Германия мен Франциядағы, Түркиядағы секілді ұлтына қарай
емес, мемлекеттігіне қарай ұлтын анықтайтын дәрежеге жету үшін азаматтардың
қазақтық, жалпыұлттық және патриоттық сезіміне төңкеріс жасау керек. Шүкір,
бүгінде Александр Лукашевич секілді тәуелсіз Қазақстанның бостан азаматтары
көбейіп, мемлекетшілдік санасы өсе түссе, елдің этникалық біртектілігі де –
қазақтыққа бағыт ала беретін болады.