Жаңалықтар

УКРАИНАДА ТІЗГІНДІ ҰЛТШЫЛДАР АЛДЫ

ашық дереккөзі

УКРАИНАДА ТІЗГІНДІ ҰЛТШЫЛДАР АЛДЫ

Украинада Уақытша үкімет билікке келгеннен бастап, қолға алынған ең бірінші шара «Мемлекеттік тіл саясаты жөніндегі» заңның күшін жою болды. Бұл заң бойынша орыс және басқа да мемлекеттік тілдерге аймақтық тіл дәрежесі берілген болатын. Украинаның бірнеше аймағында украин тілімен қатар орыс тілі де мемлекеттік тіл деңгейінде ресми түрде қолданылып келген болса, Януковичті тақтан тайдырған бүгінгі оппозиция орыс тіліне украин тілімен тең дәрежеде құқық беретін бұл заңның күшін жойып отыр. Украинаның тілдік саясаты – билік басына келген президенттердің саяси көзіріне айналғалы қашан. Януковичтен бұрын президенттік таққа отырған Виктор Ющенко «Унитарлы мемлекет – Украинада аймақтық тілдер деген жоқ, бұнда бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол – украин тілі» деп кесіп айтқан еді. Сөйтіп, ресейлік саясаткерлер үнемі қолдап келген «Аймақтық тілдер» туралы заң жобасына қарсы болған. Виктор Янукович таққа отырысымен, Ющенконың осы бағыттағы саясатын айыптап, Украинаның 10 аймағында орыс тілінің аймақтық тіл ретінде қолданылуына мүмкіндік тудырды. 2012 жылы дәл осы заңның қабылдануы барысында Украина Радасында қызылшеке төбелес болғаны да жасырын емес. Өйткені сол кездегі Жоғарғы Рада спикері Владимир Литвин бұл заңның қабылдануына қарсылық ретінде отставкаға кетті. Украина оппозициясының пікірінше, бұл заңның қабылдануының өзі заңсыз. Рада спикері болған Владимир Литвиннің сыртқа шығып кетуін пайдаланған орынбасары, коммунист Адам Мартынюк заң жобасын күн тәртібіне енгізу туралы дауысқа салып жібереді. Осы сәтте оппозиция атынан сайланған депутаттар мінберге тұра ұмтылған еді. Дегенмен, заң жобасын күн тәртібіне енгізу туралы ұсыныс өтіп кетеді. Сөйтіп заң бірінші оқылымда-ақ мақұлданған. Содан болар, украиналық оппозиция өкілдері бұл заңды заңсыз қабылданған деген пікірде болатын. Енді өздері қолдамаған заң жобасының күшін жойды. Қазір Украинада тілдер саясатына орай, жаңа заң жобасы дайындалып жатыр дейді олар. Украина Радасындағы бүкілукраиндық «Батькивщина» бірлестігі фракциясының жетекшісі Арсений Яценюк: «Украинадағы орыстілді тұрғындардың көңілі алаң болмасын, олардың құқығы Конституция арқылы қорғалады, ал заңды қайта жазу керек», – дейді.

                                                    УКРАИНА БӨЛШЕКТЕНЕ МЕ?

Украинадағы осы оқиғадан кейін ресейлік саясаттанушылар Украинаны бөлшектеу сценариі жайында болжамдар айта бастады. Украина тәуелсіз мемлекет ретінде саясат сахнасында 22 жылдан бері өмір сүріп келе жатса да, Ресей саясаттанушылары Қырым автономиялық облысының Ресейдікі екендігін жақтары талмай айтумен келеді. Ал Ресей мен Украинаның арасында аумақтық көз алартушылықтың жоқ екендігі жа­йында 1990 жылғы келісім-шарты бар. Севастополь жайында «Уикипедия» ашық энциклопедиясында: «Севастополь – Украинадағы мемлекеттік маңызы бар қала. Севастопольде Ресей Федерациясының Қаратеңіз (Черномория) флотының әскери-теңіз базасы (РФ және Украина арасындағы Черномория флоты жөніндегі 2042 жылға дейін созылған базалық келісім-шартына орай) орналасқан» деген анықтама берілген. Алайда Ресейдегі қазіргі әңгіменің ауанына қарасақ, олар Украинаға екі түрлі ұсыныс айтып бағуда. Оның біріншісі, Украинаның біртұтас унитарлы мемлекеттен федералды мемлекетке айналуы – Қырым автономиясын құруы, екіншісі, Украинаны кезіндегі Чехословакия секілді бейбіт жолмен немесе Югославия секілді қанды қырғынмен бөлшектеу болжамдары айтылған. Кейбір саясаттанушылар 2008 жылғы Грузия сценариінің Украинада қайталануы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ресейлік саясаттанушылардың бірі, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Александр Дугин: «Біз украиндықтарды осетиндер мен абхаздықтарды қолдағаннан да күшті қолдауымыз керек. Шығыс пен Қырым – бұл бізбіз. Бұл бізде болып жатқан жағдай. Олар бізге Ресейдің ішінде тұрып жатқан көп халықтан жақын», – деген ой айтады. Ал Укранинадағы орыс қауым­дасты­ғының кейбірі Украи­наның федеральды мемлекетке айналуын қалайтындықтарын жеткізген. Мәселен «Русское собрание» халықаралық қоғамдық ұйым төрағасы А. Степанов РФ президенті Владимир Путинге және Ресей Думасына жол­даған ашық хатында да Украинада Қырым-татар автономиялық рес­­публикасының құрылуына көмек­тесулерін өтінген.– Киевтегі биліктің мүгедекке айналуы, Украина басшыларының бас бұзарлар мен олардың шетелдік жетекшілерінің ығына жығылуы, Украинаның оңтүстік-шығысының өзін-өзі басқаруы мұндағы орыс халқының өмір сүруі мәселесіне әкеп тіреп отыр. Бұндай жағдайда, Ресей біздің қандастарымызға барлық қажетті көмекті көрсетуге толық моральдық құқықа ие әрі міндетті деп есептейміз. Украинаның оңтүстік-шығысындағы қандастарын қолдаудан бастарту Ресей тарапынан сатқындық болар еді. Оңтүстік-шығыстағы аймақтар ертеден бері үмітсіз болса да Украинаны федералды мемлекетке айналдыру туралы идеяны көтеріп келеді. Біздіңше, Ресей Украинаның федералды мемлекетке айналу идеясын қолдауы керек. Егер біз автономия ала алсақ, өз ісімізді өзіміз шеше алар едік, – делінген онда. «Русское собрание» жетекшісімен бірге Ресей президентінің кеңесшісі Сергей Глазьев те Украинаның федералды мемлекетке айналғанын жөн санайтындығын «КоммерсантЪ-Украина» газетіне берген сұхбатында жеткізген: – Меніңше, бұл тек қана идея емес, қаны сорғалаған шындық. Унитарлық мемлекет аясында үнемі қарама-қайшылық туындап отырады. Оны болдырмау үшін федералды мемлекетке айналуы тиіс, – депті РФ президентінің кеңесшісі.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ