Украина шындығы: Билікті меншіктеп алуға болмайды

Украина шындығы: Билікті меншіктеп алуға болмайды

Украина шындығы:   Билікті меншіктеп   алуға болмайды
ашық дереккөзі

Украинадағы саяси жағдай шарықтау шегіне жетті. Өткен аптада алаңдағы ереуілдің соңы қақтығыстарға ұласып, 80-нен астам адамның көз жұмуы халықты есеңгіретіп тастады. Жоғарғы Рада дереу Киевтен әскери жасақтарды әкету жөнінде қаулы шығару әрекетіне көшкен болатын.

Оның үстіне әлемдік қауымдастық өкілдері мен саясаткерлері билік пен оппозицияның ымыраға келуіне үндеу жасап, Украинада жаңа үкімет қалыптасып, конституциялық реформаның басталатынын жеткізді. Еуропа елдерінің СІМ отырысында Янукович мерзімнен бұрын президенттік және парламенттік сайлау өткізуге қарсы еместігін мойындаса да, отставкаға кетпейтінін мәлімдеген еді. Ол халыққа арнаған бейне жолдауында: «Мен мемлекетте қанның төгілмеуі үшін бәрін істеймін. Адамдарды қорғауға тырысамын. Мені қорқытқысы келіп, өз еркіммен отставкаға кетуімді қалайтындар көп. Бірақ отставкаға кетпейтінімді айтқым келеді», – деген болатын. Бір айта кетерлігі, Януковичтің отставкаға кететіндігі туралы «Батькивщина» фракциясының депутаты Вячеслав Кириленко «Рада» телеканалынан алдын ала мәлімдеп: «Президент Янукович конституциялық өкілеттілікті және өз міндетін орындаудан басын алып қашты. Сол себептен де Рада еркін украин халқының атынан шешім шығарды», – деді. Сөйтіп, Жоғарғы раданың 328 депутаты президенттің отставкаға кетуіне бірауыздан дауыс беріп, жаңа заңдық құжаттарды қабылдауға кірісіп кетті. Тіпті, мерзімнен тыс президенттік сайлауды өткізу уақытын 25 мамырға белгілеген депутаттар 2009 жылы Украина мен Ресей арасындағы газ келісіміне қол қоямын деп басы дауға қалған, нәтижесінде 2011 жылы жеті жылға бас бостандығынан айрылған экс-премьер Юлия Тимошенконы бостандыққа шығарды.
Юлия Тимошенко Харковьтегі ауруханадан шыға сала, Жоғарғы Радаға емес, майданға жол тартты. Мүгедектер отыратын кресломен келген оны алаңдағы халық: «Юлия, Юлия!» деп қолпаштап қарсы алды. Ерекше толқыныспен сөйлеген ол: «Бүгін Украинаны қалай елестетуге болатынын анықтайтын күн! Сондықтан сіздер өз таңдауларыңыздағы адам билікке келмейінше, осында тұра беруге тиіссіздер!» деген жалынды сөздерін арнады. Сондай-ақ, ол: «Мен сіздердің төрт көздеріңізді түгел көруді армандадым. Сіздер батырсыздар! Батырлар мәңгілік бізбен бірге! Батырлар өлмейді! Украинадағы барым да, нарым да сіздер! Мен Киевке келгенімде басқа Украинаны көрдім. Бұл еркін адамдардың мемлекеті! Оны сіздер өзгерттіңіздер! Сіздерге көп рахмет! Миллиондаған адам саясаткер не шенеуніктен емес, сіздерден қорғау-қолпаштау күтуде. Украинаның бар жарасы ашылды, оны бүгін сіздерден басқа ешкім жаза алмайды. Міне, біз осы жауапкершілікті сезінуіміз керек», – деді. Осындай жылы сөзге шөлдеп қалған халық арасынан: «Юлия – Президент!», «Юлия, жарайсың!» деген дауыстар жарқын-жарқын шығып, гүл шоқтары тарту етілді.
Кейбір ақпарат көздеріне сенсек, Харьковтегі Украинаның оңтүстік-шығыс облыстары депутаттарының съезіне қатысуы тиіс Янукович таңға жуық Киевтен асығыс ұшып кеткен көрінеді. Бір деректе оның ұшағы Біріккен Араб Әмірліктерінің «Фуджейра» әуежайына қонғандығы туралы айтылса, тағы бір ақпаратта: «Янукович Украинадан қашып кеткісі келген жерден ұсталды» делінген. Оның ұшағы Донецк әуежайынан ұша алмай қалған көрінеді. Ал ендігі бір мәліметтерде Януковичтің Ресейге ұшып келгендігі айтылады. Дегенмен, оны Ресейде құшақ жая қарсы алып отырған кім бар? Ол ол ма, Киевтің «Жуляна» әуежайынан VIP-жолаушылар ұшқан 64 рейс тіркеліпті. Депутат Олег Ляшко өзінің «Фэйсбуктегі» парақшасында бұл тізімде «Аймақтар партиясынан» Елена Бондаренко, Татьяна Бахтеева, Николай Левченко, сондай-ақ Жоғарғы Рада спикерінің орынбасары Игорь Калетниктің бар екендігін жазыпты. Соған қарағанда, тықыр таянғанын сезген билік партиясының басшысы мен жандайшаптары шетелдегі жинаған байлығына құстай ұшқан сияқты.
Ал, халық бұл кезде «Межигорьедегі» Януковичтің резиденциясын емін-еркін аралап жүр. Ондағы алтынмен құйылған Януковичтің портретін көрген жұрттың аузы ашылып қалған. «Біздің жалақымыз бен зейнетақымыз тиын-тебен ғана. Ал халықтың қамын ойламайтын биліктегілер елдің байлығын бөлісіп алған. Өздеріне бар жағдайды жасаған», – деп наразы. Сол сияқты ақпарат құралдары мемлекеттің тізгінін ұстаған басқа да атқамінерлердің үй-жайын, байлығын көрсетіп, әшкере етуде.
2009 жылы сайлауда Януковичтен 3 пайызға жеңіліп қалған Тимошенконың мына бір сөзі қайта-қайта еске түседі. Ол сол кезде: «Мен Януковичтің портретін білім мекемелеріне, мектептерге іліп қою – кейінгі ұрпақтың тәрбиесіне кері әсерін тигізеді деп есептеймін» деген еді. Шынында да, 48 млн. халық украин ұлтының атына кір келтірген, басын сауғалап, жасырынбақ ойнаған Януковичтің портреті тұрмақ, өзін табанға таптап тастаудан тайынбайтын түрі бар.
Бүгінде Украинада президенттің міндетін Александр Турчинов уақытша атқаруда. «Батькивщина» партиясының көшбасында жүрген саясаткер Турчинов қолынан келгенше елдің жағдайын қалыпқа келтіруге күш салатынын жеткізді. Ол уақытша үкіметті жасақтауды бүгін аяқтады. Алайда, уақытша билік мемлекеттің шатқаяқтаған экономикасын тығырықтан шығаруға қауқарсыз. Ол үшін 35 млрд. доллар қажет. Халықаралық Валюта қоры, Еурокомиссия, Ұлыбритания мен АҚШ көмек беруге әзір екенін білдірсе, Еуроодақ елдегі реформаларды жүргізу үшін 20 миллиард доллар бөлді. Ал Ресей транш есебінде бөлетін 2 миллиард долларды беруге асығар емес.
Біз Украинада соңғы күндері болған саяси ахуалға байланысты саясаттанушылардың пікірін білген едік.

Эдуард Полетаев, саясаттанушы:

ҚАЗАҚСТАН ГҮЛДЕНГЕН УКРАИНАНЫ КӨРУГЕ МҮДДЕЛІ

1fbf222b1574cba592d2cf9680b13c38.jpg

– Біздің Украинамен ортақ нәрселеріміз бар. Біріншіден, саяси карта әлемінде бір уақытта пайда болдық. Екіншіден, бір кезде Кеңестер Одағында өмір сүрдік. Бұдан өзге толыққанды мемлекет құру үшін нарықтық экономика, саяси класс құру жөнінде ортақ ұстанымдар болды. Қазақстан посткеңестік мемлекеттердегі жағдайға байыппен қарап, қадағалауда ұстауда. Грузия, Қырғызстан, Украинадағы төңкерістік оқиғадан ғана емес, Белоруссия, Ресей, Өзбекстандағы қоғамдық-саяси даму үлгісінен тәжірибе алып отыр. Осыдан қандай да бір шешім шығарып, олар жіберген қателікке жол бермеуге тырысуда. Ол үшін мониторинг жасап, аналитикалық сараптама жасайтын мекемелер бар. Тағы бір қырынан қарасақ, Украинадағы жағдай Қазақстаннан гөрі, Ресейге қатты әсер етеді. Әсілі, елімізде Украина өнімдерінің азаюынан біздің экономика зардап шеге қоймайды. Әрине, Қазақстан Киевтегі жағдайға алаңдаушылық білдіруде. Қазақстан Украинаны гүлденген мемлекет ретінде көруге мүдделі. Сайлау болып, президент сайланғаннан кейін де екі елдің қарым-қатынасы жақсара түсетіні белгілі. Бұл жағынан Қазақстанның мүмкіндігі бар. Украина тарапынан да біздің мемлекетке қандай да бір ресми мәлімдеме жасалған емес. Меніңше, бұл тұрғыдан уайымдайтын дәнеңе жоқ.
Меніңше, Янукович бір қапасқа тіреліп қалғандай. Қандай қадам жасаса да, мұның бәрі оған ұтылыс әкелді. Оның үстіне саяси лидер, партия жетекшісі ретінде салиқалы саяси шешім шығаруға қауқары да, жағдайы да жетпеді. Бірақ ол жоғалып кеткен жоқ қой. Әйтеуір бір жерден шығатыны анық. Дегенмен, тығылмастан бұрын Харьковке, Донецкке, Қырымға барды, яғни ол президенттік сайлау кезінде өзіне дауыс берген аймақтағы халықтан саяси көмек, қолдау күткен сияқты. Алайда Янукович іздегенін таппағандай көрінді. Соңғы кездегі саяси шешімі, адамдардың бостандығын шектейтін заңды қабылдап, кейіннен баптарды алып тас­тап, ұсталғандарды амнистиямен шығару жөніндегі түсініксіз жағдайдағы әрекеттерінен соң, ол майданда қаза тапқандарды мойнына жүктейтінін сезген сияқты. Әрине, Янукович бүгін осы айыптардың өзіне тағылатынын білді. Өзін қорғайтын ешкім қалмаған соң, жарасын жазу үшін тыныш жерде жағдайға жан-жақты қарап, әрі қарай қалай әрекет еткен жөн деген жәйтті ойлап жатқан болар.
– Украинадан қандай сабақ алуымыз керек?
– Меніңше, Украинадағы саяси жағдайдың мәнісіне бару үшін бір кідіріс жасау керек шығар. Алайда Батыс елдері үшін халықтың тарапынан жасалған наразылық акциялары демократияның белгілері болып есептеледі. Ал посткеңестік мемлекеттер үшін олай бола бермейді. Бұл биліктің әлсіздігін көрсететін немесе белгілі бір күштердің жағдайды ушықтыруы ретінде қабылданады. Әрине, біздің мемлекет ауыспалы саяси лидерлермен сөйлескенге үйренген. Яғни, кім билікке келсе, сонымен қарым-қатынас ұстанады. Қазір Украина саясатында кім лидер болатыны белгісіз. Жақында Ресей премьері Медведев: «Біз Украинаны қалыпты деңгейде көрсете алатын, өзіндік пікірі бар адекватты әңгімелесушімен сөйлескіміз келеді» деген еді. Меніңше, Қазақстан мен Ресей міндетті түрде өз ойын білдіреді. Қазір жағдайға баға беру процесі жүруде. Шын мәнінде, кейде көрші мемлекетке бірдеңе деу ішкі мәселесіне араласумен тең болуы мүмкін.

Бөріхан Нұрмұхамедов,  саясаттанушы: 

Еуразиялық экономикалық одақты кейінге шегерген жөн

2bda8af1a19a8391a285f008596d9395.jpg

– Украинадағы жағдайдан бірнеше сабақ алуға болады. Он жылдан бері Еуроодаққа кіреміз деп, жұмыс істеген Украина шешімін бір күнде өзгертті. Саясатта шындықпен жүрген дұрыс. Үкіметтік, биліктік дағдарыстан шығатын демократиялық жолдар бар. Яғни, бағытты басқа жаққа бұрып, саясат жүргізу үшін халықтан мандат алу керек. Януковичке мерзімнен тыс парламенттік және президенттік сайлау өткізу туралы мәселе айтылғанмен, дер кезінде құлақ аспады. Өз халқына әскери күшті қолдану – кешірілмейтін күнә. Янукович әлсіз, қорқақ сая­саткер екенін көрсетті. Президент ретінде елдің мәселесін шешу керек еді. Біреулер Путиннің ықпалымен жүрген адам дейді. Айналып келгенде, сатып кетті. Ақпарат құралдарынан президенттің резиденциясын, прокурордың үйін көрсетті. Халық музей ретінде аралап жүр. Еуропаға ұмтыламын деген мемлекеттің басшылары халық арасында өмір сүретін жағдайға жету керек. Украина энергетикалық ресурстары жоқ мемлекет. Ондай болған соң билік өте қарапайым өмір сүру қажет.
Украинаға Еуроодақтың, АҚШ-тың, Ресейдің ықпалы болды. Көп кінә Ресейдің ақпараттық саясатында жатыр. Ресей ақша және төмен бағамен газ беріп, Украинаны өзіне қаратқысы келді. Бірақ бұл мақсатына жете алмады. Ресей әлі өз көзқарасын нақтылаған жоқ. Кеше Путин Ресейдің Украинадағы елшісі Зурабовты шақырып алып, кеңес өткізді. Сондықтан біз де сабақ алып, Еуразиялық экономикалық одаққа қол қою мәселесін кейінге шегеруге тиіспіз.
Бүгінде халық 2004 жылғы конституцияға тоқтап отыр. Мұнда президенттің де, үкіметтің де, парламенттің де құзыреті тең болатын. Көп мәселе күшіне енді ме, жоқ па, белгісіз. Бәрі Жоғарғы Раданың шешімімен болып жатыр. Бірақ көпшілік Тимошенконы қолдауда. Әлі талай саясаткерлер шығады. Он күнде талай өзгеріс болды. Алда не күтіп тұрғаны белгісіз. Жаңа биліктің өзі тұрақты болуы керек.

Мұрат Әбенов, экс-депутат:

Януковичтің халық алдында беделі қалмады

89673a785403fe2613e593253c8cf0a3.jpg

– Жалпы, Украинадағы жағдай бізді бей-жай қалдырмауы керек. Өкінішке қарай, біздің БАҚ-та бұл жағдайды сапалы талқылап, жан-жақты сараптап беру аздау сияқты. Қазақ елінің ең басты құндылығы ауызбіршілік, татулық болса, онда бізге көрші «майданның» себептерін билікке де, халыққа да дұрыс түсініп алу керек. Басты мақсат – мұндай жағдайдың болуына жол бермеу. Әрине, Украинаның өз ерекшелігі бар. Қазақстанмен салыстыруға келмейді. Бірінші, Украинаның экономикалық жағдайы бізге қарағанда әлдеқайда қиын. Екінші, Украина егеменді ел болып аталғанмен тәуелділік басым. Біз шекарамызды сызып, алыс-жақын көршілермен байланысымызды реттеп, әрқайсысымен тіл табысып, халықаралық байланыста өз орнымызды тауып алсақ, олар бүгін былай, ертең басқаша болып, тұрақтылық таныта алмай жүр. Оның басты себебі – ұлтаралық қарым-қатынас үлкен мәселе туғызуда. Батыс пен Шығыс болып бөлініп, Батыс Еуропаға еліктеп, Шығыс жағы мейлінше Ресейдің саясатын қолдайды. Әр жаңадан келген билік жан-жаққа жалтақтап, жетістіріп саясатын жүргізе алмайды. Үшінші – биліктің халық алдында беделі төмен. Билікпен халық арасындағы өзара түсіністік, тұрақтылық қарым-қатынас оларда жоқ. Украинада қайта-қайта заң ауыстырып, ол заңын билікке келу үшін өзі бұзған ел басшыларына оны басқалардан талап етуі қиын. 2009 жылы Янукович билікке келген кезде де көп сұрақ туындап еді. Ол президент ретінде халық алдында ісімен де, сөзімен де бедел жинай алмады. Оның үстіне бұрыннан қолы таза емес, заңды бұзушылыққа жақын екендігі туралы ақпарат бар. Янукович жас кезінде екі рет сотталған адам. Әрине, ондай адам беделді ел басшысы болуы қиын. Сондай-ақ ол елдегі қордаланған экономикалық мәселені уақытында шеше алмады. Айлық, зейнетақы сияқты әлеуметтік төлемдер төмен деңгейде. Соны біле тұра алаңға шығып, халық қойған талаптарға түсініп қарап, келісімге баруға тырыспады. Тек Ресейдің күшіне көбірек сеніп қалып, өз азаматтарымен дұрыс қарым-қатынас жасай алмады. Сол себептен ол биліктен айрылды.
Украинадағы жағдайдың ушығуына көршілес Ресейдің әсері қатты болды. Ресей батыстағы украиндарды «фашистер», «радикалдар» деп атап, шығыс жағын өзіне тартып, арандату саясатын жүргізгенін байқадық. Салдарынан ресейлік БАҚ тікелей Киевтегі оқиғаға отқа май құю мақсатымен арнайы ақпараттар жіберді.
Біздің де кейбір орыстілді ақпарат құралдары көршіміздің ықпалымен Януковичке қарсы шыққан топты бірауыздан «радикал», «экстремист» деп айыптады. Оған қарағанда қазақтілді ақпарат құралдарында шектен шығу болған жоқ. Бейтарап, ортақ ақпарат беріп отырды. Қазақстан СІМ алаңға шыққан саяси топтарды да, билікті де бір жақты қолдаған жоқ. Мәселені конституциялық заңдық нормалармен шешу керектігін айтып, «достас, бауырлас мемлекеттің шешімін қолдауға дайынбыз» деп мәлімдеме жасады. Біз сондай ұстанымда болуымыз керек. Қазір Януковичтің қылмыстарының бәрі ашылып, кемшіліктері тізілуде. Ертеңгі күні кеше ғана «фашист», «радикал» деген адам ресми түрде билікке келсе, амал жоқ қарым-қатынас жасауға тиіспіз.
Шет мемлекеттер Украинаның сыртқы және ішкі жұмысына қол сұғуда. Содан сақ болуымыз керек. Кеше ғана Жириновский Украина туралы айта келе, Қазақстанға да тіл тигізді. «Қазақстанды Ресейге қосып, бір округ жасауымыз керек. Алматының атауын «Верный» деп өзгерту қажет. Соғысқа орыстан басқа ешкім қатысқан жоқ. Бәрін Ресей өзі жеңді» дегенді айтты. Кеше ол Думада «Украина азаматтарына Ресейдің төлқұжатын беру керек» деген мәселені көтерді. Онын алдында Лимонов солтүстік облыстарды Ресейге қосу керек деп шулатқан. Кездейсоқ па? Бұдан қандай сабақ алуға тиіспіз? Біз қаншама достық қарым-қатынаста болсақ та, абайлауымыз керек. Кеден одағы тек экономикалық байланыс. Ешкім ішкі саяси жағдайға араласып, тәуелсіздігімізге қол сұқпауға тиіс. Осындай ақпараттан қорғанатын жағдай жасау қажет. Мысалы Жириновский осы пікірін Ресейде айтса да, көршіміздің мемлекеттік «Россия 24» каналы ашықтан ашық Қазақстанға таратты. «БАҚ туралы» Заңның 13-бабында: «Мемлекеттік құрылымға қарсы конституциялық талаптарды шектейтін, мемлекетімізге кері әсері бар ақпаратты тарататын БАҚ жабылуға тиіс» делінген. Мұны тезірек қолға алу керек. Ресейдің Украинаға араласқанын көріп, ойға түйгенім – арандату мақсатымен жасалған ақпараттық майдан, керісінше қазақ елін біріктіруге әсер етуде. Бұл үлкен сабақ. Ең бастысы, барлық мәселені өзіміз мемлекеттік көзқараспен, ауызбірлікпен, заңмен шешуге тиіспіз. Ұлтты ұйыстырып, біріктіретін ең негізгі фактор – сыртқы күш! Жириновскийлер «ұрандары» арқылы бізді біріктіріп жатыр.
– АҚШ, Еуропа елдері Украина халқына қолдау көрсетіп, мемлекеттің экономикасына қаржы құятындарын мәлімдеді. Біз ше?
– Шын дос, бауырлас болатын мемлекет алдағы сайлауға араласпауы керек. Тек тәуелсіз бақылаушылары келіп, қадағалауы керек. Егер сайлау дұрыс өтпесе, мәселе шешімін таппайды. Біз қолдан келгенше экономикалық тұрғыдан көмектесуге тиіспіз. Ең бастысы, украиндар да қазақ еліне, байтақ Қазақстанға үмітпен қарайтын сияқты. Сондықтан осынау елге мейлінше көмектессек, қазақ ұлтының аты әлемнің тарихына алтынмен жазылар еді. Көршінің үйінде айқай-шу шықса, араласпау керек дейміз ғой. Сол сияқты АҚШ та, Еуроодақ та, Ресей де елдің ішкі саяси жағдайына араласпағаны жөн…

Динара Мыңжасарқызы