ТҮРКІСТАНДАҒЫ БАСМАШЫЛАР ҚОЗҒАЛЫСЫ
ТҮРКІСТАНДАҒЫ БАСМАШЫЛАР ҚОЗҒАЛЫСЫ
Қазақтың қайсар ұлдарының бірі Мұстафа Шоқай – ұлт азаттығы жолында құрбан болған қайраткер. Рухы биік азат ұлдың жүрегі Алаш деп соқты. Қазақ үшін жан аямай күресті. Ойы да, сөзі де ұлттың бостандығы болған рухы биік азаматтың ХХ ғасырдың басында жазған азат ойлары әлі күнге өз бояуын жоғалтқан жоқ. Қайраткердің әр шығармасынан тың деректерді кездестіруге болады. Бұл еңбегін белгілі зерттеуші ғалым Бақыт Садықованың «Мустафа Чокай» атты кітабынан аударып, қазақ тіліне тәржімалаған Есенкелді Төреқұлов.
1. Басмашылар
қозғалысының бастауы
Әр нәрсенің өзіндік тарихы бар. Әрбір сөздің орны да солай. Этимологиялық көзқарас бойынша «басмашы» сөзі түркілердің «basmak» етістігінен пайда болған. Бұл «қысу», «басу», «бұзу» деген мағыналарды береді. Сонымен өзбек тілінде «basmaji» – «басбұзар», «тонаушы», «қылмыскер» деген сөз. Әйткенмен бүгінде бұл өзінің алғашқы мағынасын жоғалтты. Қазіргі кезде бұл сөз Түркістандағы кеңеске қарсы ауқымды қозғалысты білдіреді. Түркістанда бұл «басмашы» сөзі өзінің (кеңестік емес қолдану түрін айтып отырмын) мағынасын жоғалтып, халықтық көтерілістің, кеңестерге қарсы күресте қарулы бас көтеруге белсенді қатысу синониміне ие болды. Ол мұсылмандар әлемінде ерекше маңызы бар арабтардың «musayid» сөзінің мәніне айналды. Қазан төңкерісі «басмашы» (басбұзар) сөзінің қасиетті іс жолындағы күресуші деген мағынаға ие болуына ықпал етті. Кеңес Одағының аумағындағы кеңеске қарсы қозғалыс түрлерімен салыстырғанда ең ықпалдысы Түркістандағы басмашылар қозғалысы болды. Кеңес әскерлерінің Түркістан Қоқан Автономиясы (1918 жылдың ақпаны) үкіметіне қарсы қанды қақтығыс күндерінің жеңілісінен соң да басмашылар қозғалысы ұзақ жылдар бойы көптеген халықтар арасында танымалдығын сақтап қалды. Орталық Азияның әртүрлі аумақтарында уақыт кезеңдерімен шағын көтерілісшілер топтары бой көрсетіп отырды. Қазан «революциясының» он жылдығын мерекелеу қарсаңында Хиуа ханы Саид Асфендиярды тағынан құлатқан бұрынғы хиуалық түркімен көсемі Жунаид хан бандасының пайда болуы кеңес үкіметін біршама әбігерге салды. Көпжылдық қақтығыстан соң кеңес үкіметі Жунаид ханмен келісімге барды. Бірақ, Жунаид ханның бұрынғы жақтастарын қуғынға салып, сонымен қатар олардың кейбіреулерін дарға асқан соң ол қайтадан Кеңестерге қарсы көтеріліс туын көтерді.
Оған қарсы барлық кеңестік Түркістан жұмылдырылды, теміржол бойын Кеңестер «қауіпті аймақ» деп жариялады. Революциялық әскери комитет шақырылып, большевиктерге қарсы қозғалысты басу және басмашыларға қарсы үгіт жұмыстарын жүргізу үшін өткендегідей Төтенше Комиссия құрылды. Кеңестік газеттер Жунаидқа қарсы күрес барысының нәтижесін атап көрсетіп отырды. Бірақ, кеңес өкіметінде қозғалысты толығымен жойып жібергендігі жайында сенім жоқ еді.
Жунаидтың да кез келген басқа құрбашы (атаман) сияқты кеңес әскеріне қарсы өзінің жорығын жаңартуға, қайта бастауға ешқандай мүмкіндігі болмады. Қызыл армияның жазалаушылық қимылдарының нәтижесінде мұсылман тұрғындары арасында көптеген жандар құрбан болды, ал большевиктер болса Орталық Азияда өздерінің әскери жағдайын айтарлықтай нығайтып алды. Алайда, орыс әскерлерінің Орталық Азияны қайта жаулап алуы екі жаққа да өткен ғасырдың екінші жартысында орын алған жағдайдан айтарлықтай көп қырғын келтіргендігін айта кету керек. Түркістан мұсылмандары қарсылық ұйымдастырудың барлық мүмкіндігінен айрылса, ал орыстар оларға үрей туғызуда басымдылық танытты. Осы жағдайда көпшілік мұсылман халқының оморфтық (құрылысы дұрыс түзілмеген формасы) қарсыласу күшінің кенеттен пайда болуы екі себеппен түсіндіріледі. Біріншіден – тәуелсіз халықтың құрылуы кезеңінде ұлттық сананың өсуімен; екіншіден – бұл ең маңыздысы, өзін өзі сақтау түсінігінің күштілігінен. Кеңес өкіметінің «отаршылдық» қаталдығы тарихтағы ерекше және шектен шыққандық болды. Егер мен «Қазан революциясының ерлік кезеңдері» деп аталатын уақыттағы большевиктердің Түркістандағы саясатын тек большевиктердің дерек көздері негізінде жазар болсам, онда жағдай одан бетер барлық «отаршылдық» соғыстар тарихындағы ешқайсысына сай келмейтін үрейлі болып көрінер еді. Істің ақиқатына келер болсақ, «империалистік жаулап алушылық» деп аталатын басқыншылық әрекет барысында қырылған барлық адамдар саны кеңестік диктатураның түркістандағы тек алғашқы екі жылында ғана орын алды. Бұл «Пролетариат диктатурасының өкілдері тек орыстар ғана бола алады» деген теорияның практикаға енді енгізіле бастаған кезі еді» (1920 ж. 20 маусымдағы «Московская правда» газетін қараңыздар).
Орталық Азиядағы осы бір ерекше және теңдесі жоқ таптан тыс және ұлтқа қарсы қатты кеңестік режимде жалғыз ғана және даусыз да талассыз зымияндық сыр болды. Ол мұсылмандардың басмашылдық қозғалысының пайда болуында еді.
Кеңестік әдебиетте басмашылық қозғалыстар туралы мәліметтер өте аз. Оған бар-жоғы бірнеше ғана кітапша мен газет мақалалары арналған. Екінші жағынан, басмашылар қозғалысы айтылмаған, Түркістан жайында байсалдылықпен жазылған бірде-бір мақала жоқ. Бірақ, осы кітапшалар мен газет мақалаларының бір ғана қарама-қайшылық ерекшеліктері бар. Атап айтсақ: большевиктер басмашылық қозғалыстың себебін табуға тырысады, бірақ сол себептің түркістандағы кеңестік «ұлттық» саясаттан, кеңестік орталық агенттерінің әрекетінен туындағанын мойындаудан қашқақтайды. Соңғы уақытта басмашылық қозғалыстың «пайда болуы» себебін кеңестік публицистер зерттей отырып, «Түркістандағы мұсылман тұрғындары ескі тәртіп кезіндегі империалистік езушілік» өрісіне ұзақ экскурс жасайды.
Олар бір жағынан «ұлттық жер иелері класы мен саудалық буржуазия» шағын өкілдерінің үлкен аумағын шоғылдандыруға алып келген майда жер иелерін меншігінен айыруда (экспроприациялауда), «сауда капиталының қиратқыштық күшіне» сілтеме жасаса, екінші жағынан патшалық үкіметтің отаршылдық саясатының нәтижесінде жергілікті тұрғындарды аянышты да ауыр халге әкелгендігін көрсетеді. Майда жер иелерінің жерін алып қою және империялық режимнің талқандаушылық, отаршылдық саясаты бұқараға әсерін тигізді. Бұл ешқандай да күмән тудырмады. Егер еш таласы жоқ осы айғақтар басмашылар қозғалысының тууына тікелей себеп болса, онда кеңестік уақытта большевиктер өкілдеріне қарсы ешқандай да толқулар болмас еді. Олардың ойларының қисыны бойынша жергілікті халықтың шексіз формадағы қанаушылыққа ұшырауына кеңес өкіметі кінәлі емес. Керісінше, егер халықтық толқулар большевиктер келгенше орын алса, шыға бастаған большевиктік декреттері және патшалық тәртіптің барлық әділетсіздіктерін жойып, Түркістанға толық бостандық беруге салтанатты уәде еткен «Түркістан мұсылмандарына» жолдауы қайда қалды? Ең бастысы, ұлттың өз тағдырын өзі шешу туралы декларациясы шығуымен барлық толқулар бірден тоқтатылуы тиіс болатын. Бірақ, толқулар кеңестік тәртіп орныққанынан кейін басталды емес пе?
Ескі мемлекеттік құрылыс кезінде әлбетте, толқулар болды. Соңғысы түркістандықтар әскер қатарына шақырылмайтындығы жөнінде шыққан патша Жарлығына қарамастан 1916 жылдың жазындағы мұсылмандарды әскерге алу жөніндегі белгілі 25 маусым Жарлығына байланысты орын алды. Жаппай әскерге алу даладағы егіс жұмыстарының қызған шағында жүргізілді. Әскер қатарына 19 бен 43 жастар арасындағылар еш куәландырылусыз, жасы жеткендігі жайында еш құжаттар жинастырылмай-ақ шақырылды. (Түркістанда ол кездері туу туралы тіркеулер жүргізілмейтін).
Ең бастысы, әскерге мұсылман халқы ғана шақырылды да, Түркістанда тұратын орыстарға оның қатысы болмады. Олар сондай-ақ, әскери міндеттіліктен босатылды. Міне, осындай жағдайлар мұсылмандарды бей-жай қалдыра алмады, көтеріліс толқыны Түркістан мұсылмандарының арасына кеңінен тарады. Империя үкіметі өздерінің абыройын сақтап қалу үшін бұл істе Түркістандағы өкілдерін кінәлады. Осындай толқулардың қысымымен орыс үкіметі әскерге алудың жеңілдіктерін жасады. Мұсылмандарды тек окоп қазуға алып, соның нәтижесінде толқулар тоқтатылды. 1917 жылдың Ақпан оқиғасы кезінде көріністер қалай басталса, көтеріліс те солай тоқтатылды. Тек, Жетісу облысында үкіметтің саясаты нәтижесінде шыққан қырғыз-қазақтар көтерілісі орыс қоныстанушыларына қарсы ұлттық күреске ұласты. Орыс қоныстанушылары ұйымдастырған қырғыз-қазақ арасындағы бүлік күшейіп, кескілесуге жетті. Көмекке майданнан қашқан сатқын орыс «революциялық солдаттары» келді. Ақпан революциясы кезінде басмашылар қозғалысы туындаған (Ферғана) ауданда тыныштық орын алған еді. Мұның басты себебі, Қоқан Автономиясының талқандалуы болатын. Бірақ, бұл бұрынғы режим саясатының емес, кеңес өкіметі әрекетінің салдары болатын. Бұрынырақ шыққан кеңестік ақпарат құралдары кей кездері басмашылық қозғалыстың пайда болғандығының себебін дәл әрі анықтап жазды.
Түркістан мәселесін әртүрлі көзқараспен анықтап қараған Кеңес авторлары басмашылық қозғалыс өзін қорғаған мұсылман халқының мұсылманға қарсы саясатқа қарсылықтарының қажетті нәтижесі екендігі жөнінде бір пікірге келеді және оның шықпай қалуы мүмкін емес екендігін айтады.
Оқырмандарды кеңестік деректемелердегі дәйексөздермен қажытқым келмейді. Олардың кейбіреулеріне ғана тоқталамын.
«Түркістандағы басмашылық қозғалыстың әлеуметтік табиғаты» мақаласының авторы Скалов «Қоқан Автономиясын талқандау, талан-таражға салу, «кеңестік партизан» мен «дашнақтардың1» қатаңдығының арқасында қалаларды, теміржолшыларды, жұмысшыларды, армияны және т.б. азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін дихандардың соңғы бір үзімдерін аяусыз реквизициялау мен тәркілеу дихандарды бүлікшілік2 жасауға мәжбүрледі» – деп жазды.
Кеңес дәуірінің тағы бір авторы – Георгий Сафаров өзінің «Отарлау революциясы. Түркістан тәжірибесі» кітабында «басмашылық қозғалыс ұлттың тағдырын шешу жолындағы күрес, сондай-ақ, кезекті отарлау мәселесінің салдарынан пайда болды. Ол біріншіден, Қоқан Автономиясының талқандалуына әкелсе, екінші жағынан, оның пікірі бойынша соңынан Ферғана мақта өнеркәсібінің қирауы экономикалық дағдарыстан болған және өзбек-сарт буржуазиясы мен ұлттық шаруа бұқарасының кедейленуіне жеткізген. Осының барлығы дәстүрлі өмір тәртібінің бұзылуына әкеліп соқтырған». Айқыны, екі жыл көлемінде жарық көрген екі большевик автор өздерінің еңбектерінде «Қоқан Автономиясының» талқандалуын, мұсылмандық Түркістан ұлттық орталығының күйретілуін» кеңес өкіметінің жіберген қатесі деп бағалайды. Сафаровтың пікірінше сайып келгенде бұл отарлаушылдықтың қатесі.
Басмашылық қозғалыстың пайда болуын Орталық Азияда аграрлық реформаны бөгеудің (кідіртудің) нәтижесі деп түсіндіруге тырысқан басқа да авторлар болды. Бұл аргумент ауылшаруашылық деңгейі жабайы, индустриясы дамымаған Шығыс елдерінде революция тек аграрлы болуы мүмкін деген лениндік тезистен пайда болған. Түркия және кеңестік Орталық Азия тәжірибесінде бұл тезистің қателігі дәлелденді. Бұл елдер аграрлық реформаға көшердің алдында ұзаққа созылған ішкі қайта құру кезеңін бастан өткізді. Алайда, кеңестік Орталық Азияның тәжірибесі күшті диктатуралық өкімет «аграрлық революцияны» жер реформасы жолымен жүргізуге қабілетті екендігін көрсетті. Есте қаларлығы сол, Орталық Азияда «аграрлық революцияны» жүргізе отырып, большевиктер фетваға шабуыл жасаудан, яғни мұсылман діндарларын жазалаудан бастады. Өзбекстанда «революцияны» жүргізу кезінде кеңес үкіметі «өзбек революцияшыл шаруаларына» қарсы қатал шараларды қолданды. Оларға берілген жерлерді бұрынғы иелеріне қайтаруға мәжбүрледі. («Правда Востоканы» қараңыздар. 1928 жылдың 11 қаңтары, Ташкент). Демек, аграрлық мәселесінің басмашылар қозғалысымен ортақ ешнәрсесі жоқ екендігі айқын.
2. Қоқан Автономиясын талқандау. Ақпан, 1918 ж.
Барлық кеңестік дереккөздерде басмашылар қозғалысы, Қоқан Автономиясының (ақпан, 1918 ж.) талқандалуы Түркістандағы уақытша үкіметтің қызметімен, оның ішінде басмашылық қозғалыстың ұйымдастырылуы осы мақала авторының (бұрынғы осы үкіметтің басшысы) есімімен байланыстырылады. Бұл шындыққа жанаспайды. Өйткені тұтасымен алғанда басмашылық қозғалыстың ұйымдастырылуына не Қоқан үкіметінің, осы үкіметтің президенті ретінде не менің ешқандай қатысымыз болған жоқ. Ол стихиялық жағдайда шықты.
1917 жылдың қарашасында Түркістан мұсылмандарының Төтенше Конгресінде Қоқан үкіметі сайланды. Оған орыс халқы да қатысты.
Қоқан үкіметінің, не қару-жарағы, не ақшасы болмады. Қоқан Автономиясының негізін қалаушысы біздер, орыс орталық өкіметіне, яғни, Петроградтағы Кеңес Үкіметіне қарама-қарсы келмей, орыс революциясының сеніміне зор арқа сүйедік. Олар ұлттың «өзінің мемлекет құрылысын өзі шешуге» түрткі болған революцияның уәжіне адал еді. Біз жергілікті басқаруға мұсылмандардың қатысу құқығынан айырған Түркістан Кеңестері ІІІ Конгресcі айналасындағы қалыптасқан жағдайларға кеңес орталығының көңілін бірнеше рет аудардық. Біз Сталиннен арандатушылық сипатта жауап алдық. Оның бізге берген жауабы: «Түркістанның жергілікті пролетариаты Түркістан Совнаркомын тарату жөнінде орталық кеңес өкіметіне жүгінуі тиіс емес. Олардың пікірі бойынша, түркістандықтар үшін бұл әскери доктринаға сүйенетін жат әрекет. Бұл үшін жергілікті пролетариат пен шаруалар күшін қолдану қажет3 «Ұлттардың өзінің мемлекеттік құрылысын өзі шешу құқы туралы Кеңестің мәлімдемесіне сенген қарусыз мұсылман тұрғындарына басынан аяғына дейін қаруланған және мұсылмандардың негізгі азаматтық құқығын сақтамаған орыс солдаттары мен жұмысшыларының қолдарымен қимыл жасаған Түркістан Совнаркомын күшпен тарату туралы ұсыныс жасау былайша айтқанда, қатерлі істі арандату болып табылар еді. Осы жауапты алғаннан соң бірнеше күннен кейін Қоқан Автономиясының қорғаушылары Қоқандағы кеңес өкіметінің өкілдерімен жанжалға түсті. Біздің жеңіске деген ешқандай сеніміміз болмады. 30-шы қаңтарда (ескіше стиль бойынша) большевиктер Қоқандағы мұсылман кварталдарына оқ жаудырып, дереу қаруларын (аңшы мылтықтарын қоса) тапсыруды және Автономия басшыларын ұстап беруді талап етті. 31-қаңтарда Қоқан қаласын кеңес әскерлері қоршап, оқтың астына алды. Автономиялы Түркістан өкіметі өзінің өмір сүруін тоқтатты.
Мұсылман халқының бас көтеруі ішкі себептерден басталды. Оның көшбасшысы Эргаш болды. Ол бұрын Сібірде айдауда болған, Қоқан мұсылмандарын қорғауды ұйымдастыру үшін Түркістан Кеңесіне сайланды.
Бүлік шығарған Қоқан4 халқы жақын жатқан ауыл тұрғындарымен толықты. Тез арада жиналған еріктілер сондай-ақ, көрші қалалардан да келіп жатты. Бір үзім нанды5 орыстармен қатар тауып жеу құқығынан айырғандарға мұсылмандар аңшы мылтығымен, ішінара ескі үлгідегі винтовкамен қаруланып қарсылық танытса, басым бөлігі қолдарына соқаларын, балталарын тіптен, таяқтарын ұстап шықты.
Кеңес әскері Қоқанды 1918 жылдың 19 қаңтарында (ескі стиль бойынша) басып алды. Төменде 1918 жылғы «Оқиғалар хроникасында» жарияланған дәйексөздерді келтіремін: «20 ақпан. Ферғана облысы. Қоқан Автономиясы үкіметі таратылды (жойылды). Қоқан Автономиясы үкіметін қолдаушылар ішінара қарусыздандырылды. Оған келіспей, қарсы шыққандар саяси бандитизм компаниясын (басымашылықты) жүргізуге дайындалды».
_________________________________
1 Дашнақтар – «Дашнақцуциун» партиясына жататын армяндардың қоныстанушылар тобы; штабы Қызыл армияда болған Социалды Революциялық партия.
2 «Ұлттық өмір». 1924.- 3-4 кітап.- 56 бет.
3 Сталиннің бұл жауабын Вадим Чайкин «26 Баку комиссарларының өлімі» кітабында келтірген.
4 Мұның мұсылмандардың тең құқылықтан айрылғандығын көрсетеді. 1919 жылы (29 маусым) КП Орталық Комитеті орыстар мен мұсылман халқын теңестіруді нормаға қою мәселесін амалсыз түрде ұсынған болатын.
5 Мұның мұсылмандардың тең құқылықтан айрылғандығын көрсетеді. 1919 жылы (29 маусым) КП Орталық Комитеті орыстар мен мұсылман халқын теңестіруді нормаға қою мәселесін амалсыз түрде ұсынған болатын.
Жалғасы келесі санда