Орыстың ойындағы не?

Орыстың ойындағы не?

Орыстың ойындағы не?
ашық дереккөзі
Ресей мемлекеттік Думасы төрағасының орынбасары Владимир Жириновскийдің арандатушылық пікіріне қатысты «Түркістан» газетінде «Орыстың ойындағы не?» атты тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті. Оған белгілі жазушы Дулат Исабеков, тарих ғылымдарының кандидаты Ахмет Тоқтабай, тарих ғылымдарының кандидады Бейбіт Қойшыбай, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Өскенбаева, ақын-журналист Мырзан Кенжебай қатысты. Дөңгелек үстелде айтылған өткір пікірлердің бір парасын ұсынып отырмыз. Ал толық нұсқасын «Түркістан» газетінің алдағы санынан оқи аласыздар.   Дулат ИСАБЕКОВ:  

Бұл Ресейдің бүгінгі көңіл-күйінің көрінісі

 

a4a1dece971be90eade8ba4dd9995275.jpg – Жириновский әлгі пікірді айтатын шығар деп күтіп жүрміз. Біз оны әпербақан дейміз. Ол жынды боп көрінуі мүмкін. Ойының арғы жағында шындық жатыр. Орыс шовинисі қайта бас көтеруде. Жириновский өте биік лауазымды қызмет атқаратын тұлға. Ол – Ресей Думасы төрағасы орынбасары, ЛДПР партиясының төрағасы. Сондықтан оның сөзін митингідегі халық жәй әшейін сөз деп қабылдаған жоқ. Бәрі қолдарын шапалақтап, қолдау білдірді. Өзіміз соған жол беріп отырмыз. Ол бұрын да солай сөйлейтін. Біз сол кезде  «нон грантаға» таяу деді, «Қазақстанға келуін қаламайтын тұлға» ретінде жариялаған едік. Бірақ бірде Алматыға келгенде бір топ адам құшақ жая қарсы алды. Ол фактімен сөйлейді. Бәрін біледі. Жалпы, бұл Ресейдің бүгінгі көңіл-күйінің көрінісі. Біз қандай шараларды жүзеге асыруымыз керек? Бірінші – біз қазір Кедендік одаққа мүшеміз. Ресей Еуразиялық экономикалық одаққа кіргеннен кейін мүлдем басынуы мүмкін. Қазақстан – кішкентай республика емес. Қазақстан үшін таластың көкесі алда. Оның сарқылмайтын, таусылмайтын байлығы бар. Демократияны қолдайтын Америка, Еуропа, Ұлыбритания да біздің әдемі саясат ұстанып отырғанымызды айтудан жалықпайды. Оған бір адамның сөзі деп қарамай, Ресейдің ойы деп қарау керек. А.П.Чехов: «Орыстың ажалы үш нәрседен келеді. Бірінші – әйелінен, екінші – алкоголизмнен, үшінші – қараңғылығынан» депті. Осы тұрғыдан алсақ, әлгіндей арандату пікірді Ресей Думасы төрағасы орынбасары һәм білдей бір партияның  төрағасы Жириновский айтқан соң, басқасынан не күтесің? Украинада, Қырымда көтерілістер болып жатыр. Ресейдің сойылын соғушылар: «Украинаның ұлттық тілі деген болмаған. Украин тілі – поляк пен орыс тілінің арасындағы тіл» деп жатыр. Украина халқының алаңға шыққандағы негізгі себебінің бірі де – тілге қатысты. Жириновский қазаққа да қатысты айтып жүр. Сондықтан біздің бір депутат Ресейге барып сөйлеуі керек сияқты. Немесе орыстың бір басылымына сараптап, шегелеп мақала жазу керек. Әйтпесе, біздің даусымыз осы жерде қалады. Бірақ әлгіндей арандатушы пікірлер болмаса, қазақ оянбайды. … Толеранттылық дегеннің бізге керегі не? Қазақ онсыз да момын халықпыз. Біз ғасырлар бойы толерантты ұлтпыз. Бүгінде осы сөзді миымызға дейін сіңіріп алдық. Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ:

Бұл Жириновскийдің жеке пікірі емес

 

3ed21a89bf9abb63ef2808a69b7f3e99.jpg –  Бұл Жириновскийдің жеке пікірі емес. Ол орыс халқы атынан айтып отыр. «Славян одағы» деген белсенді топ бар. Мақсаты – славянтектес ұлттар мен орыстың мүддесін қорғау. Орыс боп кеткендер орыстандыру саясатының құрбаны екенін сезінуі керек. Қазақстанның Ассамблеясы түк бітіріп отырған жоқ. Тек өз тілі мен мәдени орталықтарының жұмысын жүргізіп жүргені болмаса, қазақ мәселесіне жаны ашымайды.   Ахмет ТОҚТАБАЙ:

Мұндай адамдарды қара тізімге енгізу керек

 

4c8520439c18ff16ccf1990955f21276.jpg – Оның сөзіне еш таңқалған жоқпын. Масқаралау, қаралау тұрғысындағы пікірлер көбіне қазаққа ғана айтылады. Неге? Мұндай адамдарды Өзбекстан, Әзербайжан мемлекеттері сияқты қара тізімге енгізу керек. М.Горбачев биліктен кетерде: «Солтүстік Ресейдің 5 облысы Қазақстанның қолында қалып барады» деді. Бірақ оған біздің тарапымыздан ешкім жауап берген жоқ. Тағы да үнсізбіз. Кезінде грузин әртісі Вахтанг Кикабидзе Ресейдің сыйлығынан бас тартты. Ол: «Менің жерімде соғыс ашып, тартып алған Ресейдің басшысы Путиннің сыйлығы керек емес» деген болатын. Міне, бізде осындай принципшілдік жетіспейді. … Өзбекстанда 1,5 млн. қандасымыз тұрып жатыр. Бірақ онда бір қазақ музейі немесе театры жоқ. Ал бізде ше? Барлық этнос өкілдерінің мәдени орталығы, театры жұмыс істейді.   Мырзан КЕНЖЕБАЙ:

Орыстың қанды қырғын шапқындары туралы жазылмайды

 

3fed4ab6200693df62d016fa8b798a43.jpg – Ата-бабамыз: «Орыспен дос болсаң қолтығыңда айбалтаң болсын» дегенді бекер айтқан жоқ. Бұл патшалық Ресейден бері айтылып келе жатқан сөз. Біз тарихты дұрыс оқытып жүрген жоқпыз. Біз тарихта тек Жоңғар шапқыншылығы туралы ғана айтамыз. Ал орыстың қанды қырғын шапқындары туралы жазылмайды. Керісінше, «Орыс – біздің бауырымыз» деп өбектейміз. Орыстың ниеті дұрыс емес. 1986 жылы орыстың талай шал-кемпірі қазақтарды «мені балағаттады, ұрды» деп жазықсыз сатып жіберді. Жала жапты. Елімізде қазақ тіліне кім қарсы? Өзбек, ұйғыр, татар емес, тек орыстар ғана қарсы. Біреу баспасөзге: «Қазақстанның 80 пайызы Ресейге қосылуды көздейді» деп жазыпты. Оны ұялмай өз ақпарат құралымызда жариялаймыз. «Ресей – хирургиялық, ал Қытай – терапиялық жолмен саясат жүргізеді» деген пікір тарап еді. Мұның астарында шындық бар.   Гүлнәр ӨСКЕНБАЕВА:

Бұл қазақ халқын басынушылық

   Бұл қазақ халқын басынушылық. Мұны тар аумақта емес, кең көлемде айқайлатып айту керек. Қазақтар қазақша ғана айтамыз да, тараймыз. Мұны Дулат аға айтпақшы, орыс тілінде нақты-нақты мысалмен жазу керек. Кейбір орыстар: «Сендер бізді менсінбейсіңдер. Біздің жүрегіміз – қазақ» дейді. Сол кезде «Жүректерің қазақ болса, неге қазақ тілін үйренбейсіңдер?!» дейсің күйініп. Олар бұрын орысша сөйлемегеніміз үшін бізді менсінбейтін.   Тағы бір айтқым келетіні – Қазақстанда бір мейрам, айтулы мереке бола қалса, орыстың әншілерін шақырып, асты-үстіне түсіп жатамыз. Олардың қалтасына пәленбай ақша салады. Ал өз әншілерімізді олай көтермейміз. Сондықтан да Ресей бізді басынады, сыйламайды.

Динара Мыңжасарқызы