Жаңалықтар

«Қосылған 5 жапырақ» немесе қазақ тіліндегі сауатсыз аудармаларға кім кінәлі?

ашық дереккөзі

«Қосылған 5 жапырақ» немесе қазақ тіліндегі сауатсыз аудармаларға кім кінәлі?

Жақында Астанада «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қоры ұйымдастырған «Ақпараттық-коммуникациялық теxнология және мемлекеттік тіл» атты дөңгелек үстелге қатысушылардың бірі маған «Қосылған 5 жапырақ» дегенді қалай түсінесіз?» деген сұрақ қойғанда, көз алдыма жапырақтардың елестеп өткені рас. Алайда аударманың жапыраққа ешқандай қатысы жоқ екенін естігенде, шалқамнан түсе жаздадым. Ол бар болғаны «Приложено 5 листьев» деген сөйлемнің аса сауатсыз аудармасы екен.

Сонда баспасөз-хабарламасын дайындаушылардың «бет» пен «жапырақты» айыра алмастай сауатсыз болғаны ма? Жалпы, соңғы жылдары қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейген сайын оның сауатсыз, калька түрі неге көбейіп барады? «Тіл» деп зар қаққанымызға жиырма жылдан асса да, оған деген немқұрайлылықтың салдарының бүгінгідей тілдің аянышты халіне жеткізуі тіл жанашырларын ойлантпай ма?

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесіне байланған, аударма тілге айналды. Аудармашылар екі тілге бірдей жүйрік, сауатты болса бір жөн. Әйтеуір, қазақ тіліндегісі бар деп белгі соғу үшін интернет ұсынған сөздіктерді пайдаланып, тілдік заңдылықтарды ескермейтін болыпты. Филология ғылымдарының докторы, Сүлеймен Демирель университетінің профессоры Дандай Ысқақұлы «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында «Қазіргі қазақ тілі суррогатқа айналды» деген екен. Оның айтуынша, қазақ тілін үйретудің жүйелі саясаты әлі жолға қойылған жоқ. «Оның орнын немқұрайлылық пен сауатсыздық басты. Бұл біздің рухани өмірімізге балта шабуда», – дейді ол. Ал филология ғылымдарының докторы Қанағат Жүкешев: «Бүгінгі қазақ баспасөзіндегі мәтіндердің тең жартысында стилистикалық қате кездеседі. Теледидарға сұхбат берушілердің 90 пайызы тілдік нормаларды қолдану мен дыбыстауда қате жібереді. Мектеп оқулықтарында 30-дан 80 пайызға дейін, көшедегі жарнама мәтіндері мен қоғамдық көліктегі хабарлан­ды­ру­лар­дың үштен екісі қате жазылады», – дейді.

Бұрынғы бұрынғы ма, қазақ тілінің стилистикалық нормасы былай тұрсын, қәдімгі сөздік құрамының өзі адам танығысыз деңгейге түсті. Айталық, «Адидас» ЖШС сауда белгісіне тиесілі іш-киімдердің біріндегі аударма «трусы мужские – қорқақтар еркектер», «The garden» ресторанының уақытша жабылғанын хабарлау үшін мынадай хабарландыру ілінген: «Арнаулы күтуге деген жабық, өзінің кешірімдерін үшін жеткіз, ыңғайсыздықты әкелеміз», «Қазақтелеком» ғимараттарының біріндегі ескерту: «Тыйым салынған бөтенмен кіруге. Кызыметкерлер кіру», «Губка для тела – денеге арналған кішкене ерін», Кедендік бақылау аймақтарының біріндегі жазу: «Внимание, видеонаблюдение – Ықылас! Видеобақылауды апарады!», сондай-ақ, «Горячая линияны» – «Ыстық сызық» деп аударғанның да куәсі болдық. «Билайн» сауда белгісі «ақша қайтарылады» (деньги возвращаются) дегенді «ақша артқы» деп аударады. Ал «төлемдердің қабылдауын тармақ» дегенді қалай түсінуге болады? «Осторожно, погром цен!» дегенді «Абайла, бағалардың аласаттауын!» деген екен Алматы қаласындағы бір супермаркеттің маңдайшасында. Сондай-ақ, «Мир трикотажа» дегенді «Меткелдің әлемі» деп аударғанды да көрдік. Тіпті аудармалардың кереметін Астана қаласына сапарымыз барысында көрдік. Астаналықтар келсін-келмесін, «-лық, -лік, -тық, -тік» жалғауын кез келген жерге жалғай береді екен. Мәселен, қаладағы ең ірі сауда орны орыс тілінде «Астанинский» базары болса, қазақ тілінде «Астана базары» дегеннің орнына «Астаналық базары», базар әкімшілігі қазақ тілінде –лық, -лік жалғауынан кейін тәуелдік жалғауы жалғанбайтынын білмейтін сияқты. Немесе Бурабайдағы мәдени қызмет көрсету орталығы «Мәдениеттік қызметтік орталығы» болып тұр. Астана көшелерінің бірінде анадайдан мен мұндалаған Бурабай шипажайының жарнамасы «Сіздің құмарлы демалысыңыз үшін» деген мәтінмен көмкерілген. Бұл біздің көзімізге түскендердің бір парасы ғана. Түспегендерінің өзі қаншама. Сонда біздің копирайтер, имиджмейкерлеріміз үшін қазақ тілінің құны бес тиын ғана ма?

Білім және ғылым министрлігінің биылғы ресми мәліметі бойынша қазақ мектебін бітірушілердің үлес салмағы – 75 пайыз, орыс мектебін бітірушілердің үлес салмағы – 25 пайыз. Яғни жыл өткен сайын қазақ тілінде білім алушылардың саны еселеп артуда. Алайда қазақ тіліндегі сауатсыз жарнамалардың саны еселеп кемуде. Бұған не себеп? «Апам да аң таң, мен де аң таң» деген осындайдан шығатын шығар. Халыққа қызмет ұсынып отырған ірі компаниялар негізгі тұтынушылары жайында бір уақыт ойлана ма екен? Әлде олар сонау 90 жылдардағы мәліметпен өмір сүре ме, жоқ 70 пайызы қазақ тілінде емін еркін қарым-қатынас жасайтын, оқып жаза білетін халықты көзіне ілмей ме? Айтарға сөзіміз жоқ. Өйткені айтылған аударманың барлығын сауатты, кәсіби аудармашылар жасап отырған жоқ. Қазақ тілінен ешқандай хабары жоқ, мақұрым адамдар гугл, сөздік секілді интернеттегі қызметтерді пайдалану арқылы жасап отырғанына көзіміз анық жетеді. Алайда интернеттегі сөздік ресурстарының өзі әлі де жетілдіре түсуді қажет ететіндігін түсінетін кез жеткен сияқты. Тіпті сөздіктері өте керемет жасалады деген орыстар мен ағылшындардың өзі машина аудармадан бас тартады. Ал біздегі мемлекеттік тілге, немқұрайлы қараған ірі компаниялардың қазақ тілін менсінбейтіндігінің салдарынан қазіргі тіліміз шынында да суррогатқа айналды. Енді тілдің қолданылу аясын кеңейту үшін емес, тілді шынымен де қажеттілікке айналдыра білу үшін күресетін кез жеткен сияқты. Өйткені қазіргі масқаралық тілдің құрдымға кетуіне жасалып жатқан қадам секілді. Жалпы жарнама мәтіндерін әуелі қазақша дайындап, сосын қажет болса, орыс тіліне аударудың жолдарын қарастырған абзал болар еді.