АҚ ОЛИМПИАДА — АҚПАРАТТЫҚ МАЙДАН НЫСАНЫ
АҚ ОЛИМПИАДА — АҚПАРАТТЫҚ МАЙДАН НЫСАНЫ
Спорт саясаттан тыс деп кім айтты? Әсіресе, кешегі Кеңестер одағының заңды мұрагері Ресей Федерациясы үшін спорт – орыс мүддесін жалаулатудың таптырмас жолы. Сочидегі Қысқы олимпиадалық ойындар әлемдік спорт тарихында ең қымбат маусымдық олимпиада ретінде ғана емес, Путин билігінің мызғымастығын дәлелдеудің амалы болып жазылатын болады. Олимпиада жарыстары аяқталып, шымылдығы түсірілді, ал спорттық жарыстарды желеу етіп бұл тақырыпта сөз қозғағандар «ақпарат майданының» көрігін қыздыра түсуде. Сочи олимпиадасы туралы ресейлік және батыстық ақпарат құралдарына шолу жасағанда осыған көзіміз жетті. Құдды «қырғи-қабақ» соғыстың елесі баспасөз беттеріне қайта оралғандай…
Олимпиада туралы жазылған материалдар спортшылардың жеңістері мен жеңілістері немесе Сочи қаласы туралы, жарыстарға дайындық, жеңімпаздарды марапаттау, жаңартылған рекордтық көрсеткіштер туралы ғана емес, жергілікті елдің тұрмысындағы ерекшеліктер, ресейлік менталитет, қауіпсіздік, тазалық, қаңғыбас иттер т.с.с. мәселелерді талқылады. Америкалықтар спортта жеңіске жету үшін әйел сұлулығы қаншалықты ықпалға ие деген мәселе жөнінде пікір алысып, олимпиада жарыстарына қатысушылар үшін жас шектеуін 15-тен 18-ге көтеру қажеттігін айтып жатты. Ал британдық газеттер Сочи олимпиадасы Ресейге деген халықаралық қауымдастықтың көзқарасын өзгерте ала ма деген тақырыпта ой қозғады. Сочи олимпиадасына қатысты айтылған сындарды бірнеше топқа бөлуге болады: біріншіден, субтропиктік аймақта қысқы ойындар өткізудің қиындығы. Шындығында, қысқы спорт түрлерінен өткізілетін жарысты тамашалауға келген қонақтар Сочиде жазғы жейде, қысқа шалбармен жүргенін айтады. Екіншіден, олимпиаданы өткізудің қауіпсіздігі. Ресейдің өзі ішіндегі наразылық пен тұрақсыздық әлемдік деңгейдегі жарыстардың тыныш өтетіндігіне күмәнмен қарауға себеп болды. Үшіншіден, Олимпиаданы өткізуге тым көп қаржының жұмсалғаны. Бұл жөнінде әр басылым әр түрлі жазды. 37 миллиард доллардан 50 миллиард долларға дейін қаражат жұмсалғаны айтылды. Қалай болғанда да, Сочи ең қымбатқа түскен қысқы олимпиада мекені болып тарихта қалды.Сочиге АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания басшыларының келмей қалуы ХХІІ олимпиада алауының жарқылына көлеңке түсіргені рас. Оның үстіне, ашылу салтанатында бесінші шеңбердің ашылмай қалуын да батыстық журналистер сан-саққа жүгіртіп, қылжаққа айналдырды.Ең үлкен сын, әрине, Путиннің жеке билігіне қатысты.
Рас, Кремль Сочидегі Ақ олимпиаданы әу бастан-ақ әсіресаясиландырып жіберді. Путиннің Сочи олимпиадасының алаңқайларын саяси пікір алмасу мекеніне айналдыру талпынысы түсінікті. Ресей президенті Путин мен Түркия премьер-министрі Эрдоганның жабық есік жағдайында өткен кездесуі Сирия мәселесіне арналған деседі. Бұл келіссөздің қаншалықты жемісті боларын алдағы уақыт көрсетеді.Дегенмен, ресми дерек көздеріне қарағанда, Сочи олимпиадасына 40 шақты мемлекет басшысы қатысқан. БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун да бұл оқиғадан қалыс қала алмады. Ал Барак Обаманың ресейлік команданы жеңген америкалық хоккейшілерді құттықтап, «Бұл ұлы жеңіс» деп баға беруінің өзі саяси қадам. Себебі, АҚШ президенті басқа спортшыларды жеңіспен арнайы құттықтаған жоқ.
Сонымен, 17 күнде 88 мемлекеттен келген 3000 спорт шебері 98 медаль үшін бақ сынасты. Оның 33-і Ресейдің қанжығасында қалды. Әр түрлі дерек көздеріне қарағанда, 37 миллиард доллардан 50 миллиард долларға дейін жұмсалған шараны өткізуге сырттан 447 000 текше метр қар әкелінген.Қытайлық «Global Times» басылымы Сочи олимпиадасының саясилануына таң қалатын ештеңе жоқ дейді. Мәскеудегі Карнеги орталығының директоры Дмитрий Тренин «Путин Сочиде өз ойынын жүргізуде» деп аталатын мақалада «Олимпиадалық ойындардың саясилануы жаңалық емес. Әйтсе де, дәл осы Сочидегі жарыстардай саясиланған оқиғалар саусақпен санарлықтай» деп тұжырым жасайды.Дәл олимпиада басталған күні Чехияның «Respekt» басылымында Ян Махачектің «Русофобтың маниясы» («Rusofobův stihomam») атты мақаласы жарық көрді. «Прага Януковичті көргісі келмейді, ал қалған республика ше? Астанадан тыс жерлерде біздің мемлекеттің геосаяси жағдайы толғандыратын адамдар бар ма? Мұнда ресейлік (кешіріңіз, континенталды!) хоккей лигасы өнер көрсетеді, дегенмен «Темелин» АЭС құрылысына жарияланған ČEZ байқауы тоқтатылған соң (жақын арада солай болады), басқаша жасаудың кезегі келгенде бұл ұсақ-түйек болып көрінеді. Құрылысты чех мемлекеті салады, оған «чех өнеркәсібі» қолдау көрсетеді, бірақ бәрін орыстар, мысалы Сбербанк қаржыландырады. Венгрияда дәл осылай болды, онда Орбан атом электр станциясын салуды орыстарға қандай да бір елеп-екшеусіз-ақ жүктей салды. Біз әлі Батыстамыз ба, әлде біз, маусым айында Карл Шварценберг айтпақшы, ешқашан онда болған емеспіз бе? Өтініп сұраймын, маған менің қателесіп отырғанымды, әшейін русофобияға бой алдырып отырғанымды түсіндіріп беріңдерші. Мұның бәрі осы Олимпиаданың кесірінен, Украинадағы толқулардың және «Қанды жер: Гитлер мен Сталиннің қыспағындағы Еуропа» атты кітапты оқығанның әсерінен деп айтыңдаршы!» дейді автор. 11 ақпанда жарияланған Ұлыбританияның «The Financial Times» газетінде «Сочи олимпиадасы Батыспен қарым-қатынасты жақсартуға онша көмектеспейді» («Sochi games will do little to normalise ties with the west») деген материалда Ресейдің аз күнде көп сынға ұшырағанына талдау жасайды. «Олимпиаданы өткізуге басқалардан көбірек қаражат жұмсауға шешім қабылдаған, құрылыс нысандарын уақтылы салуда көп кедергіге тап болған, саяси оппозицияның аузын жапқан және экономикасы кері кете бастаған Үкімет осы мәселелердің бәрі бұқаралық ақпарат құралдарының назарына ілігетінін білуі тиіс еді» деген сөздерге уәж айту қиын.Әйтсе де, олимпиаданың алғашқы аптасында Ресейге қатысты сынның көп айтылғаны да рас. «Дегенмен, Ресейге қатысты баспасөздегі жағымсыз материалдардың саны тым көбейіп кетті. Кейбір шетелдік басылымдардың Сочиден жазылған аш иттер туралы, қонақ үйдің тұрпайы қызметкері туралы және дәретхана қағазын шелекке тастауға қатысты ескерту туралы репортаждары онсыз да даттау мен қаралау нысанына айналған елді күлкіге айналдырғандай әсер етті»,– дейді ағылшын газеті.
Осы тұста парсы басылымдары да Сочидегі жарыстар туралы бірқатар материалдар жариялады. Бір ғажабы, Иранның ресми басылымдарында Ресейге қарсы айтылған сын-ескертпелерді жұмсарту пиғылы аңғарылады. Еларалық дипломатияның баспасөздегі саясатқа тигізген ықпалы осындай.10 ақпанда жарияланған Иранның «IRNA» сайтында «Сочи Олимпиадасы Путин билігін баршаға жарқырата танытты» («فرصت المپیک سوچی برای قدرت نمایی پوتین») атты редакциялық мақалада «Қазір Ресей – ұдайы онысын ашық білдіргісі келмесе де – Батыспен бәсекелес болып, өзінің әлемдегі беделін арттыруға тырысуда. Бұл бәсекелестікті біз Сирияда және Украинада көреміз. Сондықтан да Сочиге әлемдік саяси көшбасшылардың келуі Путин үшін Ресейдің бар күш-қуатын танытуға қажетті шарттар туғызды… Осы Олимпиаданы пайдаланып, Путин өзінің абыройын арттырмақшы. Сондықтан да болар, Сочидегі жарыстар басталмастан бір ай бұрын Ресейдегі қауіпсіздік шаралары шырқау шегіне жетті. Әрине, бұл шаралардың артуына террористік қауіп-қатердің ықпалы күшті, дегенмен, қазіргі кезде жарыстардың тыныш өтуі ең маңызды мәселе екенін айтуға тиіспіз, ал мұның өзі Путиннің беделімен тікелей байланысты», – дейді автор.Батыс ақпарат құралдары да Сочи олимпидасының алдында террористік қауіп туралы көп жазған болатын. Жарыстар аяқталған соң, олардың басым көпшілігі Олимпиаданың ың-шыңсыз, тыныш өткенін жарыса хабарлады.
АҚШ-тың «The Wall Street Journal» газетінде 14 ақпанда жарияланған Уолтер Мидтің «Путин өзі ойлап тапқан ойынмен әуре» («Putin Is Playing a Game of His Own») деген мақалада Ресейге деген көзқарас айқын берілді. «Қазіргі кезде ресейлік президент шешетін басты мәселе мынада: посткеңестік Ресей әлсіз мемлекет. Оның мұнай мен газ қорларын, ядролық қуатын және қырғи-қабақ соғыс кезінде қалыптасқан ізкесу жүйелерін тартып алыңызшы, одан түк қалмайтынына көзіңіз жетеді. Қазір оның экономикасының көлемі Италияның экономикасымен пара-пар екенін және этникалық орыстардың саны күрт азайып бара жатқандығын, оған қоса көршілес Қытайдың күш-қуаты артып келе жатқанын, ал Кавказда толқулардың басылмай тұрғанын ескерсек, Ресейді ұлы держава деп атау қиын», – дейді. «Бірақ Путин мырза өз елінің азаматтарына сабыр тауып, мемлекеттің күні батқанын сабырмен бақыла дей алмайды. Британия мен Франциямен салыстырғанда, Ресейдің айырмашылығы – ол әлі өзінің империялық астамшылығынан бас тартқан жоқ. Совет одағының тарағаны күні кеше ғана, жараның аузы әлі біткен жоқ».Ал Канаданың «The Globe and Mail» басылымы «Ресей олимпиадасына – мадақ және сын» атты мақалада осыдан жеті жыл бұрын Сочиге олимпиада тізгінін ұстатқанда саяси жағдайдың басқаша болғанын еске салады: «Ол кезде әлем де басқаша болатын, Путин саясаттан кететіндей көрінген. Шынымен де, неге Сочиді таңдамасқа? Енді, міне, жеті жыл өтсе де біз осы сұрақты қайта қойып отырмыз». Ал олимпиада аяқталған соң батыс баспасөзіндегі көңіл ауаны біршама өзгерді. Тіпті америкалық газеттердің өзі Олимпиаданы ұйымдастырудың ойдағыдай болғанын айтады.«The Associated Press» Олимпиада аяқталған күні арнайы репортаж ұйымдастырды. «Сочи олимпиадасы: қымбат, саясиланған әрі сәтті олимпиада аяқталды» («Costly, political, successful: Sochi Olympics end») деген мақалада «Владимир Путин – жарыстардың бас сәулетшісі әрі дем берушісі – Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бахтың «Олимпиада аса сәтті өтті» деген сөздерін күлімсіреп тұрып тыңдады» деп жазды.
Ал Ресейдің өз ішінде Путинге қатысты айтылған сын аз емес. «Сочи мемлекеттік құрылыс мысалы ретінде» атты мақалада Александр Гольц «Ойындардың шымылдығы ашыла салысымен Путин олимпиаданың өзі үшін немесе өзінің астамшыл пиғылы үшін ұйымдастырылмағанын қайта-қайта айтумен болды. Жоқ, дейді үлкен бастық, олимпиаданың арқасында ол арман қаланы тұрғызды. Путиннің айтуынша, олимпиаданы ұйымдастыруды мойынға міндет етіп қана 5-7 жылда қажетті инфрақұрылым, жолдар, шоссе, газ құбырын салып, электр желісін жүргізуге болатын» деп күйіне жазады автор. «Сонда ешқашан Путиннің табаны тимейтін, ешқандай олимпиада да, футболдан чемпионат та өтпейтін қайдағы бір Мухасранскінің жағдайы не болмақ? Ол жерде ешқашан газ да, жол да болмайды, тек қоқыс…». Заңды сұрақ…
Гүлбиғаш ОМАР