Мұнай – біздің барымыз да, нарымыз

Мұнай – біздің барымыз да, нарымыз

Мұнай – біздің   барымыз да, нарымыз
ашық дереккөзі

 Премьер-министр Серік Ахметовтің қатысуымен өткен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның кеңейтілген алқа мәжілісіне Парламенттің депутаттары, Үкімет мүшелері, еліміздегі ірі компаниялардың басшылары, сондай-ақ, Президент Әкімшілігі мен Премьер-министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері қатысты.

Алқа мәжілісінінде сөз алған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, биылғы жылы атқарылатын жобалар мен орындалуға тиіс міндеттер туралы әңгімеледі. Төраға өткен жылы «ҚазМұнайГаздың» компаниялар тобы жоспарлардың бәрін негізінен артығымен орындағанын, мұнай мен мұнай конденсатын өндіру көлемі 22,6 млн. тоннаны құрап, бұрнағы жылмен салыстырғанда 6 пайызға жуық өскенін, газ өндіру 2,929 млрд. текше метрге жетіп, жалпы өсім 12 пайызды құрағанын жеткізді.
Келер жылдары «ҚазМұнайГаз» компаниясының бұрғылау және сервис саласындағы барлық жеке активтері базасында «ҚМГ drilling and service» бірлескен компания­сы құрылады. Оған бес компания бірікпек. Бұл жобаны қысқа мерзімде аяқтау басты жоспарда тұр. «Бүгінде бұл компаниялардың технологиялық деңгейі әртүрлі. Бізде сервис саласында ойластырылған және үйлестірілген саясат жоқ. Дегенмен, мұны түзету үшін жаңа ештеңе ойлап табу керек емес, – деді Сауат Мыңбаев. – Биылғы жылы біз еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін енгізуді аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сәуір айының соңына дейін барлау және өндіру саласындағы компания­ларда және сервистік кәсіпорындарда осы жүйені енгіземіз. Жылдың соңына дейін бірыңғай жүйе өзге бизнес бағыттар бойынша, мәселен, тасымалдау, өңдеумен айналысатын компанияларда жұмыс істей бастайды», – деді. «ҚазМұнайГаз» компаниясы демеушілік етуден де құралақан емес. Былтырғы жыл компания әлеуметтік, демеушілік және қайырымдылық шараларға 23 млрд. теңге жұмсаған екен. Бұл жөнінде төраға баяндамасында арнайы тоқталып өтті.
Сондай-ақ, жиында «ҚазМұнайГаз» барлау өндіру» АҚ бас директоры А.Нұрсейітов, басқарма төрағасының орынбасары Д.Тиесов пен Қ.Қабылдин мырзалар да сөз сөйлеп, аталмыш саладағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде нақты ақпараттар бере кетті. Баяндамашылардың сөзіне құлақ түрген Үкімет басшысы Серік Ахметов «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-та атқарылған жұмыстарға баға бере отырып, былтырғы жылы атқарылған істерге қанағаттанатындығын жеткізді. Өз кезегінде Серік Нығметұлы Мемлекет басшысының салаға жүктеп отырған міндеттеріне арнайы тоқталды. Үкімет басшысы: «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес компания ұйымдастырушылық құрылымды жетiлдiру жұмыстарын қолға алып отыр. Ол корпоративтiк басқарудың ең соңғы заманауи халықаралық стандарттарына жауап беруi тиiс. Бұл жұмысты аяқтау қажет. Жалпы алғанда негiзгi жұмыс жүргiзiлген. Компания жаңа құрылым бойынша жұмыс iстеп жатыр. Осы жылдың шiлде айына дейiн бұл жұмысты аяқтау керек», – деді. 
Алқа мәжілісінде Үкімет басшысы арнайы тоқталған мәселелердің бірі – Халықтық ІРО. Өйткені «ҚазМұнайГаз» компанияларының Халықтық IРО-ға шығу мәселесi күн тәртібінде тұр. «Америкада әрбiр азамат таң атысымен газет сатып алып, өзiнiң акцияларының қаншалықты өскенiн немесе төмендегенiн бақылап отырады. Бiз де бұл деңгейге жетуімiз қажет. Бiз ендi IРО-ға КЕГОК секілді басқа да компанияларымыздың шы­ғуын қарастыратын боламыз. «ҚазМұнайГазда» да Халықтық IРО-ға шығуы тиiс компаниялар бар. Оны қарастыруымыз керек», – дедi Премьер-министр. 

Гүлзина БЕКТАС