Шет елден ет келді деп қуанбайық

Шет елден ет келді деп қуанбайық

Шет елден ет   келді деп қуанбайық
ашық дереккөзі

Елімізде ет төңірегінде түсініспестік өте көп. Ет экспортын дамыту мәселесі алға қойылған, бірақ ішкі қажеттілік үшін шетелден ет тасымалданады. Олай болса импорттық өнім ағымын азайтумен, сондай-ақ экспортпен қашан айналысамыз?
Ет неге шетелден импортталады? Ұлан-байтақ территориясы, шұрайлы жайылымдары, шексіз кеңістігі бар Қазақстан жарты әлемді майлы етпен қамтамасыз етуге қауқарлы емес пе? Импорттық өнімнің бағасы ешқашан арзан болмайды. Тасымалдау құны жоғары, ал сапасы айтарлықтай төмен. Ендеше, өзге елдің етіне Қазақстан неге құмар?

Ет және ет өнімдерін көбейту туралы Үкіметтің тапсырмасы бар. Бұл тапсырманы жарым-жартылай және толық орындаған аудандар еттің көлемін қалай толтырды деген сұрақ туындайды. Тағы да шетелден алынған еттің есебінен бе? Елімізге күні бүгінге дейін Украина, Польша, Канада, Бразилия мен Парагвайдан ет импортталады. 2010-2011 жылдары Қазақстанға 10 мың тонна сиыр еті жеткізілген. 2012 жылы – 13 мың 900 тонна, 2013 жылы – 15 мың 380 тонна ет сырттан әкелінген және бұл Кедендік одақ елдерін қоспағандағы нәтиже. Құс еті бір деңгейде, жыл сайын – 110 мың тонна елімізге импортталады деген еді Мәжіліс депутаты Рауан Шаекин. Оның ішінде АҚШ – 40 мың тонна, Украина – 17 мың, Канада – 1,6 мың, Бразилия – 1,3 мың тонна, Парагвай мен Австралия – 1,1 мың тонна құс етін Қазақстанға экспорттайды. Олар өз кезегінде етті жекеменшік шаруа қожалықтарынан алады, яғни шағын және орта кәсіпкерлікті де дамытып отыр. Ал бізде ше? 
Шетелден етті тонналап сатып алу жеке бір топтардың мүддесін қорғаудан туатын сияқты. Осы мәселемен айналысатын шенеуніктер қалтасының ғана қамын ойлап, арзан ет пен ет өнімдерін елімізге кіргізе беруге мүдделі емес пе? Соңғы жылдары жылқы еті – Канададан, қой еті – Австралиядан алынады. Бұл сатыпалулар еліміздің пайдасы үшін жасалады-мыс. Ауылшаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы департаментінің бұрынғы басшысы Мақсұт Бақтыбаев бұл мәселені ішкі қажеттіліктерді толтыру үшін деген дәйек айтқан болатын: «Қазір біз осы дефицитті болдырмау үшін Аргентина, Бразилия, Белорустан арзан ет алу мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Бұл нарықтағы бағаның өсіп кетпеуі үшін жасалатын шара», – деген еді. Бірақ бұл мырзаның өзі істі болып, жемқорлықпен ұсталғаны оның сөздеріне күмән келтіреді. Нарықтың уыстан шығып кетуінің басқа себебін «ҚазАгро» ұлттық холдингінің басшысы Дулат Айтжанов айтқан болатын. «Өзіндік құнның қымбаттығының түп-төркіні азық-жемде. Біз қазір осы бағытта зерттеу жүргізіп жатырмыз», – деген еді. 
Ішкі қажеттіліктер мен дефицитті, нарық бағасын ауылдағы қолда бар малдың есебінен толтыруға не кедергі? «Жемесең түсіңе, жесең тісіңе» кіретін көкшетаулық жылқы етінің өзіндік құны – 146 теңге екен. Бірақ Көкшетаудың өзінде осы баға 10 еселенсе, ірі қалаларда 15-20 еселенетіні ақиқат. 2013 жылдың 4 сәуірінде шыққан ресейлік «Аргументы и факты» газетінде «Казахстан накормит нас конским мясом» мақаласы басылып, онда мынадай дерек келтіреді: «Қазақстан – дүниежүзінде жылқы етін өндіруден үшінші орында. Таза салмағын есептегенде, жылына – 100 мың тонна ет өндіріледі. Бірақ қордың көпшілігін қазақтардың өздері жеп қояды. Сондай-ақ етті шетелден де импорттайды. Әсіресе Бразилия мен Канада ірі ет тасымалдаушылары. Сұраныстың көпшілігі соншалық, Қазақстанда жылқы еті еуропалықтардың сүйікті сиыр етінен де қымбат тұрады. Алдағы 5 жылда Қазақстан Ресей мен Белорусь нарығын жылқы еті және жылқы етінен жасалатын шұжықпен толтырмақшы. Сонымен қатар Оңтүстік Еуропа елдерін де қамтиды. Бүгінде Италияға жылқы етін жеткізу туралы келіссөздер басталып кеткен», – деп жазылыпты. 

Өз ақылым – ақыл-ақ…

Асылтұқымды ірі қараны көбейтеміз бе, әлде ет көлемін көбейтеміз бе? Кеңестер одағы ыдырауының аз-ақ алдында 16,5 миллион халқы бар Қазақ ССР-інде 9,5 миллион ірі қара, 36,4 миллион қой-ешкі болған. Сол кезде Қазақстан мал шаруашылығының ЖІӨ – 58 пайызды құраған екен. 
Ол кезде мал санын қалай көбейтті? Неге біздің ғалымдарымыз бен құзырлы органдар мал басы мен етті көбейту үшін асылтұқымды малды көбейту керек деп ұғады? Мәселен, тәуелсіздік алған жиырма жылдың ішінде батыстан келген мамандар мәселенің кілті генетикалық құрамында, жем-шөп қорында деген сияқты түрлі ақыл-кеңес айтып, тиісті білімдерің жоқ деп кетті. Қарапайым тілмен айтқанда, «ковбойлар» дала академиктерін үйретіп, әуреге салды. Бәленбай мың ақша беріп шақыртқан мамандар бізге ет өндіруден көшбасшы болудың жолын көрсетуге талпынды. Бірақ бұл жерде мынадай сұрақ туындайды: оларға бәсеке болатын тағы бір мемлекеттің қажеті бар ма? Меніңше, жауабы айқын. Сондықтан бар күшті асылтұқымды мал басын көбейтуге ғана емес, дәстүрлі әдістерге де жұмылдырған жөн сияқты. 
Соңғы үш жылдың өзінде Қазақстанға сырттан 300 мыңға жуық мал әкелінген көрінеді. 2007 жылдан бері шекара асып, елімізге жеткізілген ірі қараның не төлінің, не өнімінің артықшылығын көре алар емеспіз. Ешбір ілгерілеушілік байқалған жоқ. Мәселен, қазақ жерінің жусанына аузы тимей ұшақта арам қатқан бір құнажынның құны кемінде 3 мың 600 доллар. Сол шашылған ақша өзін-өзі өтесе дау жоқ, ал біресе іші кеуіп, вирусты диареяғы шалдығып, енді бірде Шмалленберг дерті шығып тегіс қырылған малдың сұрауы кімнен? Одан да осы ақшаға шағын қожалық ашып, 4-5 сиырмен кәсіп бас­тау ауылға да, экономика мен жергілікті әкімдік есебіне де тиімді емес пе?
Әулиекөл мен қазақтың ақбас сиы­ры – отандық ғалымдардың жасаған етті тұқымы. Бірақ ауруға шалдыққан австриялық симменталь тұқымын емес, әулиекөл тұқымдарын көбейтуге күш жұмсау оларды жергілікті ауа райы мен жем-шөпке бейімдеуді қажетсінбес еді. Қосымша шығын аз, ал өнім көп болар еді. Бірақ оның орнына министрлік те, департаменттер де ет өнімін көбейту мәселесі туындаса, шетелден әкелінген сиырларды ауызға алады. Сиырлар емес-ау, әукелері салбыраған бұқаларды айтады. Құдды бір сол асылтұқымды сиырларға дейін қазақ даласында мал атаулы болмаған сияқты. Жуырда осы мәселе көтерілген Үкімет сағатында Премьер-министр Серік Ахметов ет экспортын дамытуға үлес қоспаған 10 аудан әкімін қызметінен босатуды талап еткен. Әлгілер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылға дейін ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу тапсырмасына құлақ аспағандар. Бірақ кімдердің өз орнынан кететіні әлі жұмбақ, оны алдағы күндерде көрерміз. 
Бүгінде тұтынатын еттің 60 пайызы ғана өзіміздікі, ал қалған 40 пайызы шетелден импортталады. Экономиканың тағы бір саласының күйреуіне әкелетін осынау жайтқа қатысты депутат Ғани Қасымовтың: «Канададан – ет, АҚШ-тан – тауық тасымалданады. Бұл абсурд қой» деген мәлімдемесі жаны ауырғанның айтары. Осының бәрі елімізде бар емес пе? Тағы да айтамыз, ауылды жерде етін арзан бағаға өткізе алмайды шаруалар. Олардан ет алатын ешкім жоқ. Сонда әкімдіктер ет нормасын немен толтырып отыр? Қай еттің санын келтіріп отыр? Осыған қарап елімізде қағаз жүзіндегі есептің, іс жүзіндегі нәтижеден маңыздырақ екенін байқаймыз. Соңғы статистикалық мәліметтерге жүгінсек, елімізде 6 миллион ірі қара мен18 миллион қой бар екен. Осынау көрсеткішке Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің өзі де күдікпен қарайды. Оның айтуынша, санақтағы сиырдың 1 миллионға жуығы ойдан қосылған. 


Шетелдіктер «сыбағамызды» беріп отыр


«Сыбаға» бағдарламасы не берді? Үкімет басындағылар ет өнімін көбейтуді асылтұқымды мал санын көбейтсек қана жүзеге асырамыз деп ойласа керек. Бірақ ғалымдар әуел бастан малдың өзін емес, ұрығын әкелу туралы сөз қозғаған. Тіпті қарсы болған көпшілігі, өйткені бұл арзанға түседі. Бірақ осы істі жүзеге асыратын шенеуніктердің бас пайдасы басым болып, ауру малды да айыра алмай қалған сияқты. Олардың алды өткен жылы Шмаленберг дертін жұқтырып, білдей бір 700 ірі қара тірідей өртелді. Олардың әрбірінің құны 4-5 мың доллар болатын. 
Мемлекет басшысы 2011 жылғы қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында: «Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамытуға арналған теңдессіз жоба іске асырылады. Мемлекет бұл мақсатқа 130 миллиард теңге несие қаражатын бөледі» деген болатын. Осыған сәйкес, 2011 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі «2011-2015 жылдар аралығында еліміздегі ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын іске асыруға арналған кешенді жоспар қабылдады. Содан бері бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама шарттары да қиын емес. Шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерге ірі қара малды және бұқа-өндірушілерін сатып алуына 15 пайыздық үстемемен несие беріледі. Оның жалпы сомасы – 1 миллион теңгеден 18 миллион теңге аралығында. Мерзімі – 7 жылға дейін, мұның бәріне келіссең де шарт бойынша 8 гектар жайылымдық жерің болуы тиіс. Бұл шаруаға бел буып кіріскендер баршылық, десе де көпшілікке бірдей тиімді емес. Құлшыныс білдіргендерге керісінше мүмкіндік жоқ. Мәселен, былтыр Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданына бағдарлама бойынша 235 асылтұқымды ірі қара алынуы тиіс еді. Бірақ ауданға жыл бойында оның жартысы да жеткізілмеген. «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асырудағы мақсат – шағын және орта бизнес пен еліміздегі етті мал шаруашылығының үлесін арттыру емес пе?
Сыбаға – құрметті қонаққа немесе ағайын-туысқа арнап сақталған кәделі ет мүшелері, тағам. Ендеше осы сыбағаны біз емес, бізге Бразилия мен Канада беріп отырған сияқты.

Ақниет ОСПАНБАЙ