Ресей Украинаға басып кірді
Ресей Украинаға басып кірді
Украинадағы бүгінгі саяси ахуалды естіп, біліп отырып үндемей қалу арымызға сын болары анық. Бүкіл әлем, соның ішінде БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі Украинаның территориялық тұтастығы мен егемендігін қолдайтындығын және Ресейдің бұл іске араласпауын өтініп, мәлімдеме жасауда. Алайда, тәуелсіз ел атанғанына 22-ден 23 жылға қараған, Қазақстан сол баяғы жалтақтық көңіл күймен, әлі күнге дейін өздерінің саяси ұстанымын жария етпеді.
Ресей саясаттанушыларының Украинадағы саяси ахуалға баға бере отырып, Украинаның Қырымын, Қазақстанның Солтүстік бес облысын басып алайық деп көсемсуінің өзінде үлкен сыр бар. Өйткені, бұл Ресейдің саяси ұстанымының көрінісі. Олай деуімізге, Қырымдағы Ресейдің арандатушылық әрекеттері жол беріп отыр. Қырымды басып алып, өз Үкіметін жариялап, уақытша билік құрып жатқандардың барлығы Ресейдің қолдауына сүйеніп отырғандығы айдан-анық дүние. Мысалды алыстан іздемей-ақ, ресейлік басылым «Известия» газетіндегі «Добровольцы из России готовы выехать на помощь восточной Украине» (http://izvestia.ru/news/566521) атты мақала куә. Онда Мәскеуден, Петербургтен, Воркут пен Иркутскіден және шығысқазақстандық казак қоғамынан мыңдаған адамның Украинадағы қырымдық сепаратистерге көмектесу үшін еріктілер қатарына қосылатындығы жайында жазады. Ресейлік «Евразийский союз молодежи» қоғамының жетекшісі Павел Канищев деген біреу қазіргі таңда мыңдаған адамның Украинаның шығыс және оңтүстік қалаларына: Харьков, Донецк, Одесса қалалаларына баруына дайын екендігін айта отырып, бұндай құлшыныс Оңтүстік Осетия соғысы кезінде де болмап еді деп санын шапақтайды.
— Украинадан бұйрық келісімен, біз Ростов-на-Донудан автобустармен, машинамен келуге дайын тұрмыз, — деген «Украинаның азаматтық қорғанысы» бастамашыл тобының мүшесі Владимир Прокопенко. Еуразиялық топтың мүшелері Донецкідегі «Донецкая республика» ұйымымен өзара келіскен. Олар бұл еріктілерді баспанамен және ас-сумен қамтамасыз етуге уәде етіп отыр.
— Украинада қаруланған адамдардың бір тобы тәртіпсіздіктерді бастауы бек мүмкін. Бұл әсіресе Ресей флоты орналасқан әрі жарылуы мүмкін Қырым татарларының сыздаған проблемасы бар Қырым үшін аса қауіпті, — деді Ресей Федерациясы Кеңесінің сенаторы Андрей Климов.
Ресейлік ресми тұлғалар мен депутаттардың біраз бөлігі Украинадағы сепаратистік пиғылды қолдауға дайын. Тіпті Дума депутаттары Украинадағы жағдайға бейімделген заң жобаларын дайындағанын айтып сүйінші сұрауда. Мәселен, «Справедливая Россия» партиясы атынан сайланған Дума депутаты Елена Мизулина Украина тұрғындарына Ресей азаматтығын және Ресей құрамына өзге мемлекеттердің енуін жеңілдетілген түрде беру туралы заң жобасын дайындаған. Бұл жайында ол ақпанның 28-інде өткен Мемлекеттік Думаның пленарлы отырысында мәлімдеген. Бұндай бастамалар өткен аптада үш рет көтерілген екен. Бұған дейін Украинадағы орыстілді азаматтардың Ресей азаматтығын алуын жеңілдету туралы бастамалар Ресейдің либералды-демократиялық партиясы менРесей Федерациясының коммунистік партиясы атынан түскен еді. «Единая Россия» партиясының атынан сайланған Роберт Шлегель Думада барлық фракция мүшелерінен қолдау табатындай жаңа заң жобасы енгізілгенін айтқан. Олар енгізіп жатқан заң жобалары бойынша, шетелдік мемлекеттердің кейбір аумақтары Ресей құрамына халықаралық келісімсіз енуі мүмкін. Ол үшін сол аумақта Ресейге қосылу-қосылмау туралы мәселе бойынша референдум өткізсе жетіп жатыр. Ал бүгін Ресей президенті Путин Федерация Кеңесінен Украина территориясына әскери күшті енгізуге рұқсат сұрады. Бұдан сәл бұрын Ресей Мемлекеттік Думасының Кеңесі мен Федерация Кеңесі Владимир Путин Қырым тұрғындарын қорлық зомбылықтан құтқару үшін қолда бар бүкіл мүмкіндікті қолдануға шақырған еді. Сенаторлар Қырымға шектеулі әскери контингент енгізу жайлы пікірлерін айтқан еді.
Украинаның тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығына – АҚШ, Ұлыбритания және Ресей Федерациясы кепіл болып, олар ядролық қарудан бас тартқан болатын. АҚШ пен Ұлыбритания өз кепілдіктерінен бас тартар емес, ал ресми Мәскеу Будапешт меморандумы аясындағы келіссөздерге қатысудан бас тартуда. Бұл жайында Украинаның Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Андрей Дешица мәлім еткен.
«Бізді Ресейдің Будапешт меморандумы аясында келіссөздерге қатысудан бас тартуы алаңдатады. Консультациядан бас тарту – қауіпсіздіктің халықаралық кепілдігіне күмән келтіріп отыр. Украина Будапешт меморандумына қол қоя отырып, өз ядролық қаруынан бас тарта отырып, өз территориясының аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігіне қол сұқпауды күткен болатын. Қазір солардың бірі шиеленісті бейбіт жолмен шешуді талқылаудан бас тарту арқылы бұл меморандумның іске асуына күмән туғызып отыр», – деген Андрей Дешица.
Будапешт меморандумына 1994 жылы АҚШ, Ресей, Ұлыбритания және Украина арасында қол қойған еді. Бұл меморандум бойынша, Украинаның егемендігі мен қауіпсіздігіне кепілдік берілген. Меморандумға сәйкес АҚШ, РФ және Ұлыбритания елдері Украинаның тәуелсіздігін, егемендігін және бүгінгі шекарасын сыйлауды; Украинаның саяси тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына нұқсан келтіретін күшті қолданудан бойын аулақ салуды мойнына алған. Бірақ, осы меморандумға қарамастан, Ресей президенті Путин мен Мемлекеттік Думасы Украинаға қарсы әскери күшті енгізуге шешім қабылдады. Бұл нені білдіреді?
Біріншіден, Ресей мен Қазақстан арасында да бұндай меморандумға қол қойылған болатын. Қазақстан да қолындағы бар қаруынан бас тартып, аталған мемлекеттердің кепілдігіне иек сүйеп келеді. Украинадағы саяси дағдарыс кезінде Ресей саясаткерлерінің Украинамен бірге Қазақстанды ауызға алуының да сыры осында жатыр. Ресей шовинизмінің басты көздегені осы. Олар КСРО-ны құлатқаны үшін Ельцинді қаралап, оны тарихи қателік жасады деп күстаналап келген еді. Путиннің ендігі арманы сол одақты қалпына келтіру, келтіре алмаса да, Кедендік одақ, Еуразиялық одақ арқылы пост кеңестік елдерді саяси және экономикалық қысымда ұстау, өз ықпалынан шығармау. Ресейдің ықпалынан бұлқынып шығуға ұмтылған Грузия бөлшектенді, Молдова Приднестревьеден айрылды, Армения Таулы Карабах үшін Кедендік одаққа енуге мойынсұнды, Әзірбайжан да алыс кетпейтін секілді. Ал Ресей саясаткерлерінің соңғы мәлімдемелері Қазақстанға да жасалған ескерту секілді. «Сендер де бұлтаққа салуды қойыңдар, Украинадағы сценарийді біз осында да қайталай аламыз» деген сыңай бар. Ресейдің қолындағы көзір – орыстілді тұрғындардың контингентінің посткеңестік елдерде сақталуы және олардың кез келген сын сағатта өздері тұрып жатқан елге емес, Ресейге қолдау көрсететіні. Ресей дәл осы бағытта, орыстілді тұрғындардың орыс тілі мен мәдениетін сақтауы үшін жылына қыруар қаржы бөледі. Мақсат айқын, тәуелсіз мемлекеттерді бөлшектеу үшін қолданатын қару. Тіпті ойлаудың өзі қорқынышты.
Ал шығысқазақстандық казактардың атқа қонып өзге бір тәуелсіз мемлекеттің ішкі ісіне араласуға бел шешіп кірісуі де, елдегі мемлекетшілдік сананың солқылдақтығының жемісі. www.kursiv.kzсайтында Асқар Муминовтің «Казахстанские казаки хотят бороться за Крым» атты мақаласы жарияланған. Мақала авторының деректеріне сүйенсек, «Жастардың еуразиялық одағы және Ресейдің ұлт азаттық қозғалысы» деген аты да, заты да күмәнді одаққа мүше еріктілер тобы «ВКонтакте» және «Одноклассники» әлеуметтік желілерінде ашықтан ашық Еуразиялық одаққа мүше елдердің тағдырына бейжай қарай алмайтын адамдарды Қырым тәуелсіздігін қорғауға және Еуразия жауларына қарсы тұруға шақырған. Бұлардың Сирияға аттанған жихадшылардан қандай айырмашылығы бар. Мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздік комитеті бұндайға неге көз жұма қарайды? Өйткені, Украина мәселесі –тәуелсіз мемлекеттің ішкі ісі. «Алайда «Евразийский союз молодежи» ұйымының мүшесі Павел Зарифуллин Қазақстанда жиі болады, және аталған ұйымның Қазақстандағы ұясы ұлы орыс империясы идеясын белсенлді түрде қолдайтындығын ашық айтып келеді. Сондықтан, Қырым үшін күрес – Еуразия әлемінің әрі қарайғы парадигмасын анықтайды» делінген мақалада.
Демек, Ресейдің посткеңестік мемлекеттердің тәуелсіздігіне нұқсан келтірмеу және территориялық тұтастығын бұзбау жайлы келісімі бүгін де ешқандай маңызға ие болмай отыр. Сын сағаты соқса, олар Қазақстандағы орыстілді азаматтарға да, Ресей азаматтығын үлестіріп және оларды қорғауды желеу етіп, күш қолданудан тайынбайтындығын танытып отыр. Демек, біздегі ұлттық саясаттың тым жалпақшешей және тым либералды бағыт ұстануының соңы жақсылыққа апармайтындығы түсінікті. Сол себепті де, елдегі тұрғындарды күшті мемлекетшілдік және патриоттық идеяларға көбірек жұмылдыратын іс шаралар жасалуы тиіс. Ал жоғарыдағыдай ісі де, идеясы да күмәнді ұйымдардың біздің елде сайран салуын тоқтатқан абзал.
Расул ЖұмалыБір кезде Украинадан Севастопольді жалға алған Ресей бүгінде бұл жерлерді қайтарғысы келмегені былай тұрсын, бұл аумақтарды өз территориясы деп жариялап, әскери күш қолданғысы келеді. Бұл Қазақстан аумағындағы Ресейге жалға берілген әскери базалар мен полигондар және Байқоңыр ғарыш айлағы жайлы әңгімеге қайта оралуға мәжбүрлейді. Бұл жерлердің жалпы ауданы Еуропадағы ең ірі державалардың бірі – Польшаға тең. Бұл сонымен бірге, Қытайға қазақ жерлерін жалға беру мәселесіне де қатысты. Мемлекеттің негізі болып табылатын – жер мәселесіне соншалықты нараулық және жайбырақаттық танытуға болмайды. Бұл кешірілмейтін дүние.
(Фейсбуктегі парақшасынан алынды. Орысшадан аударылды)
Aidos SarymУкраинада не болып жатқанын түсінгілеріңіз келе ме? Ресей елшіліктері орыстілді тұрғындарға өз төлқұжаттарын үлестіріп алып, сосын қандай да бір ойдан шығарылған себептермен әскерилерін Қостанай, Павлодар, Петропавл, Өскеменге енгізді деп ойлап көріңізші. Ең өкініштісі сол, ел тұрғындарының біраз бөлігі бұған сондай қуанады. Шын мәнісінде, бұл әскери басқыншылық, мемлекетті өзге бір елдің күшпен бөлшектеуі. Қазіргі Украинадағы жағдайға орай, Қазақстан Соғыс доктринасына күрделі өзгерістер енгізуі тиіс. Қорғану қауіпсіздігін күшейтуге шаралар қолданғаны жөн. Мемлекеттің солтүстігінде ішкі және аэромобильді бөлімшелер ашуы керек. Қазақстан аумағындағы Ресейдің әскери полигондары мен базаларын жабу мәселесін тағы да көтеру қажет. Байқоңырды Қазақстан өз қарамағына алып, демилитаризация жасағаны жөн.
(Фейсбуктегі парақшасынан алынды. Орысшадан аударылды)