Жаңалықтар

Төлқұжатын таратып, азаматтары да, жері де біздікі демекші ме?

ашық дереккөзі

Төлқұжатын таратып, азаматтары да, жері де біздікі демекші ме?

Янукович Ростов-на-Дону қаласында өткізген баспасөз мәслихатында «Бұл іске Путиннің араласпай, неге үнсіз отырғанын» қайта-қайта тілге тиек етіп еді. Ал, кеше Янукович Ресей президенті Путиннің Украинаға әскери аннексия жасамақ қадамын қолдайтындығын айтты және бұл қадам Қырымдағы орыстілді тұрғындардың құқығын қорғау үшін жасалып отыр деді беті бүлк етпей. Демек, аттай қалап сайлап алған президенті өз елінің территориялық тұтастығын қолдап отырған жоқ. Керісінше, өз бас амандығы үшін, империяшыл күштердің бөлшектеу қадамын қолдап отыр. Қандай масқарашылдық. Қырымдағы Ресейдің туын көтеріп жүрген орыстардың да көздегені сол екен. Ол ол ма, Қырым автономиялық республикасының жаңа премьері Сергей Аксенов Ресей президенті Путинге «республика аумағында бейбітшілік пен тәртіпті қамтамасыз ету» жөнінде өтініш жасапты. Бұдан соң Путин Федерация кеңесін жинап, Украина территориясына әскери күштерін қолдану жөнінде үндеу енгізді. Көп ұзамай қорғаныс және халықаралық істер жөніндегі Федерация кеңесі Путиннің үндеуін бірауыздан мақұлдады.

Біз бұған дейін Ресейдің консулдығы Украинадағы орыстілділерге өзінің төлқұжатын беріп жатқандығы туралы жазған едік. Бұл жөнінде РФ Қоғамдық палатасының мүшесі, тарихшы әрі журналист Николай Сванидзе: «Қырымда паспорт тарату орыстілді мемлекеттерде дүрбелең туғызуы мүмкін. Бүгінде Қырым Ресейге елеңдеп отыр. Ол жақта Януковичті ешкім жақсы көрмейді. Егер Қырымда «абхазиялық вариант» орын алса, бұл Мәскеуге тиімді ме? Қырымда осы жағдай қайталанса, олар бізге: «Сендер әбден басындыңдар ғой. Әуелі халыққа паспорттарыңды бересіңдер де, оларды біздің азаматтар дейсіңдер. Сосын олар тұратын жерді біздің территория деуден тайынбайсыңдар. Бірақ  қалай болғанда да, ол жер бәрібір – сендердікі емес» дейтіні анық. Сондықтан да бұл орыстар мен орыстілділер көп тұратын мемлекеттерде үлкен реакция туғызуы мүмкін. Мен тіпті, Латвияны емес, Қазақстанды алайын. Мұнда орыс ұлтының өкілдері өте көп. Ал біз Назарбаевпен қарым-қатынасымызды бұзғымыз келмейді. Алайда, қазақ билігі бізге: «Демек, сендер біздің орыстарға да паспорт таратасыңдар ма? Солар арқылы мемлекетіміздің территориясын тартып алмақсыңдар ма?» деуі мүмкін. Әрине, бұл жақсылыққа апармайды», – дейді Николай Сванидзе.

Шынында да, ресейлік биліктің бұл әрекеті нені меңзейді? «Қырым – біздің жеріміз» деуден жалықпайтын империяшыл Ресейдің ойында не бар? Осетия мен Абхазияға әскер кіргізіп, грузиндерді тырқырата қуған Путин Қырымды да тартып алмақ па? Оның «Украина аумағындағы Ресей азаматтарын қорғау үшін осындай шара қабылдауға тура келді», – деп көлгірси қалуында не гәп бар?

Бұл жағымсыз жаңалық туралы Ресей экс-премьері Михаил Касьянов: «Ресей Украинамен соғысу табалдырығында тұр» десе, ресейлік әртіс Максим Виторган: «Аналар, балаларыңызға сақ болыңыздар! Ажал құшуы мүмкін. Ресей солай шешті. Мұның ұзаққа созылуы ғажап емес» дегенді айтады. 

Айта кету керек, Қырымдағы халықтың 60 пайызы орыс, 24 пайызы украин, 12 пайызы татарлар екен. Ал орыс тілін халықтың 97 пайызы қолданатын көрінеді. Міне, сол 60 пайыз орыстар су ішкен құдығына түкіріп отырған жоқ па?  

Динара Дүрмән