Жаңалықтар

АЛЫС ЕЛДЕ БІР БАЛА ШЫРЫЛДАҒАН...

ашық дереккөзі

АЛЫС ЕЛДЕ БІР БАЛА ШЫРЫЛДАҒАН...

Экономикамыздың дамуына байланысты әлеуметтік жағдайлар да жақсарып келеді. Әсіресе ана мен балаға қамқорлық жасау басты назарда. Алматы мен Астанадан, басқа облыс орталықтарынан, шағын қалалардан жаңа перзентханалар ашылып, шетелдерден нәрестелерді емдеуге арналған арнайы медициналық қондырғылар алдырудың арқасында, уақытынан бұрын туған көптеген балалардың өмірі сақталып қалды. 

Аналар өлімі мен балалар шетінеуі де айтарлықтай азайған. Алайда медицина саласында әлі де шешімін таппаған түйінді мәселелер аз емес. Өткен аптада парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева Үкімет сағатында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының орындалуына байланысты өткір сын айтқан еді. Араға санаулы күн салып Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаев саланың алқа мәжілісінде Денсаулық министрлігі мен Сыртқы істер министрлігіне бала асырап алу туралы заңнамаларды қолдану мәселесіне қатысты бірқатар сын айтты.Бас прокурор А.Дауылбаев Мәжілісте жетім және ата-анасының қамқорлығынан тысқары қалған балаларды асырап алу, соның ішінде шетелдік азаматтардың асырап алуларының тәртібі туралы заңнамалардың сақталуына мемлекеттік уәкілетті органдардың 2012-2013 жылғы қызметіне жүргізілген тексеру қорытындыларын талқыға салды. Оның айтуынша: «Статистикалық мәліметтер бойынша соңғы 15 жыл көлемінде республикада 50 мыңнан астам бала асырап алынған. Олардың 41 мыңнан астамын қазақстандық отбасылар, 9 мыңға жуығын шетелдік азаматтар асырап алған». Бас прокурордың сөзіне қарағанда, соңғы жылдары бала асырап алу заңнамалық рәсіміне кәмелеттік жасқа толмағандарды сату фактілері мен оған қылмыстық топтардың араласу үрдісі етек ала бастаған. Өткен жылы бала сату фактісі бойынша 25 қылмыс анықталыпты. Ал соңғы екі жыл ішінде бала асырап алуға есепте тұрмаған адамдар 457 баланы асырауға алған. Олар заңнаманы айналып өткен. Қамқоршылық және қорғаушылық органдардың істерінде де кемшіліктер аз емес. Олар 1858 жетімді орталықтандырылған есептен алып тастаған. Аталмыш органның лауазымды тұлғаларының кінәлары салдарынан кейбіреулер бала асырап алу және отбасына ие болу мүмкіндігінен айрылған. Қылмыстың ең сорақысы, Қарағанды және Алматы облыстарында наркологиялық есепте тұрған, ақыл-есі кемдеу жандарға, сондай-ақ жазасы толық өтелмеген, сотты болған жандарға балаларды асырап алуға сеніп берсе, не шара?! Тіпті заң рәсімімен бала асырап алған отбасыларындағы жетімектердің өмір сүру жағдайын уақытында бақылап, есепке алып тұру жағы да сын көтермейді. Бұл әсіресе шетелдікке асырауға берілген балаларға да тікелей қатысты. Жергілікті атқарушы органдардың және шетелдердегі тиісті мекемелердің тиянақты бақылауларының болмағанынан, асырап алушылар тарапынан 35 мың баланың өмір сүру жағдайы туралы есеп берілмеген. Тіптен шетелдік азаматтарға асырауға берілген 673 баланың тағдыры белгісіз. Ал бұл келеңсіз жайлар неге орын алып отыр? Бұл Қазақстан Республикасының «Баланың құқықтарын қорғау туралы» Заңның кейбір шикілеу баптары мен бөлімдеріне да қатысты секілді. Сондықтан болар, Бас прокурор: «Бала асырап алғандардың уақытында есеп бермеуінен, 3,5 мың асыранды баланың өмірі мен тәрбиесіне қатысты ақпарат жоқтың қасы. Мұның себебі осы балалардың есебімен айналысатын қамқоршылық органдарының, Білім және ғылым, Сыртқы және Ішкі істер министрліктерінің ведомствоаралық қарым-қатынасының жеткіліксіздігі болып отыр», – деп сын айта келіп, бірнеше ұсыныстар жасады. Бас прокурордың ұсыныс ескерт­­пе­лерінің бәрі нақты жағдайға байланысты айтылғаны анық. Зерттеу мен тексеру барысында қолданыстағы заңның кейбір жетімсіз жақтары көрініс беретіні бесенеден белгілі. Былтыр ерлі-зайыпты екі америкалықтың адами қасиеттерге ерсі істері туралы ақпарат құралдары таратқан хабар әлемді дүрліктірген еді. Олар осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстаннан асырап алған екі сәби балиғаттық жасқа толмай жатып, арсыз жыныстық қатынастарын жасаған. Жуырда сол елдің заң қорғау органдары оларды қылмыстық іске тартып, сот бірнеше жылға бас бостандықтарынан айыруға үкім шығарды. Бұл жағдай біздің ел басшыларын бейжай қалдырмағанын Бас прокурордың алқа мәжілісін өткізгенінен де көрініс берді.Бас прокурордың алқа мәжілісіндегі сөзінен кейін ағымдағы жылдың 24 ақпанында ҚР Білім және ғылым министрлігі баспасөз мәслихатын өткізіп, онда Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Райса Шер: «Жаңа заңнамаға сәйкес, Қазақстан азаматтары үшін бұл тәртіп жеңілдетіліп отыр. Бұрын баланы асырап алу үшін 14-19 құжат керек болса, бүгінгі күні олардың саны 8-ге қысқартылды. Біріншіден, баланы асырап алу ниетін білдіру үшін өтініш жазуы тиіс. Одан кейін үміткер өзінің мерез, ЖҚТБ, туберкулез ауруларына шалдықпағандығы, есірткіге тәуелді еместігі туралы және жүйке ауруларына шалдықпағаны жөнінде анықтама тапсыруы тиіс. Сонымен қатар, балаларға қажетті тұрғын үймен толық қамтамасыз етілгендігі туралы және материалдық табысы жөнінде анықтамалар қажет. Бұған қоса асырап алу тәртібі 6 айдан 3 айға оңтайландырылды», – деді. Қазақ «Ескермеген ауру жаман» дейді. Соңғы жылдары ел ішінде бала сату жиі үрдіс алып кетті. Бұл әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысында етек алып кеткен. Түлкібас ауданында тұратын әйелдің жаңа туған сәбиін туыстары алдап алып, Мақтаарал ауданындағы біреулерге 150 мың теңгеге сатып жіберген. Ал сол баланы сатып алғандар оны Өзбекстанда туды деп жалған құжат рәсімдеп, өз атына жаздырып алған. Осындай жағдай Шардара ауданында да орын алған. Нәрестені Алматы қаласының тұрғыны 100 мың теңгеге сатып алған. Облыс прокурорының көмекшісі Бақытбек Нарғозиев: «Қазір осы екі оқиғаға байланысты үш адамға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ жалған құжаттарды пайдаланғаны үшін, бір азаматша жауапқа тартылды». Алматы облысында тұратын Алла есімді әйел бауырындағы сәбиін 6 мың АҚШ долларына сатқан. Ол ғаламторға оны сататыны туралы хабарландыру да берген. Алайда құқық қорғау органдарының қызметкерлері оның бұл әрекетін іске асырмай, өзін жауапқа тартқан. Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бөлім бастығы Айдын Қоқанбеков: «18 ақпанда бізге бір азаматша өзінің баласын сатады деген ақпарат түсті. Ақпарды тексере келе С. есімді азаматша 14 ақпанда перзентханада босанып, сол күні нәрестесін 6000 АҚШ долларына сатпақшы болғаны анықталды. Сол күні біз оның жолын кестік», – дейді. 2012 жылмен салыстырғанда 2013 жылы бала сату көрсеткіші 12 есеге артқан. Бала сату үрдісі Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды, Қызылорда облыстарында да орын алған. Сәбилерін саудаға салғандар тергеу кезінде өмір сүру жағдайларының төмендігін, күнкөрістерінің қиыншылықтарын айтып ақталуда. Алайда мұндай жөнсіздікке жол бермеу үшін Заң барынша қатайтылды. ҚР Бас прокуратурасы екінші департаменті басқармасының аға прокуроры Берік Әбішев: «Осыған орай ІІМ бастамасымен адам саудасына байланысты Заңға өзгерту енгізіліп, қатаңдатылды. Яғни, санкцияларына өзгеріс енді. Кей санкциялар мысалға 5 жылға дейін болса, енді құрсақ саудасына қатысы бар жандар 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін», – дейді. Қоғамдағы орын алған олқылыққа журналистер қауымы бейжай қарамайды. «Қазақстан» телеарнасының журналисі Жанар Байсемізова өткен жылдан бері бірқатар шетелдерде болып, Қазақстаннан кеткен балалардың жағдайы, көңіл күйлерімен елді таныстырып келеді. Жуырда Ж.Байсемізова Германияда болып, телеарна көрермендеріне ондағы балалардың жай-күйінен ақпараттар берді. Герман Шулц: «…Мен бұрын Германияның ішіндегі жетім қалған балаларды неміс отбасыларына орналастырумен айналысқанмын. Қазір біздің елде асырап алатын жетім бала жоқ. Балалар үйі де жоқ. Тек мүгедек балалар немесе тәртібі нашар балалар бар. Ата-анасы қайтыс болғандарды бірден басқа отбасылар асырап алады. Кәмелетке толғанша ғана. Сондықтан неміс отбасылары шет елдерден бала асырап алуға көшті», – дейді. Жанар Байсемізова: «Немістерге де сау бала қажет. Осыдан-ақ олар тек ауру балаларды асырап алады екен деген сөз әсірелеп айтылғанын ұғасыз. Тек бір агенттің күшімен 2009 жылы немістерге елімізден 30 бала берілген. Ресми деректерге сүйенсек, немістер Қазақстан бойынша жұмыс істейтін мекеме арқылы 10 жыл ішінде 720 бүлдіршінді асырап алыпты. Олардың 77-сі қазақ. Талай қазақ баласы шетелдіктердің қолында екені талай рет айтылған жайт. Бір бала Туған Отанынан жыраққа шығарылса, ол әрбір қазақтың жүрегіне жара салуға тиіс. Жаралы жүрекпен жер басып қалай жүреміз?!

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ